Банкроттылық ықтималдығы – зерттелініп отырған ұйымның ағымдағы жағдайы мен жай-күйінің бағалау сипаттамаларының бірі. Ұйым немесе бөлім басшысы ай сайын банкроттылыққа талдау жүргізіп отырып, оның төмен деңгейде болуына кепіл болады.
Банкроттылықтың ықтималдығын диагностикалауда төмендегілерге негізделген бірнеше әдістер қолданылады:
ауқымды өлшемдер мен белгілер жүйесіне талдау;
шектеулі көрсеткіштер шеңбері;
мына әдістер көмегімен есептелген интегралды көрстекіштер:
скороингтік модельдер;
дискриминанттық факторлы модельдер.
Бірінші әдісті қолдануда банкроттылық белгілерін әдетте екі топқа бөліп қарастырады:
Бірінші топ – болашақта мүмкін болатын қаржылық қиындықтар мен банкроттылықтың ықтималдығын куәландыратын көрсеткіштер:
өндірістің ұзақ уақыт құлдырауы, өткізу көлемінің төмендеуі және ұзақ уақытқа созылған зиянсыздықта көрініс табатын негізгі қызметтегі қайталанатын елеулі жоғалтулар;
мерзімі өтіп кеткен кредиторлық және дебиторлық берешектердің болуы;
өтімділік коэффициенттерінің төмен мәні және олардың төмендеуге бейімі;
қарыздық капитал үлесінің қауіпті шекке дейін ұлғаюы;
меншік айналым қаражатының жетіспеушілігі;
капитал айналымы уақытының артуы;
нормадан тыс, жатып қалған шикізат пен өндіріс қорларының болуы;
ұйым акцияларының нарықтық бағасының төмендеуі және т.б.
Екінші топ – жағымсыз мәндері ағымдағы қаржылық жағдайдың төмен, болашақта шаралар қабылдамасы, күрт нашарлап кетуі туралы хабардар ететін көрсеткіштер:
ұйымның қандай да бір нақты жобаға, жабдық типіне, актив түріне, шикізат нарығы немесе өткізу нарығына шектен тыс тәуелді болуы;
негізгі контрагенттерін жоғалту;
техникалық және технологиялық тұрақты жаңартудың қажеттілігін дұрыс бағалай білмеу;
басқару аппаратының білікті мамандарын жоғалту;
мәжбүрлі тежеулер, сонымен қатар өндірістік техникалық процестердің ырғақтылығының бұзылуы;
тиімсіз ұзақ мерзімді келісімдер;
капитал салымының жетіспеушілігі және т.б.
Банкроттылық ықтималдығын анықтайтын бұл индикаторлар жүйесінің артықшылығына жүйелі және кешенді тұрғыдан қарастыруды жатқызуға болады, ал кемшіліктіріне көп критерийлі міндеттерді шешу жағдайында шешім қабылдау күрделілігі, есептелген көрсеткіштердің ақпараттық сипаты мен болжамды шешімдердің субъективтілігі жатады.
Банкроттылықты диагностикалаудың екінші әдісі – шектеулі шеңберегі көрсеткіштерді қолдану:
ағымдағы өтімділік коэффициенті;
меншік айналым құралдарымен қамтамасыз етілу коэффициенті;
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру (жоғалту) коэффициенті.
Келесі шарттардың бірі орындалса, баланс құрылымы қанағаттанарлықсыз, ал ұйым төлемге қабілетсіз деп танылады:
есепті кезең соңына ағымдағы өтімділік коэффициенті ұсынылатын мәннен (2,0-2,5) төмен болса;
есепті кезеңінің соңына меншіктік құралдарымен қамтамасыз етілу коэффициенті ұсынылатын мәннен (0,1) төмен болса;
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру (жоғалту) коэффициенті.
Егер ағымдағы өтімділік коэффициенті мен меншік құралдарымен қамтамасыз етілу коэффициенті төмен болып, бірақ бұл көрсеткіштердің өсу тенденциясы байқалса, онда алты ай мерзім ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру коэффициенті (Ктқ) есептеледі:
Kтқ = [Kаө.с + 6 / Т(Kаө.с – Kаө.б)] / Kаө.нор,
Мұндағы: Каө.с – Каө.б – есептік кезеңнің басы мен соңына ағымдағы өтімділік коэффициентінің нақты мәні; Каө.нор – ағымдағы өтімділік коэффициентінің ұсынылатын мәні; Т – есептік кезең, ай.
Егер Ктқ>1 болса, ұйымның төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндігі бар, ал керісінше, егер Ктқ<1 болса, онда ұйымның жақын арада төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ.
Егер есепті кезең соңына ағымдағы өтімділік коэффициенті және меншік айналым құралдарымен қамтамасыз етілу коэффициентінің нақты деңгейі ұсынылатын мәнге тең немесе жоғары болып, бірақ олардың кему тенденциясы байқалса, онда үш ай мерзімге төлем қабілеттілігін жоғалту коэффициенті (Ктж) есептеледі:
Kтж = [Kаө.с + 3 / Т (Kаө.с – Kаө.б)] / Kаө.нор.
Егер Kтж> 1 болса, онда ұйымның төлем қабілеттілігін 3 ай ішінде жоғалтпайтындығын көрсетеді және керісінше.
Осылайша ұйым алдын-ала белгіленген кезеңде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру (немесе жоғалту) мүмкіндігін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру (жоғалту) коэффициенттері көмегімен анықтауға болады.
Үш ай мерзімге есептелген төлем қабілеттілігін жоғалту коэффициенті 1-ден артық болғанда, ұйымның төлем қабілеттілігін сақтап қалу мүмкіндігі бар. Егер бұл коэффициент 1-ден кем болса, онда ұйымның жақын арада төлемге қабілетсіз болуы мүмкін.
Ұйымның баланс құрылымын қанағаттанарлықсыз деп тануға негіз болып, бірақ белгіленген мерзімде төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндігі болған жағдайда баланс құрылымын қанағаттанарлықсыз және ұйымды алты ай мерзімге дейін төлемге қабілетсіз деп тануды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданады.
Егер баланс құрылымын қанағаттанарлықсыз деп тануға негіз болмаса, онда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру (жоғалту) коэффициентінің нақты бір мәнін ескере отырып, келесі екі шешімнің біреуі қабылданады:
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру (жоғалту) коэффициенті 1-ден артық болса, жағдайда баланс құрылымын қанағаттанарлықсыз, ал ұйымды төлемге қабілетсіз деп тану шешімі қабылдана алмайды;
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру (жоғалту) коэффициенті 1-ден кем болса, жағдайда баланс құрылымын қанағаттанарлықсыз, ал ұйымды төлемге қабілетсіз деп тану шешімі қабылданбайды, бірақ ұйымның төлем қабілеттілігін жоғалту қаупі болғандықтан, ҚР Қаржы министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитетінің сәйкес тіркеуіне алынады.
1>
Достарыңызбен бөлісу: |