2.1. Кенесары Қасымұлының әскери жасақтарды құрудағы шеберлігі. Әскери күшті үйымдастыруда, Кенесары өзінің алдындағы дәуірмен салыстырғанда, ешқандай тубегейлі жаңалық енгізе қойған жоқ. Соған қарамастан, әскери күштерді ұйымдастырудағы оның кейбір жаңалықтары көңіл аударарлық.
Кенесары жиырма мың жігіттен тұратын армия құрды. Оның ұйтқысы батырлар бастаған жасақтар мен төлеңгіттер болды. Ерекше қауіп төнген кездерде Кенесары маңына жасақшы жігіттер жиналатын болған. Әскер басында Кенесарының өзі тұрды. Ал, оның інілері мен жақын достары әскери кеңес кұрды. ( құрамында Кенесарының жақын серіктері — інісі Наурызбай, Сайдақ қожа Оспанов, Кенже, Таймас Бектасов, Жеке батыр, Ағыбай батыр, Жоламан Тіленшиев т.б. болды. Әскери кеңесте соғыс жоспарлары жасалып үлкен жорықтар алдындағы жауапты шешімдер қаралатын. Іс жүргізу жағын ұзақ уақыт Бұқарда тұрған өзбек Сайдақ қожа басқарды.
Оның жауынгерлері жорық шатырымен және азық-түлікпен әр уақытта қамтамасыз етіліп отырды. Тіпті Кенесараның әскермен бірге жүріп, азық-түлік сататын орскілік екі көпесі — Хұсаин және Мұса Бұрнаевтар болды. Әскер жүріп өтетін жолда алдын ала жасақтар тынығуға тоқтайтын, керек кезінде аттарын ауыстыратын және азық-түлік пен жем алатын қоныстар дайындататын.
Кенесары әскері жүздікке және мыңдыққа бөлінді. Көтеріліске қатысқан қазақтардың бірі — Әбілғазы патша түрмесінде отырып, Кенесарыға хат жазған екен, онда ол кейбір жолдастарын қызметтегі атағымен «жүзбасы», «мыңбасы» деп атаған. Солармен қатар, асқан мергендерден құрылған ерекше отряд бастығы «мерген басы» қызметі болды. Бұл отрядқа өз қаруын меңгерген, «құралайды көзге атқан» мерген жігіттер кірді. Айта кететін нәрсе, әскердің осындай басқару тәртібі Орта Азиялық мемлекеттерде Шыңғыс хан заманынан бері қалмай келген. Мұндай жүйенің әміршендігі далалық жерлердегі соғыстың сипатына және әскери қимылдарды жүргізу ерекшеліктерікке байланысты болуы мүмкін.
Кенесары әскери іске жүйелі түрде үйретуді алғаш рет жолға қойды. Оның әскерлерінің бір бөлігі тұрақты түрде әскери өнерге үйретілді. Орынбор Шекара Комиссиясына берген жауабында би Шоқпар Бақтыбаев: «200 адам қару қолдануды және жаяу соғыс жүргізуді үйренуде»,— деп атап көрсетті. Көтерілісшілерді әскери іске көтеріліске қосылған қашқын орыс солдаттары мен башқұрттар үйретті. Құсмұрын приказы Уақ болысының қазағы Бегалиннің көрсетуінде былай делінген: «Кенесары ауылындағы орыстар мен башқұрттар оның жақтастарын зеңбіректен атуға, сап түзеуге және солдат әдістеріне үйретуге»/1.297/.
Кенесарынын солдаттарды үйретуге арналған тұрақты қосыны болғанын онымен келіссөз жүргізуге келген қырғыз манаптарының өкілі Қалығұл да растайды. Ол; «Мыңға жуық жігіт мергендікке үйреніп жатты, жігіттердің жеке топтары қылыштасу, ал бір тобы найзаласуда жаттығу өткізді»— деп жазды./1.298/.
Қатаң әскери тәртіп орнатуға ерекше көңіл бөлінді. Тәртіпті бұзғандардың қайсысы болсын қатаң жазаланып отырған. Кенесары сатқындық үшін өлім жазасын қолданған. Тұтқынға түсіп, Кенесары ордасында болған барон Усар бір өлім жазасына байланысты былай деп жазды: «Кенесары ауылға кайтып келе жатып, карауылда тұрған қырғыздың ұйықтап жатқанын көреді. Өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін, басқаларға үлгі ретінде оны өлім жазасына кесті .
Кенесары әскеріне тәртіптілігін билеуші сұлтан Ахмет Жантөрин де мәлімдейді. 1845 жылы маусымда Обручевке жазған хабарында былай дейді: «Кенесары атқа қонып, тіл қатса болды, адамдары кез ілеспес жылдамдықпен жиналып, қаруларымен ат үстінен табылады»/5.385/.
Мұны Кенесары ордасында болып қайтқан орыс тыңшысы Ханқожа Жаңбыршин де айтады, Бірде,— деп жазды ол Кенесары әскерлеріне ұрысқа дайын болуға бұйрық берді. Ол жұрт алдына шығысымен, оның әскерлері ат үстінде отырды және жолға шығуға дайын болды. Осындай фактілер Кенесары әскерлерінің арасында қатаң тәртіптің болғанын байқатады.
Оның қосыны әр уақытта толық әскери дайындықта тұрды. Бұл Долговтың хабарламасында арнайы атап өтілген: «Кенесарының бейқамбыз деуі жай сөзі, бұл оның ұдайы сақтығы мен байқампаздығын байқатады. Оның ордасы әр минут сайын шабуылды не құғынды күтіп, әзір тұрған уақытша қосынға ұқсайды».
Бұйрығын орындамағаны үшін Кенесары «шік» деп аталатын ерекше жаза қолданған. Осы туралы Кенесары ордасында болған қорғаншы Долгов былай деп жазды: «Олардың барлығының дерлік бастарында «шік» деп аталатын ерекше жазалау белгісі (кінәлі адамның басына қылышпен не пышақпен кесіп белгі салған) болды, ондай жаза алғандар Кенесары кешіргенше айыпты деп саналады, ешқандай іске қатыса алмайды»/1.299/.
Кенесары алғаш рет әскери айырым белгі енгізді. Оның әскерлерінің кеуделері мен иықтарында қызыл және көк матадан жапсырмалары болған. Белгілерді тағу тәртібі туралы Күрең Абылаев өзінің жауабында былай деді: «Бұл бүлікшілердің бәрі кеуделеріне үш қатар қызыл бау тағып алған». Сыйлы адамдар мен әскербасылар қызыл шұға қынапты қылыш асынған. Ал Кенесарының өзі орыс полковнигінің эполетін таққан.
Кенесары шайқастарда ерекше көзге түскен жігіттерді әлеуметтік жағдайына қарамастан көтермелеп отырған. Кейде қарапайым қазақтардың өзін жасауылдыққа тағайындаған, Поручик Герннің мәліметіне қарағанда, Кенесары әскерінде «ерекше ерлігі үшін» бас сыйлық — үкімет қаруы берілген. Сыйлық беру мынадай ретпен жүргізілген — әдеттегі таяқ не құрықтан кейін найза, сонан соң селебе пышақ, одан кейін қайқы қылыш, одан әрі жасауыл атағы».
Көтерілісшілердің негізгі қаруы әлбетте суық қару болды. Сонымен бірге атылатын қарулар да болған. Мысалы, 1846 жылғы қырғыздармен соғыста Кенесарының 5 мыңдық атты жасағы қылышпен, найзамен, айбалтамен, білтелі мылтықпен және бірнеше зеңбірекпен қаруланған.
Кенесары әскерінде біршама көлемде оқпен атылатын қарудың болғанын, Тоқмақ маңындағы Майтөбе деген жерде оның отрядын қырғыздар талқандағаннан кейін манап Орманның басқа да олжамен бірге «мыңнан аса білтелі мылтықты» қолға түсіруі дәлелдейді./1.299/.
Бірақ мұндай көлемдегі қару Кенесарыда әрдайым бола бермеген. Мысалы, 1845 жылы Кенесары ордасында елшілікте болган Долгов пен Герн оның қаруының аз екендігін байқаған. Герн былай деп жазды: «сұлтан ауылында не бары жүзге жуық мылтық болды, олардың өзі білтелі және тірек ағашты еді, сонымен қатар оның үш ұзын мылтығы бар, оларды ылғи үйіне таяу жерге қояды, ал шайқаста ол өз қолына ұстайды. Бұл мылтықтар Бұқар эмирінен алынған, жол жүргенде түйеге артулы болады. Ал қылыштардың көбі Бұқардыкі, Златоуда жасалған қылыштар да біршама баршылық»/4.28/.
Көптеген сарбаздардың қолында орыстың саперлық пышақтары бар, олар мұны орыстардан олжалаған.
Кенесарының негізгі күштерінің қару-жарағы мықты күзет қойылатын жылжымалы киіз үйлерде сақталады. 1845 жылы Кенесары ордасында мұндай жеті киіз үй болды. әр жорыққа шығар кезде соған қатысатындарға әлгі киіз үйлерден қару-жарақ беріліп, ал жорықтан соң қазына мүлкі ретінде қайтарылып отырады. Қылыш, пышақ, найза сол жерлерде де соғылатын болған, бірақ көп бөлігі шайқастарда қолға түсірілді немесе сатып алынды.
Долгов былай деп жазды: «Кенесары ауылында бірнеше қашқын башқұрттар тұрады. Олар қырға татарлар әкеліп сататын орыс қаруынан жасырын түрде әр түрлі қару-жарақ жасайды. Кенесары оқ-дәріні Бұқардан алып тұрады».
Мұны екі башқұртты еске алған Герн де растайды: «оның бірі — күміс зергері, қоқандық қашқынмен бірігіп сұлтан қаруын әсемдейді. Екіншісі- қару жасаушы шебер, мылтық ұңғысын жасайды».
Кенесары солардың көмегімен зеңбірек жасау ісін жолға қоймақ болған. Герннің айтуынша, «башқұрттың зеңбірек жасауы үшін әр үйден бір таған мен бір кетпен жинауға бұйрық берген. Бұл жұмыс ағашы мол Тосын құмдарында жүргізілмек еді.
Жаппас руының қазағы Омарбай Аманбаевтың жауабында: «Кенесарының темір зеңбірегі бар, оның ауылында Сібір мекемесіне бағынышты Бегіш есімді қырғыз тұрады. Ол зеңбірек пен мылтық жасайды және осы көктемде 100 мылтық жасады»,— делінген./4.29/.
Кенесары әскерлеріне сапқа тұрудың кейбір түрлері белгілі болған. Әдетте оның атты және жаяу отряды екі қатар сап түзеп тұрған. Шекті билері Кенесары ордасына келген кезде қылышпен қаруланған, екі қатар сап түзеген құрметті қарауыл қарсы алған. Олар мұндай қарсы алуға таңырқап, бастапқыда бұл өздерін ұстау үшін істелген шара ма деп қорқып қалғанымен, кейіннен Кенесарыда осындай қарсы алу тәртібі бұрыннан бар екенін естіп көңілдері жайланды.
Кенесары ордасы әрдайым әскери қосын түрінде болды. Оның үйінде әр түрлі қару-жарақ ілулі тұрды және үйінен 200 метрдей қашықтықта тұрған күзетшілер ешкімді арнаулы рұқсатсыз табалдырықтан аттатпайтын болған, сонымен бірге Кенесары ауылдары белгілі орындарға қойылған қарауылдармен күзетілген.
Әскери тұтқын урядник Лобанов былай деп жазды: «Кенесары әрдайым сақтану шараларын жүргізіп отырды: қыста жолдарға күзет қойса, ал жазда жетекте аттары бар екі адамнан тұратын қарауылды дұшпан келуі мүмкін жақтарды бақылауға 50 және 100 шақырым жерлерге жіберіп отырған. Олар әсіресе, өзен бойларына көп көңіл бөлген./1.301/.
Кенесары армиясында әскери-далалық және агентуралық барлау біршама жақсы жолға қойылған. Ол сенімді адамдардан арнайы түрде барлаушылар тағайындаған. Олар дұшпан туралы қажетті мәліметтер жеткізіп отырған. Көп жағдайда барлаушылар жау тылында қимыл жасады. Ал кейде жау әскерлерінің арасына кіре алған. 1843 жылы Орынбор және Сібір әскерлерінің біріккен жорығы кезінде полковник Бизанов басқарған Орал қазақ отрядының құрамында барлаушы Төлебай болды. әскер саны, қару-жарағы және отряд бағдарлары туралы қажетті мәліметтерді жинап, Төлебай осының бәрін дер кезінде Кенесарыға жеткізіп отырды. Бұл Кенесарының тиісінше қорғаныш шараларын жасауына мүмкіндік берді.
1845 жылы Долгов бастаған патша елшілігі тек қана елшілік үшін ғана емес, барлау жұмысын жүргізу мақсатында келген кезде Кенесарының барлау ісін жақсы жолға қойғанынын арқасында олар көтерілісшілердің саны және Кенесарымен көшіп жүрген қазақтар мөлшері туралы ешқандай мәлімет ала алмады, Долгов елшілігі келуден бірнеше күн бұрын оның алдынан шығуға Кенже бастаған 13 белсенді қазақ жіберілді, олар 20 наурызда Айби-Аққұм көлі маңында елшілікпен кездесіп, бұларды жақын маңындағы ауылдармен байланыс жасау мүмкіндігінен айырды. Келген 13 қазақтың ішінен тек Кенженің ғана Долговпен ресми сөйлесуге рұқсаты болды. Ал, қалғандары елшілік жүретін жолдарда ешкімнің де олармен сөйлеспеуін қадағалады, Долгов еріп келе жатқан қазақтардың сұраққа жауап беруден қашқақтап, аз сөйлеуіне таңырқаған еді. Кенесары ордасынан қайтып оралған соң Долгов: «Кенесары ауылдарының саны туралы мәлімет жинай алмадым, себебі олармен байланыс жасау тіптен мүмкін болмады»,-— деп көрсетті./29./
Долговтың қайтар кезінде шығарып салушы ретінде елшілерге Баймұхаммед Жаманшин және Бекбатыр ерді. Олар Кенесарыдан арнаулы барлау тапсырмасын алған болатын. Елшілермен бірге Орынборға барған соң оларға Орынбор өкіметінің көтерілісшілерге байланысты бұдан әрі қайтпек ойлары бар екендігін білу тапсырылды. Кенесары өз дұшпандарының арасында тұрақты барлаушылар ұстады. Осындай барлаушылардың бірі – Мыңжасар әрдайым шекара Шебіне жақын жерде жүріп, дұшпан отрядтарының жылжуын Кенесарыға хабарлап отырды.
Барлық қазақ рулары ауылдарында Кенесарының әкімшілік қызметпен қатар барлау тапсырмасы бар тыңшы жасауылдары болды. Олар дер уақытында қазақтардың көңіл күйін, олардың өкіметке қөзқарасы жайында және көтеріліске қарсы сұлтандар мен билердің не істемек ойлары бары туралы мәлімет беретін болған. Өзінің бір рапортында коллеж регистраторы Немчинов былай деп жазды: «Кенесарының барлық қазақ руларында тыңшылары бар. Олар Кенесары үшін қажымай-талмай және табысты қызмет етеді»/1.303/.
Кенесары армиясында әскери құпия өте қатаң сақталған. Тіпті, тәжірибелі патша жансызы қыпшақ Ханқожа Жаңбыршин Кенесарының болашақ жорық жоспарын білу үшін арнайы тапсырмамен Кенесары ордасында болғанымен жорық туралы ештеңе біле алмаған. Жаңбыршин өзінің сәтсіздігі туралы қапаланып былай деп хабарлайды: «Кенесарының кенеттен жолға шығуы себебін ауылда қалған адамдардан білуге қанша тырысқаныммен, ешкімнен қанағаттанарлық жауап ала алмадым».
Бірақ іс мұнымен бітпеді.
Кенесары дұшпанды алдау әдісін де кеңінен пайдаланған. Ол әлдебір бағытқа бет алған болғансып, дұшпанды теріс жолға салып жіберіп отырған. Мысалы, генерал-майор Жемчужников басқарған Сібір және Орынбор отрядтарының бірлескен шабуылы кезінде оларды осылай алдады. Орыс чиновнигінің ресми бір хабарламасында былай деп айтылған: «Кенесары өзінің ауылдарымен тынымсыз көшіп-қонып және өз ізін жасыру үшін жалған көшіп отырды, күндіз бір жерге келіп тоқтаса, ал түнде сол жерден мүлде басқа жаққа көшіп кетеді».
Сондықтан да ресми құжаттарда Кенесары ауылына арнайы жіберілген кейбір чиновниктер мен тыңшылардың сәтсіздігі, барлау тапсырмасын орындамауы туралы жиі айтылуы тектен-тек емес. Чиновниктердің бірі қынжыла отырып, былай деп жазды: «Көтерілісшілердің не істемек ойлары бар екені туралы толық хабарды қазақтардың үндеместігінен жеткізе алмаймын»/4.30/.
Алайда Кенесарының агентуралық барлауы жақсы болды, сондықтан патша тыңшыларының бірде-бірі көтерілісшілердің арасына кіре алмады деп ойлау дұрыс болмас еді. Бұл іске Кенесары ерекше көңіл бөлгеніне қарамастан үкімет өз жағына қаратқан сұлтандар мен билер Кенесарыға сыйлық апарғансып немесе қудаланған болып оның ордасына кіріп, қажетті мәліметтерді алып отырған. Солардың әкелген мәліметтерінің арқасында жазалаушы отрядтар Кенесары жақтастарының ауылдарын талай рет шапқан.
Кенесары талантты қолбасшы ретінде соғыс кезінде әр түрлі соғыс тактикасын пайдаланған. Қазақстанның кең даласы оған жылжып орын ауыстыра соғыс жүргізу әдісін кеңінен қолдануға мүмкіндік берді. Кенесары жігіттері шебер шабандоз болғандықтан, жер жағдайын жақсы білгендіктен қуғыннан жиі құтылып кетіп отырған. Олар дұшпанды айналып өтіп, тұтқиылдан көкжелкеден соққы беретін. Мысалы, 1844 жылы билеуші сұлтан Ахмет Жантөриннің отряды Кенесарының ізіне түскен кезде, төтеннен сыртынан соққы алып, толық дерлік жойылып кетті.
Кенесары әскерлері табиғи бекіністерді шебер пайдалана білді (қамыс, бұта, төбе т. б.). Патша отрядтары бәрінен де қазақтардың тұтқиылдан шабуылдауынан қорықты. Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков Ақтау қамалына жақын Тіленші-Шет бекетіне Кенесарының шабуыл жасауына байланысты штаб бастығы генерал-майор Фондерсонға былай деп жазды. «Егер қамыстар мен бұта арасы және басқа да таса жерлер алдын ала толық тексерілгенде, олардың төтеннен шабуылы болмауы да мүмкін еді»/1.303/.
Жеке қамалдар мен бекіністерге шабуыл жасаған кезінде Кенесары жасағы шашыранды қатармен алға ұмтылып, артынша бәрі қосылып, қамалды жан-жағынан қоршаған. Бұл әдіс, әдетте, дұшпанды әбіржітіп, оның күштерін шашыратуға мәжбүр ететін еді. Мұндай тактиканы Кенесары 1838 жылы Ақмола приказы мен Ақтау қамалына шабуыл жасаған кезде-ақ кеңінен қолданған болатын. Осындай шайқастардың бесін Ақтау қамалының коменданты капитан Кастрюрин суреттеген еді. «Өткен маусым айының 22 күні сағат жетілерде бүлікші сұлтан Кенесары Қасымов бастаған 2 мыңға жуық қазақ бекініске шабуыл жасады және олар шашырай шабуылдап, сағат ширегіндей уақыт өткенде, бекіністі қоршады».
Кенесарының негізгі қарулы күштерімен қатар ерекше отрядтары болды. Оларды әпкесі Бопай, інісі Наурызбай, Жоламан Тіленшиев, Саржан Саржанов, Жеке батыр және т. б. басқарды. Бұл отрядтар дұшпан тылына рейдтер жасады және көтеріліске қатысудан бас тартқан сұлтандар мен ірі феодалдардың мал-мүлкін тартып алып отырған.
Кенесары армиясында әскери құпия өте қатаң сақталған. Тіпті, тәжірибелі патша жансызы қыпшақ Ханқожа Жаңбыршин Кенесарының болашақ жорық жоспарын білу үшін арнайы тапсырмамен Кенесары ордасында болғанымен жорық туралы ештеңе біле алмаған. Жаңбыршин өзінің сәтсіздігі туралы қапаланып былай деп хабарлайды: «Кенесарының кенеттен жолға шығуы себебін ауылда қалған адамдардан білуге қанша тырысқаныммен, ешкімнен қанағаттанарлық жауап ала алмадым».
1838 жылдың бас кезінде Ақмола округтік приказынан Кенесары ордасына патша жансыздары би Жақан Капин және Сасық Қопынбаев жіберілді. Сыйлық әкелген адамдар ретінде олар Кенесары ордасына кірген кезде арнайы түрде қысқы жорыққа дайындалған құжынағғн карулы адамдарды көреді. Өздерінің хабарында олар былай деп жазды: «Барлық қазақтар қаруланған. Кенесары қос тұрғызуға бұйрық беріп еді, аз уақыттан кейін екі жүзге жуық қос тұрғызылды және қардан 30-дай орын дайындалды, оларға жетіден онға дейін адамдар орналасты. Бұл жиында 2 700-дей қазақ болды, солардың арасында қыпшақ рубасылары Иман және Жартыбай бар»/1.303/.
Кенесары далалық соғыс жүргізудің өзіндік әдісін енгізді. Дұшпан ашық далада әлденені паналап корғанатын болса, онда Кенесары әскерлері оқ өтпейтін нәрселерді қалқалап шабуылға шыққан. Садық Кенесарин өзінің естелігінде осы туралы былай деп жазды. «Менің әкем Кенесары хан осылай бекінген орыстарды әдетте шабуылдаған кезде оқ өтпейтіндей жуан етіп ұзыншалап өрілген шөпті қалқалайтын» .
Кенесарының әскери тактикасында дұшпан қосынына елшілер жіберу әдісі ерекше орын алды. Елшілер келіссөз жүргізіп қана қойған жоқ, сонымен бірге қарсыластар арасында іріткі салып, үгіт-насихат жүргізді, олар, әсіресе, қазақтар арасында сөйтті. Бұл жағынан елші Салытан Әбілқайыровтың қызметі мысал бола алады: «Ол қазақтардың бір бөлігін, тіпті офицердің езін бөлікшілер шайкасына қосып алу үшін неше түрлі айла-амал қолданды”/4.30/. Осындай жаналықтармен қатар Кенесары армиясында ортағасырлық ескі күрес әдістері де пайдаланылды. Қырғыз манаптарымен қақтығыс кезінде шайқас батырлардың жекпе-жегімен басталып отырған. Сонымен қатар қарсы жақтың өлген адамдарының бас терісін сыдырып алатын болған т. б.
Сөйтіп, тәртіпті армия құрған Кенесары оны сол уақыт талабына сай әскери өнерге үйретуге күш салды. Сондықтан әскери күштерді ұйымдастыруда кейбір жаналықтар енгізуді ойластыруы осындай себептерден туған болатын.