531
Сүлеймен қарақшы
Анау қарғып тұрды. Қарғып тұрды да, мұның жағасынан
ала кетті.
–Ит қазақ! Мені өлтіріп кеттім деп ойладың ба?! Мені
кезінде Бекаба да өлтіре алмаған. Сенің де өлтіру қолыңнан
келмейді. Бағана мені қорқақ екен деп ойладың ғой. Жоқ, мен
қорқақ емеспін...
Бетпақтана ұмтылған ол, көкбет қатын тәрізденіп, Сүлейменді
беталды сабалай жөннелді. Бұл оның кім екенін енді аңдады.
Аңдады да, ашуы қайта қозды:
–Ей, сен, опасыз Қосыл, мана тірі қалып па едің?! Енді осы
жолы тірі қалмайсың!
Тістеніп тұрып, басынан қойып қалды. Заматта жерге бұрқ
түскен Қосылдың үні өшті. Жерде жатқанды ұрмайтын әдетіне
басқан Сүлеймен оны жағасынан тартып, тік көтерді:
–Әлі тірімісің?!
Қосыл былқ-сылқ етіп тұр. Демек, өлмеген. Сүлеймен тағы
бір рет ұруға ұмтылды да, дереу өз-өзін тежеп, Қосылды арбаға
сүйреп әкелді. Арбада жатқан месті алып,
ішіндегі суын оның
басына сарқырата құйды. Анау қиқылдап-шиқылдап, әйтеуір тірі
екенін білдірді.
–Екіжүзді сұм, жаның сондай бекем екен-ау. Бағана сонша
ұрғанымнан қалай аман қалдың,?! Әлде талып қалып,
осында
жата бердің бе?!
Қосыл қатты соққыдан әлі есін жинай алмағандай, сұлқ
күйде. Аз ғана уақыттан соң Қосыл тілге келіп, тағы мүләйімси
қалды.
–Әлгінде ұрғаныңызда миымды шайқап жібергенсіз бе,
тентек адамдай не істеп, не қойғанымды білмеймін. Жаңа тағы
ұрдыңыз. Содан басым бұрынғыдан да қатты айналып, өлерге
келдім. Енді ұрмаңызшы.
–Сені сілейтіп кеткеніме
талай уақыт болды ғой, сорлы.
Мен мына көшенің сонау басына дейін барып қайттым. Қайтып
келе жатсам, әлі жатырсың. Неге осы уақытқа дейін қараңды
батырмағансың?! Жоқ, ажалыңды күтіп жатырсың ба?!
Қосыл өзін әлдекімдер құтқарып қалатындай, жан-жағына
алақ-жұлақ қарады.