475
Сүлеймен қарақшы
айрылып қалғаны былай тұрсын, екi мұрнынан қан сорғалап, екi
көзi төңкерiлiп қалыпты.
— Шамаң келсе, сөйлет оны.
Бейiсқожа басмашының екi бетiн шапалақтап, ары-берi
сiлкiлеп, есiн жидыруға қанша әрекеттенсе де, анау өзiне-өзi
келмедi. Былқ-сылқ күйi қорылдап жатты.
— Сен тақымыңа бiр қысқанда, сорлының миына қан құйылып
кеткен-ау, шамасы. Ендi қалсын осылай. Жұртқа бекерден-
бекерге зәбiр көрсеткеннiң қандай болатынын ұғып, қиналып
жатсын. Ой, жаңағы әйел қайда? Мұрсат, сен байқамадың ба,
оның қайда кеткенiн?
— Үйiне қашып кеттi. Бiздi таныса да, мына Парманқұлды
басмашы деп ойлады-ау, деймiн. Жә, не қыласың оны. Мына
екеуiнiң денесiн анау арыққа сүйреп, тастай салайық. Басқалары
байқамасын.
Екi басмашыны оңай жайғаған қарақшылар ауыл iшiн аралап,
бес-алты үйден өткенде, оншақты жылқыны қуып келе жатқан
үш басмашыны көрдi. Бiр тамның
тұсына олар жылқыларды
иiрiп, бiреуi тамның ауласына кiрдi. Басмашылар үй-үйдегi
жылқыларды шетiнен жиып, айдап келе жатқан сияқты. Сүлеймен
тобы тағы да бiр тамның тасасына жасырынды.
— Басмашылардан басқа жан адам көрiнбейдi ғой. Ауыл
тұрғындары қайда кеткен?
— Сүлеймен, тұрғындардың бәрi үйдi-үйiне тығылып алған
да. Бұлар келгенде сыртта бiр адам жүрмейдi, — дедi Мұрсат.
— Жаңағыларды оп-оңай алдық. Мыналарды қалай алсақ
екен?
Әркiм “не iстесек болады?” дегендей үнсiз. Қиыннан жол
табатын Парманқұл да жуық арада ештеңе айта қоймады. Осы
кезде басмашы кiрген үйден айқай-шу шықты. Айқай-шумен
бiрге тарс етiп атылған мылтықтың даусы бiрге естiлдi. Бергi
жақта жылқыларды иiрiп, бетiн қайтарып тұрған екi басмашының
бiрi мылтық даусы шыққан сәтте қаруын оңтайлады да, атын
тебiнтiп, үй жаққа шапты. Ал айқай-шу басылар емес.
— Әй, осылай шарасыз тұра беремiз бе. Жақындайық та
аналарға, — деген Сүлеймен жылқы иiрген басмашыға қарай
құйғыта жөнелдi.
Айқай-шу шыққан үйге мойнын созып, атын ары-берi
ойқастатып тұрған басмашы Сүлеймендi өзiне жақындаған кезде