Хіх ғ. ІІ ж – ХХ ғ. бас кезі. Кіріспе Жұмыстың жалпы сипаттамасы



бет7/15
Дата16.02.2023
өлшемі307.5 Kb.
#469663
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15
stud.kz-64949

«Зерттеу жұмысының тарихнамасы» деген бөлімде тақырыптың зерттелу деңгейі талданып көрсетіледі.
Патша өкіметінің отаршылдық билігі мен жергілікті халықтың ара қатынасы зерттеулерге революцияға дейінгі тарихнамада аз көңіл бөлінбеген. Өйткені Оңтүстік Қазақстан Ресей империясының құрамына кіргеннен кейін патша өкіметі өңірдің өткен тарихын зерттеп, табиғи ресурстары мен өндіргіш күштерін анықтауға ұмтылды.
Яғни, патша өкіметінің алдына отарлық шет аймақтардың байлықтарын игеру, олардың ресурстарын анықтау, сондай-ақ жергілікті халықтың Ресей билігіне деген көзқарастары мен қатынастарын түбегейлі зерттеу мәселелері тұрды. Бұл жұмыстың едәуір бөлігі Орыс географиялық қоғамына жүктелді.
Осы мақсатты көздеген патша өкіметі осы қоғам мүшелерінің алдарына бағындырылған елдерге ғылыми экспедицияларды жарақтандырып, олар туралы географиялық, статистикалық, этнографиялық және жаратылыс-тарихи материалдар жинап, оларды өндеу және тарату міндеттерін қояды.
Сонымен қатар патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды әскери жаулап алу кезінде басы-қасында болған Ресейдің бас штабы офицерлерінің және ғалымдарының ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазып қалдырған еңбектерінде патша әкімшілігі мен жергілікті халықтың арасындағы қарым-қатынасы біршама қарастырылады.
Орыс әскерилерінің алдындағы мақсат қалайда өлкені тезірек бағындырып, оны Ресей империясының құрамына қосу болса, орыс ғалымдары алдындағы мақсат та бұл өлкені отарлағанда, қандай пайда түсерін айқындап беру болды. Дегенмен олар алдына басты мақсат Түркістан халқы Ресей билігін мойындауға ұмтылатындығын, жергілікті халық орыстарды хандар мен бектерден және өзара руаралық соғыстардан құтқарушы күш ретінде түсінеді деген көзқарасты қалыптастыруға тырысты.
Осылайша Кеңестік кезеңге дейінгі еңбектер патша өкіметінің мүддесінен шығып, оны қорғап, қызмет жасады және өңірді жаулап алу, отарлау арқылы оған ресейлік басқару жүйесін енгізу қажет екендігін дәлелдеумен болды. Ал патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққан жергілікті халықтың қарсылығына «бүлікшіл», «қарақшылар» деген айдар тағып, оларды рубасыларының өз артықшылықтары үшін орыстық билікке көрсеткен қарсылығы деп елемеді.
Осыған байланысты саяхатшылар, өлкетанушылар, Ресей билігін насихаттаушылар өз еңбектерінде өңірге байланысты географиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар ХІХ ғасырдың ІІ жартысында орын алған саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне жалпылама түрде сипаттама береді.
Дегенмен қазақ елінің Ресей империясының қол астына өтуінің тарихнамасы өзінің даму барысында ұзақ және күрделі жолдардан өтті.
Сондықтан төңкеріске дейінгі деректердің өз алдына құндылығы сонда, қазіргі заманғы тарихшылар үшін аса маңызды фактілерді, көзқарастарды тізбелеп келтіретіндігінде. Өйткені зерттеуші басқа тарихи деректерден тасада қалған нақты оқиғалардың ізін табуы мүмкін. Расында да Оңтүстік Қазақстанды жаулап алардан бұрын-ақ бұл өңірді табиғи-тарихи жағынан зерттеген орыс ғалымдарының еңбектері патшалық Ресейдің отаршылдық мүддесіне қарай жазылғандықтарына қарамастан, жергілікті халықтың саяси-әлеуметтік дамуы, экономикасы, мәдениеті және өзара байланысы жөнінде құнды мәліметтер беруімен ерекшеленеді.
Бұл табиғи-тарихи зерттеулер өз кезегінде патша үкіметінің отаршыл саясатын ақтауға тиіс болғанымен жергілікті халық өкілдерінің Ресей билігіне қатысты саяси ұстанымдарына да назар аудартады. Осылайша империяның геосаяси доктринасына қызмет еткен төңкеріске дейінгі Ресейдің шығыстанушы ғалымдары жергілікті халықтың тарихи-этнографиялық жағынан зерттелуіне мүдделілік танытты.
Тіпті ХІХ ғасырда Ресейдегі шығыстану саласының қанат жайғаны соншалықты, әскери шенеуніктерді ғылыми зерттеушілерге айналдырып жіберіп, олардың жазған еңбектерінің басты ерекшелігі сонда, онда пайдаланылған материалдар өздерінің жеке бақылауларына негізделіп, сол уақыттың куәгерлігіне айналуы еді.
Ресейдің отаршыл әкімшілігі мен жергілікті халықтың арасындағы қатынасқа қатысты алғашқы деректі ХІХ ғасырдың басында Жетісуға жіберілген полковник Ф.К.Шубин әскерінің құрамында болған дәрігер Зибберштейннің жазбалары береді. Жетісу өлкесі туралы мәлімет берген Зибберштейн Сібірдегі патша әкімшілігі мен жергілікті халықтың керуен жолдарына қатысты өзара байланысқа тоқталып кетеді [6]. Сондай-ақ Сыр бойы қазақтарына байланысты мәліметтерді Қоқан, Хиуа хандықтары туралы жазылған М.Поспелов пен Т.С.Бурнашев [7] және Ф.Назаровтың [8] жазбаларынан көптеп кездестіруге болады. Олар аталған хандықтарда болып, сол уақыттағы оқиғаларды көзімен көрген және еңбектерінің көп бөлігін Сыр бойы қазақтарына және оның қоғамдық құрылысына арнаған. Оның себебі Ресей империясының Сыр бойын өзіне қосып алуында жатса керек.
Патшалық Ресейдің билігіне қатысты жергілікті халықтың сұлтандары мен билерінің саяси ұстанымы туралы бірқатар мәлімет берген қазақ даласына саяси айдауда болған поляк революционері А. Янушкевичтің жазбалары аса құнды [9]. 1846 жылы генерал Вишневскиймен бірге хатшы ретінде Жетісуға келген А.Янушкевич сол кездегі өлкеде орын алған саяси оқиғаларға қатысты жаңалықтарды қағазға түсіріп отырған.
ХІХ ғасырдың 50-жылдарында өлкеде ғылыми және әскери мақсаттармен зерттеу жұмыстарын жүргізген П.П.Семенов-Тянь-Шаньский [10], Ш.Ш.Уәлиханов 11 және тағы басқалары болды.
Жетісу мен Орталық Азияға бірнеше рет саяхат жасап, Тянь-Шань тауын жан-жақты зерттеген П.П.Семенов өзінің зерттеу еңбегінде өлкеге табиғи тұрғыдан ғана емес, сол кезде өңірде қалыптасқан саяси жағдайларға баға беріп, жергілікті патша әкімшілігінің басқару құрылымдары мен тетіктеріне, сондай-ақ қазақ билеушілерінің жаңа «тәртіпке» байланысты ұстанған бағыттары және халықтың отаршылдарға қарсы күресін сипаттайды.
Қазақтың аса көрнекті ғалымы және ағартушысы Шоқан Уәлиханов мазмұнға бай және өте құнды еңбектер қалдырған. Өзінің тым қысқа өмірінің ішінде ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы, жағрапиясы, этнографиясына және қоғамдық-саяси өміріне біраз бірсыпыра еңбектерін арнап, соның ішінде Жетісудің тарихына да көңіл бөлген. Ол патша әкімшілігінің Ұлы жүз қазақтарын басқару тәртібін ашып көрсетіп, Жетісу үшін тайталасқан Ресей, Қытай және Қоқан мемлекеттерінің іс-әрекеттеріне талдау жасаған.
ХІХ ғасырдың 60-90-жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстанға көптеген патша офицерлері мен орыс шенеуніктері келіп, зерттеу жүргізді. Әртүрлі мамандық иелері болып табылатын олардың еңбектері мазмұны мен көлеміне, алдына қойған мақсат-мүддесіне, отарлық саясатқа қызмет етуге арналғанына қарамастан, тарихи фактілерінің молдығымен патша әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынас тарихын жаңа қырынан ашып, еңбектерінде көрініс тапты және зерттеуге септігін тигізді. Бұл ретте П.Пичугин [12], В.Е.Недзвецкий 13, Н.А.Аристов 14 сияқты зерттеушілерді атауға болады. Бұл авторлар жергілікті халықтың ұлт-азаттық күресін орнымен атамай, олардың наразылығын «тәртіпсіздікке», «бүлікшілікке» теңеген және жергілікті патша әкімшілік орындарына қатал шаралар қолдану жөнінде өз «кеңестерін» берген. Соған қарамастан олардың еңбектеріне тартылған деректер әлі күнге дейін өз маңыздылығы жағынан құндарын жоймаған.
Сонымен қатар, Жетісу өңіріндегі патша өкіметінің отарлық билік орындарының қызметі мен міндеттері жөнінде Н.В.Леденов 15, А.Г.Серебренников 16 өз еңбектерінде атап көрсетеді. Бұл еңбектерде олар билік орындарының құрылуы мен қалыптасу тарихын баяндап, отарлау тәсілдерін талдайды.
Түркістан өлкесіндегі орыс әскерлерінің жаулаушылық іс-қимылдары туралы дерек көздерін Н.П.Глиноецкий [17], А.И.Шеманский [18] сияқты авторлардың еңбектерінен де аламыз.
Сондай-ақ, Түркістан өлкесінің Ресей империясының отарына айналуы мен салдары жөнінде мәліметтерді А.И.Добромыслов [19], К.К.Паленнің [20] еңбектерінен табуға да болады.
Олар өлкеге Ресей империясының енгізген әкери-әкімшілік басқару реформалары мен патша өкіметінің қабылдаған заңдық құжаттарына егжей-тегжей талдау жасап, тақырыпқа қатысты көптеген пайдалы түсінік берген.
ХХ ғасыр басында Ресей империясының қазақ даласындағы отарлық билік орындарының қызметіне және оған наразы болған жергілікті халықтың тұрмысына қазақ зиялылары да өз бағасын беріп, патшалық әкімшіліктің өлкеде жүргізген саясатын өткір сынға алып, ашық талқыға салады және патша әкімшілігі тарапынан жергілікті халыққа әділетсіздік қысым көрсетілгеніне көп көңіл аударған. Жалпы алғанда олардың еңбектерінде көрсетілген мәселелер тек Оңтүстік өңірге ғана емес бүкіл қазақ даласына қатыс бар. Бұл ретте Ә.Бөкейханов 21, А.Байтұрсынов 22, М.Шоқайдың 23 еңбектері алғашқы қатарға жатады. Алаш қайраткерлерінің еңбектеріңде қазақ даласының, соның ішінде Түркістан өлкесінің саяси-әлеуметтік жағдайы, жергілікті халықтың отаршылдық саясатқа деген көзқарасы мен патша әкімшілігімен арадағы қатынасы, ұлт-азаттық қозғалыстың бағыт-бағдарлары мен мақсат-мүдделері шынайы көрсетуімен ерекшеленеді.
Сол кезде жарық көрген патша өкіметінің отарлық саясатына және оның әкімшілік орындары мен жергілікті халықтың арасындағы қатынасқа байланысты жазылған еңбектерге тоқталар болсақ, олар Г.Сафаров 24, П.Г.Галузо 25, Т.Рысқұлов 26 зерттеулері болды. Бұлардың ғылыми еңбектерінде өлкедегі отарлаудың көлеңкелі тұстары, орыс езгісінің пәрменділігі, әскери-әкімшілік орындардың құрылымы мен қызметіне шолу жасап, оның жергілікті халықты өз билігіне енгізудегі әрекеттерін ащы шындықпен көрсетіп, патша өкіметінің түпкі ойы қазақтарды ұлт ретінде жою және орыстандыру саясаты екендігі жазылды.
Солардың бірі Г.Сафаров өз еңбегіңде өлкедегі отарлау алғашқы кезде әскери басқыншылық түрінде болып, ал басқару жүйесінің Ресейден дайын күйінде әкімшілік – полицейлік түрінде жергілікті халыққа таңылғаны туралы қорытынды жасайды.
Мұндай тұжырымға П.Г.Галузо да келген. Ол Ресей мен Қазақстан серіктестігінің тең құқылы еместігін атап көрсетіп, империяның өзге өлкелерді «қосып алуға» өте мүдделі екенін атап өтіп, отарлық билікті «түземдіктерді билейтін аппараты» және «орыстың әскери – шенеуніктік аппараты» деп екіге бөліп қарастырып, отаршыл империя теоретиктерінің агрессияға бейбіт тон жамылдырып, өркениетті сипат беруге неліктен тырысқанын түсіндіріп, отарлық саясат шет аймақтарға зор қасірет алып келді деген пікірге тоқтайды. Отарлық билік жүйесінің қазақ даласына енгізілуінің аяғы зор қасіреттерге ұшыратқанын Т.Рысқұловта та өз еңбегінде жазған болатын.
Оның жұмысында өлкедегі қазақтардың азаттық күресіне себеп болған саяси факторларды баяндаған.
Қазақтың оңтүстік өңіріндегі патша әкімшілігі мен жергілікті халықтың арасындағы қатынас жөнінде және ондағы халықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне байланысты зерттеулер көптеген кеңестік және қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде орын алып, зерттеу нысандарына айналды. Мәселен, Е.Бекмаханов 27, Б.С.Сүлейменов пен В.П.Басин 28, Г.С.Сапаргалиев 29 сияқты ғалымдар ХІХ ғасырдағы Оңтүстік Қазақстанның саяси дамуына және патша өкіметінің қазақ даласында жүзеге асырылған жазалау шаралары мен әкімшілік-саяси жүйесінің құрылымдарына назар аударған. Бұл ғалымдар өз еңбектерінде маркстік-лениндік әдістемеге сүйенгеніне қарамастан патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына ғылыми тұрғыдан өз бағаларын берген.
Отандық тарихнамалық кеңестік кезеңде орыс отаршылдығының түрлі қырлары мен ерекшеліктерін зерттеу ісінде қол жеткізген табыстарына көз жұму, әрине, әбестік болар еді. Осы ретте әсіресе мәселені тура да терең жол ашатын аса мол мұрағат құжаттарының ғылыми айналымға тартылғанын бөліп атаған жөн.
Қазақстан азаттық алғаннан кейін отандық тарихнамада зерттеп отырған тақырыпқа қатысты мәселеге көп көңіл бөлініп, жаңаша көзқарастар қалыптасып, ендігі кезекте отандық тарихнамада тың мұрағаттық деректер сарапталып, мәселеге жаңа қатынас қалыптаса бастайды. Әсіресе 1990 жылдардың басында қазақ даласының патша өкіметінің билігіне өту мәселесінің тарихнамасында екі түрлі көзқарас орын алды: тек қана жаулап алу және бастапқы бодандықты ерікті түрде қабылдау, одан соң әскери күштің көмегімен қосып алу. М.Қозыбаевтың еңбегінде 1916 жылғы көтерілістің барысындағы патша әкімшілігі мен жергілікті халықтың арасындағы қатынастардың барысына ғылыми негізде тоқталады 30. Ал Р.Бекназаров болса Оңтүстік Қазақстанның Ресей империясына қосылу барысын зерттеген 31.
Қазақтың тарихшы ғалымдары К.Нұрпейісов пен М.Қойгелдиев өз еңбектерінде жадидтік және жалпымұсылмандық қозғалыстарға, Орталық Азия халықтарының тәуелсіздік үшін күресіне және Алаш қозғалысына жаңаша тұрғыдан серпін беріп, оларды тереңдете зерттейді.
Отарлаудың ащы шындығын көрсеткен К.Нұрпейісов қазақтар мен көшіп келген келімсектердің арасында қалыптасқан күрделі қарым-қатынастарға тоқтала келіп, Ресей мемлекетінің тарапынан жасалынған қатыгездік пен озбырлыққа, жергілікті халықты ата қонысынан ығыстыру шараларына тоқталады 32.
Ал, профессор М.К Қойгелдиевтiң «Жетiсудағы Ресей билiгi» атты монографиялық ғылыми еңбегі Жетiсу өлкесінің Ресей билігіне өту жолдары мен патша әкімшілігінің жергілікті халықты бағындыруда қолданған іс-әрекеттері мен қимылдарын ашқан. Бұл еңбекте М.Қ.Қойгелдиев кеңестік тарихнаманың тұжырымдарын қайталамай, Ресей империясының Жетісу өлкесін отарлаудағы басқару және табиғи байлығын игеру мақсатында іске асырылған шараларын талдайды. 33.
Отарлау мәселесінің бағыттары мен қадамдары, ұлт зиялыларының патша әкімшілігіне қатысты ұстанымдары В.З.Галиев 34 пен А.Исмайловтың 35 еңбектерінде қарастырылған.
Т.Т.Далаеваның диссертациялық жұмысында ХIХ ғасырдағы патша өкіметінің Оңтүстік Қазақстандағы отарлық билік орындары арнайы қарастырылып, әкiмшiлiк-территориялық құрылысына зерттеу жұмыстары жүргізілген 36. Онда Т.Т.Далаева Оңтүстік Қазақстандағы патша өкіметінің жаулау іс-қимылдары мен өңірдің саяси ахуалына көп көңіл бөлген. А. Махаеваның «Тойшыбек би және оның заманы» деген ғылыми жұмысында Жетісу өлкесіндегі тарихи тұлғалардың Ресей билігіне деген ұстанымдары баяндалады [37].
Патша әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасқа байланысты мәселелер шетел зерттеушілерінің еңбектерінде де көрініс тапқан. Шетел зерттеушілерінің еңбектерін қарастырғанда Гарвард университетінің профессоры Ричард Пайпстің еңбегі құнды болып табылады [38]. Нью-Джерси (АҚШ) университетінің профессоры Томас Пирсонның «Орыс шенеуніктігі, самодержавиесі және жергілікті өзін-өзі басқарудың дағдарысы» деген зерттеуінде Ресейдегі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің 1860 жылдардағы реформадан ХІХ ғасырдың аяғына дейінгі тарихы баяндалып, көптеген мәліметтер келтіріледі [39].
Д.Демко зерттеу еңбегінде патша өкіметінің қазақ даласындағы отаршылдық саясаты және жергілікті билік орындарының қызметі, қоныстанушылардың қазақ даласына келіп орналасуына байланысты мәліметтер қамтылған [40].
Соңғы жылдары мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында америкалық зерттеушілер Ч.У.Костлердің «Тюркизм и Советы. Тюрки мира и их политические цели» 41 және В.Мартиннің «Закон и обычай в Степи: казахи Среднего жуза и Российский колониализм в ХІХ веке» атты еңбектері жарияланды 42.
Осы аталған тарихнамалық зерттеулер Оңтүстік Қазақстандағы патша әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастың тарихына объективтік тұрғыдан баға беру қажеттілігін және ғылыми жағынан құндылығын аңғартса керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет