Гиззатов саялбек махамбетұлы бөкей Ордасындағы аграрлық саясат


Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі446.35 Kb.
#18946
түріДиссертация
1   2   3

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы Бөкей хандығындағы аграрлық саясат төңірегінде жүргізілген зерттеу нәтижесінде Қазақстанның Жаңа тарихы ғылымына қатысты ғылыми тұжырымдамаларымыз төмендегідей:

1. Бөкей хандығы Кіші жүзде ХVIII ғасырда қалыптасқан саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайларға байланысты дүниеге келді. Алайда оның құрылуына негізінен қазақтардағы ушыққан жер мәселесі мен Ресей империясының Еділ қалмақтарына қатысты ұстанған сауатсыз, әрі жүйесіз саясаты себеп болды.

2. Бөкей Нұралыұлы (1801-1815) билігі тұсында патша үкіметі Ішкі Ордадағы жер мәселесін шешуге белсенді түрде араласты. Бұл аграрлық саясат қазақтарды жаңа территорияға тиімді орналастыруға және өзге де империя отарлары секілді тезірек отырықшыландыруға бағытталды. Бөкей хан үкіметтің жер реформаларын мұқият қадағалап, оның зардаптарын жоюға, қазақтардың шынайы экономикалық қажеттіліктерін көрсетуге тырысты. Оның билігі тұсында хандықтың территориясы алғаш рет 1806 жылғы 19 мамырдағы Ресей патшасының арнайы Жарлығымен бекітілді.

3. Ішкі Орда қазақтарының басты өмірлік сұранысы жер, су, жайылым, шабындыққа қатысты талаптары ХIХ ғасырдың бірінші ширегінде кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Ел билеушісі Шығай Нұралыұлы (1815-1823) Орда қазақтарының шаруашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, хандықтың шекарасын сақтап қалуға тырысты. Оның тұсында Бөкей Ордасының территориясына тікелей қатысы бар екі мәрте межелеу жұмыстары жүргізілді және халықтың әл-ауқаты артып, мал саны хандықтың тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті.

4. ХIХ ғасырдың екінші ширегінде аграрлық саясат өз бағытын түбегейлі өзгертті. Мұндай шаралардың басы-қасында Жәңгір Бөкейұлы тұрды. Ол жүргізген аграрлық реформалар екі кезеңді қамтыды. Атап айтсақ, бірінші кезең - 1825-1830 жылдар - басым бағытты сыртқы жер мәселесін реттеуге бұруымен, хандық шекарасын заңдастыруға ұмтылуымен сипатталады. Екінші кезең - 1831-1845 жылдар - басты назар ішкі жер мәселесіне аударылды, жер иеленудің рулық-қауымдық түрін жеке меншік алмастырды.

5. Жәңгір Бөкейұлы жүргізген аграрлық реформалардың қорытындылары диалектикалық қайшылыққа ұласты. Ішкі аграрлық саясаты арқылы хан өз туыстары мен айналасындағылардың көсегесін көгертті және қалың бұқараны оларға тәуелді етіп қойды. Соның салдарынан қатардағы халық жерсіз қалып, елде феодалдық озбырлық, әлеуметтік жіктеліс, парақорлық, ұрлық күшейіп, ақыр-соңы ұлт-азаттық қозғалыс пен халық толқулары белең алды. Ал сыртқы жер саясатында хан территория тұтастығы үшін күресті. Қондырау татарлары, хошоут қалмақтары, Астрахань губерниясы қоныстанушыларымен арадағы жер дауына нүкте қойды. Сонымен қатар қазыналық жерлер есебінен Орда территориясын ұлғайтты.

6. 1845 жылы Жәңгір хан өлімінен соң Ішкі Ордада құрылған Уақытша Кеңес өз өмір сүруінің алғашқы бес жылдығында тың реформалар жүргізуге асықпады. Бұл кезеңде негізінен Жәңгір ханның аграрлық саясатын әшкерелеу, сынау қолға алынса да, түбегейлі өзгерістер жүзеге аспады. Себебі Ресей империясы Ішкі Ордадағы жер мәселесіне тікелей араласпауды жөн көрді және жайылымдарды тең дәрежеде бөлуді ірі жер иеленушілердің өзіне тапсырды. Жәңгір ханның қазасы нәтижесінде сыртқы жер даулары ушықты. Бірақ Уақытша Кеңес территориялық тұтастықты сақтауға да дәрменсіз болды.

7. Бөкей Ордасын аграрлық тұрғыдан реформалауда межелеу жұмыстары ерекше маңызға ие болды. Мұндай шараларды ұйымдастыруға аса мүдделі тарап ретінде қазақ халқы танылды. 1801-1850 жылдары Бөкей Орда территориясына тікелей қатысы бар 25 межелеу жұмысы жүргізілді. Соның ішінде ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде – 5, екінші ширегінде – 20-сы оздырылды. Хандық тарихындағы ең ірі жер өлшеу жұмыстары 1828 жылы 3 мамыр – 20 шілде аралығында өткізілді.



Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге ұлттық тарихымызға да жаңа талаптар қойылды. Бөкей хандығындағы аграрлық саясатқа қатысты жазған зерттеуімізде мол мұрағат құжаттары алғаш рет ғылыми айналысқа еніп, жаңа ой-тұжырымдар жасалынды.

Зерттеу қорытындыларын жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытуда, арнайы курстарда маңызды дерек ретінде пайдалануға болады. Жұмыстың деректік жағын өлкетану мұражайлары мен тарихшы студенттерге, магистранттарға қажет деп санаймыз.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Қазақстан Республикасы тарихы» кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдамалары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларына ұсынылып, талқыға түсті. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес бес ғылыми мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің тізіміне енген журналдарда жарық көріп, сыннан өтті.

Диссертацияның құрылымы: Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде қарастырылып отырған тақырыптың өзектілігі көрсетіліп, мәселенің зерттелу деңгейі сараланды. Зерттеудің мақсат-міндеттері, негізгі нысаны, хронологиялық шеңбері, әдістемесі, деректік негізі, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мен тәжірибелік маңызы айқындалды.

«Бөкей Ордасындағы жер мәселесі және оның жалпы көріністері (ХІХ ғасырдың бірінші ширегі)» атты бірінші тарауда Ішкі Орда құрылуының саяси-экономикалық аспектілері, Бөкей Нұралыұлы билігі кезінде елде жүргізілген аграрлық реформалар, сұлтан Шығай Нұралыұлы тұсында қалыптасқан жер мәселелері, олардың өзіндік ерекшеліктері қарастырылады.

XVIII ғасырдың бірінші ширегі қазақ халқы үшін ауыр да сындарлы кезеңге айналғаны тарихымыздан белгілі. 1731 жылы 10 қазан күні Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бас болған 30 адам Ресейдің қол астына қарау туралы ант берді [31, 47 б.]. Мұның өзі Қазақстанның Ресейге қосылуының бастапқы қадамы еді. Осы уақыттан 1801 жылға, яғни Бөкей Ордасы құрылғанға дейін тура 70 жыл өтеді. Бұл уақыт аралығын Ресейдің экономикалық саясатының бағытына, Кіші жүздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының өзгеруіне байланысты II кезеңге бөліп қарастырған жөн: 1) 1731 – 1771 жылдар; 2) 1772 – 1801 жылдар.

Бірінші кезең Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатына бел шеше кірісуімен, Кіші жүз қазақтарына қатаң экономикалық санкция орнатуымен және көшпелі халықтарды отарлауда үлкен саяси қателіктер жіберуімен ерекшеленді. Мұндай қателіктер ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында өз нәтижесін көрсетті. 1771 жылы Еділ қалмақтарының тарихи Отаны Жоңғарияға бет алуы соның айқын дәлелі болды. Бөкей хандығының құрылуына алғышарт болған осы оқиға еді. Қалмақтардың Ресейден кетпек ойын Астрахань губернаторы Н.А.Бекетов 1770 жылы 15 сәуірде Сыртқы істер коллегиясына жеткізгенімен, соңғысы қалмақ істерін басқарушы полковник И.А.Кишенскийдің баяндамаларына сүйеніп, губернатордың күмәндарын жоққа шығарды [45, 4-14 пп.]. Кейін 1770 жылдың 26 желтоқсанында қалмақ билеушісі Убаши И.А.Кишенскийден қазақтарға қарсы жорық ұйымдастыруға рұқсат алды. Ал шын мәнісінде қалмақтар Жоңғарияға қашып, үкіметті алдап соқты [46, 24 п.].

Ұлы қалмақ көші Кіші жүз қазақтарына саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан кереметтей мүмкіндік ашып берді. Осылайша, қатаң экономикалық санкцияға толы кезең (1731-1771) артта қалды. Ендігі кезекте Бөкей хандығы құрылғанға дейін экономикалық тұрғыдан алғанда жеңілдіктерге толы жылымық кезең орнай бастады [47, 102 п.]. Алайда ХІХ ғасырдың бас кезіне дейін патша үкіметі Кіші жүз қазақтарын Еділ мен Жайық өзендері аралығына түпкілікті қоныстандыруды жоспарламаған. Өйткені Ресей Еділ қалмақтарының кері оралатындығына сенді. Қайтып келген қалмақтарды алғашында Колыванск губерниясына орналастыру, кейін Қосөзен аралығына қоныстандыру жоспарланды [45, 17-18 пп.]. 1800 жылға дейін қалмақтарды сарғая күткен Ресей үкіметі ешқандай нәтиже шықпайтынын білген соң өздерінде белгілі жағдайларға байланысты қалып қойған қалмақтардың жағдайын ойлауға көшті. Ал 1801 жылы Кіші жүз қазақтары ішкі тарапқа өту мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, Бөкей хандығының құрылуы оған әсер етуші ішкі және сыртқы факторлардың өзара үйлесім табуымен байланысты болды. Ішкі фактор ретінде ХҮІІІ ғасырда Кіші жүзде қалыптасқан жайылым таршылығын алсақ, сыртқы фактор ретінде Еділ қалмақтарының Жоңғарияға кетуін айтуға болады.

1801-1803 жылдар аралығында Бөкейліктер ен далада шашырай көшіп, Орданың барлық шекараларынан бой көрсетеді. 1803 жылдың көктемінен бастап Ахтуба өзені бойындағы жерлерге қатысты үлкен мәселелер туындаған. Ал 1801 жылғы 11 наурыздағы патша I Павелдің Жарлығына сай бұл жерлер қазақтарға тиесілі еді. Енді қазақтар мен қалмақтардың мүдделері тағы өзара қайшылыққа ұласты. Астрахань губернаторы Д.В.Тенишевтің, Астрахань казак полкінің командирі П.С.Поповтың, қалмақ халқының бас приставы Н.И.Страховтың баяндамалары 1803 жылдың 20 сәуірі мен 4 мамырында Мемлекеттік кеңесте тындалған. Ол көшпенділерге жер тағайындау шаңырақ саны мен шаруашылық қажеттілерге сай болуы тиіс деп тапты [43, с. 660-662].

XIX ғасырдың басында Астрахань өлкесін саяси, экономикалық, әскери тұрғыдан реформалауда И.И.Завалишин (1770-1821) асқан белсенділік танытты. 1801-1808 жылдары Астрахань гарнизон полкінің шефі, әрі Астрахань кордонының инспекторы, әрі аграрлық реформалар жүргізуші лауазымдарын қатар иеленген ол Қосөзен аралығын тез қарқынмен игеріп жатқан Ішкі Орда қазақтарының экономикалық мүмкіндігін шектеуге ұмтылды. Осы мақсатпен Орал шебінен басқа Каспий, Ахтуба, Эльтон, Өзен деп аталатын төрт шеп қалыптастырды. Инспектордың күзет шептерін құру жобасы 1803 жылы 29 шілдеде үкімет тарапынан заңды түрде бекітілді [8, с. 573-574].

И.И.Завалишин 1803 жылдың жазында Еділ және Ахтуба өзендері бойындағы тұрғындарға және Ішкі Орда қазақтарына Ресейдегі помещик шаруаларына қолданылып жүргендей жан басына 30 десятинадан жер бөлуді жүзеге асырады. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халыққа мұндай жүйе мүлдем қайшы келетін еді. Отырықшыландыруға бағытталған аграрлық реформалар әуел бастан-ақ Бөкей Нұралыұлы мен Орда тұрғындарының ашық қарсылығына тап болды. Оның ауыр зардаптарын Бөкей сұлтан 1806 жылы 22 ақпанда Құрлық әскери күштер министрі С.К.Вязмитиновқа жеткізген еді [34, с. 267]. Нәтижесінде көп кешікпей И.И.Завалишиннің аграрлық реформалары өз күшін жойды.

1806 жылы 19 мамырда I Александр патшаның «Астрахань және Кавказ губернияларында көшіп жүрген қалмақтар мен өзге де халықтарға жер бөліп беру туралы» Жарлығы шықты. Бұл құқықтық нормативтік акт VI бөлім, 46 баптан тұрды. Оның тек 35, 36, 37, 38-ші баптары ғана Бөкей Ордасына қатысты болды. Аталмыш Жарлық бойынша Бөкей Ордасының шекаралары шамамен белгіленді және Каспий теңізі жағалауындағы қыстауларды пайдалану тәртібі анықталды. Кейбір шұрайлы жайылыстар қондырау татарлары мен Еділ қалмақтарының еншісінде кете барды. Бөкейліктердің көші-қон жерінен тұзды көлдермен шектес жатқан территориялар кесіліп алынды [48, 9-10 пп.].

1801-1815 жылдары Бөкей хандығындағы ішкі жер қатынастары бейбіт сипатқа, бір қалыпқа ие болды. Ал сыртқы жер қатынастарында Бөкей сұлтанға едәуір күш жұмсауға, арпалысуға тура келді. Хандық солтүстігінде - Самара, Саратов губернияларымен, оңтүстігінде - Каспий жағалауындағы князь Н.Б.Юсупов, граф И.А.Безбородко иеліктерімен, батысында - Астрахань губерниясының халықтары қондырау татарлары, князь Түменге бағынышты қалмақтармен, ал шығысында Жайық өзенін жағалай орналасқан Орал казак әскерлері жерлерімен шектескен еді. Қондырау татарларымен арадағы жайылым үшін қақтығыстың ең ірісі 1812 жылы болып өтті [49, 7-8 пп.]. Ал Орал казактары 1801, 1808-1809 жылдары [50, 41-42 пп.], помещик И.А.Безбородко 1803 жылы [51, 23-25 пп.], барлығы бейресми түрде 3 межелеу жұмысын ұйымдастырды. Көрсетілген жер өлшеу жұмыстары құпия түрде өткізілуі себепті қазақтар шақырылмады.

Шығай Нұралыұлы билігі тұсында (1815-1823) Бөкей Ордасын құт мекен етуді көксеген көшпелілер толқыны еш саябырсымады. Жаңадан келген күшті рулар әлсіздерін ығыстыра бастады және нәтижесінде жер жетіспеушілігі байқалды. Астрахань губерниясының межелеушісі К.Витте ХІХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Ішкі Орда территориясын Үлкен Өзенді қоса алғанда 5 587683 десятина деп анықтады. Жайылымға кіріптар қазақтар көршілес губерниялардан белгілі мерзімге жер жалдауға мәжбүр болды 52, 71-72 пп..

1815-1823 жылдары сыртқы жер қатынастары да асқына түсті. Бөкей хан өлімінен соң Орал казак әскерлері көшпелілерді Үлкен және Кіші Өзендер, Қамыс-Самар көлдері бойына жібермей қояды. Кіші Өзеннің бойында 5 форпосттың негізін қалап үлгерген олар өз шекараларын нақты белгіледік деп санап, ашық даудан еш тартынбады.

Үлкен жер дауы хандықтың оңтүстік бөлігінде орналасқан помещик саяжайлары тұрғындарымен арада өрши түсті. Өндіріс басшыларының қарсылық көрсетуі салдарынан Шығай Нұралыұлы 1815-1818 жылдары Астрахань губернаторы С.С.Андреевскийден қыстауға рұқсат сұраумен болды. Бірақ губерниялық басшылық та, Краснояр жергілікті соты да оның өтінішін орындамады 53, 37-46 пп.. Осылайша, 1819 жылдан бастап Каспий жағалауында, 1820 жылдан бастап Қамыс-Самар көлдері мен Өзендер бойында мал қыстатудың ақылы түрі енгізілді.

Шығай сұлтан билігі кезінде қондырау татарлары мен қазақтар арасындағы қарым-қатынас әбден ушықты. Астрахань губерниясы басшылығы екі халықтың шекараларын нақтылау жөнінде шешім қабылдады. Межелеу жұмыстарын жүргізу үшін 1818 жылы 17 шілдеде Астрахань ведомствосына қарасты 10-сыныпты бас жер өлшеуші Ф.Федоров өз көмекшілерімен және 12-сыныпты межелеуші В.Петуховпен, 10-сыныпты С.Безобразовпен іссапарға жіберіледі 54, 45 п.. Жер өлшеу жұмыстарының қорытындысы қазақтардың мүддесіне қайшы келді. Шығай сұлтан 1819 жылы 15 тамызда Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссенге орманы мен шабындығы мол жерлердің қондыраулықтардың еншісінде заңсыз кеткендігін мәлімдеді 55, 10-16 пп..

Жоғарыда көрсетілген факторлар Ішкі Орда қазақтарының дала бетке деген ұмтылысын күшейтті. Мұндай әрекеттер 1818-1821 жылдары шарықтау шегіне жеткен еді [56, 1-2 пп.]. Ресей империясы бұл халық қозғалысының тек саяси себептерін таныды. Ал қазақтардың экономикалық талаптары ескерілмей қалды. Мұның айқын дәлелін қосымша жайылыс көздерін ашып беруге тырыспауынан, Орданың территориялық тұтастығын сақтауға ұмтылмауынан көреміз. Жоғарғы билік өз әрекетін 2 межелеу жұмысын ұйымдастырумен шектеді. Олардың қорытындылары да қазақтардың мүддесіне қайшы келді. 1822 жылы шілдеде қазақ-қалмақ шекараларын нақтылауға бағытталған екінші межелеу жұмысы да Ордалықтар үшін сәтсіз аяқталды [50, 3-7 пп.].

Ішкі Орда билеушісі Шығай Нұралыұлы елдегі бұрыннан бері қалыптасып үлгерген жер қатынастарын өзгертпеді. Оның ішкі жер қатынастарын реттеудегі негізгі міндеті дала беттен келген көшпелілерді хандық территориясында орналастыру болатын. Әрбір көшіп келген шаңыраққа жер беруді ол өз бетінше немесе губерниялық жер өлшеушімен, Краснояр жергілікті сотының қызметкерімен бірлесе отырып жүзеге асырды. Бөкей хан секілді ол да хандық тұрғындарының санын арттыруға мүдделі болды. Қарастырылып отырған кезеңде хандықтағы мал саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Елде 1819 жылы – 5110506 бас, 1820 жылы – 5110100 бас, 1821 жылы – 6264695 бас, 1822 жылы – 4690834 бас мал болды [57, 4, 6 пп.].

«Аграрлық саясаттағы түбегейлі бетбұрыстар және оның негізгі бағыттары (ХІХ ғасырдың екінші ширегі)» деп аталатын екінші тарауда Ішкі Орданың соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы жүргізген аграрлық реформалар, оның алғышарттары, басым бағыттары, жүру барысы, қорытындылары жаңа деректер арқылы терең талданып, Бөкей Ордасын басқару жөнінде құрылған Уақытша Кеңестің өмір сүруінің алғашқы бесжылдығында ұстанған жер саясаты зерттелінеді.

1824 жылы 26 маусым күні Жәңгір Бөкейұлы ресми түрде таққа отырды [39, с. 246]. Ал 1825 жылдан бастап Орда билеушісі жер мәселесін шешуде ірі қадамдар жасады [58, 2-8 пп.]. Бүгінде қордаланған материалдар мен мұрағаттан жинақталған құжаттарға сүйеніп, Жәңгір ханның аграрлық реформаларын екі кезеңге бөліп қарастыра аламыз: 1) 1825-1830 жылдар; 2) 1831-1845 жылдар; Бұл экономикалық үрдісті былайша бөлудің сыры мынада: екі кезеңнің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, басым бағыттары, нәтижелері болды.

Ханның бірінші кезеңде жүргізген аграрлық реформалары негізінен сыртқы жер қатынастарын реттеуге бағытталды. Тек 1825-1830 жылдар аралығында Бөкей Ордасы территориясына тікелей қатысы бар 6 межелеу жұмысы жүргізілді және оның 3-уіне Ордалықтар қатыстырылған болса [50, 2-10 пп.], қалған 3-уі құпия түрде жүргізілді [59, 1-4 пп.]. Сыртқы жер қатынастарын реттеуге бағытталған реформалардың қорытындылары мынадай болды: а) 1825 жылдың 15 наурыз – 27 сәуір аралығында қазақ-татар шекаралары айқындалды және көп жылғы жер дауына ресми тұрғыдан нүкте қойылды. Бөкейліктер 1818 жылғы межелеу жұмыстары бойынша маңызды жер телімдерінен айырылса, арада жеті жыл өткен соң суы мол, шөбі шүйгін жайылыстарын қайтарып алды. Даулы аймақты бөлу нәтижесінде қазақтарға - 42635 десятина 800 сажень, татарларға - 40151 десятина 800 сажень жер бұйырды [50, 2-4 пп.]; ә) 1825 жылдың жазында Бөкейліктер мен хошоут қалмақтары иелігі анықталды. Межелеу нәтижесінде қазақ көшпелілеріне құдықтары көп, шабындықа қолайлы бірқатар телімдер берілді [50, 10 п.]; б) Өлке басшылығы мен сенатор Ф.Энгельдің талап етуімен 1828 жылы 3 мамыр – 20 шілде аралығында хандық территориясын межелеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жер өлшеу үрдісі хандық билік үстемдік еткен кезеңдегі үлкен ауқымды қамтыған алғашқы, әрі соңғы шара болды. Нәтижесінде Бөкей Ордасының шекараларының 70%-ы белгіленіп, Қосөзен, Қамыс-Самар бойындағы және өзге де маңызды аймақтардағы жерлер ресми түрде қазақтардың көшіп-қонуына берілді [48, 49-112 пп.]; в) Қазыналық жерлерді пайдалануға алу арқылы елдегі жалпы жайылыс көлемі ұлғайды. 1828 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі Азия комитетінің шешімі және патшаның арнайы Жарлығы бойынша Бөкейліктерге Астрахань губерниясы Чернояр уездінен 673 274 десятина жайылыс берілді [48, 4-5 пп.];

Алайда атқарылған шаралардың ауқымына қарамастан көршілес Орал казактарының, помещик шаруаларының қысымшылықтары толастамады. Қазақтар іс жүзінде өздеріне тиесілі аймақтарда көшіп-қонудан қалды, әрі Чернояр уездінен берілген жерлер де жайылым мәселесін түбегейлі шеше алмады. Бұл жағдай 1827-1829 жылдардағы сұлтан Қ.Есімов бастаған қозғалыстың басты себебіне айналды.

Қарастырылып отырған кезеңдегі Жәңгір ханның аграрлық саясатын тек қараша халықтың мүддесін қорғады деп айтуға болмайды. Хандық таққа отырысымен ол елдегі саяси билікпен қоса жер иемдену құқығын қосып алды. Ішкі жер қатынастарын реформалауда хан 1825 жылдан бастап көлемі шағын жайылымдарды жекелеген старшындардың атына қайтадан бекітіп беруді қолға алды [14, с. 71]. Осылайша, жерге деген жеке меншіктің, әлеуметтік жіктелістің негізін қалады.

1825-1830 жылдардағы Жәңгір Бөкейұлының аграрлық реформалары сыртқы жер қатынастарын реттеуге бағытталса, ал 1831-1845 жылдар аралығында ішкі жер қатынастарын реформалау бірінші орынға шықты. Хан 1831 жылдан бастап көлемді жайылыс көздерін ықпалды, ауқатты сұлтандарға, старшындарға, билерге үлестіріп, ірі жер иеліктерін қалыптастыра бастады. Бұл идеяны оған патша үкіметі ұсынды. Алайда Орда билеушісіне осы жоспарды алғаш болып ұсынған Г.Ф.Генс емес, 1827 жылы қазанда хандыққа іссапармен келген сенатор Ф.И.Энгель болды [39, с. 305].

Дегенмен Жәңгір ханның жеке иеліктерді қалыптастыруда өзіндік ішкі есептері болды. Алдымен хан шұрайлы жайылыстар мен шектес аймақтарды ықпалды сұлтандарға үлестіру арқылы олардың саяси-экономикалық мәртебесін арттыруды көздеді. Бірақ мәселенің басқа жағы болды. Мұның сыры Жәңгірдің Ордадағы шыңғысзадалардан қауіптенуінде, олармен санасуға мәжбүр болуында еді. Екіншіден, ауқатты сұлтандарға, билерге, старшындарға жайылымдарды жеке меншікке беріп, ірі шаруашылық қожалықтарын құру, империялық саудадағы бәсекелестерді басып озу негізгі мақсат саналды [60, 60-65 пп.]. Үшіншіден, қауымдық жерлерді бөліске салуға Ресей империясында орныққан помещиктік қатынастар да ықпалын тигізді [37, с. 74].

Ірі жер иеліктерін қалыптастыру саясаты негізінен 1831-1833 жылдар аралығында жүргізілді және барлығы 4680000 десятина жер, яғни хандық территориясының бөлігі 1/4 жеке иеліктерге өтті [61, 96-101 пп.]. Алдымен Каспий теңізі жағалауындағы жерлер, кейін Орданың батыс, шығыс, солтүстік шекараларымен шектес алқаптар жеке иеліктерге берілді. Бұл жерлердің жайылымға, шабындыққа қолайлылығын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мәселенің екінші жағы да ескерілуі тиіс секілді. Өйткені ХІХ ғасырдың екінші ширегінде Орда териториясына көрші халықтар ене бастады. 1829-1830 жылдары Орал казактарының көшпелілерді қару арқылы Кіші Өзен бойына ығыстыруы [60, 20-22 пп.], саяжай тұрғындарының қыстауларды тартып алуы [62, 6 пп.], 1830 жылдың 31 наурызында Сенаттың Астрахань губерниясын қоныстанушыларға қатысты «Болхун, Рождественский, Новоникольское елді-мекендері шаруаларына жер бөлу туралы» Жарлық шығаруы [63, 24-26 пп.] хандық территориясының тұтастығын сақтауды талап етті.

Алайда Жәңгір ханның ел ішінде жүргізген жер реформалары тек азшылықтың көсегесін көгертті, ал көпшіліктің экономикалық сұраныстары ескерілмеді. Өз туыстары мен айналасындағыларға шұрайлы жайылыстарды тарату арқылы қатардағы халықты оларға тәуелді етіп қойды. Осылайша, ішкі жер саясатының басты кемшіліктері көпшілік тұрғындардың жерсіз қалуынан [64, 80-83 пп.], әлеуметтік жіктелістің күшеюінен, парақорлықтың жаппай етек алуынан [65, 668 п.], мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауынан, елдегі ұрлық-қарлықтың артуынан [52, 15-16 пп.] анық көрінді. Нәтижесінде Бөкей Ордасында 1836-1838 жылдары И.Тайманов пен М.Өтемісов жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалыс және 1842-1843 жылдары А.Қошаев пен Л.Манатаев бастаған халық толқуы болып өтті.

Зерттеліп отырған кезеңдегі қазақтардың орыс үкіметі, әрі өз билеушілері тарапынан қыспаққа алынуы, жерсіз қалуы, қанауға ұшырауы ақын-жыраулар Махамбет Өтемісұлы, Сегіз сері Бақрамұлы, Алмажан Азаматқызы, Мұрат Мөңкеұлы, күйші Құрманғазы Сағырбайұлы [66] және тағы басқалардың шығармашылығында нақты бейнеленді.

1831-1845 жылдары сыртқы жер мәселелерінің күрмеуі күрделенді. Жалпы Жәңгір ішкі жер мәселесінде ақсүйектер мен өз айналасындағылардың қамын күйттесе, сыртқы тартыста елдің, жердің бүтіндігі үшін күресті. Оның аграрлық саясатындағы қарама-қайшылық, оған берілетін екіжақты баға осыдан келіп шығады. Қарастырылып отырған кезеңде Жәңгір ханның сыртқы жер саясаты екі бағытта жүзеге асқан: 1) Орал казактары, помещик шаруалары, Астрахань губерниясы қоныстанушыларының Орда жеріне аяқ басуын болдырмау, шекараларды нақтылау; 2) Хандық территориясын қазыналық жерлер есебінен мейлінше кеңейту;

Алғашқы бағыттағы әрекет хандықтың батыс бөлігінен бастау алды. Өйткені 1829 жылы дүниеге келген Үлкен және Кіші Қаракөл дауы қарастырылып отырған кезеңде өз жалғасын тапты. Қоныстанушылар мен Бөкейліктердің арасындағы шекараны Владимировка елді-мекенінен Басқұншақ көліне дейін созылып жатқан ескі тұз тасымал жолы арқылы белгілеу ұйғарылды [63, 91 п.]. Бірақ аталмыш трактіні табу ұзаққа созылды және оны іздестіруге Попель, Гуссаковский, Мельников, Комаровский сынды межелеушілер кезекпен шақырылды. Жәңгір хан тек 1844 жылы жер өлшеуші Плясов жүргізген межемен келісті [67, 50-52 пп.]. Осындай тартыстар Орал казактары, саяжай помещиктерімен арада орын алды.

Екінші бағыт бойынша хандық территориясы 5377793 десятинадан 7072000 десятинаға ұлғайтылды. Бұған негізінен қазыналық жерлерді уақытша пайдалануға алу арқылы қол жеткізілді. Атап айтсақ, 1828 жылы Чернояр уездінен – 673274 десятина, 1834 жылы помещик саяжайларынан – 83481 десятина [68, 16-17 пп.], 1837 жылы Саратов губерниясы Царевск, Жаңаөзен уездерінен – 872800 десятина [69, 134-135 пп.], ал 1838-1846 жылдары қалмақтардан – 83273 десятина [70, 10-21 пп.] жер қосылды. Әсіресе Чернояр, Царевск, Жаңаөзен уездеріне тиесілі жайылымдар мен шабындықтар уақытша пайдаланылуға берілді деп көрсетілгенімен, іс жүзінде Бөкей Ордасының территориясына қосылып кетті.

Ішкі Орданың соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы 1845 жылы 11 тамыз күні қаза тапты [71, 71-72 пп.]. Оның өлімінен соң патша үкіметі елдегі жер мәселесімен жақынырақ таныса бастады. Алайда 1845 жыл, тамыз – 1848 жыл, наурыз аралығында Ресей империясы ішкі жер қатынастарына аса мән бермеді. Басты назар хандықтағы саяси билікті алмастыруға аударылды. 1848 жылдың наурызынан бастап үкімет елдегі қоғамдық жерлерді қайтадан бөліске салуды ойластырды. Жаңа аграрлық реформалар қалың бұқараның шаруашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталмақ болды [72, 33-38 пп.].

Алайда құрылған жоспарлардың көптігіне қарамастан Ресей империясы мен хандық басшылары қалыптасқан жер қатынастарын өзгертуге асықпады. Ірі жер иеленушілердің билік басына келуі жерсіздену үрдісінің одан әрі созылуына әкеліп соқты [73, 18 п.]. Сөйтіп, Жәңгір ханның жер саясатының зардаптары Бөкей Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес билігінің алғашқы кезеңінде де сақталды. Өз кезегінде бұл жағдай елдегі жайылым, шабындық мәселесінің шешілуін қиындатып отырды.

Хандық билікті алмастырған жаңа саяси институт Ресей империясының бақылауында болды және ұлттық мүддені қорғай алмады. Нәтижесінде Бөкей Ордасы көрші халықтармен арадағы жер дауында ұтыла бастады [67, 56-58 пп.]. Орал казактарының, саяжай иелерінің, Астрахань өлкесін қоныстанушылардың қазақ жеріне ішкерілей енуі территориялық тартысты күшейтті. Патша үкіметі мен губерниялық басшылық жер мәселесін шешуде көрші халықтардың қамын күйттеді [74, 35,43 пп.]. Ал құрамы орыс шенеуніктерімен тола бастаған Уақытша Кеңес дәрменсіздік танытты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет