Сүлеймен қарақшы
— Мыналардың бәрiн өлтiрiп қойғансыңдар ма? Қане, сап
түзеп тұра қалыңдар! Кiм төбелестi бастаған? Кезекшi қайдасың?
Шақыр, қосымша күштердi! — деп бұйырды.
Барактағылар сапқа тұрғанша, мұнда тағы отыз солдат келдi.
Бәрiнiң қолдарында мылтық. Бiрақ олар сотталушыларға жоламай,
алысырақ жерде тұрды. Олармен қоса қатырма жағасына үлкен
бiр жұлдыз қадаған солдаттардың ұлығы да келдi.
— Түрменiң екiншi бастығы, — дедi Парманқұл оны көргенде.
— Бұның не қазаққа, не өзбекке ұқсамайды ғой.
— Татар ол.
Не керек, сол түнi таң атқанша, баарктағылардың бәрiнен
жауап алынды. Қатты жараланған таулықтар мен Адамбайды,
Шалажансар Ахмад пен Паязды зембiлге салып, ләзiретке әкеттi.
Таң ата Сүлеймен мен Парманқұлды түрме ортасындағы бiр
кiшкене үйге айдап келдi. Татар бастық “бәрiне кiнәлi осы екеуi”
деп шештi.
— Бұл не үй? — деп сұрады Сүлеймен Парманқұлдан.
— Бұл үйдiң астында дуалдары таспен қаланған ұра бар.
Түрмеде тәртiпке бағынбағандарды осында қамайды. Бiздi де
осында қамамақ.
— Солдаттар iстiң ақ-қарасына қарамай ма? Олар да
Тәшкендегi сот сияқты екен де.
— Бiр-екi күн осында жатамыз. Одан кейiн жауапқа тағы
шақырады. Сонда ақталып көрермiз.
Екеуi тас дуалды ұра iшiнде екi күн жатты. Үшiншi күнi
алдымен Парманқұлды, сосын Сүлеймендi сыртқа шығарды.
Сүлейменнiң қолын артына байлаған төрт солдат оны түрме
қақпасы маңындағы ұзынша тамға әкелдi. Там iшiндегi бiр солдат
бөлмеге iшiне кiрiп шықты да Сүлеймендi кiргiздi.
Бөлме ортасында үстел тұр. Үстел басында бiр тал шашы
жоқ әскери киiм киген кiсi отыр. Мұны көргенде Сүлейменнiң
есiне баяғы Сiбiр түрмесi түстi. Онда да осындай бөлмелер,
бөлмелердегi үстел басында дәл мынау сияқты бiр әскери адам
отыратын. Түрме мен ондағы да, мұндағы да әскери адамдар бiр-
бiрiне қатты ұқсайды. Тiптi терезедегi темiр торлар да бiр-бiрiнен
449
Сүлеймен қарақшы
аумайды. Осыған қарап, сонау қияндағы Сiбiр түрмесi мен осы
Табақсай түрмесiн бiр адам салған ба деп қаласың.
Бұл Сүлейменнiң ойы. Ал үстел басындағы әскеридiң ойы
бөлек. Оның ойы — барактағы төбелестiң себебiн ашу.
— Аты-жөнiң кiм?
Сүлеймен нақты жауап бердi.
— Төбелестi кiм бастады?
— Таулықтар.
— Не үшiн?
— Бiздi бағындырғысы келдi.
— Осы үшiн оларды өлтiре соқтың ба?
— Жоқ. Басқа себебi болды.
— Қандай?
Сүлеймен болған оқиғаны бастан-аяқ айтып бердi.
— Таулықтар “Низамның басын кескен Ахмад емес — сен”
дейдi ғой.
— Бұған барактағы күллi жұрт куә.
— Егер олар сендердi басынып жүрсе, бiзге, яғни түрме
бастықтарына неге шағым айтпадыңдар?
— Бастық, баланың сөзiн айтпашы. Түрме заңын менен жақсы
бiлесiң ғой, — дедi Сүлеймен бойын қысқан ашуды әзер тежеп.
Мұның бұлай сөйлегенiне тергеушi ашуланып шыға келдi.
— Не деп отырсың, сен маған? Аһ, албастыдай болған неме.
Мұрныңа шынжыр өткiзген бұқадай қып, “одиночкаға” қамап,
көзiңе көк шыбын үймелетермiн қазiр. Қара мұны. Менi “балаша
сөйлеме” деп мазақтауын. Жауап бер сөзiме. Ахмад пен Паязды
не үшiн ұрдың?
— Жаңа айттым ғой, саған, — деп Сүлеймен орнынан ұшып
тұрды.
Ол қатты ашуланғанда көзiне түк көрiнбегенiмен қатар,
жүзiне адам қарай алмастай сұстанып, қаһарланып кететiн. Қазiр
де сондай боп кетсе керек, тергеушiнiң екi көзi бақырайып, артқа
қарай шалқасынан түстi. Сосын тыпырлап, орнынан тұра берiп:
“Қарауыл, қараруыл”, — деп айқайлады.
Екi солдат iшке жүгiрiп кiрдi. Сүлеймен бұл уақытта орнына
отырып қойған. Ал тергеушi түрегеп, үстерiнiң шаңдарын қағып
жатқан.
450
Сүлеймен қарақшы
— Жолдас бастық, не болды? — дедi анау екеуi қолдарын
шекелерiне апарып. — Шақыруыңызбен келiп тұрмыз.
Тергеушi өз iсiне өзi ұялып қалды.
— А-а, ештеңе емес. Бара берiңдер, бара берiңдер.
Солдаттар керi бұрылды. Олар кеткесiн, орнына жайғасқан
тергеушi, қолына қаламын алып, әлдене жаза бастады. Сүлеймен
байқап отыр. Ол заты қорқақ адам екен. Жазу жазған қолдары дiр-
дiр етiп, ырқына көнбедi. Тек бiраз уақыттан соң ғана басылды.
— Сөйтiп сен, Низамның басын кескен де, бiзге келiп тиiскен
де Ахмадтың өзi дейсiң ғой.
Бұл жолғы үнi бәсең шықты. Манағы әкiреңдеген қарқыны
басылғандай.
— Тап солай.
— Ал Ахмад пен Паязды мүгедек еткенiңдi мойындайсың ба?
— Оларды мүгедек етем деп ойлағам жоқ. Ашумен қаттырақ
ұрыппын… Егер мен ұрмағанда олар менi, бiр менi ғана емес,
бәрiмiздi өлтiрер едi. Менiкi қорғану ғана болды.
— Қорғанған адам сен секiлдi болмайтын шығар. Пышаққа
қарсы пышақ жұмсау — совет заңына қайшы.
— Сонда “iсiмiз заңға қайшы” деп өле беруiмiз керек
пе. Заңдарың мықты болса, неге Ахмад пен Паязды бұрын
ауыздықтап
қоймадыңдар?
— Сұрақты сен емес, мен беруге тиiспiн.
Содан тергеушi бiраз уақыт жазумен болып, тiл қатпады. Үш-
төрт беттi толтырып жазған соң:
— Сауатың бар ма? Оқып, жаза аласың ба? — дедi.
— Аздап арапша жаза аламын.
— Арапша жазу — молдалардың iсi. Бiз жаңа жазуы бар жаңа
өкiметтiң адамдарымыз. Жарайды. Мына сияны бармағыңа жақ
та, қағаздың шетiне бас.
— Не деп жаздың мұнда?
— Сенiң жауаптарыңды жаздым.
— Мұнша жазатындай менен көп сұрақ алған жоқсың ғой.
— Не жазылғанды сұрай беру шарт емес. Бас деймiн
бармағыңды!
— Неге басамын. Не жазғаныңды оқып бер. Одан соң көремiн.
— Жаңағы солдаттарды қайта шақырайын ба? Олар келсе,
өзiңе не көрсететiнiн бiлесiң бе?
451
Сүлеймен қарақшы
— Олар не көрсетсе, соны көрсете берсiн. Бiрақ сен оқымай,
мен қағазға бармағымды баспаймын. Кiм бiледi, сен онда бар
пәленi маған үйiп-төгiп жазған шығарсың.
— Қарауыл! — деп айқайлады тергеушi. Iшке қолдарында
мылтықтары бар бағанағы екi солдат кiрiп келдi.
— Шақыруыңызбен келiп тұрмыз.
— Мынау қағазға қол қоймай жатыр. Қол қоюды үйретiңдершi.
Алдындағы солдат жанындағысына мылтығын ұстата сап,
Сүлейменге жақындады.
— Мұндай қабандардың терiсi қалындау келедi. Бiрақ жанды
жерiн оп-оңай табуға болады, — деп ол Сүлейменнiң құлақ
астынан бiр ұрды.
Қапысыз отырған бұған соққы қатты батты. Мұндай кезде
Сүлеймендi ешкiм тоқтата алмайды.
— Уай, атаңа нәлет. Көрсетейiн саған ұрғанды, — деп орнынан
атып тұрды да әлгi солдатты басымен қойып жiбердi. Солдат
еденге гүрс құлады. Сосын тергеушiге бұрылды: — Хайуан сенi
де өлтiре салайын.
Шошып кеткен тергеушi үстелдi айнала қашты.
— Ат, атып таста! — деп бақырды ол солдатқа.
Солдат мылтығын оқтады. Сүлеймен сұсты жүзбен оған
қарап едi, солдат қолынан мылтығын түсiрiп алды. Сiрә, ол
да Сүлейменнiң ашулы бет-жүзiнен зәре-құты қалмаса керек.
Түсiп кеткен мылтығын алуға да жарамай, есiктен атып шықты.
Артынан тергеушi де зу еттi. Сүлеймен солдаттың түсiп кеткен
мылтығын есiкке қарай бiр тептi.
— Хайуан, сужүректер. Қолым байлаулы болмағанда екеуiңдi
де есiктен шығармас едiм.
Осылай кiжiнiп кеп, үстелiне отырды. Жерде жатқан солдат
қозғалып, есiн жиды. Бұның оған жаны ашып кеттi. Жиырма екi-
жиырма үштердегi жас жiгiт.
— Нең бар едi менi ұрып?
Солдат басын көтерiп, сiлкiп-сiлкiп алды.
— Мыналар қайда?
— Қашып кеттi.
452
Сүлеймен қарақшы
Орнынан тұрған ол, үн-түнсiз есiкке беттедi. Есiкке жете
бергенде арғы жақтан топырлап бес-алты қарулы солдат кiрдi.
Олар Сүлейменге мылтықтарын кезенiп, дуалды жағалай тұрды.
Артынан кiрген тергеушi таяқ жеген солдаттқа қарады.
— Ей, сенi тағы ұрған жоқ па?
Солдат басын шайқады.
— Қалай ұрамын. Қолым байлаулы емес пе.
— Сен, қабан, жап аузыңды. Айда, солдаттар, мұны жеке
жертөлеге қамаңдар! Бес күн бойы сонда жатсын.
— Орныңыздан тұрыңыз! — дедi бiр солдат.
— Тұрамын. Бiрақ артымда жүрсеңдер, атып тастасаңдар да
жүрмеймiн. Ал алдымда жүрсеңдер, қайда апарсаңдар да iлесiп
жүре беремiн.
Тергеушi мұның сырын бiлсе керек.
— Мейлi, алда жүрiп-ақ апарыңдаршы, апаратын жерге.
Солдаттар оны бағана өзi шыққан кiшкене үйге алып келдi.
Бiрақ күнде жатқан жерiне емес, басқа қап-қараңғы тар камераға
кiргiздi. Сүлеймен мұнда кiргенде бiр-ақ байқады. Камера iшi өте
тар екен. Табаны да, дуалы да тас. Дуалға арқа сүйеп отырмасаң,
жатуға болмайды. Былайша айтқанда, Сүлеймен жатса бұл
жерге сыймайды. Еш болмаса ары-берi жүретiн кең болсайшы.
Бұрындары түрмелерде осындай камералар бар деп көп еститiн.
Ендi мұны да көзi көрдi.
Достарыңызбен бөлісу: |