Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарын зерттеу нәтижесінде қорғауға мынандай тұжырымдар ұсынылады:
1. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастары патшалық билік тарапынан күштеуге, зорлық-зомбылыққа негізделіп, жергілікті халықтың құқы мен ұлттық мүддесі ескерілмеді.
2. Патша өкіметі өлкені иелену кезінде Орталық Азия және Қытай мемлекеттерімен тайталасқа түсуге мәжбүр болды. Өйткені мемлекеттілік тәуелсіздігінен айрылған қазақтар осы мемлекеттерден пана іздеп, тәуелсіздік жолындағы күресте арқа сүйеп, үміт артты.
3. Патшалық Ресей тарапынан зор қауіп төнгенін түсінген Хиуа, Қоқан сияқты мұсылман хандықтары өлкедегі жергілікті халықпен бірге басқыншыларға қарсы біртұтас майдан құруға тырысты.
4. Орыс басқыншыларымен болған күресте қазақтар барынша қарсыласып бақты. Бұл қарсылық өлкедегі жергілікті халық өкілдерінің арасынан азаттық күресті бастаған Есет, Жаңғазы, Тойшыбек, Байсейіт, Жаңқожа, Сыздық және тағы басқа да көптеген тұлғаларды тарих сахнасына шығарды. Сонымен қатар қазақтың басқа рубасылары мен сұлтандары азаттық қозғалысқа тікелей араласпаса да халықтың мұң-мұқтажы үшін патша әкімшілігімен байланысқа түсті.
5. Жергілікті халықты ешбір шығынсыз және қарсылықсыз өз билігіне кіргізуді мақсат тұтқан патша әкімшілігі қазақ жүздері мен рулардың арасындағы жер, жесір, барымта және басқа да көптеген дауларды мақсатты түрде күшейтіп, руаралық жанжалдарды ұйымдастырды. Оларды басқарған билеушілерді бір-біріне айдап салған. Осы мақсатты жүргізген патша өкіметінің әскери-отарлық әкімшілігі жергілікті халықты аса үлкен шығынсыз өзіне бағындыруға күш салған.
6. Өңірді бағындырған патшалы Ресей сұлтандардың билігін империялық басқару жүйесімен алмастырып, жергілікті халықтың ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлі шаруашылығын күйзеліске ұшыратты және өздерінің заңдары мен «тәртіптерін» енгізе отырып көшпелілердің әдет-ғұрыптарға негізделген билер сотын өзгерістерге ұшыратты.
7. Оңтүстік Қазақстанды түпкілікті Ресейдің билігіне бағындыру үшін патша өкіметі өзінің әскерлерін өңірге аттандырған кезде жергілікті халықтың билеуші топтары елін жазалаудан аман алып қалу мақсатында отаршыл әкімшіліктің қызметіне жаппай кіре бастайды.
8. ХІХ ғасырдың 60 жылдарындағы патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалары Қазақстанның оңтүстік өлкесін отарлық жүйеге толығымен тартты және түпкілікті өзгерістерге ұшыратты.
9. Түркістан генерал-губернаторлығының құрылымы мен қызметі өлкедегі отарлық саясатты нығайтты және жергілікті халықты қанауды күшейтті.
10. Өлкедегі күшейген патша билігі жергілікті халыққа ауыр зардаптар алып келді. Нәтижесінде жергілікті халықтың зиялы қауым өкілдері азаттық қозғалысты басқарып, патша үкіметіне петиция жазып, бүкілресейлік мұсылман съездеріне қатысып, Думадағы мұсылман фракциясының жұмысына белсене қолдау көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |