Кенесары Қасымұлының біртұтас қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы саяси қызметі.
Кенесары ханның саяси құрылысына келсек. Кенесарының қазақ мемлекеттілігін нығайтуға арналып қолданған шаралары азаттық күрестің міндеттерімен тығыз байланысты.
Хронологиялық тұрғыдан алғанда бұл шаралар негізінен ХІХ ғасырдың 40-жылдарының бастапқы кезеңіне жатады.
Қазақтарды біріктіретін мемлекеттік бірыңғай орталықсыз қуатты Ресей патша өкіметіне және Орта Азия хандықтарына қарсы ойдағыдай күресуге болмайтынын Кенесары түсінген. Қазақтардың түбіне жететін олардың бытыраңқылығы, араларындағы ру араздығы және барымта деп ол талай рет ескерткен. Мысалы, шекара Шебі маңында көшіп-қонған Шөмекей және Төртқара руларының «өз бетімен ауа жайылған» қазақтары Жағалбайлы руының қазақтарымен жауласса, ал соңғысы Қыпшақ және Жаппас руларымен жанжалдасуда еді. Араздықтың басты себебі жайылым үшін талас.
Рулық араздықтың жақсылыққа апармайтынын халық мақалаларында да айтылған. Мысалы: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеуі түгел болса, төбедегі келеді», «Бас басынан би болсаң мана тауға сыймассың, бір данаға жол берсең, жанған отқа күймессің».
Кенесары құрған мемлекет феодалдық мемлекет болды. Себебі, қазақ қоғамының өндірістік қатынастарының феодалдық негізі Кенесарының қайта құрушылық қызметінен өзгере қойған жоқ еді. Керісінше, өндірістік қатынастардың феодалдық сипаты Кенесары тұсында күшейе түскен. Ол қазақ жерін өз хандығының меншігі деп қарап, бұл ойын бірнеше рет атап айтқан. Кенесары Герн арқылы үкіметтен өзінің «ата-бабасынан қалған жері» Ұлытауды қайтарып беруді талап етті. Өзінің бір хатында ол былай деп жазды: “Әкеміз Абылайдан мұраға қалған жерімізге қаптата бекініс салынды”/1.285/.
«Сіздер,-деді ол Горчаковқа жазған хатында,-атамыз Абылай ханға тиісті жерлерге округтік дуандар құрдыңыздар». Феодалдық көзқараспен ол қазақ халқын хан тұқымының меншігі деп санады. “Абылай Қазақ ордаларының ханы болды,-деп мәлімдеді ол,- сондықтан бұлар соның меншігі”. Ол “қазақ халқын орыс езгіден азат етемін» деп үәде берді, «себебі барлық қазақтар атам Абылай ханнан соң менің қарамағыма көшеді». Рулық қоныстарды бөлудің феодалдық тәртібіне сай ол көбінесе ең жақсы жайылымдарды өзіне алып отырды. Орыс жансыздарының мәліметтеріне қарағанда, оның жылқы табындары “шөбі шүйгін жайылымдарда жайылғандықтан” қоңлы көрінеді, ал оның қарамағындағы ауылдардың малы жақсы жайылымдардың тапшылығынан “арық-тұрық”сида .Алайда Кенесары феодалдық экономика шеңберінде оң нәтиже берген бірқатар реформалар жүргізді. Осы реформалар қазақ халқының күштерінің бірігуіне, Қазақ мемлекеттілігінің күшеюіне алып келді. Тек бір есте ұстайтын жәйт, осы реформалардың бәрі феодалдық мемлекетті күшейтуге арналған басқаша болуы мүмкін де емес еді.
Кенесары өзінің ішкі саясатынан туындайтын біршама шаралар іс жүзінде аса бастайды. Атап айтқанд: 1) Ел билеу тәртібіне өзгерістер енгізілді (кейбір мәселелерді шешуде қатаң тәртіп орын ала бастады); 2)Алым-салық реформасы біршама өзгерістермен іске асырыла бастайды; 3) Хан тарапынан егіншілік кәсіпті дамыта түсуге және көрші елдермен сауда қарым-қатынасын үдетүге ерекше назар аударылды; 4) Керуеншілерді тонау тоқтатылып, олардан керуен жолы үшін салық алу ісі енгізілді (Бұл арада айта кету керек: патшалықтың саясатынан туындаған біржақтылықпен Кенесары әрі қарақшы, әрі тонаушы ретінде көрсетіліп келгенідігін естен шығара алмаймыз).
Кенесары Қазақстан жеріне атасы Абылай ханнан қалған мұра ретінде қарады. Хандықтың территориясы көтерілістің барысына қарай үнемі өзгеріп отырды.қазақ халқының бір бөлігі патша үкіметін жақтап Кенесарыға қарсы шығып тұрды.
Кенесары хандығының әлеуметтік негізі көтеріліске шыққан қазақ шаруалары, билер мен батырлардың үлкен тобы болды. Оған қазақ феодалдарының да үлкен тобы қатысты. әсіресе батырлардың рөлі үлкен болды. Олар мемлекет құру ісіне де белсене араласты.
Мемлекет басшылығы Кенесары ханның қолына жинақталды. Оның жанында ең жақын серіктерінен: батырлар, билер және ханның туыстарынан кеңесші орган-хан Кеңесі жұмыс істеді; билікті ханның өзі ғана айтатын. Әбілхайыр тұсындағы оның еркін тежеп отырған Ақсақалдар Кеңесіне қарағанда, бұл біршама ерекше еді.
Кенесары хан Кеңесінің құрамына бытыраңқылықты қолдайтын текті феодал шонжарларды кіргізбеді. Кеңеске азаттық күрес барысында хан құрметі мен сеніміне бөленген адамдар ғана мүше болды. Мысалы, оның інісі Наурызбай батыр, Ағыбай, Иман батырлар, өзінің елшілік табыстарымен атағы шыққан би-Шоқпар Бақтыбайұлы, Сайдақ қожа Оспанұлы т.б. хан Кеңесінде елдің ішкі және сыртқы жағдайының аса маңызды мәселелері қаралды. Кеңес бар уақытта Кенесары пікірімен есептесіп отырды. «Жақтастарының бәрі де Кенесарыны ең батыл және ең ақылды хандардың бірі деп есептеді»/1.286/.
Кенесары мемлекетінде басқару ісін, сот, елшілік, дипломатия, қаржы, соғыс ісін және қарсыластарының мүлкін реквизициялауды ханның жеке өкілдері арқылы жүзеге асырылды.
Елшілік келіссөздерді өздерін осы істе танытып үлгерген Шоқпар Бақтыбайұлы, Есенгелді Саржанұлы, Сайдақ қожа Оспанұлы және татар Әлім Жағудин сияқты адамдар жүргізді.
Қаржы мекемесі алым-салық жинаумен және керуендерден баж салығын алумен айналысты. Бұл мекемені Кенесарының туысы Сейілхан басқарды. Өзінің бір хатында Кенесары былай деп жазды: «Рахымбайға, Әбілжаппарға, Қажыбай, Шақғазыға, молда Арғынбайға және Бұқар иелігіндегі барлық көпестерге ескертемін, зекет жинау үшін сұлтан Сейілханды, Шоқпар биді және молда Ғабдулсаттарды жіберіп отырмын, сіздер әр қостың оннан бір бөлігін беруге тиіссіздер».
Жоғарғы сот билігін Кенесары өз қолына шоғырландырды. Руаралық сот істерін шешу үшін ол билерді тағайындады. Сот ісін жүргізу тәртібін Кенесарының жеке рубасыларына берген нұсқауларынан байқауға болады. “Сіздерге белгілі болсын, сіздердің араларыңыздағы ұрыс-керіс пен жан-жалды қарау, адам өлім мәселелесін де шешу Сейілхан сұлтан мен Шоқпар биге тапсырылған. Олардың қолдарына осы істерді жүргізуге рұқсат берілген жарлық бар”/1.287/.
Руаралық жанжалдар мен барымтаға жол бермеу хандықтың маңызды міндеттерінің бірі болды.
Салық жүйесінде жеке феодалдар жинайтын алымдарға тыйым салынып, жалпы хандық салықтар енгізілді. Малдан зекет, астықтан үшір жиналды. Сонымен қатар әр ауылдан бөлек салық алынды. Салық негізінен соғыстың қажеттілігіне жұмсалды.
Жергілікті жердегі атқару билігінің ханның жасауылдары жүргізді. Жасауылдар әр руға бекітіліп салық жинау, көшу, халықтың пікірін зерттеу, көтеріліске үндеу сияқты түрлі жұмыстар атқарды.
Маңызды тапсырмаларды орындау үшін төлеңгіттер пайдаланылды. Төліңгіттер көтеріліс жүріп жатқан жерлерде көтерілісшілерге жағдай жасауды ұйымдастырып бақылап отырды.
Ханның ішінде темірдей тәртіп орнатылды. Салық төлемеушілер мен тәртіп бұзушылар қатаң жазаға тартылды.
Салық жүйесінде жеке феодалдар жинайтын алымдарға тыйым салынып, жалпы хандық салықтар енгізілді. Малдан зекет, астықтан үшір жиналды. Сонымен қатар әр ауылдан бөлек салық алынды. Салық негізінен соғыстың қажеттілігіне жұмсалды.
Архив деректері жергілікті жерлердегі билікті «Кенесары эмиссарлары» деп аталған жасауылдардың жүргізгенін айғақтайды. Кенесары жасауылдары әр руға бекітіліп қойылды. Олар алым-салық жинау барысын, жоғарғы өкімет шешімдерінің орындалуын бақылап,көшіп-қону аудандарын белгіледі және Кенесарыға қосылған рулардың көңіл күйін бақылады т. б. Олар, ауыл-ауылға Кенесары үндеулерін таратып, халықты көтеріліске шақырды.
Маңызды тапсырмаларды орындау үшін төлеңгіттер де пайдаланылды, оларға әдетте кең құқық берілетін. Өзінің жауабында төлеңгіт Алданазар Жантайұлы былай хабарлайды: „Кенесарының төлеңгіті болғандығымнан мен өзім қалаған үйге кедергісіз қонып, керек кезінде, көлікті де пайдалана алдым, өткен күзде барлық бағаналылықтардың Кенесарыға өз еріктерімен зекет төлеуі осының айғағы”/2.38/.
Кенесары иеленген аймақта оның айтқандары бұлжытпай орындалды. „Кенесары жақтастарының арасында қатаң тәртіп сақталған. Қорыққандықтан барлық бұйрықтар бұлжытпай орындалады, ал егер кімде-кім қашқақтаса немесе қателессе ондай адамның басына қылышпен бір немесе екі рет ұрып жазалап отырған”/4.56/.
Сөйтіп, Кенесары тұсында елді басқару-белгілі бір жүйеге келтіріліп, мемлекеттік аппарат жеке салаларға бөлінді, әр атқарушы белгілі бір мемлекеттік қызметке (сот, әскери, елшілік т. б.) ие болды.
Кенесарының мемлекеттік аппаратты реформалауы өкіметтің орталық-тануына белгілі бір дәрежеде игі әсер етті.
Сот-құқықтық реформаның мақсаты сот істерін қарауды жақсарту және барымта, өзара талас пен ру араздығын тоқтату еді.
Кенесары сот реформасын жасағанда, өзіне елеулі ықпал еткен ізашарларының ісін жалғастыра білді. Сондай ізашарлардың бірі тарихта әдеттегі құқық жинағы «Жеті жарғының» авторы ретінде белгілі, ірі сот реформаторы Тәуке хан (1680—1718 жылдар) еді. Тәуке заңдары өзі құрған мемлекетті нығайтуға бағытталган-ды. Әдеттегі құқық нормаларын дамушы феодалдық қатынастар талабына сай бейімдей отырып, ол ру араздығына қарсы аянбай күресті және жеке сұлтандар мен старшындардың дербестігін шектеді. Сонымен қатар қазақтардың әдеттегі құқығына жаңалықтар енгізе отырып, ол сот билігін толық өз қолына шоғырландырды. Алғаш Тәуке заңдары бойынша, сот құқығы мемлекеттік өкімет органдарына берілді. Орталықтандырылған мемлекетке қарсы болған ру билері мен сұлтандарының мүддесіне осылайша елеулі соққы берілді.
XIX ғасырдың бірінші жартысындағы тағы бір ірі тұлға, Кенесарының заң шығарушылық қызметіне елеулі ықпал жасаған Арынғазы сұлтан болды (1815—1821). Оның реформаторлық қызметі Тәуке ханға қарағанда басқаша сипатталатын. Соған қарамастан Арынғазының сот ісін құру қызметі хан билігін нығайтуға арналған еді. Оның біріктіруші саясаты феодалдық негізде құрылды. Арынғазы ру шонжарлары билердің сот құқығын шектеді. Рулар арасындағы дау-жанжал ол тағайындаған қазылар арқылы шешілетін болды Арынғазының заң шығарушылық қызметіндегі бір жаңалық — ол сот ісін қазақтардың әдеттегі құқығы бойынша емес, шариғат дәстүрі бойынша жүргізу. Бұл сөзсіз түрде оң қадам және қазақтардың құқықтық қатынастарының дамуындағы белгілі бір кезең болды. Арынғазының заң шығарушылық қызметі туралы Мейендорф былай деп жазды: „Өзіне халық ықыласын аудару үшін әділ сот жүргізуде, бірақ ол сот ісін аталар заңы бойынша емес, ешкім білмейтін бейтаныс Мұхаммед зандары бойынша жүргізді”.
Кенесарының қызметінде қазақтардың әдеттегі құқығын тура жоққа шығару байқалмаса да, оны бар уақытта қолдана қойған жоқ. Бұл жағынан оның Арынғазымен ұқсастығы көп еді.
Сот-қүқықтық реформаны Кенесары біртұтас қазақ мемлекетінің құрылуына барынша қарсы болған ру билерімен аяусыз күресе отырып жүргізді.
Өзінің заң шығарушылық қызметін Кенесары әдеттегі қүқықтарға өзгерістер енгізуден бастады, ол ру билерінің сотын таратып, сот ісін өзі тагайындаған билер мен жасауылдардың қолына берді. Мысалы, ол Төртқара руының құрметті билері етіп Байтен Бекмырзаев пен Қазанғап Өтебасовты бекітті. Шөмекей руында «би атағын Тағбан Мәмбетбаев алды»/14.152/. Қызметін жеке мүддесіне пайдаланған билерді Кенесары дереу орнынан алып, олардың орнына халық сеніміне ие болған адамдарды қойған және оларға „граф” атағын берген. Кенесары ордасында болып қайтқан хорунжий Құсияпғали Орманов Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы, генерал-майор Ладыженскийге: Кенесары шөмекейліктердің құрметті биі етіп, граф атағын қоса беріп, Өтетілеу Кетебаевты тағайындады деп жазған. Құсияпғали Орманов хатының соңында былай дейді: Кенесары жоғарыда есімдері аталған билерге „графтарға” деп хат жазған, ол ма Кенесарының әйелі де менің моллам арқылы хат жолдап әлгілерді «графтар» деген»/1.289/.
Рулар арасындағы аса маңызды сот істерін, сондай-ақ өзінің қол астынан тыс жерлердегі рулардың бұларға талап қойған шағымдарын Кенесары тікелей өзі қарады немесе сол жерлерге арнайы жасауыл жіберіп қараттырды.
Талап қойылған сот ісін қарауды негізінен үш топқа бөлуге болады: 1) Кенесарының, қарауындағы рулардың барымта және адам өліміне байланысты қаралатын сот істері; 2) Кенесарыға бағынышты емес рулардың арыздары қаралатын сот істері, олар бұған жиі арызданатын; 3) Кенесарыға қарасты қазақтар мен патша бодандары арасындағы дауды шешетін сот ісі.
Осы топтардың әрқайсысын жеке-жеке қарастырып көрейік.
Рулар арасындағы жанжалды қарағанда, Кенесары араздықты тоқтатуға және өзінің жақтастарының арасында бірлікті сақтауға тырысты. Ол өзінің қарамағындағы қазақтардың малын рұқсатсыз тартып алуға қатан тыйым салды және тартып алынған жағдайда малды бірден қайтарып беріп отырды. Өзінің ағасы Көшек сұлтаннан ол айдап әкеткен жылқыны бір құлынын да қалдырмай қайтаруды талап етті және оған „өзінің барымталауға, тонауға келмегенін, қазақ халқын орыс езгісінен құтқару үшін келгенін” айтты.
Кенесарыға қарасты қазақтар өздерінің жанжалдарын шешуді өтініп, оған жиі келетін болған. Мысалы, Арғын руының өкілдері Мыңбай, Талпақ, Байман Кенесарыға қыпшақтардың үстінен арыз айтып келеді, сонда ол өзінің жасауылдары Масақ пен Қажауға „сұраушыларды ертіп, бағаналы-қыпшақтарға баруды, арғындардың арызын сөзсіз қанағаттандыруды” бұйырады. Жасауылдар Арғын руының өкілдерімен қыпшақтар ауылына келіп, билермен бірге істі қарап, арғындардың арызын қанағаттандырады.
Осылайша, Кенесары өзіне қарасты рулардың арасындағы барымта мен жайылым үшін болатын жанжалдарды өршітпей екі жақты бітістіріп отыруға барынша тырысып баққан. Халық ауызында сақталған «Бұқарбай батыр әңгімесінде» Кенесарының осы саясатының айқын айғағын көреміз. „Бұл кезеңде,— деп еске алады Бұқарбай,— біз, Кенесары батырлары күні-түні ат үстінде жүріп, Қоқанмен күресіп, Созақ, Түркістан, Ақмешіт қамалдарын қоршауға алған болатынбыз. Сырдарияның оң жақ бөлігінде, Шу өзені бойындағы қыпшақ ауылдарында жүрген кезімізде, қыпшақ байының Құраш деген сұлу қызына көзіміз түсті. Мен, Ағыбай және Наурызбай үшеуміз де қызға ғашық болып қалдық. Қыздың әкесіне „Қызыңды кімге бересің?” де-генімізде, ол „қалыңмалсыз ешкімге де бермеймін” және де „сендер бүгін мұнда, ертең анда жүретін қаңғыбассыңдар” деді. Бұл сөзге шамданған біз „оның қызын тартып алып, малын айдап әкетейік” деп Кенесарыдан рұқсат сұрадық. Кенесары бізге қарап: „Бізге халық керек пе, қалыңдық керек пе? Алыстағы дұшпанды жеңбей тұрып, біздің қол астымыздағы халықтың бірлігін бұзуды ойлағандарың ба бұл. Егер сендерге қалыңдық керек болса, барыңдар да Созақ қамалын алыңдар, сөйтіп өзбектің қыздарына үйленіңдер, ал өзімізідің адамдарды тонауға рұқсат бермеймін”/6.168/ деді.
Кейде өздерінің даулы мәселелерін шешуді өтініп, Кенесарыға оның қол астынан сырт жерлердегі рулардың қазақтары да келетін болған, ал Кенесары олардың мәселесін қараудан ешуақытта бас тартпаған. Мысалы, төлеңгіт Есқара Қосқадамов былай деп көрсетеді: „Алшындар Кенесарыға келіп, ерте уақыттардан бері араздасып келген Бағаналы руымен татуластыруды өтінді. Кенесары бұған келісіп, өз атынан Қадыр биге, Жүзен биге және Басалқа сұлтанға хат жіберді”.
Оған алыстағы Адай және Шекті руларының өкілдері де жиі келіп отырған. Мысалы, Көтібар батыр балалары Дәрібай және Есетпен келіп, төртқаралықтармен „ертеден келе жатқан жер дауын” шешуді өтінеді. Кенесары „одан бері 20 жылдан астам уақыт өткен ескі дау”/1.291/ болуы себепті мұны құп көрмеді. Кенесары оларға төртқаралықтармен татуласуды ұсынған еді, бірақ бұлар келіспей, өкпелеп өз ауылына қайтып кетті.
Соңғы мәселе — ол Кенесары жақтастары мен империяға „адал берілген” билерге қарасты ауылдар арасындағы сот істері. Мұндай жанжалдарды көп жағдайда өздерінің бодауындағы қазақтарды Кенесары қарамағындағы ауылдардың малдарын барымталауға айдап салып, патша тыңшылары туғызатын. Бұл секілді жанжалдарды басу үшін Кенесары өз жақтастарының малын барымталаған руларға өзінің өкілін жіберіп отырды. Егер бұдан нәтиже шықпаса, Кенесары билеуші сұлтандарға сөз салып, осы дауды шешуді өтінетін. Ал егер бұл да табысты болмаса, Орынбор Шекара Комиссиясына немесе тікелей губернаторға мағлұмдама хат жолдап, билеуші сұлтандардың бұл істі шешуге пайдасы болмағанын түсіндіретін. Дәлеліміз нақты болу үшін, оның хатынан бірнеше үзінді келтірейік: „Назар руының қазақтары менің көп жылқымды айдап әкетті, сәл уақыт өткен соң мен біраз арғындарды ертіп, өзара дауды бітістіру үшін соларға бардым, бірақ олар бізбен төбелесіп, көп адамымызды өлтіріп, көбін тұтқындады”/1.292/.
Басқа бір хатында: „Тілеуқабақ және Қарабас руларының қазақтары бізді жыл сайын мазалауда. Біз оларға адамдарымызды жіберіп жылқымызды айдап кеткен істерін қарағымыз келіп еді, бірақ олар мүлде бет бақтырмай қойды. Бұл туралы билеуші сұлтандарға айтып едік, олар да біздің өтінішімізге көңіл аудармады” деп жазды.
Орынбор әскери губернаторы генерал Обручевке хатында Кенесары былай деп жазды: „Тілеуқабақ, Назар, Шүрек рулары өздерінің бұрынғы жауыздықтарын қайталап, бастапқыда Жағалбайлы руының бірнеше ауылдарын тонап, малдарын айдап кетті, сонан соң төртқаралықтардың жеті рет жылқысын айдап әкетті және үш рет ауылдарын тонады, ал шөмекейліктердің тоғыз рет малын ұрлады”/5.196/.
Өкінішке қарай, Кенесары сот ісін қарағаны үшін ханлық (хан үлесі) алған-алмағанын білу қиын болды. Екінші бір анықтай алмаған нәрсеміз-құн мен айып жүйесіне Кенесары қаншалықты өзгеріс енгізгені. Құн мәселесі жөнінде біз архивтерден бір ғана көңіл аударарлық құжат таптық. Феодал құлдарының ешқандай құкығы болмағаны белгілі, тіпті иесі оны өлтіргені үшін де жауап бермеген. Белгілі феодал Сейтен би Азнабаевтың есігінде Тілеген Кенетеев 20 жылдай құлдықта болды. Қашпақшы болған әрекеті үшін Азнабаев оның анасы мен қарындасын өз үйлерінде өртеп жіберді және Кенесарыдан өз құлын өлтіруге рұқсат сұрады. „Кенесары оны өлтіруге рұқсат етпеді, қайта оның ұзақ жыл еңбегі үшін 40 ұрғашы құнан немесе 20 құлынды бие беруді, әрі Сейтен отқа өртеген анасы мен қарындасының құнын төлеп, өзіне бостандық беруге бұйырды”/1.191/.
Келтірген үзінді құл Тілеген Кенетеевтің жауабынан алынды, оны бұл Кенесарының өз аузынан естіген, Бұл мәліметтерден біз Кенесарының құн төлеуді сақтап қана қоймай оны құлдарға да қатысты еткенін көреміз. Жалғыз осы фактіден бұл мәселе бойынша түйін түю қиын. Тек атап өтетін нәрсе, архивтердегі барлық деректерден білетініміз-Кенесарының өзінде және жалпы көтерілісшілер арасында құл дегенболмаған. Кенесарының құлды еркіңдікке босату туралы және оған басы бос қазақ құқығын (құн төлеу) беру туралы шешімі аса көңіл аударарлық. Кенесарының мұндай шешім қабылдауына патша өкіметінің Қазақстандағы құлдыққа қарсы саясаты әсер еткен болуы да мүмкін.
Қазақ руларының сотқа жүгінгендегі негізгі дауы барымта мен ру араздығына Кенесарының қалай қарағаны айтуға тұрарлық.
Кенесары жақтастарының кейбіреуінің жауабынан және патша жансыздарының көрсетіндісінен біз Кенесарының барымтаға жаны қас болғанын білеміз. Мысалы, Кенесары тобының қазағы Дәнетеров тергеуде былай деп жауап берген: „Кенесарымен бірге көшіп-қонамын, бірақ ол тонауға рұқсат етпеді, алайда біз, жолдасым екеуміз өзіміз кеттік”.
Кенесарыға барып қайтқан Қанжығалы болысының биі Ноғыр Таймасов өзінің жауабында былай деп хабарлайды: „Оның рұқсатынсыз жылқы айдап әкетіліпті, бірақ ол мұндай істі қолдамады және кінәлілерден айып алды, ал жоқ іздеп келген адамға 40 жылқысын қайтарды”. Мынадай тағы бір оқиға болған. Кенесарының жасауылы Дүйсенбай бес жолдасымен Арғын руына барып, бізді Кенесары жіберді дейді де „таңдаулы аттармен, соның ішінде биелермен зекет төлесін” деген Кенесарының ауызша бұйрығын жеткізеді. Кенесарыдан келгені рас па, өтірік пе, соны тексергенде Кенесарының ондай бұйрық бермегені анықталған. Осы жағдайды естіген Кенесары Сейілханды Арғын руына жіберіп „Дүйсенбайдың талабы орынсыз екендігін, сол үшін Дуйсенбай мен оның жолдастары бастарына қылышпен ұрып жазаланатынын” жеткізуді тапсырды.
Кенесарының барымтаға деген көзқарасын оның Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасына жазған хатынан да байқауға болады. Онда ол Шүрен, Тілеуқабақ және Назар руларының малын барымталады деп көрсеткен сұлтандар хатының өтірік екендігін дәлелдеді. Кенесары былай деп жазды: „Қазір біз Назар, Шүрен, Тілеуқабақ руларымен аразбыз, сондықтан олар бастықтарға біздің үстімізден арыз жазып, қаралағысы келеді. Олардың бұл қылығын естіп мен қатты қиналдым. Жоғары мәртебелі тақсыр, егер мүмкін болса, бізге бір сенімді адам жіберсеңіз, ол аталған рулардың басты билерін және бізді жинап, ісімізді қараса, егер біз олардың жалғыз тайын болса да ұрлап, кінәлі болсақ, онда бізді жер бастырып жүргізбей-ақ қойыңыз”/6.36/.
Кенесары қызметін бақылаған үкімет орындары да оның барымтаны тоқтату туралы шешіміне көңіл аударды. „Кенесары өз жағындағы қырғыздарға барымтаны, ұрлықты тоқтатуға және тыныш өмір сүруге бұйрық берді, сонан кейін оның көшіп-қонған жерінде тыныштық орнады”/1.193/.
Барымтаға байланысты пайда болатын руаралық жанжалды Кенесары қалай да шешуге тырысты, мысалы, ол Шөмекей және Төртқара руларының арасында барымтаның тыйылуына қол жеткізді. Осы жағдайға байланысты әскери старшын Лебедев былай деп жазды: „Кенесары аталған рулармен достасып алды және оларға барымтаны доғару жөнінде жақсы кеңес беруде”.
Осының бәрі Кенесарының барымтаға теріс қарағанын көрсетеді. Алайда бұл Кенесары жақтастарының кейде өз еркімен мал барымталап отырғанын жоққа шығармайды. Бұл арада көтеріліске қатысудан бас тартқан және материалдық көмек көрсеткісі келмеген ірі феодалдардың малмүлкін тартып алуды барымтамен шатастырмау керек.
Кенесарыға барымталанған малды қайтаруды өтініп, оған қарсы билер де келіп тұрған. Мысалы, 1842 жылы Арғын руының рубасшысы белгілі Шеген Мусиннің малын Сібір мекемесіне бағынышты Бағаналы руының қазақтары айдап әкетеді, ал кейін сол мал Кенесары жақтастарының қолына түседі. Мұны естіп-білген Шеген Мусин қолға түскен малды қайтаруды өтініп, Кенесарыға өз баласы Қазыбекті жібереді. Кенесарының бұйрығы бойынша, „Қазыбекке олардан айдалып әкетілген жылқылардың бәрі дерлік қайтарылды”.
Кенесары жауласушы руларды татуластыруға ерекше мән берді. Ол ру араздығы мен өзара жауласуды тоқтатпайынша, мемлекет бірлігін қамтамасыз етуге болмайтынын түсінген. Кенесары хан сайланған күні-ақ барымтаны тоқтатуды және жауласушы рулардың татуласуын бірінші кезекте талап етті. „Кенесары оларды өзара татуластыруға тырысуда. оның ауылына жиылған арғындар өзара татуласуға және Кенесарыны хан сайлауға келісті”.
Өзінің жансыздарының хабарларына әрқашан күдіктене қарайтын билеуші сұлтан Ахмет Жантөрин Лебедевке былай деп жазды: „Кенесары бейбіт көшіп-қонған казақ тайпалары Шөмекей, Төртқара және Шекті руларымен достасып алған, оның ақылына құлақ асқан аталмыш рулар барымтаны қойғаны өз алдына, сонымен бірге бұрын өздері айдап әкеткен малдарды иелеріне қайтарып берген”.
Кенесары қызметінің осы жағына үкімет ерекше маңыз берді. Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы Генстің хаты осыны көрсетеді: „Жаман жағы, оның татуластырушы, жарлық беруші рөлін орындауға кірісуі, яғни ол, орда басшысына айналған, ал осылайша табысты қимылдаған сайын жақтастары көбейіп, Ордада ықпалы күшейеді де, бізге соншама қауіпті бола түседі”/1.193/.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Кенесарының қызметі рулық араздықты жоюға және қазақтардың әдеттегі құқығына елеулі өзгерістер енгізу нәтижесінде оны жалпы мемлекеттік құқық дәрежесіне көтеруге көмектесті деуге болады. Ал жауласушы руларды бітімге келтіру, феодалдық алауыздықтың тыйылуына жеткізді.
Салық саясатындағы негізгі өзгеріс-жекелеген феодалдар жинайтын алымды хан қазынасына түсетін бірыңғай салықпен ауыстыруға Кенесарының талаптануы деу керек. Бұл феодалдық алымды, мемлекеттік салықпен ауыстыру қадамы болды. Кенесары билігін мойындаған қазақтар Хиуа не Бұқара хандарына салық төлеуден және орыс өкіметіне түтін салығын төлеуден, әлбетте, құтылған еді /9,87/. Бұл қазақтардың алым-салықтан біршама жеңілдеуіне әсер етті. Алайда соғыс уақытының талабы Кенесарыны хан қазынасына түсетін әр түрлі салықтарды қатаң талап етуге итермеледі, ал бұл оның қол астындағы қазақтарға ауыр соқты.
Кенесары мал шаруашылығымен айналысатын аудандардан „зекет”, ал егіншілерден „ұшыр” салығын сақтап қалды. Сонымен қатар ол ауыл бойынша ерекше салық және әр түрлі дәстүрлі сый-сияпат ретіндегі сыйлықтар алып отырды.
Зекет салығын жинаған кезде Кенесары белгілі бір өлшемді сақтап отырды: 40 басқа дейінгі малдан салық мүлдем алынбады, 40 бастан 100 басқа дейінгі малдан 1 бас, онан әрі әрбір 40 бастан 1 бас алынып отырды. Көптеген Кенесары жақтастарының жауабы және патша жансыздарының көрсетіндісі осы өлшемді растайды. Өзіне қарасты рулардан Кенесары зекетті киім, қару-жарақ, ер-тұрман түрінде жинады. Жиналған зекет негізінен әскер қажетін өтеуге жұмсалды./28.150/.
Ауыл басынан алынатын ерекше алым туралы кептеген куәгерлер әңгімелейді. Мысалы, арғын Даңғар Надырбеков тергеу кезінде Кенесары жасауылы Сейілханның басқаруымен салық жинауға бөлінген 20 шақты адамның құрамында болғандығын, „Қыпшақ руының 2 ауылынан бір-бір жылқыдан салық алғанына қатысқанын” айтқан /1.195/.
Жаппас руының қазағы Иманқұл Сарыбаев Орынбор Шекара Комиссиясына берген көрсетуінде, өзінің Арғын руында болған кезінде, Кенесарының 130 төлеңгіті „әр ауылдан бір жылқы, бір шапаннан зекет жинауға келгенін” хабарлайды.
„Зекет” термині бұл жерде дұрыс қолданылмаған сияқты. Өйткені, зекет ешқашан ауыл басына шағылып алынбаған. Алайда, Кенесары қоқаңдықтар мен хиуалықтар сияқты жан басы және үй басы салығын енгізген жоқ.
Архивтік құжаттардан зекетпен қатар қазақ рулары өз еріктерімен зекет көлемінен де асып түсетін жылу жинап отырғанын байқаймыз. Мұндай „ерікті жәрдем” шын мәнінде қосымша салық болды және осындай „жәрдемдер” жиі жиналып отырған. Мысалы, „Кіші орда қазақтары Кенесарыға көп мөлшерде ұн әкеліп отырады”.
Урядник Лобановтың хабарына қарағанда, „хиуалық және орынборлық алшындар Кенесарымен байланыс жасап, оны хан санаған, оған астық және мал беріп отырған”.
Екінші бір құжатта Бағаналы руының қазақтары Кенесарыға „ең жақсы 30 семіз бие” сыйға тартқаны хабарланады .
Кенесары өзінің бір хатында: „бізден азық-түлік ал, деп тінәлі-қарпықтардың өздері маған ұсыныс жасады” дейді.
Зекетпен қатар „ұшыр”салығы да жиналды. „Ұшырды” тек егіншілікпен айналысатын рулар ғана төледі. Олар салық жинаушыларға қырмандағы астықтың 1/10 бөлігін беріп отырды. Бұл уақытта Кенесары жақтастарының біршама бөлігі Сырдария, Сарысу, Іле өзендері жағалауларында, Ырғыз бен Торғай өзендерінің тармақтары бойында егіншілікпен айналысқан. Барлық жиналған салық әдетте жалпы мемлекеттік қазынаға түсті және көтерілісшілер мұқтажы мен әскерді ұстауға жұмсалды.
Жалпы алғанда, Кенесары салықтарының ауыртпалығы арта түсті, бірақ Кенесарының салық саясаты өзі құрған мемлекеттің нығаюына көмектесті. Бұрын әрбір ру феодалы салық жинай алатын, мұның өзі мемлекеттік биліктің әлсіздігінің басты себептерінің бірі болған еді. Ал, енді салықты тек жоғарғы „өкімет қана жинай алды және ол өкіметтің материалдық жағдайын нығайтып қана қоймай қазақ мемлекетінің беріктігін күшейтті.
Кенесарының шаруашылық саласындағы шаралары ерекше көңіл қоюға тұрарлық Ол қазақтар арасына егіншілікті таратуға тырысты. Отырықшылық пен егіншілікке көшу идеясы шындығьшда Абылай ханнан қалған еді. 1764 жылдың өзінде Абылай өзінін қол астындағы қазақтардың егіншілікке үйрету үшін Екатерина ІІ-ден 10 шаруа отбасын жіберуін өтінген болатын . Атасының ісін немересі Кенесарынынң жалғастырғысы келген. Әскери қимылдардың басталуына байланысты Кенесарының қол астындағы қазақтар енді бұрынғыдай шекара маңындағы орыс тұрғындардан немесе Қоқан мен Хиуадан астық сатып ала алмайтын. Кенесары үшін тұықтан шығудың бір ғана жолы — қазақтардың егіншілігін кеңейту болды.
Кенесарының шаруашылық саласындағы шаралары ерекше көңіл қоюға тұрарлық. Ол қазақтар арасында егіншілікті таратуға тырысты. Отырықшылық пен егіншілікке көшу идеясы шындығында Абылай ханнан қалған еді. 1767 жылдың өзінде Абылай өзінің қол астындағы қазақтардың егіншілікке үйрету үшін Екатерина ІІ-ден он шаруа отбасын жіберуін сұраған болатын. Атасының ісін немересі Кенесарының жалғастырғысы келген. Әскери қимылдардың басталып кетуіне байланысты Кенесарының қол астындағы қазақтар енді бұрынғыдай шекара маңындағы орыс тұрғындардан немесе Қоқан мен Хиуадан астық сатып ала алмайтын. Кенесары үшін тұйықтан шығудың бір ғана жолы-қазақтардың егіншілігін кеңейту керек болды.
Қазақтарды егіншілікке және отырықшылыққа көшіруге ұмтылып отырғанын Кенесары өкімет орындарымен хат жазысқанда жиі айтқан. Орынбор әскери генерал-губернаторы Обручевке жазған бір хатында ол былай дейді: „Қайырымды генерал маған патшаның шапағатын алуға көмектессе, онда мен тыныш өмір сүріп, өз қазақтарымды егіншілікпен, аң аулаумен және басқа да бейбіт істермен айналысуға мәжбүр етер едім”./1.306/.
Алайда, В.А.Перовский бастаған Орынбор өкімет орны қазақтардың отырықшылыққа және егіншілікке көшуіне қарсы болды. Перовский және басқалар айырбас сауда үшін қазақтардың мал шаруашылығымен айналыса бергені дұрыс деп есептеді. Сондықтан да шекара шебіне жақын жердегі отырықшы қоныстар граф Сухтеленнің, ал кейіннен генерал – Перовскийдің бұйрығымен жойылып отырды.
Бұл саясат шекара комиссиясы чиновниктерінің бірінің әскери губернатор Сухтеленнің атына жолдаған хабарлауынан айқын көрінеді: „Мен қырғыздардың мәңгілік бақташы, көшпенді болғанын, еш уақытта астық сеппегенін және ғылымды білмегенін былай тұрсын, тіпті, қолөнерді де білмегенін шын көңілмен қалаймын.
Перовский қазақтардың жерге ынтасына қарсы шара ретінде Орынбор тұрғындары мен казак әскерлеріне сендер егіншілікпен айналысыңдар, қазақтарға лайықты бағасына астықты сататын боласыңдар деп ұсыныс жасады. Осылай болса, деп ойлады Перовский, қазақтарға егіншілікпен айналысудың қажеттілігі де болмай қалады, „сөйтіп, қазақтар айырбас саудаға зиянын тигізетін іспен айналысуын тоқтатады”.
Орынбор билеушілерінің осы саясаты туралы белгілі публицист Артемьев мынадай дұрыс ескертпе жасаған болатын: „Халықты осындай кәсіппен (егіншілікпен) айналысудан аластату әділетті бола қоймас, бір жағы, егіншілік оларды кедейшіліктен құтқарса, екінші жағы- отырықшылыққа, жалпы адамзаттың жаңа қадамы болатын бейбіт тұрмысқа үйрететін еді” .
Кейіннен Орынбор губернаторы Катенин де дәл осыны айтып, былай деп жазды: „ Менің алдымдағы генерал-адъютант граф
Перовский ордалықтар арасында байқалған егіншілікке деген ынталарының артуын және жеркепе салуға бет бұра бастағанын ұнатпай, қолынан келгенінше қарсы шаралар қолданып баққан. Оның басты себебі, қырғыздардың Ресейге бағыныштылығын арттыру ойы еді. Оларды астық қажет болғанда бізге жалынуға мәжбүр ету және өз күштерімен өндірулеріне тыйым салу”
Орынбор өкімет билігінің қарсылығына қарамастан, Кенесары өз ойын табандылықпен жүзеге есыра бастады. Егіншілікпен айналысқан руларға барынша көмектесті. Ал, бұл іспен айналыспаған руларды егіншілікпен шұғылдануға үгіттеді.
Ұлт-азаттық қозғалыстың орталығы Ырғыз бен Торғай аймағында қазақтардың едәуір бөлігі суармалы егіншілікпен айналысты. Мысалы, Ырғыз бен Торғай ауданында мыңға жуық отбасы егіншілікпен айналысқан. Егіншілікті басқа рулар да кәсіп етті. Мысалы, Қаракөл мен Қызылкөл арасын мекендеген Шөмекей руын, Ор маңын, Ащыбұлақ және Тасбұтақ елін мекендеген Жағалбайлы руларын атауға болады.
Қазақтар суармалы егіншілікті жақсы білді. Арық жүйесін шеберлікпен жүргізіп, егістікті суғаруға тиімді ыңғайластырды. Мысалы, Жыланшық пен Торғай өзендері арасындағы егінші қазақтар ұсақ көлдерді арық жүйелері арқылы қосып, егіншілікті суғаруға пайдаланды.
Кенесарының егіншілік пен отырықшылыққа көшу туралы ойы, әскерлер жан-жағынан қысып, өз ордасын Ұлы жүзге көшіруге мәжбүр еткенде де есінен кетпеді. Осы жерде де ол өзінің жақтастарын дереу егіншілікпен айналысуға үгіттеді. Осыған байланысты Орынбор Шекара Комиссиясының есептерінде былай деп жазылған: „Ресей төңірегіне оралуға мүмкіндігі болмағандытан, ол өзінің жақтастарына Іле мен оның тарауларының жағалауларында егіншілікпен айналысуға ақыл берді”.
Кенесары жақтастарының егіншілікпен айналысқанын Кенесары ордасында болып қайтқан Дәулеткелді Бесбаев та (Назар тармағынан) әңгімелейді. Қиын жағдайда болғандықтан, (Кенесары) өзінің жақтастарына тамақ табудың жалғыз жолы әрі лайықты шара ретінде егіншілікпен айналысуды ұсынды”.
Сонымен, Кенесарының егіншілерді қолдау саясаты қазақтардағы егіншіліктің онан әрі дамуына әсер етті. ХІХ ғасырдың 50-60-жылдары-ақ егіншілікпен қазақ руларының едәуір бөлігі айналысты.
Кенесары көтеріліске қатысушылардың материалдық жағдайын жақсартудың жалғыз жолы егіншілік деп түсінген деу керек. Бұл Кенесарының серігінің бірі Марал Құрмановтың сөзімен расталды, ол өзі „сендерді егіншілікпен байытамын” деп қазақтарға уәде беріпті.
Кенесарының саудаға қатынасы да әңгімелеуге тұрарлық. Бастапқыда ол орыс саудасын патша өкіметінің отарлық саясатын жүзеге асырудың бір жолы ретінде санап, оған қарсы болды. Сондықтан да ол Петропавл, Орынбор және Троицкіден қазақ даласы арқылы Орта Азияға бет алған сауда керуендеріне шабуыл жасап, сауданы тыйып тастауға тырысты. Батыс Сібір генерал-губернаторлығының мәліметі бойынша, тек 1837-1838 жылдары Кенесары сауда керуендеріне шабуыл жасауының нәтижесінде 277550 сомға зиянын тигізді./20.136/. Жәбірленгендердің ішінде Қазан, Вятка, Рязань және Петропавл көпестері болды. Алайда, шығынның жалпы сомасы едәуір көп еді. Себебі, Кенесары керуендерге шабуыл жасап қана қойған жоқ, сонымен бірге өз иелігіндегі аймақтарда көпестердің барлық тауарларын тартып алып отырды.
Кенесары Ресей Орта Азиямен саудасын тоқтатса, онда өкімет қазақ жеріндегі бекіністерін жойып, әскерлерін алып кетеді деп ойлап қателескен. Кенесары ордасында болған көпес Мухсимов пен Ибрасов жауаптары осыны растайды.
„Кенесарының ойы біздің көпестердің Ташкентпен және соған жақын жерлермен, қырғыз даласымен сауда қатынастарын тоқтату болды. Ол сонымен Ресей өкіметінің шетелмен сауда жасаудан түсетін пайдасын болдырмай тастағысы келді. Ал, пайда түспейтін болса, онда Ресей өкіметі қырда құрған сыртқы округтері мен Ақтау қамалынан бас тартады деп ойлады”. Алайда, өз ордасын Ырғыз бен Торғай (Кіші жүз) маңына көшіргеннен кейін көп кешікпей Кенесары өз ойының қателігін түсінді және бәленің бәрі саудада емес, патша өкіметінің әскери-отарлау саясатында екендігіне көзі жетті. Сонымен қатар, ол шекара Шебі аймағын мекендеген қазақтардың жергілікті орыс тұрғындарымен қызу сауда жасайтынын да жақсы білген еді. Тілеу мен Қабақ ру тармақтарының билері Кенесары ауылына келгендерінде оған орыстарды жек көрген әрекетін қоюға ақыл берді. Себебі, „олардан нан және басқа сатып алып, пайда ғана көріп отырғандарын” айтты. Кенесары жақтастарының бір бөлігі де керуен басы және кіреші болып қызмет етіп жүрген. Олар Жағалбайлы, Шөмекей руларының, Төртқара руының бір бөлігінің, Байұлы руының Жаппас тармағының, Қыпшақ руының Қарабалық және Торайғыр тармақтарының қазақтары болатын.
Саудадан пайда түсетінін түсінген Кенесары енді керуендерге шабуыл жасаудың орнына оларға баж салығын сала бастады. Мұндай салық салғанда ол жекелеген керуенбасылардың көтерілісшілерге көзқарасы қандай екенін және олардың кімнің боданы болып табылатыны ескерді. Саудадан баж салығын өндіру тәртібі туралы билеуші сұлтан Ахмет Жантөрин мынаны хабарлаған: „Жаппас руының кіреші қазақтарына әр қостан — 1 жылқы және 8 зат, ал бұқаралықтардың әр қосынан — 9 зат алса, сол керуендегі Арғын руының кірешілерінен ештеңе де алмады”.
Бұл жерде бірден көзге түсетін нәрсе жаппас руының керуен басыларынан және татар кірешілерінен баж салығы көп алынатыны, бұқаралықтардан одан әлде қайда аз алынатыны, ал Арғындарға ешқандай баж салығы салынбайтындығы. Мұны олардың көтерілісшілермен әр түрлі қарым-қатынаста болумен түсіндіру керек. Жаппас руының рубасылары зауряд-хорунжий Жаңғабыл Төлегенов, Алтыбай Көбеков көтерілістің бас кезінен-ақ көтерілісшілерге дұшпандықпен қараған болатын. Татар керуенбасылары да сөйтті. Сондықтан Жаппас руының керуен басы және татар кірешілері көп мөлшерде салық төледі. Ал бұқаралықтар мен Арғындар басқаша жағдайға қойылды, себебі олар Кенесарымен достық қатынаста болды. Кенесары жақтастары Бұқар базарларында, тіпті қызу сауда жасады, олар мұнда мал айдап әкеліп, өздерінің шаруашылықтарына қажет тауарлар сатып алатын.
Орыс сауда керуендеріне де баж салығы өнебойы көп салына бермеген. Мысалы, 1841 жылы Орынбор өкіметімен жасалған уақытша бітім кезінде Кенесары олардың қазақ даласымен саудасын кеңейтуге жағдай жасап отырды.
Кенесарының орыс саудасына көзқарасының өзгеруін, оның 1845 жылғы соңғы келіссөздерге дейін өкімен билігін қолына ұстаушылармен достық шарт жасасуға үміттенгенімен түсінуге болады. Сонда,-дейтін ол,-қазақтар Ресеймен тығыз экономикалық байланыс орната алады. Бұған оның Орынбор губернаторына мынадай өтінішпен хатжазуы дәлел: „Барлық сұлтандарды, дистанция бастықтарын және старшындарды, Орынбор Шебі бойындағы бөліктердің басқарушыларын орнынан алып, барлық ордаларды бүтіндей менің қарамағыма беріңіз, сонда менің патшаға адал қызмет ететін боламын да, тынышттық бұзыла қалса, барлы жауапкершілікті өз мойныма аламын. Сонымен қатар, Орынбор өлкесіне дейінгі кеңістікте жол қатынасын жетілдіру, яғни, қауіпсіз өнеркәсіп жасау қолдан келер іс болар еді”
Осыған байланыст Небольсиннің 1841 жылы 13 қыркүйекте Троицкіден шыққан орыс сауда керуені туралы хабарын келтіре кеткен жөн. Бұл керуен Ақмешіт арқылы Бұқарға баруы керек еді. Алайда Бұқар мен Қоқан арасындағы соғыстың басталуы керуеннің онан әрі жылжуын тоқтатты. Сонымен бірге Кенесары жасағымен Ақмешітті қоршап жатқан бұқарлықтарға көмекке аттаныпты деген сыбыс та тарайды. Сондықтан тоналудан қорыққан керуенбасы Ақмешіттің жағдайын білу үшін және „еркін өтуге Кенесарыдан рұсат сұрауға” шапқыншы жіберді, „сол үшін оған 350 бұқар тілләсін беруге” ұсыныс жасады.
Керуен Кенесарыдан рұқсат күтіп, бір айдан аса уақыт бір орында тұрды. Небольсин бұлай деп хабарлайды: „Кенесары өзіне ұсынылған сыйлықтарды жақсы қабылдап, әкелгендерге жылы шыраймен қарады және керуенді онан әрі мазалаудан қорғау үшін өзіне байланысты шараның бәрін қолданды, Өзі де Ақмешіт маңында болған Кенесары саудагердің жолына ешкім бөгет жасамауы, оларға мұнда ешкім тимейтін болуы жөнінде әрекет жасады”.
Алайда керуенге Бұқарға аман-есен жету жазбаған екен. Жолда, Қызылқұм маңында, оған „қатыгез қырғыздар” шабуыл жасап, 500-ге жуық түйелерін айдап әкетті.
Кенесарының Орта Азиялық және орыс саудасына көзқарасына сипаттама беру үшін саудагер Рахим Адамов пен Уәли Халитовтың жауаптарының үлкен маңызы бар:
„Мен Кенесары сұлтанның өзіне барған соң, ол менен бізге қажетті заттарың бар ма деп сұрады және ол өз ордасынан үш күндік жердегі ауылдарына айырбас жасау үшін бақылаумен жібермекші болған екен. Бірақ, менде қажетті заттардың жоқтығына көзі жеткен соң Орскіге дейін еркін өтуге өз мөрі басылған қағаз берді. Сонымен бірге, ол керуенбасы Мырзабай Азимжановқа өзінен қорықпауын және оның Бұқарға аттанса, өзінің қазақтарына оған қорған болуына бұйрық беретінін айтып баруды тапсырды. Ол біздің саудагерлерді айырбас жасау үшін өз ауылдарына шақырды және бізді қорғауға уәде берді”.
1845 жылы Герн мен Долговтың елшілігі сәтсіздікке ұшыраған соң, патшалы Ресеймен достық шарт жасауға болмайтынына көзі жеткен Кенесары Бұқар және Хиуамен қызу сауда жүргізуге шешім қабылдады. Зекеттен жиналған малды Кенесары Бұқар базарларына айдады және онан түскен ақшаға қару-жарақ пен оқ-дәрі сатып алды. Мысалы, Төртқара және Шөмекей руларынан жиналған 2400 қойды ол Хиуа базарына апарып сатты, одан түскен ақшаға екі зеңбірек, сатып алып, орыстарға тойтарыс бермек болды”/1.309/.
Екінші бір құжатта мынадай мәлімет бар: „Кенесарыдан Хиуаға әкелінген қойлар базар бағасы бойынша сатылды, ақшасына мылтық сатып алынды”.
Кенесары өз аймағындағы сауданы қолдап отырды. Өзіне қосылған руларда сауда жасаған көпестерді өз қасына ұстады. Өкімет тапсырмасы бойынша Кенесары ордасында болған сұлтан Саналы Мырзағалиев былай деп әңгімелейді: „Кенесары ауылдарында Орскіден шыққан татар көпестері Хусаин және Мұса Бұрнаевтардың сауда жасап жүргенін көрдім, мен Орынборға Кенесары қағаздарын алып қайтқанымда, олар әлі де сонда қалған болатын” .
Кенесары өз ауылдарында сауда жасаған көпестерге баж салығын салмады және олардың мүддесін қорғап отырды. Генерал Генске жазылған бір хабарламада былай деп айтылған: „Бүлікшілердің ауылдарында болған саудагерлер көп пайда табуда, себебі бұлардың ауылдарында сауда жасағандықтан және өздері келетін болғандықтан оларға тимеуге бұйрық берілген”.
Кенесары өзіне қосылған рулардан біраз нәрселерді өзі де сатып алып отырған. Сібір қазақтарының шекара бастығы хабарында: „Кенесары өзінің жақтастарымен Албан және Дулат рулары қырғыздарының арасында жүріп, қырғыздардан қымбат бағамен сәйгүліктер сатып алды, сонымен қатар біраз азық-түлік қорын жасады” делінген.
Кенесарының қолдауының нәтижесінде қазақтардың орыс тұрғындармен сауда байланысы кеңейе түсті және шаруашылықтың натуралды негізінің ыдырауының алғышарттары қалыптаса бастады. Одан кейінгі жылдары қазақ даласындағы сауда одан әрі кең қанат жайды, бірақ ол негізінен өзінің айырбас сипатын өзгерте қойған жоқ.
Егер біз Кенесары құрған мемлекеттің өзіндік өзгешелігіне қысқаша тоқталмасақ, онда оның хандығының ішкі саяси құрылысының сипаттамасы толық болмас еді. Азиядағы мемлекеттер ертеден–ақ өздерінің тұрақсыздығымен белгілі, олар тез ыдырап отырды. Маркстің өзі „азиаттық қоғамдардың экономикалық құрылымының беріктігі және қозғалмайтындығы” мен „азиаттық мемлекеттердің ұдайы ыдырап және қайта құрылуының, олардағы әулеттердің жиі ауысуының арасында айырмашылық бар” екенін атап өткен болатын. „Осы қоғамның негізгі экономикалық элементтерінің құрылымына саясаттың сан құбылмалы дауылдары әсер етпейтін еді”/1.313/.
XVI-XVIІІ ғасырлардағы қазақ мемлекеті өзінің берік еместігімен және бірнеше рет ыдырауымен осы тұжырымға нақты мысал бола алады. Қазақ мемлекеті көшпелі мемлекеттер типіне жатты. Ал оның берік болмауы оның өндірісінің патриархалдық-феодалдық сипатымен және экстенсивті мал жайылымдық шаруашылыққа байланысты болды. Көшпелі шаруашылық мемлекеттік орталық құруға кедергі болды және патриархалдық-рулық тұрмыстың сақталуына жағдай жасады. Мұның бәрі, түптеп келгенде, өндіргіш күштер дамуының төменгі сатыда тұруымен байланысты еді. Шаруашылықтың экстенсивті мал жайылымдық көшпелі болуынан оның саралануының нашарлығы келіп шықса, ал мұның өзі Қазақстанның жалпы экономикасының мешеулігіне байланысты болды. Осының бәрінен келіп саяси қондырманың берік болмауы және вассалдық қатынастардың нашарлығы пайда болды.
Әр феодал өзі салық жияды және өзін жоғарғы өкіметтен тәуелсізбін деп санады. Бұл мемлекеттік бірлестіктің бағынышты бөліктері арасындағы байланыстың әлсіздігін туғызды. Кенесары дәл осындай тәртіпті жоюға күш салған. Салықты тек жоғарғы өкімет жинай алатын болды, сөйтіп ол күшейіп, ал жеке феодалдардың билігі кеми бастады. Жартылай тәуелді қазақ руларын мемлекеттік бастауға бағындыру (жасауылдар арқылы басқару) және біртұтас басқару жүйесін құруда осы мақсатты көздеді. Мысалы, Ақсақалдар Кеңесін жойып, оның орнына Хан Кеңесін құру-Кенесарының билікті орталықтандыруға ұмтылғанын көрсетеді. Оның қазақтарды отырықшылыққа, егіншілікке талаптануы, Қазақстанда қалалық орталықтарды салуды армандауы осының бәрі алғышартын жасайтын еді.
Кенесары өзінің реформаларымен қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеген патриархалдық-рулық институттардың ескі формасын жойып, шаруашылықтың егіншілік, сауда сияқты неғұрлым алдыңғы қатарлы формаларын құруға алғышарт жасады. Кенесары Тәуке ханнан кейін феодалдық негізде қоғамдық құрылыстың анағұрлым оң формаларына негіз қалаған аса ірі мемлекеттік қайраткер болды.
Алайда, Кенесары өзінің реформаларымен күрт бетбұрыс жасады деп айтуға болмайды. Тарихи жағдайларға байланысты ол ғасырлар бойғы патриархалдық-рулық қатынастардың сарқыншақтарын, ру араздығын, халықтың әр жерге бытыраңқылығын жоя алмады. Кенесарының барлық қызметі осы сарқыншақтарды жоюға және біртұтас мемлекет құруға бағытталған еді. Бірақ, Кенесары өзінің қысқа өмірінде қазақтың үш жүзін біртұтас мемлекетке шоғырландыра алмай кетті.
Кенесары құрған қазақ мемлекеті туралы кейбір мәліметтер ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Садық Кенесарин қозғалысына байланысты жасалған „Тарихи анықтамада” бар. Оны Кенесарыға замандас чиновниктер құрастырған еді. Онда жарияланған мәліметтер тарихи шындық тұрғысынан алғанда, күдік тудырмайды. „Голос” газетінде жарияланған осы құжатта Кенесарыны былай сипаттайды: „Абылай ханның тікелей ұрпағы, оның немересі Кенесары өзінің ерекше ерлігімен аты шыққан батыр және қазақтар арасында ерекше беделді адам болатын. Ол ақырында Үлкен орданың және тіпті, орыстар билігіндегі Орта және Кіші ордалардың кейбір руларының ханы атанып, орасан зор билікке ие болды. Қазіргі Түркістан облысынан Ташкентке дейінгі аралықты толық дерлік Семей облысының жартысынан астамын, Кіші орданың бір бөлігін және Сібір мекемесі Ішкі ордасы қазақтарының тең жартысын өзіне бағындырды және солардың толық билеушісі болды”/15.56/.
Сол кездегі тарихи жағдайларға байланысты-Қазақстанға патшалы Ресей мен Орта Азия хандықтары шын қауіптөндіріп тұрғанда – Кенесары өзі құрған мемлекетті сақтай алмады. Оның қызметі қазақ мемлекеттілігін қайта құрудағы уақыт өткізіп алып барып талаптанған іс болды.
Кенесары хандығының ішкі саяси құрылысына талдау жасауды аяқтай келе, өзара тартыс пен барымтаның, патша өкіметінің орталық саясаты және Қоқан мен Хиуа езгісінің ауыртпалығын бастан кешкен халықтың қалың бұқарасы халық күшін біріктіріп, топтастыратын өкімет билігінің қажеттігін ертеден-ақ түсінгенін айта кету керек.
Кенесарының орталықтандырылған біртұқтас мемлекет құруға талаптануы халық мүддесіне сай келген. Осы мәселеге байланысты белгілі тарихшы, сол кезде Орынбор Шекара Комиссиясында қызмет еткен А.Левшин былай деп жазды: „Хан бола алмайтын даңғой сұлтандар мен старшындардан басқа саналы қырғыздардың барлығы әр бастықтың жеке басшылығын талас пен өзара күрестің басы деп біледі. Біздің барлық ордаларды бір хан басқарған кезде біздер тыныш және бақытты өмір сүрген едік дейді олар. 3 бастық билегелі жағдайымыз нашарлап кетті. Ал енді, билеушілер көбейе түссе, бізге бұдан да қиын болмақшы”/1.315/.
Сөйтіп, Кенесары тұсында елді басқару-белгілі бір жүйеге келтіріліп, мемлекеттік аппарат жеке салаларға бөлінді, әр атқарушы белгілі бір мемлекеттік қызметке (сот, әскери, елшілік т. б.) ие болды.
Кенесарының мемлекеттік аппаратты реформалауы өкіметтің орталық-тануына белгілі бір дәрежеде игі әсер етті.
Сот-құқықтық реформаның мақсаты сот істерін қарауды жақсарту және барымта, өзара талас пен ру араздығын тоқтату еді.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Кенесарының қызметі рулық араздықты жоюға және қазақтардың әдеттегі құқығына елеулі өзгерістер енгізу нәтижесінде оны жалпы мемлекеттік құқық дәрежесіне көтеруге көмектесті деуге болады. Ал жаула0сушы руларды бітімге келтіру, феодалдық алауыздықтың тыйылуына жеткізді.