Болашақ педагогтың кәсіби қызметке қызығушылығы (мотивациялық) - тұлғаның күрделі психикалық сапасы болып табылады. Қызығушылық – бір нәрсе туралы білуге құмарлық, дүниедегі заттар мен құбылыстарды танып-білуге бағытталған адамның жеке қажетсінуінің бір көрінісі. Адамның іс-әрекетіне, көзқарасы мен талғамына, мұрат-мүддесіне байланысты қызығушылықтары әр түрлі болады. Қызығушылық тұрақты қасиетке айналғанда ғана адам өз іс- әрекетінен жақсы нәтиже шығара алады.
Болашақ педагогтың кәсіби қызметке деген қызығушылығының негізі мамандықты жүрек қалауымен саналы таңдауында. Сондықтан да оның құрылымында: педагогикалық мамандыққа бағыттылық, пәнге деген қызығушылық, балалармен жұмыс жасауға деген бейімділік, педагогикалық шығармашылыққа деген ұмтылыс, мамандыққа деген тұрақты эмоционалдық қатынас категориялары енеді. Осылардың әрқайсысы бәсекеге қабілетті болудың алғышарттары десек қателеспейміз.
Педагогикалық оқу орындары студенттерінің мамандыққа қызығушылықтары білімдік процестің барлық субъектілерінің қызметтерін біріктіру, мүмкіндіктерін толық пайдаланып, нәтижеге бағыттау арқылы жүзеге асады. ЖОО теориялық білімді аудиториядан тыс практикалық жұмыстармен бекіту, жұмыс берушілермен тұрақты байланыста болып, білім алудың барлық кезеңдерінде бірлесе әрекет ету арқылы жүзеге асады.
Рухани адамгершілік қасиет (аксиологиялық). Руханилық жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі адамгершіліктің негізі мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрып, мейірімділікке, ізгілікке шақырады.
И.В.Бестужев-Лада рухани адамгершілік қасиетті басқалармен (ең алдымен білім алушылармен): толық сенімі; шынайы таңдануы; руханилыққа деген қызығушылығы; болашақ педагогтың іліміне; шынайы сеніміне; үмітке; сүйіспеншілікке ұмтылуға дайын екендігімен ерекшелендіретін; шабытты талант ретінде сипаттайды [103].
Ең жоғарғы кәсіби дайындықтың өзі егер де жоғары кәсіби этикаға, еңбексүйгіштік дәстүрлеріне, жауапкершілікке, ынталылыққа негізделген адамгершілік құндылықтарды тірек етпесе қажетті нәтижеге жетпейді. Қоғамдағы рухани бағдарлардың бұзылуы ұстаздың жеке басының маңыздылығын, оның адамгершілік және эстетикалық позициясын, қоршаған ортаға, адамдарға, әлеуметтік идеяларға, өзінің рухани әлеуетін іске асыруға қатынасын арттыра түседі. Ұстаз ғана қоғам үшін өзінің адамгершілік тазалығымен, бекзаттығымен, кәсіби борышына берілгендігімен, дүниені жетілдіре беруге талпынуымен үлгі бола алады. Бұл айтылғандар бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |