Хіх ғ. ІІ ж – ХХ ғ. бас кезі. Кіріспе Жұмыстың жалпы сипаттамасы


«Сібір және Сырдария желілерінің қосу кезіндегі әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халықтың ара-қатынасы»



бет11/15
Дата16.02.2023
өлшемі307.5 Kb.
#469663
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
stud.kz-64949

«Сібір және Сырдария желілерінің қосу кезіндегі әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халықтың ара-қатынасы» атты төртінші тарауда өңірдің жаулануы барысындағы жергілікті халықтың ахуалындағы өзгерістер мен Сыр өңіріндегі әскери-экспансия кезіндегі қазақтар және Оңтүстік Қазақстанды жаулаудың аяқталу барысындағы жергілікті халық өкілдерінің отаршыл әкімшіліктің қызметіне тартылуы жайында мәселелер қозғалады.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысының басында патшалық Ресейдің еуропалық мемлекеттермен болған соғыстарда жеңіліс табуы халықаралық қатынастарда оның беделін едәуір деңгейде төмендетіп, империясындағы дамып келе жатқан капиталистік қатынастарға үлкен соққы болып тиді. Осы соғыстың салдарынан өнеркәсібі мен саудасы аса қажет еткен рыноктары мен арзан шикізат көздерінің мол қоры бар Қара теңіз жағалаулары мен Таяу Шығыс елдеріне деген ұмтылысы тоқтап қалды.
Сол себептен патша өкіметі империя билігіне кірген қазақ жерлерінде отаршылдық саясатты күшейтіп, ерекше әскери және әкімшілік басқару тетіктерін енгізіп, Оңтүстік Қазақстанды толық жаулап алуды аяқтау және Орталық Азияға басып кіру үшін дайындық іс-шараларына кіріседі.
Жетісуді жаулаған патша өкіметі өлкеде мекендеген халықтарды басқаруды жетілдіру және бақылауды күшейту мақсатында 1856 жылы Ұлы жүз қазақтарының Приставының орнына тікелей Семей облысы әскери губернаторына қарайтын Алатау округын құрады. Өлкені басқару үшін ол көмекшілері мен хатшыларынан басқа, қазақтардан үш аға сұлтан және Ұлы жүз қазақтарынан депутат енген басқарманы жасақтап, жергілікті халықтың өміріне қатысты негізгі мәселелерді шешумен айналысты.
Сұлтандар тарапынан сайланған Ұлы жүз қазақтарының депутаты қазақ қоғамын округ бастығымен жалғастырып, үш аға сұлтан арасындағы байланысты реттеді. Жалпы алғанда, Алатау округы басқармасының қызметі Жетісуді мекендеген Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздарға көптеген қиыншылықтар әкелді. Өйткені, патша әкімшілігі орыс әскерлерінің Оңтүстік Қазақстанға жасаған жорықтарының бүкіл жабдықтарын таситын жүк көліктерін, азық-түлігі мен аттарын, олардың жем-шөбін қамтамасыз етуді жергілікті халықтың есебінен өндіріп алды.
Сонымен қатар, Колпаковский Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың арасында орыс билігін баянды ету үшін небір айла-амалдарға барған. Колпаковский тым шектен шығып, халыққа аса ауыр зомбылықтар жасаған. Оның қатыгездікке барғаны соншалықты казактардың қырғыздардың ауылына жасаған келесі бір жорығынан кейін ол, қырғыздар мен қазақтарды біржола қас дұшпанға айналдыруды көздеп, қолға түскен қырғыз әйелдері мен балаларын жазалауға қатысқан қазақтарға олжа ретінде «сыйға» тартады. Колпаковскийдің патша билігінің орнауы қарсаңындағы Жетісу өлкесінде белең алып, күнделікті дағдыға айналған қазақ-қырғыз руларының арасындағы барымта, жер дауы, жесір дауы, руаралық жанжалдар және тағы басқа келеңсіз жағдайларға кең түрде араласуы, оның «шеберлік» қасиетін көрсетті.
1860 жылы мамырда патша үкіметінің шешімімен Шу өңіріне жорық жасайтын әскери күштерге қолбасшылық жасауға полковник Циммерман келіп, 26 тамызда Тоқмақты басып алса, ал 4 қыркүйекте 5 күндік қоршаудан кейін Пішкекті алудың сәті түседі 46, 135 п.
1860 жылы патша әскерлерінің Тоқмақ және Пішкек бекіністерін алып, Шу өңіріне аяқ басуы, Қоқан хандығын шешуші шайқасқа баруға итермелеп, орыс әскерлеріне қарсы Қанағатшаһ бастаған сарбаздарды аттандырады.
Әулиеатаға жеткен қоқандықтар Диқанбай, Керім, Әшекей, Андас, Сұраншы, Дәуітбек, Сәт, Нарбота, Тойшыбек, Жарғақ, Кебек, Жайнақ, Байсерке мен Әлішке сиқты билер мен батырларға арнап үндеухаттар таратып, қазақ пен қырғыздарды қолдарына қару алып басқыншыларға қарсы соғысқа шақырады. Қоқандықтардың үндеухаттарын алған қазақтың билеушілері 1860 жылы шілдеде кеңес өткізеді. Кеңесті Әли, Диқанбай, Сағат, Әлішкей, Сұраншы, Андас, Суан, Туғанбай сияқты Ұлы жүздің сұлтандары және билері мен батырлары қатысып, егер де қоқандықтар Қастек түбінде жеңсе, онда Іле бойындағы дулаттар жиналып, қоқандықтармен бірге Алматыға шабуыл жасауға келіседі. Сонымен бірге, осы кеңесте Қастек түбіндегі орыстар жиған шөмелелерді өртеу, Іле бекінісіне шабуылдау, орыстардың Қапалмен байланысын үзу үшін көпірді қирату жоспарланады.
Қоқан және Ресей қолдарының Жетісудағы шешуші шайқасы 1860 жылы 21 қазанда Ұзынағашқа таяу Қара Қастек өзенінің бойындағы алаңда өтіп, шайқасқа Қоқан жағындағы қазақ қолдарын бастаушылардың арасында Батырбек, Байзақ, Момынбек, Қожабек, Сыпатай, Сұраншы, Андас және Байсейіт батырлар, қырғыз қолдарын Жантай манап пен оның ұлы Шабдан батыр, сарыбағыш Үмбетәлі және Бөлекбай Корчи дегендар басқарған. Бұл шайқасқа Қоқан жағында Кенесарының үш ұлы - Тайшық, Ахмет және Сыздық қатысады. Шайқастың тағдырын орыс зеңбірегі шешіп, орыстарды жеңіске жеткізеді.
Қазақтар өздеріне қарсы көтерілісінен қорыққан патша әкімшілігі өлкедегі жазалаушы әскерлердің санын ұлғайта түскен. Патша өкіметі бас көтеруге шыққан Ұлы жүз қазақтарын жазалау үшін ерекше әскер құрып, оған біраз қаржы жұмсап отырған. Орыстардың қазақ жайылымдарының күшпен тартып алуы және қазақтарды қырып-жойған басқыншылық саясатына қарсы наразылықтарын Тойшыбек, Байсейіт, Сұраншы, Сыпатай, Әшекей сияқты билер мен батырлар басқарған.
Ұзынағаш соғысынан кейін шапырашты Сұраншы батырдың Байсейітке барып қосылуы орыстарды қатты састырған. Байсейіт пен Сұраншының бірге болуы орыстарға зор қауіп туғызары сөзсіз еді. Қазақтардың орыс билігіне наразылықтарын, сонымен қатар, Қытай немесе Қоқандықтардың иелігіне қарай жаппай көшу арқылы көрсетіп отырған. Әсіресе, патша әкімшілігі Шығыс Түркістанға қашқан қазақтардың көшін тоқтату үшін, оларға казактардың жазалаушы әскерлерін жіберумен болған.
1847 жылы патша өкіметі үшін әскери жағынан өте маңызды Райым бекінісінің салынуы, орыс әскерлеріне Қоқан хандығының иелігіне кіруге мүмкіндік берді. Әсіресе, Сыр бойындағы қоқандықтардың ең мықты бекінісі Ақмешітті басып алуға қолайлы жағдай жасалды. Ал, Қоқан хандығы Ресей империясының Орталық Азияға ентелеп кіруіне орай, оған қарсы тұру үшін Сыр бойына Ақмешіт бекінісімен қатар Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорған, Дінқорған және тағы басқа да бекіністер тізбегін салып, Ақмешіт бекінісін осы бекіністердің орталығына айналдырды.
Патша өкіметі В.А.Перовскийдің жобасын мақұлдағаннан кейін, ол Сыр бойына зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін топограф Голов, артынша полковник И.Бларамбергтің басшылығымен әскер жасақтап, оған тек барлау жұмысын жүргізіп қана қоймай, Ақмешіт бекінісін басып алуды тапсырады.
Осыдан кейін алдыңғы екі жорықтан мол сабақ алған Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовский Ақмешітті алу үшін Сыр бойына бірнеше бекіністер салу қажет деген ұйғарымға келіп, патша өкіметіне мәлімдеме жасайды. В.А.Перовскийдің жасаған жоспарына сәйкес Қазалы аңғарында № 1 форт, Қармақшыда № 2 форт, Күмісқорған бекінісінің орнына № 3 форт салынып, патша әкімшілігінен жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді жинау жөнінде тапсырма алған сұлтан-правительдер түйелерді қазақтардан еріксіз жинап алады.
Нәтижесінде, шыдамы таусылған қазақтың көптеген рулары ашықтан-ашық қарсылық көрсетіп, Есет Көтібарұлына барып қосылады да, Ақмешіт жорығына түйе жинап беруге көмектескен сұлтандар мен билердің ауылдарын шабады. Есет Көтібарұлына Сүйінқара батырдың ұлы Мұрын да қосылып, Ақмешітке бара жатқан орыс әскерін тоқтатуға әрекет жасап көреді. Қазақтардың көтерілісіне Хиуа ханы да қолдау көрсетіп, қаржылай көмек көрсетеді. Патша әкімшілігі қыстың түсуіне байланысты көтерілісті талқандауды көктемге қалдырады да, қазақ ауылдарына Ақмешітке қарай жорыққа шыққан әскердің жол бағытына көшіп-қонуға тиым салады.
Өйткені, патша әкімшілігі жорық кезінде әскердің жолында орналасқан қазақтар қарсылық жасауы немесе құдықтардың көзін жауып, түйелерін жем-шөпсіз қалдыруы мүмкін деп қорықты.
Тіпті, жергілікті қазақтар орыс басқыншыларына Ақмешітке баратын жолды көрсетуден бас тартқан. 1853 жылы 22 сәуірде Ақмешітке жорық басталып, Перовский 27 шілдеде 3 мыңдай жақсы қаруланған әскермен бекіністің ішіне кіріп, оны басып алады. Осылайша, патша өкіметінің 1853 жылы Ақмешіт бекінісін асып алуымен, орыстардың Орталық Азияны жаулауға жолы ашылады.
1861 жылдың аяғында орыс әскерлерінің қоқандықтардың Дінқорған бекінісін де басып алуы Сырдарияның бүкіл төменгі ағысы Ресей империясының билігіне өткенін білдіріп, орыс әскерлеріне Оңтүстік Қазақстанға қарай жылжуына жол ашып берді және Ресей империясы мен Қоқан хандығының арасындағы шекара былайша белгіленді: Сырдариядан №1-2 форттар, Перовск мен Жөлек бекіністері арқылы өтсе, Сібір жағынан Іле өлкесі, Верный, Тоқмақ және Пішкек болды. Екі бағыттың арасындағы қашықтық 650 шақырымды құрап, Қоқан хандығы екі бағыттан қыспаққа алынды. Ұзынағаш түбінде болған шайқас кезінде жеңіліс тапса да, Қоқан хандығы Жетісудағы билікті қайтадан қалпына келтіруді ойлап, Пішпек, Тоқмақ және Әулиеатадағы әскерлерін күшейтуге кіріседі. Сонымен қатар Қоқан хандығы осы аймақта қоныстанған жергілікті халық арасында үндеулер таратып, оларды «ғазауат» соғысына шақырады.
Жетісудағы патша әкімшілігі Шу бойына жорыққа шығатын әскерін жасақтай отырып, өлкені мекендеген қазақ пен қырғыз руларының арасындағы бірлікті бұзып, орыс әскерлеріне бірігіп қарсы тұрмас үшін руаралық талас-тартыстарды күшейтіп, жер дауы арқылы бір-біріне қарсы қоюын жалғастырады. Мұндай іс-шараларға әбден әккі болып алған Колпаковский оны жүзеге асырады. Осылайша патша әкімшілігі рулардың арасына жанжал сала отырып, Ресей билігіне сенімсіз, бірақ қазақтар арасында беделі күшті билеушілерді жөнге салған.
Жаңақорған түбіндегі шайқас Сыр қазақтарының екіге бөлінгенін көрсетті. Мәселен, Кенесары ханның ұлдары Тайшық пен Ахмет өздерінің қарамағындағы қазақтарымен басқыншылар жағында соғысса, Сыздық Кенесарыұлы бастаған қазақтар қоқандықтар жағында болды. Жаңақорған бекінісінің алынуы патша өкіметіне Оңтүстік Қазақстанға қарай жылжуына жол ашып береді. Осыдан кейін Қоқан хандығына қарсы белсенді саясат жүргізген Орынбор генерал-губернаторы Безак пен Сырдария желісінің бастығы генерал Дебу Сырдария мен Сібір әскери желістерінің тезірек қосу үшін, Батыс Сібір генерал-губернаторы Дюгемальдан ағылшындар қоқандықтарды озық қарумен қаруландырып үлгергенше Қоқан хандығын тезірек басып алу қажет екенін, кешіккен күнде оның Ресейге өте қымбатқа түсетінін дәлелдеп Оңтүстік Қазақстанға қарай белсенді әрекетке көшуді талап етеді.
1864 жылы мамырда орыс әскерлері Қоқан хандығына шабуыл жасауға әзірлікті аяқтап, дербес екі әскери топ, полковник Веревкин бастаған әскери топ Перовскіден Түркістанға қарай шықса, Верныйдан полковник Черняев бастаған әскер Шуға қарай бағыт алады. 4 шілдеде Черняев Мерке бекінісін ұрыссыз алып, Әулиеата бекінісіне жорыққа шығады. 1864 жылы 5 шілде күні таңертең патша әскері қаланы толық басып алады.
Сырдария шебінен шыққан Веревкин Оңтүстік Қазақстанның «есігі» болып табылатын Түркістанға бағыт алып, Сыздық бастаған қазақтардың ерлігіне қарамастан күші мықты Веревкиннің әскері бекіністі бірнеше кескілескен шайқастардан кейін 2 маусымда иеленеді. Әулиеатаға жеткен кезде Черняевқа Қоқан хандығында өзара тайталастар қайтадан басталғанын туралы мәлімет жетеді. 22 қыркүйекте Черняев әскерін үш қанаттан шабуылға шығарады да, Шымкентке басып кіреді. Шымкентті қорғау кезінде қоқандықтар жағынан 3170-тен аса адам қазаға ұшырайды. Алдыңғы шайқаста олардан естен кетпес соққы алған орыс әскерлері қала халқына қатыгез зорлық-зомбылық көрсетіп, аяусыз тонады, әсіресе, әйелдер мен балаларды қырып жойды, оларға оқты шығындамас үшін тұншықтырып, я болмаса бауыздап өлтірді. Шымкентті ойрандаған Черняев әскері шайқас кезінде орыс әскерлеріне жем-шөп пен түйе беруден бас тартқаны үшін Сайрам қаласындағы қазақтар да қырғынға ұшырату үшін оған бас салады. Осылайша Шымкентке көмек бермек болған Сайрам қазақтары да жазаланды.
Яғни, Қоқандықтарды қулықпен алдап-соғып, өз мақсатына жеткен Черняев Бұхар мен Қоқан арасындағы қайшылықтардың шиеленісуін пайдалана отырып, 1864 жылы 1 қазанда Ташкентке шабуыл жасайды да, ауыр шығынға ұшырап Шымкентке қайтады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет