ДӘрістердің комплексі fis 1203



бет10/14
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#16040
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Май алмасу

Көптеген ауру-сырқаулар, патологиялық үрдістер май алмасуының бұзылуынан болады. Май және май тәрізді қосындылар липидтер деп аталады. Адам (жануар) денесі үшін май - негізгі энергия көзі. Ересек адамда тәулігіне 70-100 г мал майы (тоң май, сары май мен өсімдік майы) керек. 1 г май тотықса, 9,3 ккал (38,39 кДж) жылу бөлінеді, сондықтан да май көбінесе энергия ретінде жұмсалады. Май жасуша протоплазмасының ядросы мен мембранасының құрамына кіреді (құрылыс материалы). Дененің кейбір жерлеріне жиналған май бірқатар ағзаларды (бүйрек, өкпе т.б.) ұрылу-соғылудан, бүкіл денені суық тиюден (жылу өткізбейді) қорғайды. Шелінде майы қор болып жиналатын жануарлар (тюлень, кит т.т.) суыққа шыдамды келеді. Майда еритін витаминдер (А, Д, Е, К, F), тұздар майға ілесіп денеге тез сіңеді. Май – су қоры. Өркеш майын түйе су көзі ретінде пайдаланады.



Су және минералды заттардың алмасуы

Минералды заттар алмасуы су алмасуымен тікелей байланысты. Көпшілік минералдар организмде судағы ерітінді түрінде кездеседі. Қабылданған су мен электролиттер организмнен өзгермей сол күйінде шығады. Олардың энергиялық маңызы жоқ.



Су мен минералды заттар алмасуы деп олардың организмде қабылданып, сіңіп, ішкі ортаға, тіндерге, жасушаларға тарап, қайтадан сыртқа шығуын айтады.

Су алмасу. Ересек адамның дене салмағының 60-70%-і су. Орга­низм неғұрлым жас болса, соғұрлым онда су көбірек болады. Эмбри­он салмағының 90%-і, жаңа туған нәрестенің 75%-і, кәрі адамның 55%-і су болады. Салмағы 75 кг ересек адамның организмінде 53 литрдей су бар. Түрлі тіндердегі судың мөлшері әртүрлі: ет, көк-бауыр, өт, теріде 70-75%, бүйректе 80%, мидың сұр затында 86%, сүйек құрамында 22%, тіс эмалінде 0,2%.



Организмдегі судың маңызы. Адам өміріне су өте қажет. Адам толық ашығып және су ішпесе, 8-10 күн, иттер 10-14 күн өмір сүре алады. Егер жануар тамақ ішіп, су ішпесе 3-4 күнде өліп қалады. Денедегі су көптеген қызмет атқарады:

1. Су жасуша протоплазмасының және тінаралық құрылымдардың құрамына кіреді;

2. Су әмбебап еріткіш;

3. Барлық ас қорыту ферменттері гидролазалар тобына жатады, сондықтан барлық қоректік заттар судың қатысуымен қорытылады;

4. Су қан мен лимфаға қоректік заттардың сіңуіне, түрлі заттарды, газдарды, зат алмасуының қалдықтарын тазалауға катысады;

5. Денедегі жылуды реттеуге қатысады.

Адамның тәуліктік су қажеттілігі 2-2,5 л, оның 2-2,2 л (экзогенді су) тамақ құрамымен қабылданады. 0,3 л (эндогенді су) организмдегі қоректік заттардың тотығуынан пайда болады.

Кейбір жануарлар сырттан су іше алмаған жағдайда эндогенді суды пайдаланылады. Айталық, түйе сусыз 55 тәулік өмір сүре алады, себебі өркеш майының тотығуынан пайда болған эндогенді су организмді сумен қамтамасыз етеді.

Организмдегі судың несеп арқылы 1,2-1,4 л, термен 0,5-0,8 л, үлкен дәретпен 0,1-0,2 л сыртқа шығады.

Организмнен шығатын су мен ішетін судың мөлшері тең, яғни су балансы болады. Егер ішетін су сыртқа шығатын судан аз болса ги­пергидратация, кем болса гипогидратация байқалады.



Минерал алмасу. Академик В.И. Вернадскийдің биогеохимиялық ғылыми мектебінің зерттеуі бойынша адам денесінде Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездеседі. Организм құрамындағы бұл элементтерді биогендік элементтер деп атайды, себебі олар дененің барлық жасуша құрамына кіреді және жануарлар мен өсімдік организмдерінің құрылым тірлігін сақтауға қажетті заттар.

К, Na, Р, Са, С1, Mg секілді химиялық элементтер денеде бірсыпыра көбірек шамада кездеседі де, басқалары F, Сu, Мn, Со, Мо, Zn т.б. жануарлар организмінде өте аз мөлшерде болады. Оларды микроэлементтер деп атайды. Олардың организм үшін маңызы өте зор.

Барлық тұздардың организмдегі маңызы өте күшті.

1) олар қан мен тіндегі осмостық қысымды реттейді;

2) қанның сілтілі-қышқылды реакциясының тепе-теңдігін және қанның белсенді реакциясын бірқалыпты сақтауға қатысады;

3) минералды заттар катализаторлық қызмет (химиялық реакцияларды тездетеді) атқарады. Ферменттер мен гормондардың әсеріне қолайлы орта жағдайларын қамтамасыз етеді және тұздардың өзі сол ферменттер мен гормондардың құрамына кіреді;

4) тұздар құрылыс пластикалық материал ретінде қаңқаның, организмдегі барлық жасуша құрылымының құрамына кіреді, бірақ бе­лок, май, көмірсудан ерекшелігі, минералдық тұздардың энергиялық маңызы жоқ.

Организмге тұздар үнемі тамақ құрамымен қабылданады, ал не­сеп, тер және ішек арқылы сыртқа шығарылады. Минералды тұздардың маңызы арнайы бақылаулар арқылы дәлелденген. Мысалы, тұздарын әбден шайып шығарған етпен иттерді ұзақ мерзім тамақтандырғанда, олардың тамаққа зауқы нашарлап, жүдеп өліп қалған.

Тұздардың артық мөлшері денеде қор түрінде сақталуы мүмкін. Мысалы, NaCI теріде сақталып, организмге қажет жағдайда пайдаланылады. Ғе бауыр мен көкбауырда, Са мен Р-сүйекте, К - етте сақталады. Са тұздары екіқабат әйелдің организмінен оның баласының қажетіне пайдаланылады.

Қалыпты дұрыс тамақтанатын адам жеткілікті мөлшерде минерал түздарын қабылдайды. Өсіп келе жатқан организмге тұз көп мөлшерде қажет, әсіресе Са, Р тұздары сүйек, жүйке, тінге өте қажет.

Су мен тұз алмасуының реттелуі. Гиппоталамуста ерекше шөлдеу және тұз алуына арналған жүйке орталықтары бар.

Бұл орталықтарға ауыз қуысының шырышты қабатында орналасқан осмоқабылдағыштардан (ауыз құрғағанда) мәліметтер келіп тұрады, рефлекстік афференттік жауаптар, гуморальдық факторлар, гор­мондар қатысуымен жүреді.

Шөлдегенде, денеде су жеткіліксіз болғанда гипоталамусқа келетін жүйке серпіністері ондағы шөл орталығын қоздырады, одан пайда болған жүйке серпіністері нейрогипофизға барып несеп бөлінуге қарсы (антидиурездік) гормонның өнуін күшейтеді. Бұл гормон бүйрек түтікшелеріндегі судың (реабсорбциясын) қайта сіңуін күшейтіп, организмде суды ұстап қалады.

Шөлдеу сезімінің пайда болуына ауыз қуысының құрғақтығы әсер етеді. Сондықтан көпшілік жағдайда ауызды сумен шайғаннан кейін-ақ шөлдеу сезімі басылады.

Тұздардың, әсіресе натрий тұзының алмасуын реттеуге бүйрекүсті безінің гормондары қатысады. Гипоталамусқа келетін жүйке серпіністеріне байланысты альдостеронның мөлшері көбейеді. Ол бүйрек түтікшелерінде натрийдің қайта сіңуін күшейтіп, организмдегі судың сақталуына ықпал көрсетеді.

Кальцийдің алмасуына паратгормон, тирокальцитонин, Дз вита­мині әсер етеді. Бұл фосфор алмасуына байланысты, сондықтан бұл гормондар мен сұйықтықтағы белсенді заттар фосфордың алмасуына да әсер етеді. Айтылған гормондардың нысана ағзаларына сүйек, бүйрек, аш ішектер жатады. Паратгормон кальцийдің сүйектен қанға шығуын, ішекте жақсы сіңуіне және бүйрек түтікшелеріндегі кальцийдің қайта сінуін күшейтіп, әсер етеді. Осыған байланысты қандағы кальцийдің мөлшері көбейіп, фосфордың мөлшері азаяды.

Дз витамині - Д витаминінің гормондық түрі, ас күрамындағы кальцийдің ішекте сіңуіне және оның бүйректе қайта сіңуіне, кальцийдің сүйекте жиналуына әсер етеді.

Тирокальцитонин кальцийдің алмасуына паратгормонға қарама-қарсы ықпал етеді. Ол кальцийдің жасушаларда жиналып, қанда азаюына әсер етеді. Су, минерал алмасуының реттелуінде өзін-өзі реттеу үрдістері маңызды орын алады. Мәселен, қандағы кальций деңгейіне байланысты параттормонның безден шығуы өзгереді. Қандағы каль­ций азайса паратгормонның түзілуі және қанға шығуы күшейеді, ал кальцийдің көбеюі паратгормонның бөлінуін тежеп, тирокальцитониннің шығуын тездетеді.


Илюстрациялы материал Д-МІ-10

Әдебиет:

Қазақ тілінде

Негізгі:

  1. Адам физиологиясы. Х.К. Сәтбаева, А.А.Өтепбергенов, Ж.Б. Нілдібаева, Алматы, 2005, 663 б.

  2. Адам анатомиясы. А.Р. Рахишев, Алматы, 2005, 598 б.

  3. Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар.

  4. Сайдахметова А.С., Рахыжанова С.О. Семей, 2006 г. - 174 бет.

  5. Қанқожа М.Қ. Қозғыш ұлпалар физиологиясы. – Алматы, 2004ж. 78 бет.

Қосымша:

  1. Рахишев А.Р. Русско-казахский толковый словарь медицинских терминов. (каз., русс.), А-Ата, 2002, 550 б.

  2. Ибраева С.С. Организмнің шартты-рефлекторлық әрекеті және оның нейрофизиологиялық тегершіктері. Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері. Астана, 2006, 52 б.

Орыс тілінде:

Негізгі:

1. Руководство по общей и клинической физиологии. В.И.Филимонов,МИА, 2002, 957 с.

2.Физиология человека, В.М. Покровский, Г.Ф. Коротько, М., 2004.

3. М.Р.Сапин, Г.Л.Билич Анатомия человека: Учеб. для студ. биол. спец. вузов. -М., Высшая школа, 1989. - 544 с.

4. Руководство к практическим занятиям по нормальной физиологии. К.В.Судаков, А.В.Котова, М., 2002.«Физиология с основами анатомии человека». А.В.Логинов, 1983 .

Қосымша:


  1. 1.«Основы физиология человека», 1 и 2 том, Б.И.Ткаченко, С.-Петербург, 1994г.

  2. 2.«Руководство к практическим занятиям по физиологии человека с основами анатомии» М.Ф. Румянцева и др., Москва, «Медицина», 1986 .

  3. Атлас по нормальной физиологии А.В.Коробков, С.А.Чеснокова, Москва, Высшая школа, 1987 .

  4. Нормальная физиология, под ред. К.В.Судакова, М., 2000.

  5. Ситуационные задачи по физиологии с основами анатомии для самостоятельной работы студентов. Под ред. А.А. Утепбергенова, Д.А. Адильбековой, Шымкент, 2006, 66 с.

  6. Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека. А. А. Утепбергенов, 1995 .

  7. Физиология человека. Под ред. М.Покровского, Г.Ф.Коротько, в двух томах, М., 2001, 368 с.

  8. В.Я. Липченко, Р.П.Самусев Атлас нормальной анатомии человека: Учебное пособие.-2 изд., перераб. и дополн.-М.Медицина, 1988. 320 с.

  9. Агаджанян Н.А., Тель Л.З., Циркин В.И., Чеснакова С.А. Физиология человека. Санкт-Петербург, Sotis, 2000 г., 528 с.


Бақылау сұрақтары (кері байланыс):

1. Негізгі алмасуды анықтағанда қандай ережелерді сақтау қажет?

2. Тыныс алу коэффициентін қалай есептейді?

3. Оң азотты тепе-теңдік дегеніміз не?



  1. Майлы тағам қолданғанда тыныс алу коэффициенті неге тең?

  2. Негізгі дәрумендер тобын атаңыз.

  3. Нефронның проксимальды каналында қандай заттар сіңіріледі?

  4. Өкпедегі бөлінудің қандай мәні бар?

  5. Қанның артериалды қысымындағы реттеліс прцесінде ренин қандай роль атқарады және қайда өңделеді?

  6. Жылу реттелгіштің физикалық түрлерін атаңыз.


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
11 Дәріс.
Дәріс тақырыбы: Жылу реттелісі. Физикалық және химиялық тегершіктер.

Мақсаты: Физикалық және химиялық термореттеліс механизмі туралы білім беру. Изотермия жайлы түсінік беру.

Дәріс тезисі:

Жылу реттелісі

Адам мен жануарлар денесінің тұрақты температурасы (изотермия), яғни ішкі ортаның тұрақтылығы (гомеостазистің) көрнекі көрсеткіштерінің бірі. Тіршілік бабында адам ауа райы қаншама құбылмалы болса да төтеп береді. Ол 70-80° аязға да, 50-60° ыстыққа да көндіге алады. Бірақ сыртқы температура қаншама құбылмалы болса да адам денесі температурасы өзгермейді, ұдайы - 36-37° шамасында сақталады.

Дене температурасының мұндай тұрақтылығы, жылу пайда болуы, оның сыртқа шығуы сияқты үрдістерге қатысатын бірқатар ағзалар мен жүйелер жүйесі қызметінің жүйке-қан арқылы реттелуіне байланысты. Олардың бір-бірімен байланысы өте нәзік, үйлесімді, сондықтан да температурасы бірқалыпты сақталады, яғни денедегі жылу реттеледі (терморегуляция).

Жылу реттелуі дегеніміз сырттағы температура өзгерсе де дененің ішкі, өз температурасын қалыпты тұрақты күйінде сақтауы. Бұл арнайы әрекеттік жүйе арқылы іске асырылады.

Дене температурасы ұдайы бір деңгейде, тұрақты қалыпта сақталады, яғни денедегі жылу реттеледі (терморегуляция), жылу өндіріп оның сыртқа шығуын реттейтін ағзалар мен ағзалар жүйесі және оларды реттеуші тетіктер кіреді. Жылудың дәл де нәзік жымдасып реттелуіне байланысты адам жер жүзін түгелдей, яғни тропикадан Арктика мен Антарктикаға дейінгі аймақтарды тегіс игерген. Жылу реттелуі адам мен құстарда, өте жоғары дәрежеде дамыған. Жер бетіндегі жәндіктер, бауырымен жорғалаушылар т.б. түрлердің көпшілігінде дене температурасы тұрақты емес, сырттағы температураның өзгеруіне қарай құбылып отырады.

Дене температурасының реттелуіне қарай гомойотермді (жылықанды) және пойкилотермді (салқынқанды) жануарлар болып 2 топқа бөлінеді. Бірінші топқа жататын жануарлардың температурасы тұрақты: олардың орталық жүйке жүйесі жақсы дамыған, осыған орай, жылу реттеу тетіктері де өте жоғары дәрежеде. Ең жоғары сатыдағы гомойотермді организм - адам. Екінші топтағы, яғни пойкилотермді жануарда дене температурасы құбылмалы сырттағы температураға тәуелді. Мәселен, қыс пен жаз аралығында олардың температурасы 10°-теп 40-50°-қа дейін өзгереді. Олардың, әсіресе микроорганизмдердің тіршілік шегі өте кең. Мәселен, микроорганизмдер Камчаткадан да, яғни мұзды аймақтан да (0°-тан 50° аязға дейін) табылған. Микробтар тіпті температурасы 170° ыстық бұлақ - гейзерлерде де кездеседі. Өзбекстан ғалымдары метеориттен де тірі микроорганизмдер тапқан. Космоста температура өте салқын абсолюттік 0-ге жақын, ал метеорит атмосфераға кірген сәтте өте ыстық (металдар балқиды).

Х.С. Коштоянің деректеріне қарағанда, табиғатта нағыз пойкилотермді жануар жоқ: кез келген пойкилотермді жануардың дене темпе­ратурасы сырттағы температурадан 1-2 градус жоғары. Бұл денедегі зат алмасуына байланысты. Жылы және салқын қанды жануарлар аралығындағы жарқанаттар күндіз дем алғанда пойкилотермді, ал түнде ұшып жүргенде гомойотермді болады. Бірқатар гомойотермді жану­арлар кейбір жағдайларда пойкилотермді жануарларға айналады. Мәселен, ауыздық кигізіп, тілі салақтамайтын халге келтірген иттің темпе­ратурасы жылу камерасында ысып, тез көтеріле бастайды. Онтогенезде жылу реттелу тетіктері біртіндеп д амиды: ол орталық жүйке жүйесінің дамуына байланысты. Жаңа туған нәресте - гомойотермді: оның денесі тез қызып, тез суиды. Дегенмен, гомойотермді организмдердің температурасы күні бойы аз да болса өзгеріп отырады (тәулігіне 0,5-0,9°), кешкі 16-18 сағатта ең жоғары, таңғы 3-4 сағатта ең төменгі деңгейде болады. Ұйықтап жатқанда төмендеп, қара жұмыс істеген кезде 1-2° көтеріледі. Жүкті және босанған әйелде дене температурасы әдеттегіден сәл жоғарылау. Дәріскердің, артистің, емтихан тапсырып отырған студенттің температурасы да сәл жоғарырақ, эмоция салдарынан олардың қанайналымы аз мөлшерде күшейіп, қызуы көтеріледі.

Адам денесіндегі әртүрлі ағзалар мен олардың жеке бөліктерінің температурасы зат алмасуының деңгейіне байланысты өзгереді. Бауырда 37,8-38°С, тері сыртында 29,5-33,9°С, тік ішекте 37,2-37,5°, қолтықта 36,0-36,9°С.

Дене температурасының тұрақтылығы жылу өндіру мен жылу шығару үрдістерінің тепе-тендігі арқылы қамтамасыз етіледі. Мұның негізі - белгілі физиологиялық жүйе тетіктерінің қызметі.

Жылу реттелуі физикалық және химиялық реттелу болып екіге бөлінеді. Физикалық реттелу жылу шығару деңгейін өзгерту арқылы, ал химиялық - жылу өндіру үрдісін күшейту не әлсірету арқылы, яғни зат алмасу қарқынын өзгерту арқылы іске асырылады. Жылу органикалық заттар тотыққан кезде пайда болады. 1 г белок не көмірсу тотыққанда 4,1 ккал, 1 г май тотыққанда 9,3 ккал жылу пайда болады.

Денедегі тіндердің қай-қайсысында да тотығу үрдістері (диссими­ляция, катаболизм) бір тоқтамастан ұдайы жүріп жатады. Бұл экзотермалдық (сыртқа жылу шығару) үрдістер. Жылу барлық ағзаларда пайда болады: жолақ еттерде барлық жылудың 80-60%-і, бауыр мен асқорыту ағзаларында 20-30%-і, бүйрек пен басқа ағзаларда, тіндерде 10-20%-і өндіріледі. Сондықтан да жолақ еттерді организмнің жылу өндіргіш машинасы деуге де болады. Тіпті қозғалмайтын тыныш отырған адамда жылудың 2/3-і дене еттерінде өндіріледі. Жолақ еттер ты­ныш отырғанда да белгілі бір дәрежеде тонусынан айырылмайды. Олар жиырылған кезде жылу өндіру үрдісі күшейе түседі, тіпті аздап дірілдеген сәтте жылу өңдіру 50-60%, ал қара жұмыс істегенде 400-500% артады. Тәжірибе жүзінде жолақ еттерді босаңсытатын миорелаксанттар енгізсе организм тез салқындай бастайды. Бұл да жоғарыда айтылған зандылықпен үндес. Тамақ ішкеннен кейін (әсіресе белокқа бай) зат алмасу қарқыны мен жылу өндіру деңгейі күшейеді. Аш адамның тонғақ, ал тоқ адамның тоңбайтыны осыған байланысты.

Сонымен тоңа бастаған кезде дене температурасын тұрақты (бір деңгейде) сақтауда химиялық реттелудің маңызы зор. Физикалық реттелу - жылу шығару үрдісін реттеу үрдісінің мәні, әсіресе айналадағы температура шектен тыс жоғары болған жағдайда, мәселен, күн ыстық күндері бөлме температурасы жоғары болса, арта түседі. Физикалық реттелу бірнеше жолмен іске асырылады.

1) Жылу өткізгіштік, яғни денеге тиген заттарға, мәселен, ауаға жылу беру; бұл - конвекциялық жол, бұған денеде пайда болатын барлық жылудың 15%-і кетеді. Адам үшін мұның мәні аз: ауа мен киім жылуды нашар өткізеді.

2) Жылуды сейілдіру (жылу шығарудың радиациялық жолы), яғни жылудың инфрақызыл сәулелерін қызған дененің бетімен жан-жаққа сейілдіру. Бұл жолмен тіршілікке бірден-бір қолайлы (қажетті) температураға (18-20°) сәйкес бөлінетін жылудың 66%-і сыртқа шығады.

3) Тері мен өкпе арқылы жылу шығару. Бұл жолмен сыртқа жылудың (бу арқылы шығатын жасырын жылудың) 19%-ы шығады. 1 мл суды буға айналдыру үшін, 0,53 ккал жылу жұмсалады.

Ланге деректеріне қарағанда комфорт температура жағдайында дене беткейінің 1 м2-нің тер арқылы 13 г тамақ ішкеннен кейін 29 г су шығады. Тіпті негізгі зат алмасу кезінде тер арқылы денеден тәулігі-не 700-850 мл су шығады. Ыстық цехта қара жұмыс істеген кезінде жылу шығарудың бұл жолы басқа жолдардан әлдеқайда басым бола­ды да барлық жылудың 75%-і (кейде 10-12 л) сыртқа шығады.

4) Барлық жылудың 3,5-4% өкпеге келіп түскен ауаны, ас қорыту түтігіндегі тамақ пен суды жылытуға жұмсалады. Жылудың 0,7 %-і несеп пен нәжіс арқылы сыртқа шығады. Келтірілген мәліметтерді талдай келе жылу шығаратын негізгі ағза - тері екеніне көзіміз жетеді (барлық жылуың 82-85%-і). Радиация, конвекция және бу арқылы жылу шығару қарқыны сырттағы ауаның температурасына байланысты. Желді күндері, жүгірген, қатты жүрген кездерде жылу шығару үрдісі күшейе түседі. Тері астындағы май (шел) денедегі жылу-дың шығуына кедергі жасайды. Сондықтан шел неғұрлым қалың болса, жылу соғүрлым аз шығады, семіз малдың суыққа төзімді, бірақ ыстыққа шыдамсыз болатыны осыған байланысты. Шел майының әсіресе суда тіршілік ететін сүтқоректілер үшін мәні бар. Эволюция (тарихи даму) барысында жылу реттелуі шындала түсті. Соның айғағы - қан тамырларының әсерленісі: айналадағы температура өзгеріп де­неге әсер еткен сәтте, шелдегі (тері астындағы) қан тамырларының тонусы рефлекс арқылы өзгеріп, тамыр не кеңейіп не тарылып отырады. Ыстықтың әсерінен қан тамыры кеңейіп жылу шығару үрдісі күшейеді, ішкі ағзалардағы ірі тамырларымен аққан қан көп мөлшерде теріге келеді. Салқын әсерінен керісінше, тері тамырлары тарылып сыртқа жылу шығару карқыны төмендейді.

Физикалық реттелудің қалыптасуында, осыған орай гомойотермдік қасиет пайда болуында қаптаушы құрылымдар эволюциясының үлкен маңызы болды. Жылу шығару үрдісінің реттелуіне, оған бейімделуге байланысты құста қауырсын, сүтқоректілерде түк (жүн) пайда бола­ды. Бұл құрылымдар жылуды нашар шығарады. Қауырсын мен жүнді селдірету не қалыңдату арқылы тері арқылы жылу шығару реттеледі. Айталық, суықта жануардың жүні үрпиіп "тік тұрады". Мүндай жағдайда тері бетінде жылуды нашар өткізетін ауа кеңістігі пайда бола­ды. Бұл тетік рудимент ретінде адамда да сақталып қалған: салқын күндері дененің "түршігуі" "қаз терісіне" ұқсап бүртіктенуі осыған байланысты. Сыртқа жылу шығару үрдісін адам киім арқылы реттейді, жылы күндері жеңіл, салқын күндері жылы киім киеді. Жылу шығару дене қалпын өзгерту арқылы да реттеледі, тоңған кезде бүрісіп жатып алу жылу шығуын азайтады, аяқ-қолын алшақ тастап ашық жату, керісінше, ыстыққа бейімделу белгісі.

Сыртта күн ысыған сайын, әсіресе ауа температурасы дене температурасына жақындаған сайын адам (жануар) терлейді де жылу үрдісі үдей түседі. Ауа ыстық әрі ылғал болса, ыстыққа шыдау қиындайды, мәселен, Қырым (құрғақ) мен Сочиді (ылғалды) салыстыруға болады.

Адамда, 4 түрлі малда, кейбір приматтарда тер шығару – жылу реттеудің негізгі жолы. Мысықта, итте, кірпіде, кейбір басқа жануарларда тер бездері нашар дамыған (олар тек табанда орналаскан). Сондықтан соңғы аталған жануарларда жылу тер арқылы реттелмейді, денедегі су басқа жолмен, яғни сулану (өкпе) арқылы, сондай-ақ кілегейлі қабығы арқылы реттеледі.

Бұл - температуралық полипноэ. Иттің ыстық күндері аузын ашып, тілін салақтатуына байланысты әдетте минутына 2 л, ал ыстық күні 50-70 л дымқыл ауа шығарады. Ыстық күндері құстың өкпесі жиі желдетіледі.

Сонымен, сырттағы ауа температурасына қарай физикалық және химиялық жылу реттелуі өзгеріп отырады, бұл арқылы денеде тұрақты температура сақталады.

Жылу өндіру де, жылу шығару да - нәзік үрдістер. Бұлар жүйке-қан арқылы реттеледі.

