Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереже


Тауарлардың экспортына және (немесе) импортына



бет6/31
Дата19.06.2016
өлшемі2.51 Mb.
#148266
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31

Тауарлардың экспортына және (немесе) импортына

лицензиялар және рұқсаттар беру

қағидалары

І. Жалпы ережелер


1. Осы Қағидалар оларға қатысты үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын, бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлардың экспорты және (немесе) импортына лицензиялар және рұқсаттар беру тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеу шаралары туралы хаттамада (Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың № 7 қосымшасы) айқындалған ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

«өтінім беруші» - лицензияны немесе рұқсатты ресімдеу мақсатында мүше уәкілетті органға құжаттар ұсынатын сыртқы сауда қызметіне қатысушы;

«лицензияны орындау» - Одақтың кедендік аумағына оларға қатысты берілген (ресімделген) лицензия негізінде кеден органдары шығарған тауарларды нақты әкелу немесе тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкету.

3. Лицензия мен лицензия телнұсқасын бергені (ресімдегені) үшін уәкілетті орган мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік баж (лицензиялық алым) алады.

4. Лицензиялар мен рұқсаттар оған қатысты лицензиялау немесе автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) енгізілген ЕАЭО СЭҚ ТН бойынша сыныпталатын әрбір тауарға беріледі.

5. Лицензиялар мен рұқсаттарға қол қою құқығы берілген уәкілетті органдардың лауазымды тұлғалары қолдарының үлгілері, сондай-ақ уәкілетті органдардың мөрлері бедерлерінің үлгілері мүше мемлекеттердің кеден органдарына хабарлау үшін Комиссияға жіберіледі.

6. Лицензияны немесе рұқсатты ресімдеу үшін берілген құжаттар, сондай-ақ лицензияның орындалғанын растайтын құжаттар лицензияның немесе рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін немесе лицензияның қолданылуын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы шешім қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде уәкілетті органдарда сақталуы тиіс.

Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін құжаттар лицензия немесе рұқсат берілген мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылады.

7. Берілген лицензиялар мен рұқсаттардың дерекқорын жүргізуді уәкілетті органдар жүзеге асырады және көрсетілген ақпаратты Комиссия белгілейтін тәртіппен және мерзімде Комиссияға ұсынады. Комиссия мүше мемлекеттердің кеден органдарына берілген лицензиялар туралы деректерді ұсынады.


ІІ. Лицензиялар беру тәртібі
8. Лицензия беру туралы өтінішті ресімдеу және лицензияны ресімдеу Комиссия бекітетін тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру туралы өтінішті ресімдеу және осындай лицензияны ресімдеу туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

Лицензия Комиссия белгілейтін тәртіппен, ал ол бекітілгенге дейін – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалатын тәртіппен электрондық құжат нысанында берілуі (ресімделуі) мүмкін.

Электрондық құжат нысанындағы лицензияның құрылымы мен форматын Комиссия бекітеді, ал ол бекітілгенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады.

9. Бір жолғы лицензияның қолданылу кезеңі, ол қолданыла бастаған күннен бастап 1 жылдан аспауы тиіс. Бір жолғы лицензияның қолданылу мерзімі сыртқы сауда келісімшартының (шартының) қолданылу мерзімімен немесе лицензияны беру үшін негіз болып табылатын құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.

Оларға қатысты экспортына және (немесе) импортына сандық шектеулер немесе арнайы қорғау шарасы ретінде импорттық квота немесе тарифтік квоталар енгізілген тауарлар үшін лицензияның қолданылу кезеңі квота белгіленген күнтізбелік жылы аяқталады.

Бас лицензияның қолданылу мерзімі, ол қолданыла бастаған күннен бастап бір жылдан аспауы тиіс, ал оларға қатысты экспортына және (немесе) импортына сандық шектеулер немесе тарифтік квоталар енгізілген тауарлар үшін, егер Комиссия актісінде өзгеше белгіленбесе, квота белгіленген күнтізбелік жылы аяқталады.

Айрықша лицензияның қолданылу мерзімін әрбір нақты жағдайда Комиссия белгілейді.

10. Лицензияны ресімдеу үшін өтінім беруші немесе тиісті өкілеттіктерінің жазбаша растауына ие оның өкілі уәкілетті органға мынадай құжаттар мен мәліметтерді береді:

1) тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру туралы өтінішті ресімдеу және осындай лицензияны ресімдеу туралы нұсқаулыққа сәйкес толтырылған және ресімделген лицензия беру туралы өтініш (бұдан әрі - өтініш);

2) Комиссия бекітетін, ал ол бекітілгенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәртіппен айқындалатын форматтағы өтініштің электрондық көшірмесі;

3) сыртқы сауда шартының (келісімшартының) көшірмесі, қосымшалары және (немесе) оған толықтырулар (бір жолғы лицензия үшін), ал сыртқы сауда шарты (келісімшарты) болмаған жағдайда – тараптардың ниеттерін растайтын өзге де құжаттың көшірмесі;

4) салық органында есепке қойылғаны туралы немесе мемлекеттік тіркелгені туралы құжаттың (егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, мәліметтің) көшірмесі;

5) лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асыруға берілген лицензияның көшірмесі немесе егер қызметтің мұндай түрі оған қатысты Одақтың кедендік аумағында лицензиялау енгізілген тауар айналымына байланысты болса, лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асыруға берілген лицензияның болуы туралы мәліметтер (егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса);

6) оның негізінде тиісті тауарға лицензиялау енгізілген Комиссия актісімен егер олар айқындалған болса, өзге де құжаттар (мәліметтер).

11. Құжаттардың берілген көшірмелерінің әрбір парағы өтінім берушінің қолымен және мөрімен куәландырылуы тиіс немесе құжаттардың көшірмелері тігіліп, соңғы парақтары өтінім берушінің қолымен және мөрімен куәландырылуы тиіс.

Өтінім беруші ұсынған құжаттар уәкілетті органда тіркеуге жатады.

Өтініш пен құжаттар (мәліметтер) мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін. Егер мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, құжаттарды (мәліметтерді) өтінім берушінің электрондық сандық қолтаңбасымен куәландырылған сканерленген құжаттар түрінде ұсынуға рұқсат етіледі.

Өтінім беруші лицензия бергені (ресімдегені) үшін мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік бажды (лицензиялық алымды) төлегенін растайтын құжатты бергеннен кейін лицензия беріледі.

12. Комиссия актісінде көзделген жағдайларда өтініш уәкілетті органға берілгенге дейін өтінім беруші немесе уәкілетті орган оны, егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, мүше мемлекет айқындаған, мүше мемлекеттің атқарушы билігінің тиісті органына келісуге жібереді.

13. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген құжаттар негізінде, егер Комиссия актісімен өзге мерзімдер белгіленбеген болса, құжаттар берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде лицензия беруді немесе оны беруден бас тартуды жүзеге асырады.

14. Мыналар лицензия беруден бас тарту үшін негіз болып табылады:

1) өтінім беруші лицензия алу үшін ұсынатын құжаттарда толық емес немесе дұрыс емес мәліметтердің болуы;

2) осы Қағидалардың 10 – 12-тармақтарында көзделген талаптардың сақталмауы;

3) лицензия беруге негіз болатын бір немесе бірнеше құжаттар қолданылуының тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы;

4) оны іске асыру үшін лицензия сұралатын шартты (келісімшартты) орындау салдары туындауы мүмкін мүше мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерінің бұзылуы;

5) квотаның, сондай-ақ тарифтік квотаның таусылуы немесе олардың болмауы (квоталанатын тауарларға лицензия ресімделген жағдайда);

6) Комиссия актісінде көзделген өзге де негіздемелер.
      15. Лицензия беруден бас тарту туралы шешім дәлелді болуы және өтінім берушіге жазбаша нысанда немесе, егер Комиссия актісінде, ал көрсетілген акті болмаған жағдайда – мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, электрондық құжат нысанында ұсынылуы тиіс.

16. Уәкілетті орган өтінім берушіге берілетін лицензияның түпнұсқасын ресімдейді. Өтінім беруші тауарлар кедендік декларацияланғанға дейін лицензияның түпнұсқасын тиісті кеден органына ұсынады, ол лицензияны бақылауға қою кезінде кеден органының бақылауға қою туралы белгісі бар оның көшірмесін өтінім берушіге береді.

Егер уәкілетті орган лицензияны электрондық құжат түрінде берген (ресімдеген) болса, онда өтінім берушінің өз мемлекетінің кеден органына лицензияның түпнұсқасын қағаз жеткізгіште беруі талап етілмейді.

Уәкілетті органдар мен кеден органдарының электрондық құжат нысанында берілген лицензиялардың орындалуын бақылау бойынша өзара іс-қимылының тәртібі мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.

17. Берілген лицензияларға, оның ішінде техникалық сипаттағы себептер бойынша өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

18. Егер заңды тұлға ретінде тіркелген өтінім берушінің құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілсе (ұйымдық-құқықтық нысанының, атауының немесе оның орналасқан жерінің өзгеруі) немесе жеке тұлға болып табылатын өтінім берушінің төлқұжаттық деректері өзгерсе, өтінім беруші өтініш пен көрсетілген өзгерістерді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, берілген лицензияның қолданылуын тоқтату және жаңа лицензия ресімдеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті.

19. Уәкілетті орган:

1) егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, өтінім беруші жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында өтініш берген;

2) заңды тұлға ретінде тіркелген өтінім берушінің құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілген (ұйымдық-құқықтық нысанының, атауының немесе оның орналасқан жерінің өзгеруі) немесе жеке тұлға болып табылатын өтінім берушінің төлқұжаттық деректері өзгерген;

3) лицензия алу мақсатында өтінім беруші ұсынған құжаттарда дұрыс емес мәліметтер анықталған;

4) олардың негізінде лицензия берілген бір немесе бірнеше құжаттардың қолданылуы тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған;

5) оның негізінде лицензия берілген шартты (келісімшартты) орындау кезінде мүше мемлекеттің халықаралық міндеттемелерді бұзуы;

6) егер қызметтің мұндай түрі оған қатысты лицензиялау енгізілген тауардың айналымына байланысты болса, қызметтің лицензияланатын түрін жүзеге асыруға берілген лицензия қайтарып алынған;

7) белгіленген тәртіпті сақтаған кезде берілуі мүмкін емес лицензияны беруге алып келген, лицензияны беру кезінде жіберілген бұзушылықтар анықталған;

8) лицензияның иесі халықаралық нормативтік құқықтық актілерде немесе мүше мемлекеттің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген лицензия беру шарттарын сақтамаған;

9) сот шешімінің болуы;     

10) лицензияның иесі осы Қағидалардың 22-тармағын орындамаған жағдайларда лицензияның қолданылуын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.

20. Лицензияның қолданылуы уәкілетті орган тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатыла тұрады.

Тоқтатыла тұрған лицензияның қолданылуын уәкілетті орган оның қолданылуын тоқтата тұруға әкелген себептерді жойғаннан кейін қайта қалпына келтіруі мүмкін. Бұл ретте лицензияның қолданылуын тоқтата тұру оны ұзарту үшін негіз болып табылмайды.

Лицензияның қолданылуын тоқтата тұруды немесе тоқтату тәртібін Комиссия айқындайды.    

21. Лицензия жоғалған жағдайда, уәкілетті орган өтінім берушінің жазбаша өтініші бойынша және мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік баж (лицензиялық алым) төленгеннен кейін түпнұсқаға ұқсас ресімделген және "Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.

Лицензияны жоғалтудың себептері мен жағдайлары түсіндірілетін өтініш еркін нысанда жасалады.

Лицензияның телнұсқасын өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті орган береді.

22. Бас және айрықша лицензиялардың иелері тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-күніне дейін уәкілетті органға лицензияның орындалу барысы туралы есепті ұсынуға міндетті.

Бір жолғы лицензиялардың иелері лицензияның қолданылу мерзімі өткеннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде уәкілетті органға лицензияның орындалуы туралы анықтама беруге міндетті.

23. Мүше мемлекеттің тиісті кеден органы лицензияны бақылаудан алған кезде өтінім берушіге оның жазбаша өтінішінің негізінде 5 жұмыс күні ішінде лицензияны орындау туралы анықтама береді.

Анықтама берудің нысаны мен тәртібін Комиссия айқындайды.

24. Егер кеден органдарының мұндай ақпаратты ұсынуы мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, кеден органдары электрондық нысанда лицензиялардың орындалуы туралы ақпаратты тікелей уәкілетті органға береді.

Егер кеден органдары лицензиялардың орындалуы туралы ақпаратты электрондық нысанда тікелей уәкілетті органға беретін болса, лицензиялардың иелері лицензиялардың орындалу барысы туралы есепті және лицензиялардың орындалуы туралы анықтаманы уәкілетті органға бермейді.
ІІІ. Рұқсаттар беру тәртібі
25. Рұқсатты ресімдеу Комиссия бекітетін тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына рұқсатты ресімдеу туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

Рұқсат Комиссия бекітетін тәртіппен, ал ол бекітілгенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес электрондық құжат нысанында берілуі (ресімделуі) мүмкін.

Электрондық құжат нысанындағы рұқсаттың құрылымы мен форматын Комиссия бекітеді, ал ол бекітілгенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады.

Бір мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген рұқсаттарды барлық басқа мүше мемлекеттер мойындайды.

26. Рұқсаттарды беру мерзімі өтініш берілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен аспауы тиіс.

Рұқсаттар сыртқы сауда қызметіне кез келген қатысушыларға мүше мемлекеттің уәкілетті органына берілетін:

жазбаша өтініштің;

қағаз жеткізгіштегі рұқсат жобасының;

Комиссия бекітетін, ал ол бекітілгенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалған форматта рұқсат жобасының электрондық көшірмесі негізінде шектеусіз беріледі.

27. Рұқсаттың қолданылу мерзімі рұқсат берілген күнтізбелік жылмен шектеледі.

28. Уәкілетті орган сыртқы сауда қызметіне қатысушыға немесе оны алуға өкілеттіктерді жазбаша растауы бар оның өкіліне берілетін рұқсаттың түпнұсқасын ресімдейді.

Сыртқы сауда қызметіне қатысушы тауарлар кедендік декларацияланғанға дейін рұқсатты бақылауға қою кезінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға бақылауға қою туралы кеден органының белгісі бар оның көшірмесін беретін тиісті кеден органына рұқсаттың түпнұсқасын береді.

Егер уәкілетті орган рұқсатты электрондық құжат нысанында берген (ресімдеген) болса, онда сыртқы сауда қызметіне қатысушының өз мемлекетінің кеден органына лицензияның түпнұсқасын қағаз жеткізгіште беруі талап етілмейді.

Уәкілетті органдар мен кеден органдарының электрондық құжат нысанында берілген рұқсаттардың орындалуын бақылау бойынша өзара іс-қимылының тәртібі мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.

29. Берілген рұқсаттар басқа сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға қайта ресімдеуге жатпайды.

Берілген рұқсаттарға өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

30. Берілген рұқсат жоғалған жағдайда, уәкілетті орган 3 жұмыс күні ішінде сыртқы сауда қызметіне қатысушының жазбаша өтініші бойынша түпнұсқаға ұқсас ресімделетін және "Телнұсқа" деген жазуы бар рұқсаттың телнұсқасын бере алады. Бұл ретте өтініште рұқсатты жоғалтудың себептері мен жағдайлары түсіндірілуі тиіс. Өтініш еркін нысанда жасалады.

     


________________

Еуразиялық экономикалық

одақ туралы шартқа

№ 8 ҚОСЫМША



Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау,

демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы

ХАТТАМА
I. Жалпы ережелер
1. Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 48-49-баптарына сәйкес әзірленген және Одақтағы тауар өндірушілердің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларының қолданылуын айқындайды.      

2. Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:

«ұқсас тауар» – тексеру (қайта тексеру) объектісі болып табылатын немесе болуы мүмкін тауарға толықтай сәйкес келетін тауар немесе мұндай тауар болмаған жағдайда, тексеру (қайта тексеру) объектісі болып табылатын немесе болуы мүмкін тауардың сипаттамасына жақын сипаттамалары бар басқа тауар;

«демпингке қарсы шара» – демпингке қарсы баж, оның ішінде алдын ала ала демпингке қарсы баж енгізу немесе экспорттаушы қабылдаған ерікті баға міндеттемелерін мақұлдау арқылы Комиссия шешімі бойынша қолданылатын демпингтік импортқа қарсы іс-қимыл бойынша шара;

«демпингке қарсы баж» – демпингке қарсы шараны енгізу кезінде қолданылатын және мүше мемлекеттердің кеден органдары кедендік әкелу бажына қарамастан алатын баж;

«демпингтік маржа» – экспорттық бағасын шегерумен, осы тауардың қалыпты құнының оның экспорттық бағасына пайызбен көрсетілген қатынасы немесе тауардың қалыпты құны мен оның экспорттық бағасының арасындағы абсолюттік көрсеткіштермен көрсетілген айырмасы;

«импорттық квота» – тауардың санына және (немесе) құнына қатысты оның Одақтың кедендік аумағына импортын шектеу;

«өтемақы шарасы» – Комиссияның шешiмi бойынша өтемақы бажын (оның iшiнде алдын ала ала өтемақы бажын) енгізу немесе субсидиялаушы үшінші елдің уәкiлеттi органы немесе экспорттаушы қабылдаған ерікті мiндеттемелерді мақұлдау арқылы қолданылатын мүше мемлекеттердің экономика саласына экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидия әсерiн бейтараптандыру шарасы;

«өтемақы бажы» – өтемақы шарасын енгізу кезінде қолданылатын және мүше мемлекеттердің кеден органдары кедендік әкелу бажына қарамастан алатын баж;

«мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық залал» - атап айтқанда, мүше мемлекеттерде ұқсас тауар өндiрiсi көлемiнiң және мүше мемлекеттердiң нарығында оны өткiзу көлемiнiң қысқаруымен, мұндай тауар өндiрiсi рентабельдiлiгiнiң төмендеуiмен, сондай-ақ мүше мемлекеттер экономикасының осы саласындағы тауар қорларына, жұмыспен қамтуға, жалақының деңгейiне және мүше мемлекеттер экономикасының осы саласына инвестициялардың деңгейiне теріс әсер етуден көрінетін мүше мемлекеттер экономикасы саласы ахуалының дәлелдемелермен расталған нашарлауы;

«тікелей бәсекелес тауар» – өзінің мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары бойынша, сондай-ақ тексеру (қайта тексеру) объектісі болып табылатын немесе болуы мүмкін тауарды тұтыну процесінде сатып алушы оны ауыстыратындай немесе ауыстыруға дайын болатындай басқа да негізгі қасиеттері бойынша тексеру (қайта тексеру) объектісі  болып табылатын немесе болуы мүмкін тауарға сай келетін тауар;

«сауданың әдеттегі барысы» – өндірістің орташа өлшемді шығасыларына және орташа өлшемді сауда, әкімшілік және жалпы шығасыларға негізделе отырып айқындалатын соған ұқсас тауардың орташа өлшемді өзіндік құнынан төмен емес баға бойынша экспорттаушы үшінші елдің нарығындағы соған ұқсас тауарды сатып алу-сату;

«төлеушілер» - Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне сәйкес айқындалатын тұлғалар;

«алдын ала демпингке қарсы баж» - оған қатысты тексеру жүргізетін орган тексеру барысында демпингтік импорттың болуы және осыған байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық залалы, оның келтіретін қауіпі немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың айтарлықтай бәсеңдеуі туралы алдын ала қорытынды жасаған тауардың Одақтың кедендік аумағына импорты кезінде қолданылатын баж;

«алдын ала өтемақы бажы» -  оған қатысты тексеру жүргізетін орган тексеру барысында субсидияланатын импорттың болуы және осыған байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық залалы, оның келтіретін қауіпі немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың айтарлықтай бәсеңдеуі туралы алдын ала қорытынды жасаған тауардың Одақтың кедендік аумағына импорты кезінде қолданылатын баж; 

«алдын ала қорғау бажы» -   оған қатысты тексеру жүргізетін орган тексеру барысында мүше мемлекеттердің экономика саласына елеулі залал келтірген немесе келтіру қауіпін төндірген өсіп келе жатқан импорттың болуы туралы алдын ала қорытынды жасаған тауардың Одақтың кедендік аумағына импорты кезінде қолданылатын баж; 

«алдыңғы кезең» – қажетті статистикалық деректері бар тексеруді жүргізу туралы өтініш берілген күннің тікелей алдындағы 3 күнтізбелік жыл;

«байланысты тұлғалар» – төменде келтірілген бір немесе бірнеше критерийлерге сай келетін тұлғалар:

осы тұлғалардың әрқайсысы басқа тұлғаның қатысуымен құрылған ұйымның қызметкері немесе басшысы болып табылады;

тұлғалар іскер әріптестер болып табылады, яғни шарттық қатынастармен байланысты болады, пайда алу мақсатында іс-қимыл жасайды және бірлескен қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстар мен залалдарды бірлесіп көтереді;

тұлғалар бір ұйымның жұмыс берушілері және қызметкерлері болып табылады;

қандай да бір тұлға дауыс беретін акциялардың 5 және одан да көп пайызын немесе екі тұлғаның үлестерін тікелей немесе жанама түрде иеленеді, бақылайды немесе номиналды ұстаушысы болып табылады;

тұлғалардың біреуі екінші тұлғаны тікелей немесе жанама  түрде бақылайды;

екі тұлғаны да үшінші тұлға тікелей немесе жанама түрде бақылайды;

екі тұлға бірлесіп үшінші тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылайды;

тұлғалар неке қатынастарында, туыстық немесе бала асыраушы немесе асырап алынған, сондай-ақ қамқоршы және қамқорлықтағы қатынастарда болады.

Бұл ретте мынадай іс-қимылдардың біреуін немесе бірнешеуін:

оның атқарушы органының функцияларын жүзеге асыру;

заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметін жүргізу шарттарын айқындау құқығын алу;

заңды тұлғаның жарғылық (қалыптасу) капиталын (қорын) құрайтын акцияларға (үлестерге) тиесілі дауыстардың жалпы санының 5 пайызынан астамына билік етуді жүзеге асыру арқылы заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді заңды немесе жеке тұлғаның айқындау мүмкіндігі тікелей бақылау деп түсініледі.

Жеке немесе заңды тұлға арқылы не арасында тікелей бақылау бар бірнеше заңды тұлғалар арқылы заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді заңды немесе жеке тұлғаның айқындау мүмкіндігі жанама бақылау деп түсініледі.

«мүше мемлекеттердің экономика саласына елеулі залал» – әдетте, алдыңғы кезең ішінде айқындалатын мүше мемлекеттердің экономика саласының өндірістік, сауда және қаржы жағдайының айтарлықтай нашарлауынан көрінетін, мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелесуші тауар өндірісімен байланысты ахуалдың дәлелдемелермен расталған жалпы нашарлауы;

«арнайы қорғау шарасы» – импорттық квотаны, арнайы квотаны немесе арнайы бажды, оның ішінде алдын ала арнайы бажды енгізу арқылы Комиссияның шешімі бойынша қолданылатын Одақтың кеден аумағына тауардың өскен импортын шектеу жөніндегі шара;

«арнайы квота» - оның шеңберінде Одақтың кеден аумағына тауар арнайы бажды төлеусіз, осы көлемнен артық арнайы баж төлемімен жеткізілетін Одақтың кеден аумағына тауар импортының белгілі бір көлемін белгілеу;

«арнайы баж» – арнайы қорғау шарасын енгізген кезде қолданылатын және мүше мемлекеттердің кеден органдары кедендік әкелу бажына қарамастан алатын баж;

«субсидияланатын импорт» – өндірілуі, экспортталуы немесе тасымалдануы кезінде экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясы пайдаланылған тауардың Одақтың кеден аумағына импорты;

«үшінші елдер» -   Шарт қатысушысы болып табылмайтын елдер және (немесе) елдердің бірлестіктері, сондай-ақ Комиссия бекіткен әлем елдерінің Сыныптауышына енгізілген аумақтар;

 «субсидиялаушы орган» – экспорттаушы үшінші елдің мемлекеттік органы не жергілікті өзін-өзі басқару органы не тиісті мемлекеттік органның не жергілікті өзін-өзі басқару органының тапсырмасы бойынша әрекет ететін немесе құқықтық актіге сәйкес немесе нақты мән-жағдайларға орай тиісті мемлекеттік орган не жергілікті өзін-өзі басқару органы уәкілеттік берген тұлға;

«мүше мемлекеттердің экономикасы саласына материалдық залал келтіру қаупі» – мүше мемлекеттердің экономикасы саласына материалдық залал келтірудің дәлелдемелермен расталған шарасыздығы;

«мүше мемлекеттердің экономикасы саласына елеулі залал келтіру қаупі» – мүше мемлекеттердің экономикасы саласына елеулі залал келтірудің дәлелдемелермен расталған шарасыздығы;

«экспорттық баға» – Одақтың кеден аумағына тауардың импорты кезінде төленген немесе төленуі тиіс баға.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет