3.2. Корпоративті бағалы қағаздар портфелін жетілдіруге ықпал ету шаралары
Инфляцияға қарсы саясат және қаржы секторын дамыту Ырықтандыру жағдайында баға тұрақтылығын, қаржы секторының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.
Міндеттері
1. Инфляцияның деңгейін берілген параметрлерде ұстап тұру.
2. Қазақстанның қаржы секторын нығайту, оның орнықтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпорындар мен халықтың қаржы секторының қызметтерімен қамтылуын кеңейту, оның жекелеген сегменттерін одан әрі дамыту.
3. Қазақстан Республикасының ТМД мен Орталық Азия өңірі шеңберінде қаржы ағындарын тиімді қайта бөлуді қамтамасыз ететін өңірдің негізгі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы.
Шешу жолдары
Инфляцияның деңгейін берілген параметрлерде ұстап тұру Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкінің бірлескен іс-қимылдарымен жүзеге асырылатын болады.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық Банк өзінің негізгі мақсатын орындауға бағытталған мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізетін болады. Атап айтқанда, бұл ақша-кредит саясатының құралдары мен операциялық негізін одан әрі жетілдіруді, банк жүйесінің шамадан тыс өтімділігі проблемасының өткірлігі сақталған жағдайда ақша-кредит саясатын қатайтуды болжайды.
Үкімет, өз кезегінде, Ұлттық Банк қызметінің негізгі мақсатын орындауға, оның ішінде мынадай бағыттар бойынша жәрдем көрсететін болады:
көбінесе өндірістің тиімділігін арттыру және еңбек өнімділігін өсіру есебінен экономиканың өсуін ынталандыру;
өлшемдері ақша-кредит саясатымен келісілетін біркелкі қатаң фискалдық саясат жүргізу;
шикізат ресурстарына жоғары баға кезеңінде Ұлттық қорда қаражатты жинақтау саясатын жүргізу;
орта мерзімді тарифтік жоспарлар шеңберінде табиғи монополиялар субъектілерінің тауарлары мен қызметтер көрсетуіне бағаны реттеу;
үстем (монополиялық) жағдайға ие субъектілердің тауарлары мен қызметтер көрсетуіне баға белгілеуді бақылау;
баға жөнінде сөз байласу фактілерін, теріс пиғылды бәсекелестікті анықтау және жолын кесу;
бәсекелі ортаны, бәсекелі ішкі нарықтарды дамыту үшін жағдай жасау;
биржалық сауданың қалыптасуы және оны дамыту;
сауда инфрақұрылымын дамыту;
ішкі тауар нарықтарының теңгерімділігін қамтамасыз ету.
Нақты макроэкономикалық бағдарлар, оның ішінде ақша-кредит саясатының бағдарлары, сондай-ақ тараптардың оларға қол жеткізу жөніндегі бірлескен іс-қимылдары Үкімет пен Ұлттық Банктің жыл сайынғы бірлескен мәлімдемелерінде айқындалатын болады.
Экономиканы ырықтандыру жағдайында қаржы жүйесінің орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007 – 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруды ескере отырып жүзеге асырылады, сондай-ақ мыналарға:
қаржы институттарының орнықтылығы мен тұрақтылығын, қаржы секторы қызметтерінің сапасын және оларға қол жетімділікті арттыруға;
қаржы қызметтері нарығында бәсекені арттыру мақсатында қаржы секторын реттеу стандарттарын жақсартуға, оны одан әрі ырықтандыруға;
Ұлттық Банк, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі және Үкімет арасында қаржылық тұрақтылық мәселелері бойынша меморандум жасасуға;
Қазақстанның банк жүйесі тарапынан экономиканың перспективалық секторларына нарықтық ақталған қолдау көрсету үшін жағдай жасауға және өңірлік экономикалық жобаларда, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде банктік қатысуды күшейтуге;
Қазақстанның жиынтық сыртқы борышының оңтайлы мөлшерін ұстап тұру қажеттілігін ескере отырып, cыртқы қарыз алуды шектеу жөнінде қолданылатын шаралардың тиімділігі туралы мәселені қарауға;
тиімді жұмыс істейтін қаржы нарығын құруға және халықты өздерінің жинақтарын бағалы қағаздарға белсенді түрде инвестициялауға тартуға;
электрондық банктік қызметтердің инфрақұрылымын кеңейтуге байланысты болады.
Халықтың инвестициялық сауаттылығын арттыру коммуникация құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын болады.
Қазақстан Республикасының ТМД мен Орталық Азия өңірі шеңберінде негізгі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы қаржы секторының жекелеген сегменттерінің көшбасылық өңірлік ұстанымдарға қол жеткізуі есебінен мыналар:
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту және оның тиімді жұмыс істеуі;
ТМД мен Орталық Азиядағы неғұрлым өтімді және қол жетімді нарық ретінде Қазақстанның бағалы қағаздар нарығын дамыту;
валюталардың негізгі түрлері бойынша Қазақстанда неғұрлым өтімді валюта нарығының қалыптасуы;
қазақстандық қаржы институттарының (банктердің, зейнетақы қорларының, сақтандыру компанияларының және басқа да қаржы институттарының) ТМД мен Орталық Азия өңірінің қаржы ресурстарына қажеттілігін, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың инвестициялары мен мүдделерін қолдауды, өңірлік нарықтарға жылжытуды қамтамасыз етуге қабілетті ірі өңірлік қаржы ұйымдары ретінде дамуы;
Қазақстанның қаржы секторының мынадай көрсеткіштер: тұрақтылық, орнықтылық, айқындылық, сондай-ақ қаржы өнімдерінің деңгейі, сапасы мен әртүрлілігі бойынша ТМД мен Орталық Азиядағы көшбасылық бойынша экономикалық жағынан дамыған елдердің стандарттарына қол жеткізуі арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Бұл ретте Қазақстанның алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жағдайында отандық қаржы институттарының орнықты ұстанымдар мен бәсекеге қабілеттілікті сақтауы маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Қолданылатын шаралар:
инфляцияны жылына 5 – 7 % деңгейінде ұстауға;
отандық қаржы секторының даму деңгейін, оның орнықтылығын, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бұл өз кезегінде Қазақстанның ТМД мен Орталық Азия өңірі шеңберінде негізгі қаржы орталығына айналуға мүмкіндік береді әрі тұтастай алғанда республика экономикасының дамуына оң әсер етеді;
халықтың инвестициялық сауаттылығы деңгейін арттыруға;
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының халықаралық қаржы нарығының жаңа сегменті ретінде қалыптасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |