Ескендір мен қайыршы болғысы келген патша, яғни, анығырақ айтсақ,
патша болуға лайықты кедей туралы әңгіме; Ескендірдің оны шақыртып
алып, салтанат тағына отырғызбақ болуы; қайыршының тәжден безіп,
дүниені тәрк етіп, өзі қалаған өмірін сол тәжден артық санауы.
Әлемді Ескендірдің даңқы жапты,
Жұлдызы нұрын төгіп жарқыратты.
Патшасы тақытынан түсе қашып,
Қарсы алды барған жері құшақ ашып.
Хандарды тақтан жұлып, қорламады,
Астына ап қанатының қорғалады.
Болған соң заң орнатып, тәртіп құрып,
Келесі елді алуға кетті жүріп.
Тек қана Мағрыб
27
Шахы қарсыласып,
Жыландай жиырылды уын шашып.
Зұлымды қоршауға алып келген бетте,
Су септі тұтанғалы тұрған өртке.
Жаңылмай әділдікке жол ашудан,
Іздеді елге көсем болатын жан.
27
Мағрыб – орта ғасырда Жерорта теңізі мен Африка маңын шығыс халқы осылай атаған.
207
Жар салды: «Ер керек, – деп, – елге тұтқа,
Айнымас адалдықтан әр уақытта.
Жеткізер адам бар ма халқын баққа,
Қоямын кім болса да алтын таққа.
Елінде жақсылықтың жақса нұрын,
Еркіне билетемін патшалығын».
Бұл сөзді естігеннің бәрі егілді,
Тілеуін тілеп оның тәубе қылды.
«Уа, тақсыр, барған сайын бағаң артар,
Тақытың биік өрлеп, көкке тартар.
Тәңірі қалай сені қолдамасын,
Іздедің бізге қорған ер данасын.
Бар еді арамызда ондай кісі,
Белгісіз қазір тірі, не өлісі.
Жапанды жалықпастан көптен кезіп,
Тәрк қып дүниені кеткен безіп.
Тойдырған жалған ісі абыр-дабыр,
Мекені – елсіз дала, ескі қабір.
Тіріден шындық таппай көңілі қалып,
Сұрап жүр өлілерден көрді қағып.
Опасыз баяны жоқ тәж бен тақтан,
Бейіштей рақат оған түзде жатқан.
Құм іші – баспанасы... солай дерек,
Мәлімсіз алатыны қалай қорек.
Кездейсоқ пенделерге жақ ашпайды,
Маңына жан жуытпай аластайды.
Тек қана жарлыларды жақын тартып,
Соларға мейірім төгер, үміт артып.
Бір сәттік жарық дүние қалма қапыл,
Деп оған мұңдасқандар салады ақыл.
208
Жоятын жер бетіне зорлық сұмды,
Жол бар деп ол үнемі елге ұқтырды».
Ескендір қаныққан соң тылсым жайға,
Берді әмір: «Табыңдар, – деп, – жүрсін қайда!».
Жан-жаққа шабармандар кетті шауып,
Күн бата әзер-пәзер жетті тауып.
Көргеннің жаны ашиды жаман аяп,
Жалаң бас, алқам-салқам, жалаң аяқ.
Суынған әлдеқашан сұр өмірден,
Таяқ бар қолында екі сүйек ілген.
Ескендір сәлем беріп жұмбақ ерге,
Шығарды құрметтеп жұмсақ төрге.
Сонан соң шұғыл бұрып сөз ыңғайын,
Сұрады қолындағы сүйек жайын.
Дана айтты: «Кезіп жүріп қалың мазар,
Осы бір сүйектерге салдым назар.
Әуремін ойға жауап қайыра алмай,
Пақыр мен патшанікін айыра алмай.
Тағдыры теңгерілді ақырда бір,
Өлген соң патша да бір, пақыр да бір».
Ескендір баға берді сонда таң қап:
«Ерсің, – деп, – ойға дана, сөзге саңлақ.
Ақылың дариядай тасып тұрған,
Жалғанда жан екенсің асып туған.
Боласың әділ патша ел аңсаған,
Билігін Мағрыбтың берем саған!»
Ол айтты: «Адамшылық – маған мұрат,
Ал орнын толтырмақсың немен бірақ?
Мен үшін қайыршылық мың есе артық,
Биліктен жүрсем де алтын белдік тартып.
209
Байлыққа табынбаймын шектен асқан,
Төрт сипат жаныма нұр сепкен жастан.
Бірінші – көк мұхиттай шексіз-шетсіз,
Мәңгі өмір, қалтарыссыз, қасіретсіз.
Екінші – қызық кешкен армансыз жас,
Өкініп қартайдым деп аласұрмас.
Үшінші – жан байлығың өлмейтұғын –
Жұлдызы ақиқаттың сөнбейтұғын.
Төртінші – шаттық тірлік бал-бұл жанған,
Көзде жас, болмайтұғын көңілде арман».
Ескендір одан сайын ғажаптанды,
Бас иіп, назар сала, қарап қалды.
Деді оған: «Уа, ізгі жан құрметті,
Рухың неткен күшті құдіретті.
Бұйырса әлемге әмір болу маған,
Өзіңе пенде бар ма табынбаған.
Жүрсең де дәруіш боп сұрқың қашып,
Табынттың мені өзіңе нарқың асып!»
Пақырдың даналықпен асар бағы,
Алтын тақ қорлық оған қашан-дағы.
Жарлыға жаны жомарт, жиған иман,
Құрдымдай тақ пен атақ құмға құйған.
ҒИБРАТ
Достарыңызбен бөлісу: |