252
Сүлеймен қарақшы
— Сабаш-ау, мына екi өлiмтiктен басқа ешкiм жоқ қой үйде,
— деп артына бұрыла берiп, есiк босағасында тұрған төртеудi
көрдi де, қолындағы қамшысын түсiрiп алды.
— А-а-а, кiмсiңдер-ей? — дедi сосын дiрiлдей. Екiншi кiрген
Сабаш жүгiрiп барып, оның артына тығылды.
— Бiздi көре сап неге дiрiлдеп кеттiң? Далада тым батыр болып
тұр едiң… Алдымен өзiң кiм екенiңдi айт, — деп Сүлеймен оған
жақындады.
Бойы
тоқал тамның төбесiне сыймай, еңкейiп тұрған алып
денелi Сүлеймен өзiне жақындап келгенде, анау шынымен-ақ
тiл-ауыздан айырылардай күйге түстi. Ал қолындағы мылтығын
байқағанда
тiптi есiнен айырылып, артында тұрған Сабашты
астына ала, шалқасынан құлады.
— Аязбек, екеуi әдейi талып қалды-ау деймiн. Бiр-екi рет
тоқпақтап, естерiн жиғызшы. Жо-жоқ, өзiм-ақ сөйлетейiн
бұларды.
Екi қолымен екеуiнiң желкесiнен көтерiп, сiлкiп-сiлкiп жiбердi.
Темiрдей қолдарда қуыршақтай сiлкiленген
екеуi көздерiн бiр
ашып, бiр жұмып тұрды да, әзер тiлге келдi.
— Мен, мен, осы колхүздiң бастығымын. Атым — Тәңкi.
Мынау — Сабаш. Бұрынғы ауылнай. Қазiр есепшi… Сiздердi
ұрылар екен деп… Жiберiңiзшi… Ойбай, желкем үзiлiп барады.
— Ұрылар болсақ қайтпексiң? Сендер, бастық пен есепшi,
екеуiңнiң қарындарың тоқ екен-ә. Мұнда жұрт неге аштан
қырылып жатыр?
— Бiз кiнәлi емеспiз оған. Жоғарыдан, райкүмнан келгендер,
бұлардың малдарын тартып алған…
— Олар тартып алып жатқанда сен неге елге болыспадың?
— Қайдан, қайдан. Атып тастайды олар…
— Атылудан қорқасың-ә, тағы. Ауылда адамдар бiрiн-бiрi жеп
жатыр дегенi рас па?
— Рас, рас, — дедi Сабаш Тәңкi үндемей қалғанда. — Ондайды
өз көзiмiзбен көрдiк.
— Сен адамдардың
бiрiн-бiрi жегенiн оғаш, жан сыздатар
уақиға еместей, тым жайбарақат айтасың ғой, жүдә. Қараңдаршы,
мына кемпiр мен шал тым аш. Жейтiн ештеңелерi жоқ. Қазiр
екеуiңдi оларға сойып беремiз.
Жаңа ғана тiлi шыққан Тәңкi мен Сабаш осы сөзден кейiн
одан
бетер дiр-дiр етiп, Сүлейменнiң аяғына құлады.
— Ойбай, көке, бiздiң еш жазығымыз жоқ.