«Мәселені зерттеудің дерек көздері» осы тараудың үшінші бөлімінде талданды.
Оңтүстік Қазақстанды патшалық Ресейдің жаулауы, әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынастарының күрделі тұстарын ашып, тарихи маңызын көрсету, тарихи оқиғаларды сарапқа салып, обьективті тұрғыдан баға беру үшін деректік материалдарды талдаудан өткізу аса маңызды рөл атқарады. Сол себебтен алға қойылған мәселені зерттеу барысында мұрағаттық құжаттар, жарияланған материалдар және мерзімді баспасөздердің ақпараттары кеңінен ғылыми айналымға тартылды.
Мұрағаттық құжаттарды жинастыру барысында Қазақстандағы, Өзбекстандағы және Ресейдегі мұрағат қорларында ізденіс жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмысына мынадай 8 мұрағаттың: Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағаты, Ресей империясының Сыртқы саясат мұрағаты, Ресей мемлекеттік Әскери тарих мұрағаты, Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты, Ресей Федерациясының Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясының Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты және Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының құжаттары дерек ретінде тартылды.
Сонымен қатар диссертацияны дайындауда мұрағаттардан басқа қазақ, өзбек, қырғыз, орыс тілдеріндегі деректік құжаттар, араб, латын әрпімен жазылған қазақ тіліндегі құжаттар мен қолжазбалар негізге алынып, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясының қазақ даласына, соның ішінде оңтүстік өңірді мекендеген жергілікті халықты отарлауға қатысты шығарылған ресми iс-қағаздар мәлiметтерi ретiнде әр түрлі заңдық жинақтар және құқықтық актілер мен ережелер, әскери-әкімшілік мекемелердің құрылуы, міндеті мен әрекет ету жөніндегі мәліметтерді енгіздік. Аталмыш құжаттар патшалық әкiмшiлiк құрылысының сипатын айқындауға, қарастырып отырған кезеңдегi Оңтүстiк Қазақстандағы халықтың құқықтық жағдайын зерттеуге мүмкiндiк бередi. Патша шенеуніктерінің өлкені отарлау және қоныс аудару саясатын жүргізу тарихы жайындағы очерктері және олардың жоғарғы билікке беріп отырған есептері және талдау еңбектері, соның ішінде Сырдария мен Жетiсу облыстарындағы жергілікті халықты басқарған отарлық билiк орындарының түрлi жарғылары, бұйрықтар мен заңдық жинақтары, ережелер негiзiнде полиция мекемелерiнiң құрылуы, мiндетi және әрекет ету құқықтары жайында мәлiметтер, жергiлiктi халық отаршыл билiк жүйесiне, жекелеген шенеунiктерге деген көзқарасын ауылдық және болыстық жиындардың қаулылары, сондай-ақ жекелеген азаматтардың арыздары, шағымдары және өтiнiштерi алынып, жоғарыда көрсетiлген деректiк мәлiметтердi толықтыра түсу мақсатында зерттеу жұмысымызда осы күнге дейiн жарияланған құжаттар мен материалдар жинақтары да кеңiнен пайдаланылды.
Сол кезеңдегі құжаттардың біз үшін, әсіресе, маңыздысы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жүйелi түрде жарияланып тұрған Оңтүстік аймақтағы сандық өзгерістерден мәлімет беретін статистикалық құжаттар. Жетісу және Сырдария облыстары бойынша жүргізілген шолуларда статистикалық, әлеуметтік, шаруашылық, мәдени және қоғамдық қатынастар туралы жыл сайын мәліметтер беріліп тұрды.
Жетісу облысы бойынша «Обзорлар» 1882 жылмен 1913 жыл аралағында тұрақты шықса, ал «Сырдария облыстық обзоры» бар болғаны 12 жыл ғана жарыққа шықты.
«Обзорлардың» статистикалық мәліметтерінің құндылығы жоғары болғанына қарамастан, оларда кездесетін кейбір мәліметтер дәл келе бермейтінін ескерткен жөн.
Зерттеу барысында жергілікті әкімшілік мекемелерінің әскери және азаматтық шенеуніктерінің ресми іс-қағаздары мен жазбалары, Бас штабтың офицерлері мен саяхатшылардың естіліктері мен күнделіктері және хаттары ғылыми айналымға тартылды.
Оңтүстік Қазақстанды мекендеген жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірінен, ондағы патша үкіметінің жүргізген аграрлық саясаты барысынан және отарлаудың жергілікті халықтың тұрмыс жағдайына тигізген әсері туралы біршама мағлұматтарды көптеген мәліметтерді мерзімді басылым беттерінен кездестіреміз. Мысалға: «Военный сборник», «Вестник Европы», «Русская старина», «Русский архив», «Туркестанские ведомости», «Вопросы колонизаций», «Материалы па киргизскому землепользованию» сияқты баспасөз басылымдарында зерттеп отырған өңір жайлы аса маңызды деректер келтірілген. Бұлардан басқа ХІХ ғасырда орыс мерзімдік басылымдардағы деректердің «Царское колонизация в Казахстане» атты еңбекте біршама жинақталған түрі келтірілген. Онда «Руский вестник», «Отечественные записки» «Семиреченские областные ведомости», «Вестник Европы», «Земщина», «Русский Туркестан» және басқа да журналдар Ресей империясының қазақ даласындағы жаулау жорықтары мен оған қатысқандардың естіліктері және мұрағаттық деректер бар.
ХХ ғасыр басындағы патша әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынас тарихын жан-жақты зерттеуде қазақтың ұлттық баспасөздері – «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Ұлұғ Туркiстан» және «Сарыарқа» сияқты басылымдардың да деректік маңызы бар.
Оңтүстік Қазақстандағы патша әкімшілігі мен жергілікті халықтың арасындағы қатынастардың мазмұнын айқындауда, жоғарыда аты аталған басылымдардағы деректер мұрағат құжаттарымен салыстыра отырып қолданылды.
Сонымен бiрге, зерттелiп отырған кезеңдегі куәгерлердiң естелiк жазбалары (мемуарлар) мен халқымыздың бiртуар перзенттерi алаш зиялыларының еңбектерi және Ресейдегi ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерiнiң шығармаларындағы мәліметтер дерек көздерi ретiнде пайдаланылды. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі патша әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасына қатысты құжаттардың бір бөлігі осы күнге дейін Қазақстан мен жақын шетел баспаларынан шыққан құжаттар мен материалдар жинағында жарияланды.
Қазақ тарихы орыс деректерінде, кеңестік кезеңде шыққан Алаш тарихына байланысты очерктерінде және тәуелсіздіктен кейінгі Алаш қозғалысына, 1916 жылғы көтеріліс жинақтарында жарық көрген құжаттар мен материалдар патша әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасына қатысты мәселелерді ашуға септігін тигізді.
Ұзынағаш шайқасына, Пішпек, Әулиеата, Шымкентті қорғауға Қоқандық әскермен бірге Оңтүстік Қазақстанды мекендеген жергілікті халықтың қатысуын қоқандық тарихшылардың еңбектерінен табамыз.
1885 жылы Қазан қаласында Н.Н. Пантусовтың аударуымен орыс тілінде жарық көрген қоқандық тарихшы Мулла Ниаз Мухаммед бен Ашур Мухаммедтің еңбегінде қазақ билеушілерінің Қоқан хандығымен байланыстары, Ұзынағаш, Әулиеата, Шымкент түбіндегі шайқастар және тағы басқа да саяси оқиғалар баяндалады [43]. Зерттеу барысында мұрағат құжаттарымен бірге ауыз әдебиеті мәліметтеріне негізделіп жазылған қолжазбалар да пайдаланылды. Олардың көпшілігі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Орталық кітапханасының қолжазбалар қорында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының қолжазбалар қорында, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында, Өзбекстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазбалар қорында, Өзбекстан Республикасы Новаи атындағы кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы.
Фольклорлық деректерді жан-жақты саралап, тарихи мәліметтерді қолдана білудің қажеттілігін ұлттық тарихымыз үшін аса маңызды екендігін байқатқан бүгінгі уақыт та, тарих ғылымының даму барысы да көрсетіп отыр.
ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақындары Қазақстанның оңтүстігін талай аралап, ондағы ақын-жыраулармен, тарихи тұлғалармен араласа жүріп, өздері көріп, куә болған оқиғаларды жазғандықтан, олардың жырлары мен өлеңдері және естеліктері зерттеу жұмысының деректік қорын құрайды.
Жоғарыда баяндалған мазмұндағы негізгі деректерді қорыта келе, Оңтүстік Қазақстандағы отаршыл патшалық билікпен жергілікті халық арасындағы қатынасты ғылыми тұрғыдан талдап, саралауға мүмкіншілік алдық.
Достарыңызбен бөлісу: |