250
Сүлеймен қарақшы
— Апа, ендi отыра берiңiз. Бiз
сiздерге қазiр нан жiбiтiп
беремiз.
— Анау шалға берiңдершi. Тума-тумысынан тiрi қалған
жалғыз — осы. Қазiрше өлмей-ақ қойсыншы…
Аязбек жарты нанды суға турап салды да, тезiрек жiбiсiн деп
үзiктердi саусақтарымен аударыстырды. Аз-кем отырыстан кейiн
шал мен кемпiрдiң ауыздарына суы сорғалаған нан үзiктерiн
салып, жегiзе бастады. Бiрақ шал да, кемпiр де екi-үш үзiк нанды
жұтқан соң ары қарай жеуге шамалары келмей,
сұлқ жатып
қалды. Шалдың маңдайынан шып-шып тер шығып, демалысы
жиiлеп бара жатты. Мұны көрген Ажан:
— Жiгiттер-ау, мыналарға не болды? Өлтiрiп алған жоқпыз ба
өздерiн? — дедi.
— Құдай сақтасын, өле қоймас. Көптен берi ашығып жүрген
адам, алғаш ас жегенде осылай әлсiреп қалады. Баяғыдағы
“жылантақырда” мұндайлардың талайын көрдiк.
— Мына шал неге iсiнiп кеткен?
— Мұндайды бұрын көрмегенсiң бе, Ажан? Жұт жылдары
ашыққан адамдар қатып, семiп емес, iсiнiп өледi. Өйткенi кез-
келген нәрсенi жей берген соң, кейбiр улы азықтар тамыр мен
еттердi iсiндiрiп жiбередi. Сендердi қайдам, мен талай сойқанды
басымнан өткерсем де, олар дәл мынадай болып, көңiлiме ауыр
тиген жоқ едi.
Үйге кiргелi сөзге араласпаған Төрекелдi осының алдында
ғана далаға шығып кеткен. Сүлейменнiң
әлгi сөзiнен соң ол
алқынып кiрiп келдi.
— Мен жаңа далаға шыққанда, ауыл басынан екi аттылы
көрiнiп едi. Там айланып келсем, сол екеуi тура осы үйге таяп
қалыпты. Бiрiнiң астында — бозғыл жорға ат. Екiншiсiнде дәу
төбел. Сiрә, өкiметтiң адамдары-ау.
— Қай жақтан келе жатыр? Бiз келген жақтан ба?
— Жоқ. Шығыс жақтан.
— Олар белсендiлер болуы әбден мүмкiн. Әйтпесе мынадай
кезде жәй адам бозғыл жорға мен дәу төбел мiнуi неғайбыл.
Сыртқа шықпай, есiк саңылауынан аңди тұрайық.
Анық бiздi
дiттеп келген болса, олар шақырмай-ақ үйге кiредi.