74
Ұрпақты аздырмау, тектілік қасиетін жоғалтпай, ұлтын ұмыттырмай, ана
тілінде сөйлету – қағазға жазылмаған, қанмен (генмен) жүрекке жазылып,
арымызға аманат етілген бабалар тапсырмасы. Мұхаммед ғ.с.с.
пайғамбарымыз: «Кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы да жоқ» деген екен.
Имансыздар әлемін жасауға баршамыз күш салып жатқан жоқпыз ба? БАҚ
құралдары бар, күлдіргі әпер-бақан «тамашалар» имансыздықты дәріптеп,
арзан сөз, арзан күлкіге бірінші өздері, екінші жұртты мәз қылдық деп мәз.
Соншама масқараны құлағың естігенде, керең адам бақытты екен-ау деп,
сұмдық көріністі көзің көргенде, көрмегендер не деген бақытты еді деп
ойлайсың. 9-мамыр күні Мақпал Жүнісованың
Республика сарайындағы
консертінде болдық. Мақпал халықтың тірі әнге сусаған шөлін қандырып,
әдемі ән кешін сыйлады. Кеш соңына таман «Аққу-Гәккудің» «екі құдағиы»
айтысып сахнаға шығып, адалдықты арамдады, сұлулықты ластады, ұят
әрекет жасады (қимыл, дауыс, сөздің мағынасы, одан қала берсе, төбелес түрі
мен қолды ауызға салып ысқыру т.б.). Кірерге жер таппадық, шығарға есікті
әрең тауып, қаша жөнелдік. Өнер кешіне сондай әдепсіз көріністі неге
шығарды? Ол күн, 9-мамыр қасиетті күн емес пе? Батыр бабаларымызды
еске алатын, рухын аңсап сағынатын, атын атап, құран бағыштайтын күнде
сондай әдепсіздікпен жиналған үш мың халықтың алдына шығуға қалай
ұялмадыңыздар? Бұл қазақ әйелдерін қорлау,
жала жабу, масқара ету деп
білеміз. Ата-дәстүрімізді қорлау. Қазақта құда-құдағидың арасында баяғыдан
сыйластық қарым-қатынас болған. «Екі жасты құдай қосады». «Құдаңды
Құдайыңдай сыйла». «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «Күйеу
баланы пайғамбар да сыйлаған, төрге шығарған» деген ұлағатты сөздер, сол
сыйластықтың белгісі емес пе? Әйел баласының аузынан соншама жаман
сөздің шығатынын, әртістер-ау, сіздер қай өмірден көрдіңіздер? Сіздер
бейнелеген әйелдер, аналар болса, оларды кім сыйлайды; кім олардан өнеге
алады?
Мұндай арсыздыққа қалай төзуге болады? Қазақтың әйелдері ұрысқақ,
ұятсыз, т.б. дегендерге көне береміз бе? Сахнаға шығып алып, ері бар, әйелі
бар, сүйкімсіз дауыстармен ұлтты мазақ етіп, тұрпайы көріністерді көрсетуі
ешқандай өнер емес. Сіздер қаншама жастарға теріс тәрбие беріп
жатқандарыңызды білесіздер ме?
Онсыз да теледидар арқылы, интернет
арқылы жауыздық пен ұятсыздықты көздермен көріп, жандарын улап жүрген
ұрпақты, енді аз болғандай, өзіміз аздырып жатырмыз.
Жоқ, ағайын, тоқтату керек. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, есіміз кіріп, етек-
басымызды жинап, жоғалтқан құндылықтарымызды түгендейтін кезде азып-
тозып бара жатқанымыз жарамайды.
Ұрпақтың болашағын ойлаңыздар. Жастарға өнеге көрсетер сіздер мен
біздер азбайық. Ұрпақтың қарғысына қалмайық. Олар көргенін жасайды,
естігенін айтады. Жақында Алматы қаласындағы бір автобусқа отырып,
жұмысқа бардым. Көлік жүргізуші мен оның танысы екеуі қатты дауыстап
әңгімелесіп келеді. Әңгімелерінің ішінде қаншама рет орысша, қазақша
былапыт сөздер кетті (шеше... деген, т.б.). Есітіп отыра беру мүмкін болмады
75
да, мен ескерту жасадым. «Жарайды, енді боқтау сөз қоспаймыз» деді де, бір
кезде қайта бастады, тіптім олар өздерінің сөздерінің
арасына жаман сөзді
қосып тұрғанын байқамайды да. Автобустың ішіндегі адамдар ескерету
жасап, сөйлеп жатыр. Тыңдар емес. Біраз уақыт өткен соң: «жол бойы
жолаушылар екеуіңнің айтқан өсектеріңді, ұятсыз сөздеріңді есітіп келдік»
дедім. Енді екеуі бірдей маған сөйледі: «Сіз арласпаңыз, жайыңызға
отырыңыз. Сіз қант диабетпен ауырасыз ғой деймін, Сіздің нервіңіз ауру».
Не деген көргенсіздік. Енді мен үндемедім. Өзімді аядым. Ұстаз болғаным
үшін, ана болғаным үшін... Тіптім жүргізуші жігіт сөз арасында өзінің анасы
мұғалім екенін де айтты. Егер біз осындай ұрпақ тәрбиелеп жатсақ?..
Жұмысыма жетпей түсіп, жаяу келе жатыр едім, әңгімелесіп үш азамат
алдымда барады екен. Мен асығып, олардан озып кеттім. Бір-біріне жай
әңгіме айтып келе жатқан үшеуінің біреуі «шешеңнен» тағы жіберді.
Қарқылдап мәз болып келеді.
Тоқтай қалып, жалт қарадым. Егер менің
қолымда қару болса, сол жерде мерт ететіндей қарадым. Үшеуі де тоқтай
қалды. «Не болды? Неге осыншама аздыңдар? Шеше боқтаудан басқа
өнерлерің қалмаған ба?» дедім. Біреуі кешірім сұрады. Ал боқтап сөйлеген
жігіт: «Бізді осылай тәрбиелеген» деді. «Кім? Шешең мені боқта деп тәрбие
берді ме? Әлде әкең солай үйретті ме?» Жұмысыма келген соң да өзіме өзім
келе алмай көп отырдым. Менің бұл әрекетіме: «Неңіз бар? Сіз көпті
тәрбиелей алмайсыз ғой» дегендер де болар. Бірақ үнсіз қалуға болмайды.
Біздің кейбір азаматтардың баланың тілін қызық көріп, боқтауға үйрететіні
де өтірік емес, өздері екі сөзінің бірінде боқтық сөз айтса, соны естіп-көрген
бала соны жасамағанда қайтуші еді? Әсіресе, оңтүстіктегі бауырлар, сіздерге
қатысты. Отбасында ата-аналар, балабақша, мектеп,
жоғары оқу
орындарының ұстаздары, тәрбиешілері, сіздерге өтініш: балалардың жаман
сөз сөйлеуіне тыйым салыңыздар. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді»
дегендей, оңтүстіктің қаншама жақсы дәстүрін, қонақжайлылығын,
дархандығын, кісілігін осындай бір келеңсіз көріністер жойып жібереді.
Балаларды адалдыққа, арлылыққа, алғырлыққа тәрбиелейтін құрал – арзан
күлкі емес, арзан сөз емес, мәнді де ойлы сөз, әрекет.
Әдемі қалжыңдар болады. Ешкімнің жанын жараламайтын, ұлтқа ұят
келтірмейтін. Күлгенде адалдығынан азап шегетіндерге, аңқаулығынан күйіп
жүретіндерге, аңдымай сөйлеп,
ауырмай өлетіндерге, т.б. күлуге болады.
Сондай жағдайларды сахналаңыздар.
Мектептің өзінде балаларды әдемі қалжыңға тәрбиелеуге болады. Ойлы,
тұшымды қалжың ешуақытта кері тәрбие бермей, керісінше қателік
жасамауға, аңқау, аузы ашық болмауға тәрбиелейді. Орыстардың «Ералашы»
сияқты.
Қаншама халық сусап барған ән-кештеріне орынсыз, жабайы тіптім
тұрпайы қажыңдарды, ойындарды жолатпаған дұрыс. Адамға реніш
сыйлайтын ондай дарақы сөздер мен әрекеттер – халқымыздың бүгінінің
қара бояуы, ертеңінің қайғысы.
76
Біз ұлы даланың ұландары, текті ата-бабаның көзіміз. Ана сыйлаған, қыз
сыйлаған дәстүріміз бар. Сөздің қадірін білетін қасиетті елміз. Айналайын,
бауырларым, досқа күлкі, дұшпанға таба болмай, ел
мен жерге ие болатын
саналы ұрпақты тәрбиелеп қалдырайық. Кезінде ата-бабаларымыз Күннің
күркірегенінен қорқады екен, қазір Күн ғана емес, ғалам күркіреп тұр емес
пе? Жаһанданудан, ұлт ретінде жойылып кетуден басталатын қауіп адымдап
емес, аршындап басып келеді. Тілінен безу де, дінінен безу де етек алып
барады. Сондай қауіп тұрғанда қамсыз отырғанымыз болмас. Тым құрғанда
ішкі рухымызды бекітіп, ұрпақты ұлтжанды етіп, ибалы етіп тәрбиелейік
дегім келеді. Ол үшін үлкендер өзіміз үлгі, өнеге бола білейік.
Достарыңызбен бөлісу: