130
Сүлеймен қарақшы
— Иә, өздерiңдi тағдырдың қай желi айдап тықты бұл
зынданға? Шыршықтың қазағымысыңдар, әлде маған ұқсап,
алыстағы ауылдардан келдiңдер ме?
— Сыр бойындағы — Қатағантөбеденбiз.
Менiң атым
— Төрегелдi. Мынау Салықбай деген бауырым. Екеумiз де
қоңыраттың оразкелдiсiмiз. Ал бiзден кейiн отырған мына
кiсiлердiң ныспылары — Аязбек, Сиязбек. Бұлар да бiзге туыс.
Сырдағы алғи руынан. Өзiң жақта отырғандар Жызақ жерiндегi
Құмшағыл деген елден. Аттары — Дөңбай, Түрке, Көкен. Сенiкi
сияқты бiздiң де өмiрiмiз құм кешiп, сексеуiл паналап, қазақтың
байларының малдарын, сарттың саудагерлерiнiң кiресiн тонап,
қарақшылықпен өтiп жатқан жайы бар-тын.
Мына бiр жаңа
өкiмет келiп, құмның қай жотасына, даланың қай сайына
тығылсақ та, тышқанды қуалаған мысықтай iзiмiзге түсiп алып,
паналайтын апан қалдырмай, сансыратып жiбердi.
Содан соң
тауға қарай қашқанбыз. Шыршық үстiндегi Түлкiжортқанның
сайында қытай асып, қашып бара жатқан бiр сарт тектес тәжiк
байының дүние-мүлкiн тартып алып, Қоқанға қарай өтiп кетпек
болғанымызда, мыналардың қолына түсiп қалдық. Өзiмiз тонаған
тәжiк осы басмашылардың басшысы — Срайыл паруанашының
туған ағасы екен. Малын тонаған бiздi бiрден ата салмай, мұнда
неге қамап қойғанына таңым бар. Әлде, осылай жадатып-жүдетiп
барып, өлтiрейiк дедi ме, қайдам.
— Жатқандарыңа қанша мезгiл болды?
— Күн санап, түндi түгендеуге бұл жерде мұрша бар деймiсiң.
Күнiне бiр мезгiл аштан өлiп қалмасын дегендей, жуынды сияқты
сорпа мен мүжiлген етсiз сүйектi лақтырып тұрады. Соған қарап
санасам, зынданға түскенiмiзге екi жұмадан көп уақыт болып
қалды-ау.
— Ендiгi күнiмiз не болсын?… — дедi Сүлеймен күмiлжiп,
шын шарасыз жағдайға тап болғанын ендi аңғарғандай.
— Алдағы күнiмiздiң не болатынын бiлсем, айтар едiм ғой.
Құдай
басқа не салса, сол болар. Ең назалығы, мыналардың
қолынан өлу ғой. Бүйткенше, далада кiммен болса да атысып
өлген жақсы едi.