Жылу ретелісі

Гомойотермді жануарларда дене температурасы аса күрделі нейрогуморалдық тетіктер (жүйке-қан) арқылы реттеледі. Бұл тетіктер дененің компенсаторлық (есесін қайтару) әсерленісін, яғни жылу өндіру (химиялық) және жылу шығару (физикалық) үрдістерін бағыттап, қажет болса, өзгертіп отырады. Жылу реттелу - дене температурасының тұрақтылығын сақтайтын қызметтік жүйе, орталық жүйке жүйесімен тікелей және кері жүйкелік байланыс арқылы өзін-өзі реттейтін үрдіс. Пойкилотермді жануарларда жылу өндіру зат алмасуы күшейіп, сырттағы ауаның температурасы артқан сайын күшейеді де жылу шығару азая түседі, оларда жылу реттеу тетігі болмайды. Ал гомойотермді жануарларда, керісінше, ондай жағдайда жылу өндіру нашарлап, жылу шығару артады. Салқын әсерінен жылу шығару үрдісі осы екі түрлі жануарларда керісінше өзгереді. Бұл мағлұматтар жылу реттелу үрдісіне көптеген ағзалар мен жүйелер (жүрек-қан тамыр, тыныс, ет жүйелері, тер бездері) қатысатынын, оны іске асыруда зат алмасу қарқынының үлкен мәні бар екенін көрсетеді. Осыған орай жылу реттелуінің орталық және шеткі (афференттік және эфференттік) бөлімдерінің әрқилы екенін, олардың өзара қарым-қатынасы сырттағы ауа температурасы мен дененің ішкі температурасына тәуелді екенін айта кеткен жөн.


Илюстрациялы материал Д-МІ-11

Әдебиет:

Қазақ тілінде

Негізгі:

  1. Адам физиологиясы. Х.К. Сәтбаева, А.А.Өтепбергенов, Ж.Б. Нілдібаева, Алматы, 2005, 663 б.

  2. Адам анатомиясы. А.Р. Рахишев, Алматы, 2005, 598 б.

  3. Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар.

  4. Сайдахметова А.С., Рахыжанова С.О. Семей, 2006 г. - 174 бет.

  5. Қанқожа М.Қ. Қозғыш ұлпалар физиологиясы. – Алматы, 2004ж. 78 бет.

Қосымша:

  1. Рахишев А.Р. Русско-казахский толковый словарь медицинских терминов. (каз., русс.), А-Ата, 2002, 550 б.

  2. Ибраева С.С. Организмнің шартты-рефлекторлық әрекеті және оның нейрофизиологиялық тегершіктері. Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері. Астана, 2006, 52 б.

Орыс тілінде:

Негізгі:

1. Руководство по общей и клинической физиологии. В.И.Филимонов,МИА, 2002, 957 с.

2.Физиология человека, В.М. Покровский, Г.Ф. Коротько, М., 2004.

3. М.Р.Сапин, Г.Л.Билич Анатомия человека: Учеб. для студ. биол. спец. вузов. -М., Высшая школа, 1989. - 544 с.

4. Руководство к практическим занятиям по нормальной физиологии. К.В.Судаков, А.В.Котова, М., 2002.«Физиология с основами анатомии человека». А.В.Логинов, 1983 .

Қосымша:


  1. 1.«Основы физиология человека», 1 и 2 том, Б.И.Ткаченко, С.-Петербург, 1994г.

  2. 2.«Руководство к практическим занятиям по физиологии человека с основами анатомии» М.Ф. Румянцева и др., Москва, «Медицина», 1986 .

  3. Атлас по нормальной физиологии А.В.Коробков, С.А.Чеснокова, Москва, Высшая школа, 1987 .

  4. Нормальная физиология, под ред. К.В.Судакова, М., 2000.

  5. Ситуационные задачи по физиологии с основами анатомии для самостоятельной работы студентов. Под ред. А.А. Утепбергенова, Д.А. Адильбековой, Шымкент, 2006, 66 с.

  6. Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека. А. А. Утепбергенов, 1995 .

  7. Физиология человека. Под ред. М.Покровского, Г.Ф.Коротько, в двух томах, М., 2001, 368 с.

  8. В.Я. Липченко, Р.П.Самусев Атлас нормальной анатомии человека: Учебное пособие.-2 изд., перераб. и дополн.-М.Медицина, 1988. 320 с.

  9. Агаджанян Н.А., Тель Л.З., Циркин В.И., Чеснакова С.А. Физиология человека. Санкт-Петербург, Sotis, 2000 г., 528 с.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет