13 көрініс
Терезеге ұқсаған кітап. Терезеге ұқсаған компьютер. Терезеге ұқсаған теңге. Үшеуінен үш адам әлемге қарап тұр. Біреуі тек кітаптарды ғана көреді, біреуі компьютерден бас алмайды, біреуі ақшадан басқаны білмейді.
Бәрі тізбектеліп көз алдынан өтіп жатыр.
Дауыс:
Бүгін кітаптың дәуірі өтіп, ғаламтор заманы келді... Телевидение көгілдір экраннан осы жайтты хабарлайды, кино бұл жайлы фильмдер көрсетеді, ғаламтор сынған айналардың бір бірін қайталап түсірген бейнелеріндей бір сайттан екінші сайтқа көшіріп басып, тоқтаусыз жазып жатады.
Театрдың өлгені туралы қазанамалар фотография пайда болғанда жарық көре бастады, кино экранға шыққанда айтылды, компьютер желіге қосылғанда жырланды, ғаламдану уақыты туып, ғаламтор күшейгенде көбейді.
Бірақ, театр ештеңеге қарамай, жан дүниемізді сарайлап, қастерлі өнер сахнасында салтанат құрып, әлі де асқақ өмір сүріп келеді.
14 көрініс
Төрт терезе тұр. Біріншісінде – домбыра тартып отыр. Екіншісінен фортепьяно үні шығады. Үшінші терезеден жарқ-жұрқ еткен музыка әуеніне билеген жастар көрінеді. Төртіншісінде басына шлем киген, үстіне түрлі гаджеттер таққан жасөспірім келе жатыр.
Жарнама: Интернет өшірулі – сұраныс хақ / ИНТЕРНЕТ ОТКЛЮЧЕН ИЗ-ЗА НЕНАДОБНОСТИ
Сыртта, көше бойында бір жылу тұрбасы жанына бір ер адам өзіне төсек салып жатыр. Мойнын созып терезелер жаққа қарап қояды, сосын музыка екпініне, ырғақты күйіне үйлесе кенет билей жөнеледі. Музыка аяқталғанда біресе домбыраға қосылып ән шырқайды, біресе фортепьяно сүйемелдеуімен ән салады, біресе жылдам музыка әуеніне елтіп, билеп-билеп қояды.
Билеуін тоқтатып, газетке оралған нанын алып жейді. Құтыдан су ішеді. Димаш Құдайбергенов орындауындағы халық әні естілгенде солқылдап жылайды. Терезе мен қарт адам арасынан ел ары-бері тоқтамай өтіп жатыр, ешқайсы ешкімге, ешнәрсеге назар аудармайды.
Дауыс:
Кісілік деген бар (нравственность) және ар-ұят деген бар (мораль).
Тегінде, кісілік ешқашан өзгермейді. Өйткені адамгершілік, кісіліктің арқасында ғана адам баласы адам боп қалады. Адамдық қасиеттердің жиынтығы – кісілік.
Ойында береке, өмірінде мұрат, сезімінде махаббат жоқ. Бәрі үнсіз – әлем де, адам да, құдыреті күшті Құдай да. Қайғы-мұңда жоспар, уайымда жөн-жосық, шерде жоба-үлгі – бола ма, демек, қапада жол-соқпақ, қасіретте дүйім елді жарылқайтын жасампаз рух жоқ. Болашаққа қол созған, ілгері ұмтылатын, ілкіден келе жатқан құштарлықта ғана қиындықты жеңе алатын күш-қуат бар.
Даналыққа құштарлық – өмірге құштарлық.
Маңдайы жарылды.
Жасыма, жасқанба, шегінбе.
Өмірді сүй.
Шексіз.
Сабыр ет.
Тіршілік – ұлы Тәңірдің ризығы.
Ғалам әділеттен, ғұмыр махаббаттан тұрады.
Күдеріңді үзбе.
Үміт, есіміңді күбірлеймін жай ғана, күдеріңді үзбе.
Достарыңызбен бөлісу: |