Біреуінде қатын жоқ,
Біреуінде жақын жоқ,
Біреуінде аға жоқ,
Біреуінде бала жоқ [3,105].
Мұнда тармақ басында «біреуінде» сөзі, ал соңында «жоқ» сөзінің қайталануы арқылы келген. Әр тармақта тек бір ғана сөздің өзгеріп келіп отырғаны байқалады.
Поэтикалық тілдің синтаксистік байласымын жүзеге асырып тұрған тілдік элементтер қатарында тармақ соңында бір грамматикалық форманың қайталанып келіп отыруын айтуымызға болады. Біз зерттеп отырған шығарма эпостық жыр болғандықтан мұнда шұбыртпалы ұйқас көп кездеседі. Өйткені ұзыннан-ұзақ шұбырта жырлау ауыз әдебиетіне, оның ішінде эпостарға тән. Мысалы,
Бозтарлан атқа мінсейші,
Қаттама тоның кисейші,
Қайыңнан садақ ілсейші [1,159].
***
Халықтың арын арладық,
Елдің қамын қамдадық.
Мықтыны теңеп нашарға
Пақырдың арызын тыңдадық
Ешкімге залал қылмадық [3,158].
Бірінші мысалда шартты райдың –се жұрнағы, жіктік жалғауының екінші жақтағы –ң жалғауы мен –ші модаль жұрнағының жалғануы арқылы жасалған. Әр тармақтың соңындағы түбір етістікке осы грамматикалық формалар қатар жалғанып келіп отырған. Ал екінші үзіндіде І жақ, көпше түрдегі жіктік жалғауының –дық қосымшасы арқылы келіп отыр. Тармақ соңында бірдей грамматикалық формалардың қайталанып келіп отыруы алдыңғы тармақ пен келесі тармақты байланыстырып тұрғанын көре аламыз.
Келесі айшықтаудың бір түрі – риторикалық қаратпа. Мұнда қаратпа мәнді сөздің қолданылуы арқылы келеді. Жырда қаратпа сөзге теонимдік атау болатын жаратушы күш иесінің аты айналған (Алла, Жаратқан, Құдай ).
Ақ жаратқан Құдайым,
Өзінен жәрдем сұрадым [3,363].
Жыр кейіпкерлерін қарата сөйлеу, атын айтып шақыру немесе назарын аудару үшін атымен атау бар. Бұл көбіне бір кейіпкердің екінші кейіпкерге айтқан сөзінде жиі кездеседі.
Қареке, менің ойым бар,
Істейтін деген ісім бар [3,419].
Қарата сөйлегенде кейіпкердің атын атап қана қоймай, оны айқындайтын сөздермен қатар келгендері де бар.
Ау, Ханбике, Ханбике,
Ақылдасым, мұңдасым [3,425].
Риторикалық қаратпаға жырда кейіпкердің есімі ғана емес, сол адамды еркелетіп немесе сол адамның ерекшелігіне байланысты ауыстырып қолданылатын сөздері де жатады. Мысалы,
Қорқытып кетті, құлыным
Үйдегі көрген бір түсім [3,342].
«Орақ-Мамай» жыры – батырлық жыр болғандықтан мұнда әсірелеу мен дамыту (градация) барынша мол қолданылған. Аттың шабысын суреттеуде немесе батырдың тұлғасын бейнелеуде жай сипаттап қана қоймаған. Оқиғалар тізбегін үдете, үлкейте келе баяндаған. Қызуқанды қазақ халқы мұндай эпостық жырларды тыңдағанда делебесі қозып, арқасы ұстап, ерекше шабыт алатын болған. Ендеше жырға кезек берейік.
Мамай батырдың ерлігін сипаттағанда былайша үдете жырлайды:
Тауға салса, тас кескен,
Кеудеге салса бас кескен
Балдағы алтын ақ берен
Өле кетсем далада,
Шарбағым деп алады [3,15].
***
Атса, бір мылтық өтпеді-ай,
Шапса, бір қылыш кеспейді-ай,
Салса, найза кірмеді-ай [3;432].
Енді бірде Мамайдың атқан оғының қаншалықты мықты екенін көрсету үшін әсірлей былай дейді:
Тиген жері Мамайдың
Достарыңызбен бөлісу: |