2.5. Дәстүрлі моральдік-этикалық қатынастарға қалыптасқан тыйым сөздер
2.5.1 Өліммен байланысты табу мен эвфемизмдер
Табу – әлем халықтарының тілдерінде ежелден өмір сүріп келе жатқан мәдени құбылыс ретінде адамдардың өзара тілдесуін, пікір алысуы мен әлеуметтік қарым-қатынасын реттеп отырады. Сөздерге салынатын тыйымның діни наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптардан бaсқa дa әлеуметтік себептерінің бaр екені бұдaн бұрын дa aтaп өтілген. Адам баласы үшін табиғи құбылыстардың ішіндегі ең қорқыныштысы да, сескендіретін суығы да-өлім. Сондықтан кез келген халықтың тілінде «өлім», «өлді» деген сөздердің орнына сол ұғымдарды білдіретін, бірақ алдыңғылардан әлдеқайда тігісі жатық эвфемистік синонимдер қолданылады.
Қазақ тілінде де «өлу» деген ұғымды – қаза тапты –, ұша барды, келмеске кетті, түйе қарап кетті, дүниеден озды, опат болды, мәңгілікке көз жұмды, дүние салды, қайтпас сапарға кету, үзілу, қайту, кету, шетін болу, көз жазып қалу, айырылу, адасу, беру, мәңгі ұйқыға кету, аттану, дүние салу, дүниеден көшу, демі тоқтау, жан тәсілім қылу т.б. сияқты астарлы мағыналы эвфемизмдер алмастырып отырады.
«Тіл сүйексіз, ой түпсіз» демекші, мұндай эвфемизмдерді жасауға кез келген зиялы, шешен адамның да, тілдің де мүмкіншіліктері үшан-теңіз. Осының айқын дәлелі ретінде ұлы жазушы Мүхтар Әуезовтың ұлы Абайды өлді деуге қимай: «Осылайша айналасы айықпаған сұр түман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқтады. Шөл даланы жарып аққан дариядай, жалтыр биік басына жалғыз шыққан алып шынар қүлады. Өмірден Абай кетті» деген оқырмандарға белгілі жолдарын келтіруге болады. Бұндай қолданыстар басқа да көркем шығармаларда да жиі кездесетін: «Жалғыз шыққан Төлеген, Ақырет сапар жөнелді». «Сойқан ұрыста қазақтың басты-басты бірнеше батыры мен Хақназар хан қаза тапты» [48] - дейтін эвфемизмдерге толы жолдарды келтірсек те болады.
Қазақ арасында қалыптасқан салт бойынша қайтыс болған адамның жақындарына қазаны бірден естірте салмаған. Суық хабарды мүмкіндігінше астарлап, тұспалдап немесе жұмбақтап сездіруге тырысқан. Әдетте ауыр қайғыны естірту эвфемистік мағыналы сөздерден басталып, көңіл айту, жұбату сөздерімен аяқталып отырған. Қазақ ауыз әдебиетінде сақталған өлімді естірту және көңіл айту үшін колданылатын эвфемизмдерге негізделген ескі нұсқалардың кейбір үлгілері төмендегідей:
Жандос Қалдыбекұлы Шоқан қазасын Шыңғысқа естірткенде былай деген екен:
– Ұлы қайтпаған руда жоқ,
Қызы қайтпаған қырымда жоқ,
Қатыны қайтпаған халықта жоқ,
Ағасы қайтпаған аймақта жоқ,
Інісі қайтпаған елде жоқ,
Әкесі қайтапаған әлемде жоқ,
Шешесі қайтпаған пенде жоқ,
Аққу ұшып көлге кетті,
Дуадақ ұшып шөлге кетті,
Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді,
Оны иесі өзі әкетті,
Шоқан деген ұлыңыз,
Бәріміз баратын жерге кетті –
деп естірткен екен.
Ал қазақтың атақты Бөгенбай батырының қазасын Үмбетай жырау Абылай ханға естіртуі де осы негіздес. Алдымен Бөгенбайдың соғыста елді қорғаудағы ерліктерін, Абылайдың айдынын асырып айналасында жүргендегі айбынын айта келіп:
…Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тында тағы да-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Иманын айтып өлерде,
Иекке жаны келгенде,
Сәлем айтты үш қайта,
Кеттім деп сізді көре алмай.
Батырды қолдан өткіздім,
Сәлемін міне жеткіздім.
Жыламай тында, Абылай!
Жараға жақсы қасқарар,
Ойбайлап жаман бас салар.
Көріспей айтты демеңіз,
Осы еді біздің келген жай.
Көзіңнің жасын тыя көр,
Жақсылық дұға қыла көр.
Тағы да талай бақ берсін,
Балаңа алтын тақ берсін,
Бөгенбайдай жас берсін,
Өлшеусіз мал мен бас берсін!
Бөгенбай сынды батырдың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай.
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай! -
деп тоқтаған екен [49].
Өліммен байланысты немесе оның семантикалық өрісімен ұштасып жататын тағы біраз ұғымдар бар. Өлім ұғымының синонимі ретінде қазақ тілінде ажал сөзі жиі қолданылады. Қазақ би-шешендері де өлімның келуін тіршілік куатының тоқтауын, жан мен тәннің, рухтың өз бастапқы орындарына ауысу детерминанты болатындығы идеясын меңзей отырып, «Ажал жетпей жан шықпас» (Бұқар), «Ажал жетпей өлмек жоқ» дейді. Ажал мен өлім – адамның фәни дүниедегі тіршілігінің соңы, адамзатының өмір сүру кеңістігі уақытының шегін белгілейтін діни философиялық категориялар. Мысалы, Жиреңше шешен: «Ажал деген – атқан оқ, бір алланың қақпаны», десе, Төле би: «Бес күн жалған өтеді, ажал қуып жеткен соң» - деп, ал Бөлтірік шешен: «Ажалдың сокса дауылы, өмірдің шамы сөнбей ме?» - дей келіп, ең алдымен, ажалдың өзінің адамға Жаратушыдан келетін трансцендентті құбылыс екендігін мойындау сәтіне куә боламыз.
Екіншіден, ажал да өлім сияқты адамның бұл дүниедегі тіршілігінің тоқтауын белгілеу сәті болатындығын көрсетеді. Бұған «Нәубетімен дөңгелер ажалдың жеккен арбасы. ...Өлшеп берген демің бар, бірте- бірте бітеді. Аты жүйрік ажалдың, аяндап-ақ жетеді» (Досбол би), «Тағдырдан ажал тура келсе, кетерсің түйең түгіл өзің мүлдем» (Малтақан би), - деп келетін тұстар дәлел. Балпық бидің: «Ажалың жетсе, алдында түрған ормен тең» - деген шешендік тұжырымы осындай ұстанымдардан кейін туындаған болар [49].
Сонымен бірге өлік, мола, көр, көму, бейіт, сүйек, дене, жерлеу, зират, қабір сияқты сөздер де осы семантикалық өріске жатады. Бүл сөздердің бояулары мен адамға етер әсері бірдей емес. Әсіресе алдыңғы төрт сөздің мағыналары өте суық. Сондықтан да олардан гөрі тігісі біршама жатықтау дене, сүйек, зират, қабір, жерлеу, қою сиякты эвфемистік баламалар жиірек қолданылады. Ал кейде мола, көр деген суық сөздердің орнын орын, жай деген эвфемизмдер басып отырады. Түрікменстан қазақтарының тілінде бейіт, мола деген сөздердің орнын ертеректе діни нанымдардың негізінде калыптасқан әулие деген эвфемистік синоним алмастырғаны байқалады [9, 127].
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазақ халқы да «өлім, ауру, мола.» т.б. деген секілді сөздерді барынша ауыздан шықпауына көңіл бөледі. Олардың орнына «қайтыс болу, денсаулығы болыңқырамау» деген эвфемизмдерді қолданады. Сөйтіп, «жақсы сөз жарым – ырыс» деп, ылғи да жақсы сөз айтуға тырысады.
Қорытындылай келе, өлім концептісі адам болмысының маңызды ұғымдарына жатады да, тіл және мәдениет арасындағы қарым-қатынастардың негізгі тасымалдаушылары болатын түрлі салт-дәстүрлер арқылы әмбебап шындық және этнолингвистикалық шындықты нақты қабылдау жолдарын зерттейтін этно-лингвомәдениеттану саласына қарайды. Осы зерттеудің бір қыры түрлі халықтардың менталитеті мен этникалық ерекшеліктерін анықтауға көмектеседі. Тіптен генетикалық байланысты емес, туыстығы алшақ тілдердің материалдары бойынша талдау жасап, тұжырымдамалар түюге болады.
Егер қарастырылып отырған концептің семантикалық кеңістігіне көз салатын болсақ олардың тамыры алысқа кететін көне ұғымдар екендігінде дау жоқ. Француз философы Л.Леви-Брюль адамзат дамуының алғашқы сатыларында жеке тәжірибе емес, ұжымдық идеялар басымдырақ болғанын айтқан. Л.Леви-Брюльдің ойынша ұжымдық түсініктер ретінде адамдардың өз өмір тәжірибесінің барысында қалыптасқан тұжырымдар емес, индивидке қоғамдық орта, тәлім-тәрбие, әдет пен ғұрыптар арқылы сіңген идеялар қарастырылады. Шындығында да үш тілде де өлім концептісінде құдайға немесе әлдебір Абсолютке мойынсұну басым. Яғни шындық құбылыстары таза күйінде емес, тұтас бір көңіл күй кешені мен құпия күштермен байланыстырылғанына орай, табу мен эвфемизмдерде өлімнің мәні мен мәнісі түсірінделмейді. Әр халықтың өлім туралы ойларын оның әлемінің тілдік бейнесінен қорытындылауға болады.
Өлім концептісі танымал философиялық дәрістерде өтпелі және мәңгілік ұғымдарды біріктіреді. Ислам дүниетанымы бойынша адамзат ғұмыры бұл дүниелік және о дүниелік болып екіге бөлінеді. Бұл дүниелік өмірді алдамшы фәнилік тіршілік дейді.
Өлім түсінігі адам санасында құрылған сәттен бастап қоғамдық санаға әсері зор, барлық адамзат мәдениетінің жетекші философиялық ұғымдарының бірі болып табылады. Ол адамзат мәдениеті мен философия дамуына ықпалын жалғастыруда деп айтсақ артық болмайды.
Аталмыш концепт тілдің мәдениетінің, дінінің өзіндік ерекшелігін көрсете отырып, олардың белгілерін де айқындай түседі.
1. Өлім концептісі етістікпен беріледі, яғни өлім мен өмір осы жерде және басқа жерде орын ала алады деген дуалистік ойға сай: дүниеден көшті, келмеске кетті, бабаларына қосылды, жүрегі қалаған жерге кетті, шын өмірге қайтып оралу.
2. Өлім көп жақты құбылыс:
• физикалық ұғым, яғни адамзаттың өмір сүру кеңістігі уақытының шегі : ұша барды, аспанға ұшып кету;
• биологиялық ұғым, яғни тіршілік қуатының тоқтауы: опат болды, демі тоқтау, ыстық демі тоқтады, жүрегінің соғуы тоқтaды, (қытай);
• әлеуметтік ұғым: көз жазып қалу,дүниеден көшу, дүниемен мәнгіге қоштaсу;
•діни-философиялық ұғым, яғни рухтың өз бастапқы орынына ауысуы: Бәріміз баратын жерге кетті , иесі өзі әкетті, ажал – бір алланың қақпаны жалықтыратын жалғанның ауыртпашылығынан босады;
Қазақ халқының тіліндегі өлімге байланысты табу мен эвфемизмдерді көптеген ғалымдар зерттеп, әртүрлі пікір айтылып, тұжырымдамалар жасаған. Алайда өлімге байланысты табу мен эвфемизмдердің өзіне тән ерекшеліктері мен ұқсастықтары әлі де болса когнитивтік лингвистика тұрғысынан жан жақты зерттеуді талап етеді. Когнитивистика аясында байырғы мәселелер жаңаша түсіндіріле бастады. Когнитивистикада адами когницияға басты мән беріледі, ол тек бакылауға алынған іс-әрекет деңгейінде зерттеліп қоймай, оның менталды (ішкі кабылдау, жүйесі), адамның когнитивтік әлемі, тілдің белсенділік әрекетімен ілгерілеп отыратын мінез құлқы мен іс әрекеті бойынша зерттеліп, қалыптасып қатар қаралады.
Когнитивтік ғылымдар бойынша тіл мен таным арақатысын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі. Осымен байланысты танымдық деңгейге қатысты қазірде жиі айтылатын «концептуалдық ғылым» шындықты ұғынудың негізгі тәсілі болып табылады. Дүниетанымының құрылысы негіздерін анықтауға бағытталған тілдік әлемнің когнитивті модельдері дүниедегі заттар мен құбылыстардың жер шарын мекендейтін адамдарға ортақ болуымен қатар, әр халық сол заттар мен құбылыстарды өз мәдениетіне, танымына, болмысына қарай ыңғайлап, өзінің таным – түсінігінің деңгейі мен тану мүмкіндігіне сәйкес модельдейді. Біздің өлім концептісін зерттеуіміз осы бағытта дамымақ.
Достарыңызбен бөлісу: |