7 көрініс
Са хнада терезелер шеруі келе жатыр. Транспаранттар. Өздері айғайлап келеді. ТЕРЕЗЕ ТЕРЕЗЕГЕ ТЕҢ! ӘКІММЕН ТЕРЕЗЕСІ ТЕҢ СӨЙЛЕСЕМІЗ.
Дауыс:
Әсілі, сөзге күш қоспау керек, сөздің толқыған өз қуаты бар.
Күшейіп айтқан сөздің күшігі көп болады. Алайда, сонда да күші көбеймейді. Сөзге қуат беретін – шындық, күшейіп айтқандық емес.
8 көрініс
Креслодағы жігіт терезеден қарап отыр. Кейде бірдеңе жазып қояды. Сыртта шеру өтіп бара жатыр. Бір адам шерушілерге қол жайып қайыр сұрап жүр. Ол қаламын ұстап қайта жазып кетті... Өзі және дауыс.
– Мен адамның қарны ашады деп ойламаппын да.
– Адам – жаратылысынан ұмытшақ, жамандықты да, жақсылықты да тез ұмытады.
– Қиындықты да.
– Қандай едің, қандай болдың.
– Мені бәрі ұмытты.
– Әркім өзіне өзі ғашық.
– Рас, өзгені көрмейді.
– Сен де соқыр болдың, талайды жылаттың, қан-шасының обалына қалдың.
– Бүкіл адам баласы соқыр. Бір атадан тараған адамзат ұрпағы бүгінде – құрлықтарға, белдеулерге, шекараларға, елдерге, нәсілдерге, халықтарға, ұлттарға, аймақтарға, қалаларға, ауылдарға бөлінген.
Көзқарасына, сеніміне, дәстүріне, тіліне, көңіліне, қарымына, тарихына қарай тағы бірнеше топтарға, қауымдарға, жиындарға бөлшектенеді, қосындар, өз кезегінде, қалаған даму бағытына, ортақ мүдде қамына, қол созған мұратына байланысты үлкенді-кішілі одақтарға бірігеді. Бірігуінің өзінде бөліну тұр.
– Жер – жалғыздықтар мекені.
– Адамды ешкім бөлмейді, өздері бөлінеді.
– Топ жарып, ілгері ұмтылған адамзат табиғатты, Жерді, ғарышты өзіне бағындырып, планетамыздың иесі, бүкіл әлемнің шырақшысы атанса да, шексіздікті күзет қойып, бақылап-қадағаласа да, космоста аядай орынға ие Жер шарында бірігудің бір бұзылмайтын тәртібін, бұлжымайтын заңын орната алмай-ақ қойды.
– Дәулеті шалқыған елдер көл-көсір дастарқандар жайып, үстін рәсуа азыққа толтырып жатқанда, молшылықтың қызығын көріп, ағыл-тегіл ас қоқысқа төгіліп жатқанда, басына бақ қонбаған, ішіне шыр бітпеген жарлы қауым жақсыдан күдер үзіп, өлденең нәубетке төтеп бере алмай, аштықтан жаппай қырылып жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |