Фольклор (ағылш. folklor) – халық шығармашылығы, көбінесе ауызша; халықтың өмірін, көзқарасын, мұратын көрсететін көркем ұжымдық шығармашылық қызметі.
Мақал – ғибратты сипаттағы, өмірдің сан алуан құбылыстарын сипаттайтын, толық сөйлем формасына ие, мақсатты бейнелі сөз.
Ғылыми болжам (научная гипотеза) - тәжірибеде әзірге белгісіз құбылыстар туралы немесе келешекте белгілі бір жағдайда пайда болатын мүмкіндігі бар оқиғалар мен құбылыстар туралы ғылыми білім, болжам.
Дарындылық (одаренность) – үлкен нышаннан туындайтын қабілеттіліктің түрі. Дарындылық адамның сәби кезінен байқалатын ерекше қабілеттілігі, өнердің бір түріне туа бейімделуі.
Жақын перспектива — ертеңгі серуен, яғни ұжым мүшелерінің жеке қызығушылығынан туындайды.
Орташа перспектива — уақыт бойынша алыстау ұжымдық оқиғаның жобасы.
Алыс перспектива - ұзақ уақытқа көзделген үлкен мағыналы, маңызды талаптарға қол жеткізуге арналған мақсат.
Құзыреттілік – адамның ішкі және сыртқы ресурстарды пайдалану негізінде кәсіби және кәсіптік емес іс-әрекеттегі белгілі бір мәселелерді шешуге дайындығынан көрінетін білімнің нәтижесі.
Конструктивтік қабілет- оқу тәрбие міндеттерін шешудің ең үйлесімді жолдарын іздестіру, оқу мен тәрбие жұмысының түрлері мен әдістерінің мазмұнын анықтау, терең ойлап , педагогтық тапқырлықты дамыту.
Дидактикалық қабілет- оқушыларға оқу материалын түсінікті етіп жеткізу, олардың білім дәрежесін , іскерлігі мен дағдасын дұрыс анықтай білу пәнге қызығушылығын арттырып , таным белсенділігін және ойын дамыту, ұстаз өз пәнін өте жақсы білу.
Коммунативті қабілет- бұл мұғалімнің педагогикалық процесстің барысында адамдар мен қарым-қатынас жасауға үйренуі.
КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі: Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану процесінде әр халықтың өзіндік бет-бейнесін сақтап қалу, ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтарының ақпараттар ағынына төтеп беруі және жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынына ілесіп кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімінің берік, білігінің бекем болуы тиіс. Әрине, ол жалпы білім беретін мекемелердегі оқу-тәрбие жүйесінің қалай ұйымдастырылуына тікелей тәуелді. Әсіресе, қазіргідей пәндік білімге ғана негізделіп отырған оқу процесінде баланың жалпы дүниетанымының қалыптасуы, өміртанымдық дағдыларының жетілдірілуі гуманитарлық пәндердің жаңарған мақсат-міндеттерінен бастап оқытудың әдістемелік жүйесінің әр бөлігінің (білім мазмұны, оқыту түрлері, оқыту әдістері, білім нәтижелері) түбегейлі өзгертілу деңгейіне қатысты екені сөзсіз. Бұл орайда әр ұлттың бүкіл танымдық әлемінің көрінісі, рухани мәдениетінің дамуының тетігі – ана тілі сабақтарындағы халық ауыз әдебиеті үлгілерінің оқушының ішкі сұраным қажеттігіне сай бағытта оқытылуы шешуші рөл атқарады.
Пәнді меңгертудің мазмұндық жүйесін саралауда сананы дамытуға, әдістемелік сипатын жетілдіруде білімді оқушының ішкі мүддесімен үйлестіруге басымдылық беру қажеттігі айқындалып отыр. Өйткені білім мазмұнында оқушының өзіндік ойлау қабілеттерін, жеке көзқарастарын дамытуға тірек болар негізгі өзекті тауып, баланың ұғым-түсініктерін соған сәйкестендіре жүйелеу қандай маңызды болса, сабақта баланың білімді өздігінен меңгеруіне, өзіне деген сенімділігін арттыруға, әр түрлі өмір жағдаяттарында дұрыс жол табатындай қажетті іскерліктерді қалыптастыруға бағытталатын жұмыстарды үйлестіре жүргізудің де мәні соншалық үлкен.
Жас буынға ана тілін меңгерту, халқымыздың қастерлі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, үлгі-өнегесін, тәлім-тәрбиесін дәріптеу, елдің тарихын, ұлттың мәдениетін таныту, өнерін жаңғырту ең өзекті мәселелер болып табылады.
Ауыз әдебиеті – тәрбие көзі, өнеге-өсиет кені. Халықтық тәрбиенің жас ұрпаққа әсер-ықпалын зерделеп-зерттеу ісімен айналысқан ғалымдардың ауыз әдебиетінің тәрбиелік мәнін жан-жақты ашып көрсеткен еңбектері баршылық. Атап айтқанда, А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» [1], М.Ғабдуллиннің «Ата аналарға тәрбие туралы кеңес» [2], Қ.Жарықбаевтың[3], С.Қалиевтың «Қазақ тәлім-тәрбиесі» [4], С.Қалиевтың «Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі» [5] және т.б. еңбектерде бұл мәселе жан-жақты ашып көрсетілген.
Мысалы, М.Дулатов: «Бастауыш мектепте алған тәрбиенің әсерлі, күшті, сенімді болуы, қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғаттан жазылып, баяндап, оқытудың асыл мақсатына мүафиқ үйретуден, осылай біліп, баяндап айтқанда, балқыған жас баланың ойына, қиялына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілін анық үйреніп, керекті мағлұматты алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың медресесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды. Қандай болса да тіршілігінде қандай ауыртпалық, өзгерістер көрсе де, ұлт ұлы болып қалады», - деп бастауышта берілетін білімнің маңыздылығын айқын көрсетеді [6].
Түркі халықтарының әдебиетін жинаушы, әрі зерттеуші ғалымдар В.В.Радлов[7], Г.Н.Потанин[8], Ә.Диваевтар[9] да қазақ халық ауыз әдебиетінің мазмұндық, тілдік сипаттарына жоғары баға берген болатын.
Қазақтың белгілі ғалымдары М.Әуезов[10], С.Сейфуллин[11], С.Мұқанов[12], Б.Кенжебаев, М.Жолдыбаев, Ә.Қоңыратбаев, Ө.Тұрманжанов, М.Қаратаев[13, Қ.Бекхожин[14], Қ.Жұмалиев[15], Ә.Марғұлан[16], Е.Ысмайылов[17], М.Ғабдуллин[18] т.б. әдеби мұраларды игеру, зерттеу, жинақтап жариялау, оларды оқулық көлемінде баяндау мәселелерін көтерді.
Бастауыш сыныптарда қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол әр жанрды оқыту барысында айқын байқалады.
Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баланың ақыл-ойын байытып, арман-қиялын биіктетуде, халықтың бейнелі тіліне талпындыруда, сұлулық талғамдарын, ізгілік қасиеттерін қалыптастыруда зор маңызы бар.
Ең бастысы, оқуға ұсынылатын ауыз әдебиеті шығармаларын көлеміне, мазмұнына, жанрлық, тілдік ерекшеліктеріне мән бере таңдау, іріктеу, сондай-ақ, баланың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескеруді назарда ұстау қажеттігі туындайды.
Әр халық өз ауыз әдебиетінен нәр алады, соған сүйенеді және оны оқу-тәрбие ісінде қолданудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін қарастырады.
Әсіресе, әлемдік тәжірибеде Я.А.Коменский[19], К.Д.Ушинский[20], А.С.Макаренко[21], В.А.Сухомлинский[22], В.Г.Белинский[23], М.Горький[24] т.б. сынды көрнекті тұлғалардың ұлт тәрбиесіндегі халықтық шығармалардың мән-мағынасын ашып, оның рөлін айқындаған еңбектері баршаға белгілі.
Бастауыш мектепте халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту тұрғысында әдіскер - ғалымдар Н.П. Каноныкин[25], Н.А.Щербакова[12, Е.А.Адамович[26], С.П.Редозубов[27], Н.Н.Шепетова[28], Н.Н.Светловская[29], Т.Г.Рамзаева[30], Т.А.Ладыженская[31] және т.б. өз еңбектерінде қарастырған.
Сонымен біргe, халық ауыз әдебиеті шығармашылығын оқу-тәрбие процесінде пайдалануға орындалған зерттеулерге жасаған талдау, оның бірқатар салаларының әлі де болса зерттелмегенін дәлелдейді. Мысалы, қазақ шығармашылығын жырын бастауыш сынып оқушыларының оқу-тәрбие процесінде пайдалануға арналған арнайы зерттеулер жоқтың қасы. Қазақ шығармашылығын жырын оқушыларға Рухани құндылық тәрбие беру мақсатында пайдалану мәселесін қарастырған зерттеулер жоқ.
Бастауыш мектептің оқу бағдарламалары мен оқулықтарын зерттеп білу де, халқының ауыз әдебиеті шығармашылығын оқу-тәрбие процесінде пайдаланып жүрген мұғалімдердің озық тәжірибелеріне жасаған талдау да бір проблемаға аса назар аударылмайтынын дәлелдейді.
Демек, бастауыш сынып оқушыларын рухани құндылыққа тәрбиелеудегі қоғамның сұранысы мен мектептегі Рухани құндылық тәрбиесінің жағдайы арасында, қазақ халқының ауыз әдебиеті шығармашылығының тәрбиелік мүмкіндіктері мен оларды оқу-тәрбие процесінде оқушыларға Рухани құндылықтың тәрбие беру мақсатында пайдаланылмауы арасында; оны мектеп практикасына ендіру қажеттігі мен бұл салада жасалған арнайы ғылыми-әдістемелік нұсқаулардың жоқтығы арасында қайшылықтар бар екені анық байқалады. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларын ауыз әдебиетінің ұсақ үлгілері арқылы рухани құндылыққа тәрбиелеуге қажетті тиімді педагогикалық шарттарды іздестіру біздің зерттеу проблемамызды айқындауға және тақырыпты «Ауыз әдебиетінің ұсақ үлгілері арқылы бастауыш сынып оқушыларының рухани құндылықтарын қалыптастыру» деп таңдауымызға негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: |