9 көрініс
Сырттан тағы терезе ұстаған адамдар көрінеді. Олар біресе әрі, біресе бері жүреді. Ол терезенің пердесін түсіреді.
Өзі және Дауыс.
– Өмірі тозаққа айналған ортада өзіміз тоқ отырсақ, қалай бақыт кешеміз.
– Тыныштығын, беймаза бақытын іздеген жан әдетте жан-жағынан алаңсыздық, жақсылық, арман-үміт көргенде ғана жай табады.
Пердені түріп, тысқа қарады. Бір әйел шап-шағын қос терезені құшақтап келеді.
– Біз үнемі көш үстінде, қашанда керуен басындамыз.
Алғашқы пәлсапалық сөз – бесік.
Құтты мүлік. Ата мүлік. Баланың алтын ұясы.
Қазақ, бесікті тербеткен ана әлемді тербетеді, деп түсінеді. Тіршіліктің ұзақтығы: тал бесіктен жер бесікке дейін...
10 көрініс
Сахна. Жұрт бірнеше терезені табыт құсатып төбелеріне көтеріп келеді. Қаралы көш. Терезелеріне күн түспей, құсадан қайтқан пенделер.
Дауыс:
Көшпелі танымында, адам – қонақ. Тіпті, екі адам бір-біріне қонақ. Жолаушы да, күтіп алған да – қонақ.
Жолға шыққанда, сен де – қонақсың. Бүгін шаңырақ иесі, ертең сапаршы, одан арғы күні көшті бастап, қоныс аударып көшіп бара жатасың.
11 көрініс
Қарауытқан адамның ұзын көлеңкесі тамақ ішіп отыр.
Дауыс:
Қонақ отағасының қас-қабағына қарайды, қабағын аңдып, қабағын бағады, егер шаңырақ иесі қабағын шытса, қабағын түйсе – қабағын қар жапса, қабағы тырысса, мейман қабағынын астымен қараcа...
12 көрініс
Сахнада терезелерін жамылып жұрт ұйықтап жатыр. Терезелер орнында, қабырғадағы ұяға тас қаланған, әрі құлып ілініп тұр. Үй туралы тексті оқыған сайын жатқан адамдар терезелерін көтеріп тұра бастайды.
Дауыс:
Үйсіз адам – күйсіз адам. Яғни, үй – адамның күйін келтіретін жайлы орын. Ұя. Жататын жатақ, тұрақтаған қоныс, тынығатын жер. Ойға алаңдайтында, қажытқан ойдан демалатын да жер. Жаның тербетілетін бесік.
Көсіліп ұйықтайтын ... жатағың, алаңсыз өмір сүретін ... мекенің. Бақыт баспанасыз да өмір сүреді, бірақ, бақыттың да – өз үйі бар – ол жүрек. Жүрек дегеніміз көңіл. Үйі жоқ адам көңілсіз өмір сүреді...
Отан да – үй.
Ғаламзаттың жалғызы – қара Жер де – үй. Шексіз ғарыш та – үй.
Бірақ, ата мекен, сүйген Отан, туған үй ғана – үй бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |