Көрнекі құралдарды көрсету. Жаттығуларды бөлшектеп қарауда оның орындалу тәсілін түсіндіруде көрнекі құралдар, суреттер, плакаттар, фото, кино, бейне көріністер үлкен рөл атқарады.
Суреттеме – тақтаға немесе қағазға оқушының жаттығудың орындалу схемасын түсіруі. Оқытушы сол суреттеме арқылы оқушының жаттығуды орындауды қалай түсінгенін біледі. Сонымен қатар кино және бейне магнитофон таспаларында жазып алынған жаттығуды көрсету арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуге болады. Өйткені ол қозғалысты әр қырынан көрсетіп, тәсілдің барлық бөлшектерін анықтап түсінуге мүмкіндік береді.
Дыбыс және жарық белгілері. Жаттығудың басталуы мен аяқталуын есту және көру, ырғақ, аплитуда, қарқын, жаттығуға жұмсаған күш мөлшері уақытын метроном көмегімен өлшеу, суда жүзу жолдарын көрсететін түрлі-түсті жарық белгілері, жалаулар осылардың бәрі жаттығуды дұрыс, ынталы орындауға көмектеседі. Қимыл-көрнекілік әдісі екі түрде орындалады: 1. Қозғалыс туғызар дене мүшелерінің ықпалы арқылы оқушыларға сезіндіру (мысалы, конькимен жүгірушінің жартылай отыруын орындап сезіну); 2. Қозғалысты еріксіз орындату (мысалы, допты немесе гранатты лақтыру кезіндегі қолдың атқаратын жұмысын оқытушы ұстап, орындатып көрсетеді), тренажерларды қолдану, олар арқылы керек қозғалысты орындатып сезіну, жаттығуды дұрыс орындау.
Тез хабарлау әдісі. Бұл әдіс кезінде тәсілдік құрал – жабдықтар және көмекші құралдар (мысалы, айна) арқылы оқытушы мен оқушы қозғалысты орындау сипаттамасы туралы тез мағлұмат алады және қателерін жылдам түзете қояды.
Дене тәрбиесінің принциптері
Қимыл ептілігі мен дағдысын қалыптастыру және дене қуаты қасиетін тәрбиелеу жалпы заңдылықтарға бағынады, ол әдістемеде принциптер деп аталады.
Принциптерді білу, оларды тәжірибеде қолдану дене тәрбиесі процесін жетілдіреді. Дене тәрбиесі процесіне төмендегідей әдістемелік принциптер тән: 1. Саналылық және белсенділік . 2. Көрнекілік. 3. Жүйелілік. 4. Біртіндеушілік. 5. Реттілік. 6.Даралық.
Саналылық және белсенділік принципі. Бұл принциптің мақсаты – дене тәрбиесі процесінде жаттығушылардың сапалы, белсенді және шығармашылық әрекеттерін педагогикалық тұрғыдан бағыттау. Саналылық және белсенділік принципі мынадай талаптарды қамтиды:
Сабақтың мақсаты мен міндетін орындауға оқушылардың ынтасын саналы түрде қалыптастыру. Егер оқушы алға қойған мақсаттың маңызын түсініп, оның міндеттерін орындауға ынта танытса, оқу барысы тезірек, сапалы болады. Жаттығушылар алдында кезекті (жақын) және перспективалық (алыс) мақсаттар қойылады. Оқушылар үшін перспективалық мақсаттар спорттық разряд алу, ЕОКД комплексі нормасын орындау, мектептің, ауданның құрама командаларына мүше болу. Кезекті мақсаттар: бір күрделі жаттығудың тәсілін меңгеру, кейбір дене қуаты қасиетін дамыту. Оқушылардың денсаулығын күшейтуге, әр түрлі дене қуаты қасиетін дамытуға ұсынылып отырған тапсырманың мәнін, маңызын айқын түсіндіре білу керек (мысалы, жаттығуды орындау түрі, мөлшері).
Сабаққа ынталы қатысу. Дене тәрбиесі сабағы кезінде балаларға қызықты тапсырмалар бері, ойындар өткізу, жүйелі түрде баға қою, жетістіктерін мадақтау, марапаттау оқушыларды ынталандыра түседі.
Үйрету және тәрбиелеу процестері жаттығушылардың білімін, танымын қалыптастырады. Жаңа амалдар, әдістер, қозғалыстың жаңа элементтерін орындау, әр түрлі тәсілдер іздеу оқушыларды қызықтырады, творчестволық белсенділікке ынталандырады.
Жаттығушылардың өз әрекетін байқауға, бақылауға қабілетін ояту. Бұл талапты орындау үшін, оқушылар жаттығуды орындаған кезде сәтті немесе сәтсіз әрекеттеріне өздері талдау жасай білуі, орындау тәсілінен қате таба алуы, олардың пайда болғанын және оны қалай түзету керек екенін үйренулері қажет. Өз көңіл күйін, машықтылығын бақылау жаттығу күнделігін жүргізе білу, объективті және субъективті мәліметтерге талдау жасау оқушылардың қабілетін жетілдіреді. Қазір дене тәрбиесі сабақтарында саналы бақылауға ынталандырудың мынадай әдістері қолданылады: 1. Жаттығуды тек қана сөз қолдану әдісі арқылы үйрету. 2. Мұғалімнің тапсырмасымен дене қуатының қасиетін дамыту жаттығуларын өз бетімен іріктеп алу. 3. Жаттығуды орындаған соң нәтижесін өзі бағалауы немесе екі-екіден орындағанда бір-біріне дұрыс баға бере білу. 4. Жаңа жаттығуларды үйренгенде қозғалыс дұрыстығын сезінуге көмектесетін арнайы тренажерлар қолдану. 5. Жаттығудың орындалу сапасы туралы ақыл-кеңестерді пайдалану т.б.
Көрнекілік принципі. Қозғалысқа үйретуді көру арқылы емес, бұлшық ет түйсігі арқылы да түсіне білу керек. Әр түрлі анализаторлар белгілері оқушылардың санасына үйренетін жаттығу туралы толық түсінік тудырады.
Көрнекілік принципін іске қосу мынадай жолдармен пайдаланылады: 1. Үйренетін жаттығуды бөлшектеп немесе толық көрсетуді оқытушы, я болмаса жақсы дайындықтан өткен оқушы орындайды. 2. Әр түрлі көрнекі құралдарды көрсету арқылы (суреттер, схемалар, фотолар, кинограммалар, бейнемагнитофон жазулары т.б.) 3. Оқытушының бейнелі сөз (баяндау, түсіндіру, талдау, бұйрық сөздер және т.б.) арқылы.
Қозғалыс тәсілінің қиын элементтерін, қимыл-әрекеттерді іштей қайталау (ойша) идеомоторлық қайталау деп аталады.
Көрнекілік принцип қолданғанда әрбір адамның жетекші анализаторы қайсысы екенінр ескеру керек. Бір оқушыда жетекші көру анализаторы болса, екіншісінде – есту, үшіншісінде – қимыл анализаторлары болуы мүмкін. Көрнекілік принципін қолдану сипаты үйрену кезеңінде, жасына және жаттығушының дайындығына байланысты. Бұл принцип түрлерін кен пайдалану сабаққа ынталылықты арттырады, тапсырманы түсіну және оны орындауды жеңілдетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |