Хіх ғ. ІІ ж – ХХ ғ. бас кезі. Кіріспе Жұмыстың жалпы сипаттамасы


«Патшалық Ресей билігінің орнауы қарсаңындағы Оңтүстік Қазақстан»



бет9/15
Дата16.02.2023
өлшемі307.5 Kb.
#469663
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15
stud.kz-64949

«Патшалық Ресей билігінің орнауы қарсаңындағы Оңтүстік Қазақстан» деп аталатын екінші тарауда Сырдың төменгі ағысындағы Хиуа хандығының ықпалы, Жетісу өлкесіндегі Қоқан хандығының билігі мен өңір үшін патшалық Ресейдің Орталық Азия хандықтарымен бәсекелестігі және оның жергілікті халыққа әсері, сондай-ақ жергілікті халық билеушілерінің Хиуа, Қоқан хандары және Ресей әкімшілігімен арадағы қатынастары мен ұстанған бағыттары, өңір қазақтарының азаттық жолындағы күресі қарастырылады.
ХІХ ғасырда қазақ даласы, оның ішінде Кіші жүз қазақтары жоңғар, башқұрт, қалмақ және орыс казактарының жан-жақтан жасаған шапқыншылықтарынан кейін әлсіреп, нәтижесінде зор әлеуметтік-экономикалық және саяси дағдарысқа ұшырайды да, Ресей империясының отарына айнала бастайды. Дегенмен азаттықты ту етіп көтерген және тәуелсіздіктен айрылғысы келмеген қазақтың кейбір билеуші сұлтандары өздеріне бағынышты руларымен бірге көрші жатқан мұсылман, әрі шыққан тегі бір туысқан Хиуа және Қоқан хандықтарымен одақтасып, солардың көмегімен Ресейдің экспансиясына қарсы ортақ майдан құруға ұмтылады. Алайда қазақ сұлтандарының бұл әрекеттері қазақ руларын саяси бытыраңқылыққа әкеліп қана қоймай, оның бір бөлігінің Хиуа хандығының ықпалына түсірсе, екінші бөлігін Қоқан хандығының билігіне өтуіне жағдай жасады. Яғни, Сырдың төменгі ағысын мекендеген қазақтар патша өкіметі мен Хиуа хандығының қыспағында қалса, Жетісу қазақтары да Қоқан хандығы мен Ресей империясының ықпалына түседі.
Хиуа хандығы Хорезм мен оған жапсарлас аудандарға өз билігін жүргізе отырып, ерте кезден-ақ қазақтармен тығыз байланыстар жасады. Өйткені Хиуа хандығы қазақ хандығы сияқты Жошы ұлысының бір бөлігі болғандықтан, ондағы халықтың басым бөлігін көшпелі қазақтар құраған.
Осыған байланысты Сыр бойын мекендеген қазақ рулары Хиуада ең басты саяси рөль атқарған.
Нұралы хан Сыр бойы қазақтарын басқарған кезде Хорезм халқы ирандықтарға қарсы шығып, Тахир ханды және Хиуадағы бүкіл ирандық әскерлерді жойып жібереді де, Нұралы ханды таққа отырғызады.
Дегенмен қазақ хандарының қаталдығы мен озбырлығы, төре тұқымдарының билік үшін шегі жоқ талас-тартысы жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызып, аяғы көтерілістерге алып келеді. Ғасырдың соңында халықтың наразылығын пайдаланған қоңырат тайпаларының билеуші тобы тақты Кіші жүз хандарынан тартып алады.
Хиуадағы қоңыраттар әулетінің негізін қалаушы Елтезер өзінің азғана уақыт басқарғанына қарамастан, хандықты нығайтуға бағытталған бірнеше іс-шаралар атқарып кетеді. Елтезердің кезінен бастап Хиуа хандығы иеліктерін Сыр қазақтарының жері арқылы кеңейтуді көздеп, Ресей билігіндегі қазақтарға да өз ықпалын жүргізуге ұмтылады.
Кіші жүздің Сырдың төменгі бойы мен Арал өңірін мекендеген рулары болса патша өкіметі тағайындаған билеуші сұлтандарды ғана емес, Хиуа хандығын да мойындамай, өздерінің атақты билері мен батырларына ғана бағынды. Сондықтан Хиуаның немесе Ресей отаршылдарының Сыр бойы қазақтарымен қарым-қатынасы олардың ықпалды, беделді би, сұлтан, батырларының көңіл-күйлеріне байланысты орнатылды. Бұл кезде Сыр қазақтарына Батыр мен Ералы сұлтандарының ұрпақтары билік жүргізіп отырды. Хиуа билеушілері Кіші жүз қазақтарымен арадағы қарым-қатынасты күшейтуде түрлі айла-шарғыларды қолданады. Біріншіден, олар ежелден келе жатқан қазақ-өзбек туыстық қарым-қатынасын түбі бір түрік тұқымдас елдердің арасындағы қалыптасқан бұрынғы ата дәстүрін, тіл жақындығын және ислам дінінің екі халыққа ортақтығын ту етіп көтерді.
Екіншіден, Хиуа билеушілері қазақтың жоғары әлеуметтік топ өкілдерімен тығыз қарым-қатынасқа түседі. Хиуа хандары ХІХ ғасырда Кіші жүздің ішкі істеріне ықпалды әсер етуге тырысты, сөйтіп олар көптеген жағдайда қазақ ақсүйектерімен одақтастыққа қол жеткізу мақсатында белгілі аймақтарға мешіттер мен медреселер тұрғызып, оған қазақтарды барынша тартады. Хиуа Кіші жүз хандарының әулетінен тарайтын сұлтандарды өзіне тарта отырып, оларға «қазақ ханының шенінде» деп есептелінетін грамота берді және қарулы нөкерлер беру арқылы әскери көмек те көрсетіп, үлкен қолдау жасап отырды.
Хиуа хандығының келесі бір алдын алу әрекеттерінің бірі тез арада өз әскерлерін қаруландырып, орыс әскерлерінің алдына қорғандарын салудан тұрды. Хиуалықтар Сырдарияның төменгі ағысына Қылыш қала, Құртөбе, Қожанияз, Жаңақала және тағы басқа да бірнеше бекіністер салды немесе ескілерін қалпына келтірді.
Хиуа хандығының Сыр бойы қазақтарын өз билігіне кіргізуге ұмтылған үстемдік саясаты ХІХ ғасыр басындағы қазақ-хиуа қатынасына түпкілікті әсерін тигізді.
Кейін Хиуа хандығы бағытын ұстанғандардың қатарына Тәуке Қайыпұлының ұрпақтары қосылады. Жанғазы басқарған қазақ рулары Хиуа ханының ықпалында болғанымен өздерін дербес ұстап, қазақ даласы арқылы Ресейге өтетін керуендерді тоқтата отырып, орыстың басқыншылық саясатына өз қарсылықтарын білдіруді жалғастырды. Бұл кезде Хиуа ханы Ресей империясының отаршылдық саясатына қазақтармен бірге ашықтан-ашық қарсы шығып қана қоймай, екі елдің әскери одағын бастап шығады.
Жалпы алғанда ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында Жанғазымен қатар Хиуа хандығы бағытын ұстанған Кіші жүздің басқа да беделді сұлтан, би, батырлары болды. Сұлтандар Қайыпқали Есімұлы, Сауқым Бөлекейұлы, Ғұмарғазы Шерғазыұлы, Қожа төре Тәукеұлы, Бөрі Тәукеұлы, Елекей Қасымұлы, тархан Жүсіп Сырымұлы, батырлардан Жоламан Тіленшіүлы, Есет Көтібарүлы және тағы басқа да қазақтың игі-жақсылары Ресейге қарсы күресте Хиуа ханын пайдалану жолын таңдады.
XVІІІ ғасырдың бас кезінде пайда болған Қоқан хандығы ортақ дін, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және тілдері жағынан қазақтар мен қырғыздарға жақын болып, оларды туысқандық қатынастар байланыстырды. Өйткені Қоқан хандығы Орталық Азияның басқа да хандықтары сияқты қазақ хандарының ықпалында болған.
Кейін де оңтүстікті мекен еткен қазақтардың көптеген игі жақсылары мен рубасылары Қоқан хандығының жоғарғы лауазымдарында қызмет атқарып, мемлекеттің саяси өміріне етене араласып отырды.
Жетісу жеріне енген Қоқан хандығы бұл өлкеге әкімшілік бақылауын орнатып, орыс басқыншыларына қарсы соғысу және жергілікті халыққа ықпалын жүргізу үшін өз бекіністерінің тізбегін салады.
ХІХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап Қоқан хандығында қыпшақтардың билігі орнап, қоқандықтар қыпшақтар деп атала бастаған.
Дулаттарды басқарған Әли төре, Диқанбай би т.б. сол уақытта орыс билеушілеріне жолдаған мәлімдемелерінде де қоқандықтарды көбіне «қыпшақтар» деп атайды. Ал қазақтың қыпшақ руы болса, ХІХ ғасырдың аяғына дейін өзбектерге сіңбей, өз алдына этникалық топ ретінде қазақылығын сақтап өмір сүрген.
Қыпшақ Мұсылманқұл ХҮІІ ғасырдың аяғы – ХҮІІІ ғасырдың басында Ферғанадағы қыпшақтардың басты руына айналған тармағы – құлан-қыпшақтарды бастап, Қоқан хандығының саяси өміріне белсене араласып, өзіндік із қалдырды. Құландардың кейбір бөлігі қыпшақ тайпасы құрамында Қазақстанда қалды.
Қазақ қыпшақтары хандықтағы жоғарғы лауазымдарға ие болып, отырықшы ірі жер иелерімен билік үшін талас-тартысқа түсіп, көбінесе жеңіске жеткен. Әсіресе, қыпшақтар Шерәліні (1842-1845) таққа отырғызумен биліктің бәрі Мұсылманқұлдың қолына жиналып, облыстардағы және орталық үкіметтегі билік орындарының бәрін қазақ қыпшақтарының ақсүйектері иеленеді. Атап айтқанда, Өтембай Марғұланды, Құрсідік Андижанды, Мырзат Наманганды, Нұрмұхаммед Ташкентті, Нұрбақшы Ходжентті, Кәрімқұл Астарханды иеленсе, Құлбаба жарлықтардың жаршысы болды және тағы басқа.
Осы кезден бастап хандықтағы қазақтардың билігі шексіз болып, отырықшы сарттар мен өзбектерді аяусыз қанап, оларға ауыр салықтар салып, егістік жерлерін жаппай тартып алады. Бірақ, қазақтардың арасында билік үшін талас-тартыс басталып, отырықшы халықтың наразылығы күшейе түседі. Мұсылманқұлдың ықпалынан құтылғысы келген өзбек Хұдияр хан, осы жағдайларды тиімді пайдаланып, Мұсылманқұлды биліктен тайдырады. Дегенмен, қырғыннан аман қалған қазақ қыпшақтары Қоқан хандығындағы билікке тек 1863 жылы Әлімқұлдың кезінде ғана қайтадан қол жеткізе алды. Жоғарыда келтірілген деректер қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ сияқты қаны бір туысқан халықтардың жоңғар, Ресей, Қытай және Бұхараның жаулап алу саясатына қарсы өзара саяси одақ құрып, ортақ мемлекетке бірікті деуге толық негіз болады. Мемлекеттегі басты саяси рөлді қазақ рулары атқарды. Оның басты себебі қазақтар басқа халықтардан көп болып, рулық ұйымдық қызметі қырғыздар мен өзбектерге қарағанда күшті сақталды. Сонымен қатар, қазақтар жоңғарлар мен орыстардан көп жапа шексе де, жауынгерлік рухы әлі төмен түспеген еді. Олар қазақ жерін азат етуде Қоқан хандығына үміт артты. Оған Тойшыбек бекінісінің басшысы Аққұлдың орыстарға жазған хаты дәлел бола алады. Хатта Аққұл Қоқан хандығында өзгерістер болып, билік басына қыпшақтар келгенін, олар Абылай ханның бұрынғы қонысы болған Көкшетауға дейінгі жерлерді орыстардан азат ететіні туралы жазылған 44, 39 п.
Мұсылмандық фактор орталықазиялық мұсылман халықтарының өзара байланысында сонау ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап өзіндік рөл атқарып, Қазақстанның оңтүстік өңіріне ортаазиялық хандықтардың діни ықпалы аса күшті тарады. Яғни, ХҮІІІ ғасырдың соңына қарай бүкіл Түркістан өңірі Бұхар хандығының саяси-экономикалық жүйесіне тартылса, ХІХ ғасырдың басында өлке халқына Қоқан, Хиуа хандықтарының ықпалы күшейе бастады. Оңтүстік Қазақстан жерінде қоқандық бекіністер шебінің салынуымен өзбектердің қоныстары пайда болып, олардың қазақтармен байланысы нығая берді. Ортаазиялық хандықтарға кірген халықтардың өзара байланысында мұсылман дін иелері үлкен рөл атқарды, Бұхара, Хиуа, Қоқандағы мектеп, медреселердің қазақтар арасындағы беделі жоғары деңгейге көтерілді.
ХІХ ғасырдың І жартысында патша үкіметінің алдында капиталистік қатынастарға түскен Ресей экономикасына, яғни өнеркәсібі мен саудасына шикізат көздерін табу үшін жаңа отар елдер иелену мақсаты тұрды.
Осы мақсатты көздеген патша үкіметі қазақ даласының оңтүстігіне екі бағыт бойынша кіруге ұмтылады. Бірінші бағыты Сібір шептері арқылы Жетісуға орнығу болса, екіншісі Орынбор жақтан Сыр бойын басып алғысы келді. Бірақ патша үкіметінің Жетісуға жасаған алғашқы қадамы үлкен сәтсіздікпен аяқталды. Өйткені, патша өкіметіне қарсы қазақ жерлерінің тәуелсіз болғанын қалаған Қытай, Азияға төніп келе жатқан Ресей империясы мен Шығыс Түркістанға беделі күшті Қоқан хандығының ортасында орналасқан Жетісуды аралық жер (буферная зона) жасағысы келді.
Аягөзге дейінгі жерлерді өз меншігі деп санаған және сол жерде мекендеген Ұлы жүз қазақтарынан алым жинап тұрған Қытай мемлекеті бұл жерлерді орыстарға оңайлықпен бермейтін еді.
Қытайлықтардың аңысын байқау үшін патша үкіметі шағын әскери топ жіберуге шешім қабылдайды. 1824 жылы 24 желтоқсанда жалайырлардың аға сұлтаны Сүйік Абылайхановтың үй салып бер деген өтінішін сылтауратқан патша үкіметі, мүмкіндігінше Ұлы жүз қазақтарына Ресейдың үстемдігін орнату және ондағы саяси жағдаймен танысу, барлау жұмыстарын жүргізу, әрі қытайлықтарға бейбіт саясат ұстайтындықтарын білдіру мақсатында подполковник Шубин бастаған әскери топты мәлімет жинауға аттандырады.
Қытай императоры болса патша үкіметіне елші жасақтап, Жетісу жерінен кетуді талап етіп, Сүйік Абылайхановқа салған ағаш үйді және орыс әскерлері тұратын уақытша баспаналарды жермен-жексен етуді бұйырады. Орыс әскерінің негізгі күші жоғарыда көрсетілгендей, Европадағы соғыста жүргендіктен, патша өкіметі Қытаймен қақтығыстан қорқады да, оның барлық талаптарын екі етпей орындайды.
Сонымен қатар, Ресей отаршыларының оңтүстік өңірге кірмек болған екінші бағыты, яғни, Сыр бойына жасаған алғашқы қадамдары да Жетісудағы секілді үлкен сәтсіздіктермен аяқталып отырды.
Сыр бойына орнығуды жоспарлаған патша үкіметі ең алдымен жергілікті қазақтарды Хиуа хандығынан бөлгісі келді. Осыған байланысты патшалық Ресей Хиуаға бірнеше әскери экспедициялар ұйымдастырды. Бірақ, әскери жорықтардың көпшілігі талқандалады немесе көздеген мақсаттарына жете алмайды. 1833 жылы В.А.Перовскийдің Орынбор әскери губернаторы қызметіне тағайындалуы Хиуа жорығына жаңадан серпіліс беріп, 1839 жылы 12 наурызда І Николай Хиуаға жорықты бастауға жарлық шығарып, оған жан-жақты дайындалуға рұқсат береді.
Алайда В.А.Перовскийдің әскери жорығы ауа-райының қолайсыздығына байланысты ауыр шығындарға ұшырап, кейін қайтады. Бұл экспедиция патша үкіметінің Хиуаны жаулап алуға әлі дайын еместігін көрсетіп берді. Сондықтан, патша үкіметіне Оңтүстік өңірге басып кіру үшін Сыр бойында жүргiзген саясатына түпкілікті өзгерiс енгiзу қажет болды. Сол себептен Хиуа жорығынан кейін патшалық Ресей өзінің Оңтүстікті жаулаудағы негiзгi бағытын өзгертедi. Ендігі кезекте патша үкіметі басты соққыны Хиуа хаңдығына емес, Қоқан бағытына қарай аударады. Оған 1840 жылы басталған Бұхара мен Қоқан арасындағы соғыс және Қоқан хандығының ішінде үзіліссіз басталған азамат соғысы қолайлы жағдай туғызып, Ресей империясына төтеп берудегі оның қорғаныс қабілетін мүлдем төмендетіп жібереді.
Нәтижесінде, уақыт көрсеткендей орыс әскерлерінің Оңтүстік Қазақстан арқылы Орталық Азияға ешқандай кедергісіз баса-көктеп кіруіне жағдай жасалды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет