Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы
ХАТТАМА
І. Жалпы ережелер
1. Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ІХ бөліміне сәйкес әзірленді және Одақтың кедендік аумағында кедендік-тарифтік реттеу шараларын қолдану қағидаттары мен тәртібін айқындайды.
2. Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«ұқсас тауар» - өзінің функционалдық мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары бойынша тарифтік квота шеңберінде Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауармен толықтай сәйкес келетін тауар немесе (мұндай толықтай ұқсас тауар болмаса) тарифтік квота шеңберінде Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың сипаттамаларына жақын, оны тарифтік квота шеңберінде Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың мақсатты тағайындалуына ұқсас функционалдық мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін сипаттамаларға ие және коммерциялық жағынан онымен алмастырылуы мүмкін тауар;
«үшінші елдердің маңызды өнім берушілері» - Одақтың кедендік аумағына тауар импортында 10 пайыз және одан астам үлеске ие тауар жеткізушілері;
«тарифтік квота көлемі» - тарифтік квота шеңберінде әкелуге бөлінген тауардың заттай немесе құндық мәніндегі тауар көлемі;
«алдағы кезең» - Одақтың кедендік аумағында тауарлардың тұтынылу көлеміне және Одақтың кедендік аумағында ұқсас тауарлар өндірісінің көлеміне талдау жүргізілетін кезең;
«импорттың нақты көлемі» – шектеулері жоқ жағдайдағы импорттың көлемі;
«ауылшаруашылық тауарлары» – ЕАЭО СЭҚ ТН-ның 1 - 24-топтарында сыныпталған тауарлар, сондай-ақ маннит, D-глюцит (сорбит), эфир майлары, казеин, альбуминдер, желатин, декстриндер, түрлендірілген крахмалдар, сорбит, терілер, былғары, мамық-үлбір, шитті жібек, жібек қалдықтары, мал жүні, шитті мақта, мақта қалдықтары, түтілген мақта талшығы, шитті зығыр және өңделмеген түбіртек сияқты тауарлар;
«тарифтік квота» - үшінші елдерден шығарылатын ауылшаруашылық тауарларының жекелеген түрлерін Одақтың кедендік аумағына әкелуді реттеудің белгілі бір кезең ішінде белгіленген көлем (заттай немесе құндық мәніндегі) шегінде және осы көлемнен артық әкелінетін тауарларға қатысты ЕЭЭО БКТ кедендік әкелу баждарының сараланған мөлшерлемелерін қолдануды көздейтін шарасы.
ІІ. Тарифтік жеңілдіктер
3. Одақтың кедендік аумағына үшінші елдерден әкелінетін (әкелінген):
1) осы капиталды (қорды) қалыптастыру үшін құрылтай құжаттарында белгіленген мерзімдер шегінде шетел құрылтайшысының жарғылық (қалыптасушы) капиталдағы (қордағы) салымы ретіндегі тауарлар. Мұндай тауарларға қатысты тарифтік жеңілдіктер қолдану тәртібін Комиссия белгілейді;
2) ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ Комиссия бекітетін тізбеге сәйкес ғарыш аппараттарын ұшыру бойынша қызметтер көрсету шеңберінде әкелінетін тауарларға;
3) мүше мемлекеттердің кемелері, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңды және (немесе) жеке тұлғалары жалға алған (жалдаған) кемелері теңіз кәсіпшілігінің өнімдеріне;
4) мүше мемлекеттердің валюталары, үшінші елдердің валюталары (нумизматтық мақсаттар үшін пайдаланылатыннан басқа), сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес бағалы қағаздарға;
5) гуманитарлық көмек ретінде және (немесе) дүлей зілзалалардың, авариялар мен апаттардың салдарын жою мақсатында әкелінетін тауарларға;
6) үшінші елдер, халықаралық ұйымдар, үкіметтер желісі бойынша қайырымдылық мақсатында әкелінетін және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өтеусіз көмек (жәрдемдесу), оның ішінде техникалық көмек (жәрдем) көрсету ретінде танылатын, акцизделетіндерден басқа (медициналық мақсаттарға арнайы арналған жеңіл автокөліктерді қоспағанда) тауарларға қатысты кедендік әкелу бажын төлеуден босату түрінде тарифтік жеңілдіктер беріледі.
4. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта, Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында, Комиссия актілерінде белгілеген өзге де жағдайларда, Одақтың кедендік аумағына үшінші елдерден әкелінетін (әкелінген) тауарларға қатысты тарифтік жеңілдіктер берілуі мүмкін.
ІІІ. Тарифтік квоталарды қолдану шарттары мен тетігі
5 . Үшінші елдерден шығарылатын және Одақтың кедендік аумағына әкелінетін ауылшаруашылық тауарларының жекелеген түрлеріне қатысты тарифтік квотаның көлемін Комиссия белгілейді және мұндай тауарды Одақтың кедендік аумағында тұтыну көлемі мен ұқсас тауарды Одақтың кедендік аумағында өндіру көлемі арасындағы айырмадан аспауы тиіс.
Бұл ретте, егер бір мүше мемлекет үшін ұқсас тауарды өндіру көлемі осындай тауарды тұтыну көлеміне тең немесе одан асып кететін болса, онда мұндай айырма Одақтың кедендік аумағы үшін тарифтік квотаның көлемін есептеу кезінде назарға алынбауы мүмкін.
6. Егер Одақтың кедендік аумағында ұқсас тауарды өндіру көлемі осындай тауарды Одақтың кедендік аумағында тұтыну көлеміне тең немесе одан асып кететін болса, тарифтік квотаны белгілеуге жол берілмейді.
7. Тарифтік квотаны белгілеу туралы шешім қабылдаған кезде мынадай шарттар сақталуы тиіс:
1) тарифтік квотаны (үшінші елдер арасында тарифтік квота көлемін бөлу туралы мәселенің қаралу нәтижесіне қарамастан) белгілі бір мерзімге белгілеу;
2) барлық мүдделі үшінші елдерді оларға бөлінген тарифтік квотаның көлемі жөнінде хабардар ету (егер тарифтік квота көлемін үшінші елдер арасында бөлу туралы шешім қабылданған жағдайда);
3) тарифтік квотаны белгілеу, оның қолданылу мерзімі мен көлемі, оның ішінде үшінші елдерге бөлінген тарифтік квотаның көлемі (тарифтік квота көлемін үшінші елдер арасында бөлу туралы шешім қабылданған жағдайда), сондай-ақ тарифтік квота көлемі шегінде әкелінетін тауарларға қатысты қолданылатын кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері туралы ақпаратты жариялау.
8. Мүше мемлекеттің сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында тарифтік квотаның көлемін бөлу олардың тарифтік квота алуға қатысты тең құқығына және меншік нысанының, тіркеу орнының немесе нарықтағы жағдайының белгілері бойынша кемсітпеуге негізделеді.
9. Одақтың кедендік аумағы үшін тарифтік квотаның көлемін есептеу кезінде назарға алынған әрбір мүше мемлекеттегі тұтыну және өндіру көлемдері арасындағы айырма шегінде осы Хаттаманың 5 және 6-тармақтарына сәйкес мүше мемлекеттер арасында тарифтік квотаның көлемі бөлінеді.
Бұл ретте Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болып табылатын мүше мемлекет үшін тарифтік квотаның көлемі мұндай мүше мемлекеттің Дүниежүзілік сауда ұйымының алдындағы міндеттемелеріне сүйене белгіленуі мүмкін.
10. Комиссия немесе Комиссия актісіне сәйкес – егер Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда, Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында немесе Жоғарғы кеңес актілерінде өзгеше белгіленбесе, – мүше мемлекет үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен консультациялар жүргізу нәтижелері негізінде үшінші елдер арасында тарифтік квота көлемін бөлуді жүзеге асырады.
Үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен консультациялар нәтижелері бойынша тарифтік квота көлемін бөлу мүмкін болмаған жағдайда, алдағы кезең ішінде осы мемлекеттерден тауарлар жеткізілу көлемін ескере отырып, үшінші елдер арасында тарифтік квотаның көлемін бөлу туралы шешім қабылданады.
Алдағы кезең ретінде, әдетте, импорттың нақты көлемдерін көрсететін ақпарат қолжетімді болатын кез келген алдағы 3 жыл қабылданады.
Мұндай алдағы кезеңді таңдау мүмкін болмаған жағдайда, тарифтік квота көлемі импорттың нақты көлемін неғұрлым ықтимал бөлуді бағалау негізінде бөлінеді.
11. Тауарлар тарифтік квотаның қолданылу кезеңі ішінде жеткізілген жағдайда, кез келген үшінші елге оған бөлінген тарифтік квота көлемін оның толық пайдалануына кедергі болатын шарттар және (немесе) формальдылықтар белгіленбейді.
12. Тауарды жеткізуге мүдделі кез келген үшінші елдің өтініші бойынша Комиссия:
1) тарифтік квотаның бөлінген көлемін қайта бөлу қажеттігі;
2) таңдап алынған алдағы кезеңді өзгерту;
3) тарифтік квотаның бөлінген көлеміне немесе оны шектеусіз пайдалануға қатысты шарттарды, формальдылықтарды немесе бір жақты тәртіппен белгіленген кез келген басқа да ережелерді алып тастау қажеттігіне қатысты мәселелер бойынша консультациялар жүргізеді.
13. Тарифтік квоталар белгіленуіне байланысты, Комиссия:
1) тауарды жеткізуге мүдделі үшінші елдің өтініші бойынша сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында тарифтік квотаның көлемін бөлу тәртібі мен әдісіне және лицензиялар берілген тарифтік квотаның көлеміне қатысты ақпарат береді;
2) тарифтік квотаның бөлінген көлемі шеңберінде жеткізуге арналған тауардың жалпы саны немесе құны, тарифтік квотаның қолданылу мерзімінің басталатын және аяқталатын күндері туралы, сондай-ақ олардың кез келген өзгерістері туралы ақпаратты жариялайды.
14. Тарифтік квотаның көлемін үшінші елдер арасында бөлу жағдайларынан басқа, Комиссия лицензиялардың тауарды белгілі бір үшінші елден импорттау үшін пайдаланылуын талап етуге құқылы емес.
________________
Еуразиялық экономикалық
одақ туралы шартқа
№ 7 ҚОСЫМША
Үшінші елдерге қатысты
тарифтік емес реттеу шаралары туралы
ХАТТАМА
І. Жалпы ережелер
1. Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ІХ бөліміне сәйкес әзірленді және үшінші елдерге қатысты Одақтың тарифтік емес реттеу шараларын қолдану тәртібі мен жағдайларын айқындайды.
Осы Хаттаманың қолданылуы техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды, экспорттық бақылау және әскери-техникалық ынтымақтастық саласында шараларды қолдану мәселелеріне қатысты қатынастарға таралмайды.
2. Осы Хаттамада пайдаланылған ұғымдар мыналарды білдіреді:
«автоматты түрде лицензиялау (қадағалау)» - тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импортының серпінін мониторингілеу мақсатында белгіленген уақытша шара;
«бас лицензия» – сыртқы сауда қызметіне қатысушыға лицензияда айқындалған санымен, лицензияланатын жекелеген тауар түрінің экспортына және (немесе) импортына құқық беретін лицензия;
«тыйым салу» - тауарлардың жекелеген түрлерін әкелуге және (немесе) әкетуге тыйым салатын шара;
«импорт» - кері әкету туралы міндеттемесінсіз тауарды үшінші елдерден Одақтың кедендік аумағына әкелу;
«айрықша лицензия» – сыртқы сауда қызметіне қатысушыға жекелеген тауар түрінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық беретін лицензия;
«айрықша құқық» - сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға айрықша лицензияның негізінде берілетін тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импортын жүзеге асыруға арналған құқық;
«сандық шектеулер» - квоталар белгілеу жолымен енгізілетін тауарлардың сыртқы саудасын сандық шектеу шаралары;
«лицензиялау» - лицензиялар және (немесе) рұқсаттар беру тәртібін белгілейтін әкімшілік шаралар кешені;
«лицензия» - тауарлардың экспортын және (немесе) импортын жүзеге асыру құқығына берілетін арнайы құжат;
«бір жолғы лицензия» – мәні лицензияланатын тауар болып табылатын сыртқы сауда мәмілесі негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін және белгілі бір санымен осы тауардың экспортына және (немесе) импортына құқық беретін лицензия;
«рұқсат» - мәні оған қатысты автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) белгіленген тауар болып табылатын сыртқы сауда мәмілесі негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін арнайы құжат;
«рұқсат құжаты» - Комиссия актісінде белгіленген жағдайларда сыртқы сауда қызметіне қатысушыға немесе жеке тұлғаға берілетін, тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге құқық беретін құжат;
«уәкілетті орган» - лицензиялар және (немесе) рұқсаттар беру құқығы берілген мүше мемлекеттің мемлекеттік атқарушы билік органы;
«сыртқы сауда қызметіне қатысушылар» - мүше мемлекеттердің бірінде тіркелген және осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар болып табылмайтын, заңды тұлғалар мен ұйымдар, мүше мемлекеттердің біреуінің аумағында тұрақты немесе басым түрдегі тұрғылықты жері бар, осы мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе онда тұрақты тұру құқығына ие немесе осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалар;
«экспорт» - кері әкелу туралы міндеттемесінсіз тауарды Одақтың кедендік аумағынан үшінші елдердің аумағына әкету;
ІІ. Тарифтік емес реттеудің бірыңғай
шараларын енгізу және қолдану
3. Одақтың кедендік аумағында үшінші елдермен жасалатын саудада бірыңғай тарифтік емес реттеу шаралары (бұдан әрі - шаралар) қолданылады.
4. Тарифтік емес реттеу шараларын енгізу, қолдану, ұзарту және алып тастау туралы шешімдерді Комиссия қабылдайды.
Оларға қатысты тарифтік емес реттеу шараларын қолдану туралы шешім қабылданған тауарлар үшінші елдермен жасалатын саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын бірыңғай тауарлар тізбесіне (бұдан әрі - бірыңғай тауарлар тізбесі) енгізіледі.
Сондай-ақ оларға қатысты Комиссия арнайы қорғау шарасы ретінде тарифтік квота немесе импорттық квота белгілеу және лицензиялар беру туралы шешім қабылдаған тауарлар бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізіледі.
5. Шараларды енгізу немесе алып тастау туралы ұсынысты мүше мемлекет, сол сияқты Комиссия да бере алады.
6. Шараларды енгізу, қолдану, ұзарту немесе алып тастау туралы Комиссия актісі дайындалған кезде, Комиссия мұндай актіні қабылдау экономикалық мүдделерін қозғауы мүмкін мүше мемлекеттердің сыртқы сауда қызметіне қатысушыларды Комиссияға осы мәселе бойынша ұсыныстар мен ескертулер беруге болатындығы жөнінде хабардар етеді.
7. Консультациялар жүргізудің тәсілі мен нысанын, сондай-ақ өз ұсыныстары мен ескертулерін берген мүдделі тұлғалардың назарына консультациялардың жүргізілу барысы мен нәтижелері туралы ақпараттың жеткізілу тәсілі мен нысанын Комиссия айқындайды.
Сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын Комиссия актісін жарамсыз деп тану үшін консультациялардың жүргізілмеуі негіз бола алмайды.
8. Комиссия мынадай шарттардың кез келгені:
1) сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын Комиссия актісінің жобасында көзделген шаралар туралы, ол күшіне енген сәтке дейін, белгілі болмауы тиіс, осыған байланысты консультациялар жүргізу осындай актіде көзделген мақсаттарға қол жеткізбеуге алып келеді немесе алып келуі мүмкін;
2) консультациялар жүргізу сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын Комиссия актісі қабылдауды кідіртуге алып келеді, бұл мүше мемлекеттердің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келуіне әкеп соқтыруы мүмкін;
3) сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын Комиссия актісінің жобасында айрықша құқық беру көзделетін шарттар орын алған кезде консультацияларды жүргізбеу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
9. Шараларды енгізу немесе алып тастау туралы ұсыныстарды енгізу тәртібін Комиссия айқындайды.
10. Комиссияның шараны енгізу туралы актісі шаралардың сақталуын кеден органдары бақылайтын оларға орналастырылған кедендік рәсімдерді, сондай-ақ оларға орналастырылған тауарларға қатысты шара енгізілетін, жол берілмейтін кедендік рәсімдерді айқындауы мүмкін.
ІІІ. Тауарлар экспорты мен импортына тыйым салулар
және олардың сандық шектеулері
11. Тауарлар экспорты мен импорты, осы Ереженің 12-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салулар мен сандық шектеулерді қолданбай жүзеге асырылады
12. Айрықша жағдайларда мыналар:
1) Одақтың ішкі нарығы үшін айтарлықтай маңызды болып табылатын азық-түліктік немесе өзге де тауарлардың ішкі нарығында аса жетіспеушілікті болдырмау немесе азайту үшін экспортқа уақытша тыйым салулар немесе уақытша сандық шектеулер;
2) халықаралық саудада тауарларды сыныптау, сұрыптау және сату стандарттарын немесе қағидаларын қолданумен байланысты қажетті импорт пен экспортқа тыйым салулар немесе сандық шектеулер;
3) егер мыналар:
Одақ аумағынан шығарылатын ұқсас тауар өндірісін немесе сатуды шектеу;
егер Одақта ұқсас тауардың айтарлықтай өндірісі болмаса, импорттық тауармен тікелей алмастырыла алатын Одақ аумағынан шығарылатын тауар өндірісін немесе сатуды шектеу;
Одақ аумағынан шығарылатын ұқсас тауардың уақытша артығын тұтынушылардың кейбір топтарына тегін немесе нарықтық құнынан төмен бағамен осы артық тауарды беру арқылы нарықтан алып тастау;
егер Одақта ұқсас тауардың айтарлықтай өндірісі болмаса, импорттық тауармен тікелей алмастырылуы мүмкін Одақ аумағынан шығарылатын тауардың уақытша артығын тұтынушылардың кейбір топтарына тегін немесе нарықтық құнынан төмен бағамен осы артық тауарды беру арқылы нарықтан алып тастау қажет болса, кез келген түрде әкелінетін су биологиялық ресурстарының импортын шектеулер белгіленуі мүмкін.
13. Комиссия Одақ аумағында сандық шектеулерді енгізген жағдайда, экспорттық және (немесе) импорттық квоталар қолданылады.
Мыналарға:
экспорт кезінде – мүше мемлекеттердің аумағынан шығарылатын тауарларға ғана қатысты;
импорт кезінде – үшінші елдерден шығарылатын тауарларға ғана қатысты сандық шектеулер қолданылады.
Егер мұндай сандық шектеулер барлық үшінші елдерден келетін импортқа немесе барлық үшінші елдерге шығарылатын экспортқа қатысты қолданылмайтын болса ғана, қандай да бір үшінші ел аумағынан импортталатын тауарға немесе қандай да бір ел аумағына арналған тауарлар экспортына қатысты сандық шектеулер қолданылмайды. Мұндай жағдай халықаралық шарттарға сәйкес мүше мемлекеттердің міндеттемелерін сақтауға кедергі жасамайды.
14. Мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде Комиссия бекітетін Одақтың ішкі нарығы үшін айтарлықтай маңызды болып табылатын тауарлар тізбесіне енгізілген және оларға қатысты айрықша жағдайларда экспортты уақытша шектеулер немесе тыйым салулар енгізілуі мүмкін тауарларға ғана қатысты экспорттың тыйым салулары немесе сандық шектеулері енгізілуі мүмкін.
15. Осы Хаттаманың 12-тармағының 1-тармақшасына сәйкес Одақтың ішкі нарығы үшін айтарлықтай маңызды болып табылатын ауылшаруашылық тауарларының экспортына тыйым салу немесе сандық шектеу енгізілген кезде, Комиссия:
Одақ аумағынан осындай ауылшаруашылық тауарларын импорттайтын үшінші елдердің азық-түліктік қауіпсіздігі үшін тыйым салудың немесе сандық шектеудің салдарын ескереді;
экспортқа тыйым салуды немесе сандық шектеуді қолданудың сипаты мен ұзақтығы жөнінде Дүниежүзілік сауда ұйымының Ауыл шаруашылығы комитетіне алдын ала хабарлайды;
кез келген импорттаушы елдің өтініші бойынша қаралатын шараға қатысты мәселелер бойынша консультациялар ұйымдастырады немесе барлық қажетті ақпараттарды береді.
Осы тармақта оларға қатысты экспортқа тыйым салуды немесе сандық шектеуді енгізуді жоспарлаған мүше мемлекеттер аумағынан шығарылатын ауылшаруашылық тауарының үлесі импортында кемінде 5 пайызды құрайтын ел импорттаушы мемлекет деп түсініледі.
16. Комиссия мүше мемлекеттер арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың көлемдерін бөледі және мүше мемлекеттердің сыртқы сауда қызметіне қатысушылары арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың үлестерін бөлу әдісін айқындайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда, үшінші елдер арасында импорттық квота көлемін бөледі.
Мүше мемлекеттердің ұсыныстарын ескере отырып, сандық шектеулерді енгізу арқылы шешу болжанатын міндеттерге байланысты, мүше мемлекеттердің әрқайсысындағы тауарлар өндірісі және (немесе) оларды тұтыну көлемдеріне сүйене отырып, Комиссия мүше мемлекеттер арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың көлемдерін бөлуді жүзеге асырады.
17. Комиссия экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолдану туралы шешім қабылдаған кезде:
1) экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды (олар үшінші елдер арасында бөлінетіне қарамастан) белгілі бір мерзімге белгілейді;
2) оларға бөлінген импорттық квота көлемі туралы (егер импорттық квота үшінші елдер арасында бөлінетін болса) барлық мүдделі үшінші елдерге хабарлайды;
3) экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолдану, олардың көлемдері және қолданылу мерзімдері туралы, сондай-ақ үшінші елдер арасында импорттық квотаны бөлу туралы ақпаратты жариялайды.
18. Үшінші елдер арасында импорттық квоталарды бөлуді әдетте, үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен консультациялардың нәтижелері бойынша Комиссия жүзеге асырады.
Бұл ретте Одақ аумағында осы тауар импортында 5 пайыз және одан астам үлесі бар өнім берушілер үшінші елдердің маңызды өнім берушілері деп түсініледі.
19. Егер үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен консультациялардың нәтижелері негізінде импорттық квоталарды бөлуді жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, алдыңғы кезең ішінде осы елдерден жеткізілетін тауар көлемін есепке ала отырып, үшінші елдер арасында квоталарды бөлу туралы Комиссия актісі қабылданады.
20. Тиісті тауарды жеткізу импорттық квотаның қолданылу кезеңінде жүргізілетін жағдайда, Комиссия кез келген үшінші елге оған бөлінген импорттық квотаны толық пайдалануға кедергі келтіруі мүмкін ешқандай шарттарды немесе формальдылықтарды белгілемейді.
21. Оған қатысты экспорттық және (немесе) импорттық квоталар енгізілетін тауар жеткізілімдерінің көлемін айқындау үшін алдыңғы кезеңді таңдауды Комиссия жүзеге асырады. Бұл ретте, әдетте, оларға қатысты экспорттың және (немесе) импорттың нақты көлемдерін көрсететін ақпарат қолжетімді болатын алдыңғы кез келген 3 жыл осындай кезең деп қабылданады. Алдыңғы кезеңді таңдау мүмкіндігі болмаған жағдайда, экспорттық және (немесе) импорттық квоталар экспорттың және (немесе) импорттың нақты көлемдерінің неғұрлым ықтимал бөлінуін бағалау негізінде бөлінеді.
Осы тармақта экспорттың және (немесе) импорттың көлемдеріне шектеулер болмаған жағдайда, олар экспорттың және (немесе) импорттың нақты көлемдері деп түсініледі.
22. Тауарды жеткізуге мүдделі кез келген үшінші елдің өтініші бойынша Комиссия осы елмен:
1) белгіленген импорттық квотаны қайта бөлу қажеттігіне;
2) таңдап алынған алдағы кезеңді өзгертуге;
3) импорттық квотаны бөлуге немесе оны шектеусіз пайдалануға қатысты шарттарды, формальдылықтарды немесе бір жақты тәртіппен белгіленген кез келген басқа да ережелерді алып тастау қажеттігіне қатысты консультациялар жүргізеді
23. Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталар үлестерін бөлуді Комиссия айқындайтын әдіс негізінде мүше мемлекеттер жүзеге асырады және ол экспорттық және (немесе) импорттық квоталар үлестерін алуға қатысты сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тең құқылы болуына және меншік нысанының, тіркелген орнының немесе нарықтағы жағдайының белгілері бойынша кемсітпеушілікке негізделеді.
24. Импорттық квотаны үшінші елдер арасында бөлу жағдайларынан басқа, лицензияларды тиісті тауарды қандай да белгілі бір елге және (немесе) қандай да белгілі бір елден экспорттауға (импорттауға) пайдалану талабын қоюға жол берілмейді.
25. Экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың қолданылуына байланысты, Комиссия:
1) тауардың жекелеген түрінің саудасына мүдделі үшінші елдің талабы бойынша экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды болу тәртібіне, оларды сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында бөлу тетігіне және лицензиялар берілген квоталар көлемдеріне қатысты ақпарат береді;
2) экспорты және (немесе) импорты болашақта белгілі бір уақыт ішінде рұқсат етілетін тауардың жалпы саны немесе құны туралы, сондай-ақ экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолданудың басталатын және аяқталатын күндері мен олардың кез келген өзгерістері туралы ақпаратты жариялайды.
ІV. Айрықша құқық
26. Айрықша құқық беру жолымен сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру шектелуі мүмкін.
27. Экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық берілетін тауарларды, сондай-ақ мүше мемлекеттердің осындай айрықша құқық берілетін сыртқы сауда қызметіне қатысушыларды айқындау тәртібін Комиссия айқындайды.
Комиссия актісі негізінде мүше мемлекеттер айрықша құқық берген сыртқы сауда қызметіне қатысушылар тізбесі Одақтың Интернет желісіндегі ресми сайтында жариялануға жатады.
28. Айрықша құқық беру арқылы сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға шектеу енгізу туралы шешімді мүше мемлекеттің ұсынысы бойынша Комиссия қабылдайды.
Айрықша құқық енгізу қажеттігінің негіздемесінде қаржы-экономикалық есептеулер және осы шараның қолданылу орындылығын растайтын өзге де қажетті ақпарат қамтылуы тиіс.
29. Комиссия актісі негізінде мүше мемлекеттер айрықша құқық берген сыртқы сауда қызметіне қатысушылар, кемсітпеушілік қағидатын негізге ала отырып және сатып алу немесе сату шарттарын қоса алғанда, коммерциялық түсініктерді ғана басшылыққа ала отырып, тиісті тауарлардың экспорты және (немесе) импорты бойынша мәмілелер жасасады және үшінші елдердің ұйымдарына осындай сатып алуларға немесе сатуларға қатысуға қатысты бәсекелесуге (кәдімгі іскерлік практикаға сәйкес) барабар мүмкіндік береді.
30. Оларға қатысты сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға айрықша құқық берілетін тауарлардың экспорты және (немесе) импорты уәкілетті орган беретін айрықша лицензиялар негізінде жүзеге асырылады.
V. Автоматты түрде лицензиялау (қадағалау)
31. Комиссия тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты серпінін мониторингілеу мақсатында автоматты түрде лицензиялауды (қадағалауды) енгізуге құқылы.
32. Автоматты түрде лицензиялауды (қадағалауды) енгізу мүше мемлекеттің, сол сияқты Комиссияның бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
Автоматты түрде лицензиялауды енгізу қажеттігінің негіздемесінде тауарлардың жекелеген түрлері экспортының және (немесе) импортының сандық көрсеткіштерін және олардың өзгерістерін өзге де тәсілдермен қадағалап отырудың мүмкін еместігі туралы ақпарат қамтылуы тиіс.
33. Оларға қатысты автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) енгізілетін тауарлардың жекелеген түрлерінің тізбесін, сондай-ақ осындай автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) мерзімдерін Комиссия белгілейді.
Оларға қатысты автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) енгізілген тауарлар бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізіледі.
34. Оларға қатысты автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) енгізілген тауарлардың экспорты және (немесе) импорты, уәкілетті орган беретін рұқсаттар болған жағдайда, Комиссия айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
35. Бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлардың импортына және (немесе) экспортына рұқсаттар беру осы қосымшаға сәйкес ережелерге сай жүзеге асырылады.
VI. Рұқсат беру тәртібі
36. Тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге рұқсат беру тәртібі лицензиялауды енгізу немесе сыртқы сауда қызметін реттеудің өзге де әкімшілік шараларын қолдану арқылы іске асырылады.
37. Рұқсат беру тәртібін енгізу, қолдану және алып тастау туралы шешімді Комиссия қабылдайды.
VII. Жалпы айрықшалықтар
38. Тауарлардың жекелеген түрлерін әкелу және (немесе) әкету кезінде шаралар, оның ішінде осы Хаттаманың III және IV бөлімдерінде көрсетілгендерден ерекшеленетін негіздемелер бойынша, егер бұл шаралар:
1) қоғамдық моральды немесе құқықтық тәртіпті сақтау үшін қажет;
2) адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау үшін қажет;
3) алтын немесе күміс экспортына және (немесе) импортына қатысты;
4) мәдени құндылықтар мен мәдени мұраны қорғау үшін қолданылатын;
5) орны толмайтын табиғи ресурстардың таусылуын болдырмау үшін қажет және орны толмайтын табиғи ресурстарды пайдаланумен байланысты ішкі өндірісті немесе тұтынуды шектеумен бір мезгілде жүргізілетін;
6) үкімет жүзеге асырған тұрақтандыру жоспарының нәтижесінде әлемдік бағаға қарағанда, неғұрлым төмен деңгейде осындай тауарлардың ішкі бағасы тұрақталатын кезеңдер ішінде ішкі өңдеу өнеркәсібінің мұндай тауарларының жеткілікті санымен қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттердің аумақтарынан шығарылатын тауарлар экспортын шектеумен байланысты;
7) олардың жалпы немесе жергілікті тапшылығы жағдайында, тауарларды сатып алу немесе тарату үшін қажет;
8) халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет;
9) қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет;
10) кедендік заңнаманы қолдануға, қоршаған ортаны қорғауға, зияткерлік меншікті және өзге де құқықтық актілерді қорғауға қатысты халықаралық міндеттемелерге қайшы келмейтін құқықтық актілердің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайларда енгізілуі мүмкін.
39. Осы Хаттаманың 38-тармағында көрсетілген шаралар Комиссия актісі негізінде енгізіледі және үшінші елдердің еркін немесе негізделмеген кемсітушілік, сондай-ақ тауарлармен сыртқы сауданың жасырын шектеу құралы ретінде қолданылмауы тиіс.
40. Осы Хаттаманың 38-тармағында көзделген негіздемелер бойынша тауардың жекелеген түріне қатысты шараларды енгізу немесе алып тастау мақсаттары үшін мүше мемлекет тауардың атауы, оның ЕАЭО СЭҚ ТН коды, ұсынылатын шаралар сипаттамасы және олардың болжамды қолданылу мерзімі, сондай-ақ шараларды енгізу немесе алып тастау қажеттігінің негіздемесі туралы мәліметтерді қамтитын құжаттарды Комиссияға ұсынады.
41. Егер Комиссия осы Хаттаманың 38-тармағында көзделген негіздемелер бойынша шараларды енгізу туралы мүше мемлекеттің ұсынысын қабылдамаған жағдайда, олардың енгізілуіне бастамашы болған мүше мемлекет осы Хаттаманың Х бөліміне сәйкес бір жақты тәртіппен осындай шараларды енгізе алады.
VIII. Сыртқы қаржылық жағдайды қорғау
және төлемдік теңгерім тепе-теңдігін қамтамасыз ету
42. Егер бұл сыртқы қаржылық жағдайды қорғау және төлемдік теңгерім тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда, тауарлардың жекелеген түрлерінің импорты кезінде шаралар, оның ішінде осы Хаттаманың ІІІ және IV бөлімдерінде көрсетілгендерден ерекшеленетін негіздемелер бойынша шаралар енгізілуі мүмкін.
Мұндай шаралар төлем теңгерімінің күрделі жай-күйіне байланысты ғана енгізілуі мүмкін, сыртқы есеп айырысулар жағдайының күрт нашарлауын өзге шаралар тоқтата алмайды.
43. Егер импортталатын тауарларды жеткізгені үшін төлемдер осы Хаттаманың 44-тармағында айтылған, мүше мемлекеттердің валюталық резервтері қалыптасатын валюталармен жүргізілсе ғана шаралар, оның ішінде осы Хаттаманың ІІІ және IV бөлімдерінде көрсетілгендерден ерекшеленетін негіздемелер бойынша қолданылуы мүмкін.
44. Импортқа қатысты шектеулер мүше мемлекеттердің валюталық резервтерінің сөзсіз айтарлықтай қысқару қауіпін болдырмау үшін немесе мүше мемлекеттердің валюталық резервтерінің орынды өсу қарқынын қалпына келтіру үшін қажет болатын маңызынан да неғұрлым маңызды болмауы тиіс.
45. Комиссия мүше мемлекеттің осы Хаттаманың 42-тармағында көрсетілген шараларды енгізу туралы ұсынысын қарайды.
46. Егер Комиссия мүше мемлекеттің шараларды енгізу туралы ұсынысын қабылдамаған жағдайда, мүше мемлекет осы Хаттаманың 42-тармағында көрсетілген шараларды енгізу туралы шешімді осы Хаттаманың Х бөліміне сәйкес біржақты тәртіппен қабылдай алады.
ІХ. Тауарлардың сыртқы саудасы саласындағы лицензиялау
47. Лицензиялау, Комиссия белгілеген жағдайларда, тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты кезінде, осы тауарларға қатысты:
сандық шектеулер;
айрықша құқық;
рұқсат беру тәртібі;
тарифтік квота;
арнайы қорғау шарасы ретінде импорттық квота енгізілген жағдайда қолданылады.
Лицензиялау уәкілетті органның сыртқы сауда қызметіне қатысушыға тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензия беруі арқылы іске асырылады.
Бір мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген лицензияларды барлық басқа мүше мемлекеттер де мойындайды.
48. Бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортын және (немесе) импортын лицензиялау осы Хаттамаға қосымшада көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
49. Уәкілетті органдар лицензиялардың мынадай түрлерін береді:
бір жолғы лицензия;
бас лицензия;
айрықша лицензия.
Бас және айрықша лицензиялар беру Комиссия айқындаған жағдайларда жүзеге асырылады.
Х. Шараларды біржақты тәртіппен қолдану
50. Осы Қосымшаның VII және VIII бөлімдерінде көзделген негіздемелер бойынша айрықша жағдайларда, мүше мемлекеттер үшінші елдермен саудада біржақты тәртіппен уақытша шараларды, оның ішінде осы Хаттаманың III және IV бөлімдерінде көрсетілгендерден ерекшеленетін негіздемелер бойынша енгізуі мүмкін.
51. Уақытша шараны енгізетін мүше мемлекет алдын ала, бірақ оны енгізген күнге дейін күнтізбелік 3 күннен кешіктірмей, Комиссияға ол туралы хабарлайды және Одақтың кедендік аумағына осындай шара енгізу туралы ұсыныс енгізеді.
52. Комиссия мүше мемлекеттің уақытша шара енгізу туралы ұсынысын қарайды және мүше мемлекеттің ұсынысын қарау қорытындылары бойынша Одақтың кедендік аумағында осындай шара енгізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
53. Бұл жағдайда осындай шараның қолданылу мерзімін Комиссия белгілейді.
54. Егер Одақтың кедендік аумағына уақытша шара енгізу туралы шешім қабылданбаған жағдайда, Комиссия уақытша шараны енгізген мүше мемлекетке және мүше мемлекеттердің кеден органдарын уақытша шара оның енгізілген күнінен бастап 6 айдан аспайтын мерзімге қолданылатынын хабарлайды.
55. Уақытша шара енгізу туралы мүше мемлекеттен алынған хабарламаның негізінде Комиссия мүше мемлекеттердің кеден органдарына бір мүше мемлекеттің уақытша шараны енгізгені туралы:
1) мүше мемлекеттің оған сәйкес уақытша шара енгізілетін нормативтік құқықтық актісінің атауын;
2) тауардың және ЕАЭО СЭҚ ТН кодының атауын;
3) уақытша шара енгізілген күнді және оның қолданылу мерзімін көрсете отырып дереу хабарлайды.
56. Осы Хаттаманың 55-тармағында көрсетілген ақпаратты алғаннан кейін мүше мемлекеттердің кеден органдары мыналарға:
Тауарлары туралы мәліметтер осы ақпаратта қамтылған, уақытша шараны қолданған мүше мемлекеттің аумағынан шығарылатын тиісті тауарларды осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген лицензиясыз әкетуге;
Тауарлары туралы мәліметтер осы ақпаратта қамтылған, уақытша шараны қолданған мүше мемлекетке арналған тиісті тауарларды осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген лицензиясыз әкелуге жол бермейді. Бұл ретте уақытша шараны қолданбайтын мүше мемлекеттер уақытша шараны қолданған мүше мемлекеттің аумағына тиісті тауарлардың әкелінуіне жол бермеуге бағытталған қажетті күш-жігерін жұмсайды.
______________
Үшінші елдерге қатысты
тарифтік емес реттеу шаралары
туралы хаттамаға
қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |