Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі
ақпараттық өзара іс-қимыл туралы
ХАТТАМА
1. Осы Хаттама ақпараттық өзара іс-қимылдың негіз қалаушы қағидаттарын айқындау және оның Одақ шеңберінде жүзеге асырылуын үйлестіру, сондай-ақ интеграцияланған ақпараттық жүйе құру және дамыту тәртібін айқындау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 23-бабына сәйкес әзірленді.
2.Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«электрондық құжаттың қағаз көшірмесі» – мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен куәландырылған қағаз жеткізгіштегі электрондық құжаттың көшірмесі;
«сенім білдірілген үшінші тарап» – мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес электрондық құжатқа қол қойған тұлғаға қатысты тіркелген уақытта электрондық құжаттарға электрондық цифрлық қол қойылғанын тексеру қызметін жүзеге асыру құқығы берілген ұйым;
«мүше мемлекеттің ұлттық сегментіне тапсырыс беруші» – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалатын мүше мемлекеттің ұлттық сегментін құру, дамыту және пайдалану жөніндегі жұмыстардың тапсырыс берушісі мен ұйымдастырушысының функцияларын орындайтын мүше мемлекеттің мемлекеттік органы;
«ақпаратты қорғау» – ақпараттық өзара іс-қимыл субъектілері үшін қабылданбайтын тәуекелдерді болдырмау және барынша азайту мақсатында ақпараттың және оны өңдеу құралдарының құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін айқындау, оларға қол жеткізу және қолдау жөніндегі құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін қабылдау және іске асыру;
«Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі» – аумақтық жағынан бөлінген мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерінің, мүше мемлекеттердің ұлттық сегменттерімен және Комиссияның интеграциялық сегментімен біріктірілетін Комиссияның ақпараттық жүйелері мен ақпараттық ресурстарының ұйымдастырылған жиынтығы;
«ақпараттық жүйе» – ақпараттық ресурстардың өңделуін қамтамасыз ететін ақпараттық технологиялар мен техникалық құралдар жиынтығы;
«ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» – ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялық процестерді іске асыру әдістері мен құралдарының жиынтығы;
«ақпараттық технологиялар» – ақпаратты іздестіру, жинау, жинақтау, жүйелендіру, сақтау, нақтылау, өңдеу, беру, тарату және алып тастау (жою) процестері, әдістері, сондай-ақ осындай процестер мен әдістерді жүзеге асыру тәсілдері;
«ақпараттық ресурс» – ақпараттық жүйелерде қамтылған құжатталған ақпараттың реттелген жиынтығы (дерекқор, ақпараттың басқа да массивтері);
«сыныптауыш» – сыныптау объектілері атауларының жүйелендірілген, құрылымдалған және кодталған тізбесі;
«мүше мемлекеттің ұлттық сегменті», «Комиссияның интеграциялық сегменті» – Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелері мен Комиссияның ақпараттық жүйелерінің ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелер;
«нормативтік-анықтамалық ақпарат» – уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасуды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын анықтамалықтар және сыныптауыштар жиынтығы;
«электронды түрде ақпараттарды құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымы» – Одақтың шеңберінде пайдаланылатын электрондық құжаттарға заңды күш беру мақсатында іске асырылатын ақпараттық-технологиялық және ұйымдық-құқықтық іс-шаралардың, қағидалар мен шешімдердің жиынтығы;
«жалпы ақпараттық ресурс» – бір орталықтан жүргізу арқылы немесе мүше мемлекеттердің ақпараттық өзара іс-қимылы негізінде қалыптасатын Комиссияның ақпараттық ресурсы;
«Одақ шеңберіндегі жалпы процесс» – мүше мемлекеттердің біреуінің аумағында басталып, басқа мүше мемлекеттің аумағында аяқталатын (өзгертілетін) халықаралық шарттармен және Одақтың құқығын құрайтын актілермен және мүше мемлекеттердің заңнамасымен регламенттелген (белгіленген) операциялар мен рәсімдер;
«анықтамалық» – өзінің мазмұны немесе мәні бойынша біртекті ақпараттың жүйелендірілген, құрылымдалған және кодталған тізбесі;
«электрондық өзара іс-қимыл субъектілері» – электрондық құжаттарды, сондай-ақ электронды түрдегі ақпараттарды құрастыру, жіберу, беру, алу, сақтау және пайдалану процесінде туындайтын қатынастар шеңберінде өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдар, жеке немесе заңды тұлғалар;
«сенімділіктің трансшекаралық кеңістігі» – мемлекетаралық деректер және электрондық құжаттар алмасу кезінде уәкілетті органдар арасындағы сенімділікті қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттермен келісілген құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шарттар жиынтығы;
«ақпаратты сыныптау мен кодтаудың біріздендірілген жүйесі» – анықтамалықтардың, нормативтік-анықтамалық ақпарат сыныптауыштарының, сондай-ақ оларды әзірлеу, жүргізу және қолдану тәртібі мен әдіснамасының жиынтығы;
«уәкілетті орган» – жекелеген салаларда мемлекеттік саясатты іске асыру өкілеттіліктері берілген мүше мемлекеттің мемлекеттік органы немесе ол айқындаған ұйым;
«есептік жүйе» – электрондық өзара іс-қимыл субъектілерінің құқық белгілейтін құжаттарынан алынатын ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйе және оны пайдалану арқылы заңдық маңызы бар электрондық құжаттар жасалады немесе беріледі;
«өзара іс-қимылдың электрондық нысаны» – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға негізделген ақпараттық өзара іс-қимыл тәсілі;
«құжаттың электрондық түрі» – электрондық есептеу машиналарын пайдалану арқылы адамның қабылдауы үшін жарамды түрде, сондай-ақ форматы пен құрылымына қойылатын белгіленген талаптарды сақтай отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланумен ақпаратты беру және өңдеу үшін ұсынылған ақпарат, мәліметтер, деректер;
«электрондық құжат» – электрондық цифрлық қолтаңбамен (электрондық қолтаңба) куәландырылған және электронды түрде ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы талаптарына жауап беретін электронды түрдегі құжат.
3. Одақтағы сыртқы және өзара сауданың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту негізінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – интеграцияланған жүйе) құру, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту жұмыстары жүргізіледі, ол мынадай мәселелер бойынша ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді:
1) кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу;
2) кедендік реттеу;
3) техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану;
4) кедендік әкелу баждарын есепке жатқызу және бөлу;
5) демпингке қарсы және өтемақы баждарын есепке жатқызу және бөлу;
6) статистика;
7) бәсекелестік саясаты;
8) энергетикалық саясат;
9) валюталық саясат;
10) зияткерлік қызмет нәтижелерін және тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді дараландыру құралдарын сақтау және қорғау;
11) қаржы нарықтарын (банк саласын, сақтандыру саласын, валюта нарығын, бағалы қағаздар нарығын);
12) Одақ органдарының қызметін қамтамасыз ету;
13) макроэкономикалық саясат;
14) өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік саясат;
15) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы;
16) Одақтың өкілеттіліктері шегінде (интеграцияланған жүйенің дамуына қарай оның қамту саласына қосылатын) өзге де мәселелер.
4. Интеграцияланған жүйені қалыптастырудың негізгі міндеттері:
1) біріздендірілген сыныптау және кодтау жүйесі негізінде Одақтың бірыңғай нормативтік-анықтамалық ақпарат жүйесін құру және жүргізу;
2) Одақ шеңберінде мемлекетаралық деректер және электрондық құжаттар алмасудың интеграцияланған ақпараттық құрылымын жасау;
3) мүше мемлекеттер үшін ортақ ақпараттық ресурстар құру;
4) Шарт ережелері негізінде жалпы ақпараттық ресурстардың қалыптастырылуын, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдардың ақпараттық қамтылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Одақ шеңберінде жалпы процестерді іске асыру үшін ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
5) халықаралық шарттар мен Одақтың құқығын құрайтын актілердің және халықаралық шарттар мен Одақтың құқығын құрайтын актілер жобаларының мәтіндеріне, сондай-ақ мүше мемлекеттердің жалпы ақпараттық ресурстары мен ақпараттық ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету;
6) ақпаратты электронды түрде құжаттаудың жалпы инфрақұрылымын құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
5. Интеграцияланған жүйе шеңберінде:
1) мүше мемлекеттердің заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, халықаралық шарттарды және Одақтың құқығын құрайтын актілерді;
2) дерекқорды бір орталықтан жүргізу арқылы немесе мүше мемлекеттердің ақпараттық өзара іс-қимылы негізінде қалыптасатын нормативтік-анықтамалық ақпаратты;
3) мүше мемлекеттер мен Комиссияның ақпараттық өзара іс-қимылы негізінде қалыптасатын тізілімдерді;
4) ресми статистикалық ақпаратты;
5) мүше мемлекеттердің ақпараттық-әдістемелік, ғылыми, техникалық және өзге де анықтамалық-талдамалық материалдарын;
6) интеграцияланған жүйенің дамуына қарай жалпы ақпараттық ресурстар құрамына кіретін өзге де ақпаратты қамтитын жалпы ақпараттық ресурстар қалыптастырылады.
6. Мүше мемлекеттердің интеграцияланған жүйесін қалыптастырған кезде мынадай қағидаттар негізге алынады:
1) мүдделердің ортақтығы және өзара пайда;
2) деректердің жалпы моделі негізінде интеграцияланған жүйе үшін ақпарат дайындаудың бірыңғай әдіснамалық тәсілдерін қолдану;
3) ақпараттың қолжетімділігі, шынайылығы және толықтылығы;
4) ақпараттың уақтылы берілуі;
5) заманауи ақпараттық технологиялар деңгейіне сәйкес келу;
6) мүше мемлекеттердің ақпараттық жүйелерімен интеграция;
7) интеграцияланған жүйеде қамтылған ақпараттық ресурстарға мүше мемлекеттердің тең қол жеткізулерін қамтамасыз ету;
8) ұсынылған ақпаратты, оны ұсынған мүше мемлекетке залал келтірмей, мәлімделген мақсаттарға ғана пайдалану;
9) ақпаратты мәлімделген мақсаттарға сәйкес пайдалану талабының сақталуын ескере отырып, пайдаланушылардың барлық санаттары үшін интеграцияланған жүйенің ашық болуы;
10) уәкілетті органдар, уәкілетті органдар мен Комиссия арасында интеграцияланған жүйені пайдалану арқылы ақпарат алмасуды ақысыз негізде жүзеге асыру.
7. Нормативтік-анықтамалық ақпарат құрамына кіретін анықтамалықтар мен сыныптауыштардың құрамын және мазмұнын Шартқа және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті органдармен келісім бойынша Комиссия айқындайды.
8. Интеграцияланған жүйені қалыптастырған кезде, мүше мемлекеттер халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды басшылыққа алады.
9. Жалпы ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, Одақтың жалпы процестерінің іске асырылуын қамтамасыз ету және интеграцияланған жүйе құралдарын пайдалана отырып, Одақ шеңберінде мемлекеттік бақылаудың алуан түрлерін тиімді жүргізу мақсатында, уәкілетті органдар, уәкілетті органдар мен Комиссия, сондай-ақ Комиссия мен интеграциялық бірлестіктер, халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың электрондық нысаны қамтамасыз етіледі. Одақтың шеңберіндегі жалпы процестер тізбесін, Одақ шеңберінде жалпы процестерді іске асыру технологиясын, өзара іс-қимыл процесінде хабарламалар (сұратулар) жіберу және алу тәртібі мен регламентін, электронды түрдегі құжаттарға (электрондық құжаттар) қойылатын талаптарды Шартта белгіленген тәртіппен Комиссия айқындайды.
10. Өзара іс-қимыл процесінде электрондық нысанда ұсынылатын ақпарат тізбесі Шартпен немесе Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен айқындалады.
11. Уәкілетті органдарға мәліметтер ұсыну бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілер мен жеке тұлғаларға тең жағдай жасау, уәкілетті органдар, шаруашылық жүргізуші субъектілер мен жеке тұлғалар арасындағы өзара іс-қимылдың электрондық нысандарын келісілген түрде дамыту мақсатында Комиссия өзара іс-қимылдың көрсетілген түрлері үшін электронды түрдегі құжаттарға (электрондық құжаттар), өзара іс-қимыл процесінде хабарламалар (сұратулар) жіберу және алу тәртібіне қойылатын Одақ шеңберінде біріздендірілген, бірыңғай талаптарды айқындауға немесе оларды қолдануды ұсынуға құқылы.
12. Электрондық құжаттарды пайдалана отырып, электрондық өзара іс-қимыл кезінде, сондай-ақ оларды ақпараттық жүйелерде өңдеу барысында мынадай қағидаттар сақталынады:
1) егер мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес құжаттың қағаз жеткізгіште ресімделуі талап етілетін болса, онда Комиссия кеңесі бекіткен құжаттау қағидалары мен талаптары бойынша ресімделген электрондық құжат осы қағидалар мен талаптарға сәйкес келеді деп есептеледі;
2) Комиссия кеңесі бекіткен құжаттау қағидалары мен талаптары бойынша ресімделген электрондық құжат қолтаңбамен немесе қолтаңба және мөрмен расталған қағаз жеткізгіштегі осыған ұқсас құжатпен заңды күші бойынша тең деп танылады;
3) құжат электрондық құжат нысанында жасалған негіздемесімен ғана заңды күшінен айырылуы мүмкін емес;
4) электрондық құжаттардан мәліметтер алған кезде, оның ішінде оларды ақпараттық жүйелерде өңдеу мақсатымен форматтары мен құрылымдарын қайта жасау барысында олардың электрондық құжаттарда көрсетілген ұқсас мәліметтермен бірдейлігі қамтамасыз етіледі;
5) халықаралық шарттарда және Одақтың құқығын құрайтын актілерде немесе мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларда, есепке алу жүйесін пайдалана отырып, электрондық құжаттардың қағаз көшірмелерін қалыптастыру қамтамасыз етілуі мүмкін.
13. Трансшекаралық сенім кеңістігін дамытуды мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимыл жасау кезінде заңды күші бар электрондық құжаттар мен сервистерді пайдалану стратегиясы мен тұжырымдамасына сәйкес Комиссия мен мүше мемлекеттер жүзеге асырады.
14. Электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы мемлекеттік құрамдауыштар мен интеграциялық құрамдауыштан тұрады.
15. Электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы интеграциялық құрамдауышының операторы Комиссия болады.
16. Электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы мемлекеттік құрамдауыштарының операторлары мүше мемлекеттер немесе мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес олар айқындаған ұйымдар болады.
17. Электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымының интеграциялық құрамдауышы келісілген стандарттар мен инфрақұрылымдық шешімдер негізінде трансшекаралық электрондық құжат айналымын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін трансшекаралық сенім кеңістігі элементтерінің жиынтығын білдіреді.
18. Трансшекаралық сенім кеңістігін құруға, оны дамыту мен жұмыс істеуіне қойылатын талаптарды уәкілетті органдармен өзара іс-қимылы жасай отырып Комиссия әзірлейді және Комиссия бекітеді. Электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы құрамдауыштарының көрсетілген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексеруді мүше мемлекеттердің өкілдерінен және Комиссиядан құралатын комиссия жүзеге асырады. Комиссияны қалыптастыру және оны қызметін жүзеге асыру тәртібін қамтитын Комиссия туралы ережені Комиссия Кеңесі айқындайды.
19. Электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымының операторлары ұсынған сервистерді, оның ішінде сенім білдірілген үшінші тараптың сервистерін пайдалана отырып, электрондық құжаттарды қорғаудың түрлі тетіктерін пайдаланатын, электрондық өзара іс-қимыл жасайтын субъектілер арасында электрондық құжаттармен ақпарат алмасу қамтамасыз етіледі.
20. Сенім білдірілген үшінші тараптың сервистерін мүше мемлекеттер мен Комиссия ұсынады. Уәкілетті органдар немесе олар айқындаған (аккредиттелген) ұйымдар мүше мемлекеттердің сенім білдірілген үшінші тарапы сервистерінің операторлары болып табылады. Комиссияның сенім білдірілген үшінші тарапы сервистерінің операторы Комиссия болып табылады. Мүше мемлекеттер электрондық өзара іс-қимыл жасайтын субъектілердің сенім білдірілген үшінші тараптар көрсететін қызметтерді пайдалану құқығын қамтамасыз етеді.
21. Сенім білдірілген үшінші тараптың негізгі міндеттері:
1) электрондық құжаттарды және тіркелген уақытта ақпараттық өзара іс-қимыл жасайтын субъектілердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын (электрондық қолтаңбаларын) заңдастыруды жүзеге асыру;
2) халықаралық (трансшекаралық) электрондық құжаттар алмасуда сенім кепілдіктерін қамтамасыз ету.
3) мүше мемлекеттердің заңнамасына және Комиссия актілеріне сәйкес шығыс және (немесе) кіріс электрондық құжаттарда электрондық цифрлық қолтаңбаларды (электрондық қолтаңбаларды) қолданудың заңдылығын қамтамасыз ету.
22. Ақпараттық ресурстарды жүргізу және пайдалану тәртібі есепке алу жүйесі шеңберінде мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.
23. Электрондық құжаттарды пайдалану арқылы электрондық нысандағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету бөлігінде Комиссияның негізгі міндеттері:
1) Комиссияның интеграциялық сегментіндегі ақпаратты қорғаудың мүше мемлекеттер үшін өзара қолайлы деңгейін қамтамасыз ету;
2) есепке алу жүйелеріндегі ақпараттың қорғалуын және ақпараттық өзара іс-қимыл субъектілерінің қол жеткізу құралдарын қоса алғанда, электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін шешімдер әзірлеу;
3) мүше мемлекеттердің мемлекетаралық стандарттары, халықаралық стандарттар мен ұсынымдар негізінде электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы құрамдауыштарының құрамын айқындау;
4) электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымы шеңберінде үлгілік ақпараттық-технологиялық шешімдер мен бағдарламалық-аппараттық кешендерді әзірлеу мен сынамалауды үйлестіру;
5) электронды түрдегі ақпаратты құжаттау қағидаларын, электронды түрдегі ақпаратты құжаттаудың жалпы инфрақұрылымының жекелеген құрамдауыштары мен қызметтерінің жұмыс регламенттерін, сондай-ақ оларды қолдану бойынша электрондық өзара іс-қимыл жасайтын субъектілерге арналған ұсынымдар әзірлеуді үйлестіру;
6) Одақ шеңберінде ақпараттық өзара іс-қимыл процесінде электрондық құжаттарды пайдаланған кезде мүше мемлекеттердің заңнамасын үндестіру, сондай-ақ есепке алу жүйелері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл интерфейстерін біріздендіру үшін ұсынымдар дайындау;
7) трансшекаралық сенім кеңістігін қалыптастырудың жекелеген мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің үшінші тараптармен өзара іс-қимылын үйлестіру.
24. Мүше мемлекеттер заңнамасының талаптарына сәйкес, ақпараттық жүйелерде, ақпараттық ресурстарда және уәкілетті органдардың ақпараттық-телекоммуникациялық желілерінде қамтылған ақпараттың қорғалуын мүше мемлекеттер қамтамасыз етеді.
25. Мүше мемлекеттер заңнамасымен мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таралуы (қолжетімділігі) шектеулі мәліметтерге жатқызылған ақпаратпен алмасу мүше мемлекеттер заңнамасының оларды қорғау жөніндегі талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.
26. Мүше мемлекеттер заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таралуы (қолжетімділігі) шектеулі мәліметтерге жататын мәліметтерді қамтитын ақпаратпен алмасу тәртібін Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттар белгілейді.
27. Интеграцияланған жүйенің жұмыс істеуін және Комиссия әзірлейтін және Комиссия кеңесі бекітетін интеграцияланған жүйенің даму стратегиясын ескере отырып, оның мүше мемлекеттердің ұлттық сегменттеріне тапсырыс берушілермен өзара іс-қимыл барысында дамуын қамтамасыз ететін Комиссия интеграцияланған жүйе құруды үйлестіреді. Уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл барысында Комиссия әзірлеп, Комиссия кеңесі бекітетін жоспарлар (Комиссияның интеграциялық сегментін құру, оның жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету жұмыстарының мерзімдері мен құнын көрсетіле отырып) негізінде интеграцияланған жүйені құру, оның жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылады.
28. Комиссияның интеграциялық сегменті, ақпараттық жүйелер мен Комиссияның ақпараттық ресурстары сияқты интеграцияланған жүйенің құрамдас бөліктеріне қатысты Комиссия меншік иесінің құқықтарын жүзеге асырады және міндеттерін орындайды, сондай-ақ оларды жобалау, әзірлеу, енгізу, жұмыстардың нәтижелерін қабылдау және одан әрі сүйемелдеуді ұйымдастырады.
29. Тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тапсырыстарды (сатып алуларды), тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тапсырыстар (сатып алулар) жүзеге асырылған кезде берілген конкурстық ұсыныстарды бағалауды және осы Хаттаманың 28-тармағында көрсетілген интеграцияланған жүйенің құрамдас бөліктеріне қатысты мүліктік құқықтарды сатып алуды Комиссия жүзеге асырады.
30. Интеграцияланған жүйе сегменттерін құру, дамыту және олардың жұмыс істеуі кезінде қолданылатын ұйымдастырушылық және техникалық шешімдердің біріздендірілуін қамтамасыз ету, ақпараттың тиісінше қорғалу деңгейін қолдау мақсаттары үшін Комиссия техникалық, технологиялық, әдістемелік және ұйымдастыру құжаттарының жобаларын әзірлеуді үйлестіріп, оларды бекітеді.
31. Мүше мемлекет ұлттық сегментінің құқықтарын жүзеге асыратын және оны құру, жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету міндеттерін орындайтын ұлттық сегментке тапсырыс берушіні мүше мемлекет айқындайды.
32. Мүше мемлекеттер интеграцияланған жүйені тең пайдалану құқығына ие.
33. Осы Хаттаманың 28-тармағында көрсетілген интеграцияланған жүйенің құрамдас бөліктерін құру, дамыту және олардың жұмыс істеуі жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру Осы Хаттаманың 27-тармағында көрсетілген жоспарларды іске асыру үшін қажетті көлемдерді негізге ала отырып – бұл ретте оларды құру және дамыту жұмыстарына қатысты, Одақ бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
34. Мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерін, сондай-ақ мүше мемлекеттердің ұлттық сегменттерін құру, дамыту және олардың жұмыс істеуі жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру уәкілетті органдар қызметін қамтамасыз етуге мүше мемлекеттердің бюджеттерінде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.
________________
Еуразиялық экономикалық
одақ туралы шартқа
№ 4 ҚОСЫМША
Еуразиялық экономикалық одақтың ресми статистикалық
ақпаратын қалыптастыру және оны тарату тәртібі туралы
ХАТТАМА
1. Осы хаттама Одақтың ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру және тарату тәртібін айқындау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 24-бабына сәйкес әзірленді.
2. Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«мүше мемлекеттердің ресми статистикалық ақпараты» − ұлттық статистикалық жұмыстар бағдарламаларының шеңберінде және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес уәкілетті органдар қалыптастыратын статистикалық ақпарат;
«Одақтың ресми статистикалық ақпараты» − мүше мемлекеттердің ресми статистикалық ақпараты, халықаралық ұйымдардың ресми статистикалық ақпараты және мүше мемлекеттердің заңнамасымен тыйым салынбаған көздерден алынатын өзге де ақпараттар негізінде Комиссия қалыптастыратын статистикалық ақпарат;
«уәкілетті органдар» – мүше мемлекеттердің ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру функциялары жүктелген ұлттық (орталық) банктерді қоса алғанда, мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары.
3. Мүше мемлекеттерді және Комиссияны өзара саудада мүше мемлекеттер арасында өтетін тауарлар жөніндегі ресми статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органдар басқа мүше мемлекеттермен тауарлармен өзара сауда статистикасын жүргізуді жүзеге асырады.
4. Комиссия бекіткен әдіснамаға сәйкес уәкілетті органдар тауарлармен өзара сауда статистикасын жүргізуді жүзеге асырады.
5. Уәкілетті органдар статистикалық көрсеткіштер тізбесіне сәйкес мүше мемлекеттердің ресми статистикалық ақпаратын Комиссияға ұсынады.
6. Мүше мемлекеттердің статистикалық көрсеткіштерінің тізбесін, ресми статистикалық ақпараттың мерзімдері мен форматтарын уәкілетті органдармен келісім бойынша Комиссия бекітеді.
7. Комиссия уәкілетті органдардан статистикалық көрсеткіштер тізбесіне енгізілмеген мүше мемлекеттердің өзге да ресми статистикалық ақпаратын сұратуға құқылы.
8. Уәкілетті органдар мүше мемлекеттердің ресми статистикалық ақпараттарын толық, шынайы және уақтылы Комиссияға ұсынуларын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап, ресми статистикалық ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынудың мүмкін еместігі жөнінде Комиссияға хабарлайды.
9. Осы Хаттаманың ережелері мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес, мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таратылуы (қолжетімділігі) шектеулі мәліметтерге жататын мүше мемлекеттердің ресми статистикалық ақпараттарына таратылмайды.
10. Одақтың ресми статистикалық ақпаратын жинауды, жинақтауды, жүйелендіруді, талдауды және таратуды, уәкілетті органдардың сұратулары бойынша көрсетілген ақпаратты ұсынуды, сондай-ақ осы Хаттама шеңберінде уәкілетті органдардың статистика саласындағы ақпараттық және әдіснамалық өзара іс-қимылын үйлестіруді Комиссия жүзеге асырады.
11. Мүше мемлекеттердің Комиссияға ұсынатын ресми статистикалық ақпараты негізінде жасалатын Одақтың ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру әдіснамасын Комиссия әзірлеп, бекітеді.
12. Уәкілетті органдардың, сыныптауыштар мен әдіснаманы қоса алғанда, халықаралық деңгейде салыстырылатын бірыңғай стандарттарды қолданулары бойынша тиісті ұсынымдар қабылдау арқылы мүше мемлекеттердің ресми статистикалық ақпараттарын салыстыруды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды Комиссия қабылдайды.
13. Комиссияның ресми басылымдарында жариялау және Интернет желісіндегі Одақтың ресми сайтына орналастыру арқылы Одақтың ресми статистикалық ақпаратын таратуды Комиссия бекітетін статистикалық жұмыстар бағдарламасына сәйкес Комиссия жүзеге асырады.
14. Комиссия уәкілетті органдармен бірлесіп статистика саласындағы интеграциялық даму бағдарламаларын әзірлейді және бекітеді.
________________
Еуразиялық экономикалық
одақ туралы шартқа
№ 5 ҚОСЫМША
Достарыңызбен бөлісу: |