«Патшалық Ресейдің Оңтүстік өңірге енуі барысындағы жергілікті халықпен байланысы» атты үшінші тарауда орыс әскерлерінің жаулаушылығына қарсы Оңтүстік өңірдегі жергілікті халықтың бастапқы кездегі қарсыластығы мен сұлтандар мен ру басшыларының орыс билігіне байланысты ұстанымы және жергілікті халықты Ресей билігіне тарту бағытындағы әскери-отарлық әкімшіліктің атқарған іс-шаралары талқыланады.
ХІХ ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстанға басып кірген Ресей империясына жергілікті халық тарапынан көптеген қарсылық көрсетілді. Әсіресе, Жетісу өңірін мекендеген қазақ рулары отаршылдарға қарсы белсенді күреске шығып, Ресей билігін мойындағысы келмеді.
Ал Ресей билігіне кіргісі келмеген қазақтарды патша өкіметі аяусыз жазалап, билігін күшпен ғана мойындатқан. Мәселен, патша шенеунігі М.Н. Муравьевтің жазуы бойынша «Орта Азия мен Қазақстан Ресейге қарағанда Англияның ықпалына тез түсуі мүмкін. Сондықтан бүкіл Орталық Азияны Англия жаулап алмай тұрғанда, жергілікті халықпен ешқандай дипломатия мен келіссөз жүргізбестен, орыс әскерінің қаруының күшімен тездетіп басып алған жөн. Олай болмаған жағдайда Ресейдің Азиядағы саясаты сәтсіздікке ұшырайды» [45, 3 п].
Әсіресе қанша тырысса да патша әкімшілігінің Ұлы жүз қазақтарын Кенесарыға қарсы қоюға тырысқан әрекеттері еш нәтижелі болмады. Ұлы жүз қазақтары Кенесары Қасымовтың қозғалысына қатысуын одан әрі жалғастырып, әскер құрамын толықтырып отырған. Солардың ішінде дулаттың Байзақ датқасы, Белқожа би, Медеу би бастаған шымыр, Құдайберген датқа бастаған сыйқым, Сыпақ батыр мен Әндес батыр бастаған шапырашты рулары, дулаттарды басқаратын Рүстем сұлтандар қозғалыстың соңына дейін қатысқан.
Жетісудың көрнекті тұлғаларының бірі Тойшыбек батыр мен оның ұлдары Байсейіт пен Жанғаш Кенесары ханды шын көңілмен қолдап қана қоймай, орыс билігінің Жетісуға енуіне барынша қарсылық көрсеткен.
Тіпті, қырғыздармен болған шайқаста Кенесары хан өлгеннен соң да, Ұлы жүз қазақтары орыс билігіне қарсы бас көтерулерін тоқтатпаған. Бұл жолы олар өздерімен бауырлас, діні де, тілі де туысқан қыпшақтар билеген Қоқан хандығының туының астында азаттық күресін жалғастыра береді. Ұлы жүз қазақтарының қыпшақтар билеген Қоқан хандығын ашық қолдауы тәуелсіздік үшін күрестің белгісіне айналады. Өйткені қоқандықтарға сөз жүзінде бағынып, емін-еркін көшіп-қонып жүрген Ұлы жүз қазақтары орыстардың билігінен қатты қауіптеніп, тәуелсіздіктің тамырына біржола балта шабылатынын, отарлық езгіге түсетінін жақсы түсінді. Өз кезегінде Қоқан хандығы да Жетісуды иелену жолындағы тайталаста Ресей империясының бірден-бір бәсекелесіне айналып, Ұлы жүз қазақтарына қолдау көрсетіп отырған.
Сонымен қатар Ұлы жүз қазақтары Қоқан қыпшақтарымен бірігіп, орыстардың әскерлеріне төтеп беру үшін бекіністер сала бастайды. Ұлы жүз қазақтарының бұл әрекеттері Ресей империясының Оңтүстік Қазақстандағы басқыншылық саясатына үлкен қауіп-қатер туғызды. Сондықтан оған жауап ретінде Жетісу өлкесіндегі жаңадан құрылған Қапал орыс приставтығы негізінен әскери іс-қимылдар арқылы қоқандықтарды өңірден ығыстырып шығарып, оның орнына патшалық Ресейдің билігін орнатуға кіріседі.
Оны іске асыру үшін патша үкіметі Ұлы жүз қазақтары мен қыпшақтар орналасқан Тойшыбек бекінісіне қарсы Ұлы жүз қазақтарының приставы Врангельдің орнына келген капитан Гутковскийдің басқаруындағы казактардың жүздігі мен бір жаяу әскер взводы және екі зеңбірегі бар әскери экспедициясын жөнелтеді. Жазалаушы әскерге бекіністі қиратумен қатар, орыс билігін мойындамаған Іле қазақтарын «тәртіпке» салу да жүктеледі.
Орыс басқыншыларына қарсы Тойшыбек, Шаншар, Диқанбай, Әшекей билер мен Әли, Қамбар, Құдайберген сұлтандар бастаған Ұлы жүз қазақтары бір тудың астына жиналып, ерлікпен қарсылық көрсетеді.
Бекініс түбінде қатты қарсылыққа тап болған Гутковский келесі күні шегінуге мәжбүр болады.
Келесі жылы патшаның тікелей бақылауымен Тойшыбек бекінісіне қарсы қайтадан әскер жасақталып, Карбышев бастаған орыс әскерлері бос қалған Тойшыбек бекінісін зеңбірекпен атқылап, оның тас-талқанын шығарады. Бұдан соң 1850 жылы Гутковскийге қарсылық көрсеткен көтерілісшілер мен оның басшылары қатаң жазаланады.
Патша үкіметінің Оңтүстік Қазақстанға ұмтылысына жалғыз Жетісу қазақтары ғана емес, сондай-ақ Сыр бойын мекендеген қазақтар да қарсылық жасаған. Сырдың қазақтары негізінен Ресей империясының өңірге орналасу мақсатында онда бекіністер салу әрекеттеріне көтерілістермен жауап берді. Әсіресе, патша өкіметінің Райым бекінісінің құрылысын салуы бұл өңірді мекендеген қазақтардың наразылығын туғызып, аяғы ашықтан-ашық қарсылықтарға ұласады.
Патша әкімшілігінің Сыр бойына қарай жылжуына қарсы қазақтардың көтеріліске шығуын Хиуа ханы да жан-жақты қолдап, өз белсенділігін арттыра бастайды. Хиуа ханының өкілдері қазақ ауылдарына келіп, оларды орыстарға қарсы жаппай көтеріліске шығуға шақырса, хиуалық әскерлер қазақ көтерілісшілерімен бірігіп, орыстардың барлаушы әскерлеріне және орыстардың ықпалындағы ауылдарға шапқыншылықтарын күшейтеді.
Қазақ сұлтандарымен қатар шектілердің батыр Есет Көтібарұлы да Кіші жүз қазақтарының руларына хаттарын жіберіп, онда оларды мұсылмандық бірлікке шақырады.
ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде патша үкіметінің қазақ даласының оңтүстік өңірін басып алудағы ұмтылысы шешуші кезеңге өтеді.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін патша өкіметі Жетісу өлкесін бағындыруды Батыс Сібір генерал-губернаторлығына, ал Сыр бойын жаулауды Орынбор генерал-губернаторлығына тапсырды.
1846 жылы тамызда Қапал бекінісінің салынуы патша өкіметінің өлкедегі позициясын нығайта түседі. Қапал бекінісі салынғаннан соң 1848 жылы тікелей Ұлы жүз қазақтарын бақылаумен айналысатын «Ұлы жүз қазақтарының Приставы» деген атпен белгілі әскери-әкімшілік мекемесі ашылады.
Сол себептен ХІХ ғасырдың 40-жылдары патшалық Ресей басқыншылары Жетісу өлкесін жаулауда өлкеге басып кіретін әскери күштерді топтастыра отырып, оларды бекініс шептеріне орналастырады және әскери-әкімшілік билік орындарын ұйымдастырды.
Сөйтіп, патша өкіметі Жетісу өлкесін ашық түрде әскери қарудың күшімен бағындыруға көшеді.
Ал, 1847 жылы 17 сәуірде патша әкімшілігі Қапал бекінісін салады да, сол жылы тамыз айында жаңа бекіністе Сүйік Абылайханов, Әли Әділов және Хәкімбек Абылаев сұлтандар Ресей билігін қабылдағандықтарын мойындап, тағы да ант береді.
Ал, орыс билігін мойындамаған қазақ билеушілерін патша өкіметі жазалауға көшеді. Патша әкімшілігінің жазалау шараларынан қорыққан қазақтың рубасылары амалдың жоқтығынан Ресейдің билігіне бас иеді. Мәселен, Үлкен Алматы өзенінің бойына келген Перемышльский бастаған орыс әскеріне қасқарау руының Керім биі, жаныс руының Манап биі, шапырашты руының Сәт биі, ботбай руының Әділбек биі және т.б. келіп жолығып, өздерінің адалдығын білдіреді.
Сыр бойының сұлтандары мен рубасыларының да Ресей билігіне деген көзқарастары мен ұстанымдары әр түрлі болды. Бұл өңірдегі қазақ руларына негізінен Кіші жүз хандары билік жүргізді. Сондықтан хан әулеттерінің ұстанымы бойынша Сыр өңіріндегі қазақтардың Ресейге қарай бағыттары анықталып отырды.
Сол кездегі патша өкіметінің Кіші жүздегі хандық билікті жою қарсаңында хан әулеті бірнеше бағытты ұстанып, өзара бөлінушілікке ұшырайды. Оның бір бөлігі Ордада енгізілген орыстық басқару жүйесіне тартылса, орыс шекарасынан шалғайда орналасқан Сыр бойындағы сұлтандардың келесі бір тобы қазақ даласындағы орыс билігін мойындамай Хиуа ханының бағытын ұстанды. Ал қалған үшінші бөлігі орысқа да, Хиуаға да қосылмай дербес саясат жүргізіп, Сыр бойындағы қазақтарды жеке дара басқаруға ұмтылды. Олар Сыр бойы қазақтарын басқара отырып, бүкіл Кіші жүз қазақтарын біріктіргісі келді. Қазақ сұлтандарының бұл әрекеттері Ресейге де, Хиуаға да ұнай қоймады. Екі мемлекеттің қыспағында қалған қазақ сұлтандарының іс-қимылдары сәтсіздікке ұшырайтыны сөзсіз еді.
Үшінші бағытты таңдаған сұлтандардың қатарына Сұлтан Темір, Арынғазы, Қаратай және тағы басқалары кірді. Олар Ресейдің әскери шептеріне дүркін-дүркін шабуылдар жасап, сауда керуендерін тонаумен айналысты. Шекара бойындағы шептерге қиын жағдайлар туғаннан кейін, патша әкімшілігі көтерілісшілердің шабуылынан сақтану үшін, қорғаныс шаралары күшейтіліп, оларға жазалаушы әскери топтар жіберілгенімен, олар қазақтарға қауіп төндіре алмады. Себебі көтерілісшілер жазалаушылардың қадамын алдын-ала біліп, дереу далаға ішкерлей еніп, іздерін суытып отырды.
Хиуаның Аллақұл ханының тұсында Ресейге қарсылық күшейіп, Сауқым, Қайыпқали, Ғұмарғазы, Омар, Өмірқазы, Елекей, Бөрі сияқты қазақ сұлтандарымен бірге Жоламан, Есет, Қожанияз, Әзберген және тағы басқа да билер мен батырлар Сыр бойы қазақтарының азаттық күресін басқарады.
Алайда, патша өкіметінің қазақ билеушілерін бір-біріне қарсы қойған саясатының нәтижесінде көптеген сұлтандар мен рубасылар азаттық күресті аяғына дейін жалғастырмай Ресей билігіне өте бастайды . Солардың бірі Елекей сұлтан 1852 жылы 24 наурызда Орынборға шақырылып, Ресей бодандығын мойындаған қағазға қол қойып, Хиуа билеушісі ұсынған хандық биліктен бас тартатындығын мәлімдейді.
ХІХ ғасырдың І жартысынан бастап патша өкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатын жалғастырған орыс әскери-әкімшілігі Ресей билігін сөз жүзінде ғана мойындаған Ұлы жүз руларын біржола бағындыру мақсатындағы іс-шаралар жүргізе бастайды.
Атап айтқанда: біріншіден, Ұлы жүздегі қазақ руларының өзара байланысын ыдырату және оларды бір-біріне айдап салу арқылы күш-қуатын әлсірету мақсатында олардың арасындағы ертеден келе жатқан жер, жесір даулары сияқты талас-тартыстарды қолдан өршітті;
Екіншіден, Ұлы жүз қазақтарының игі жақсылары мен белгілі тұлғаларына шен-шекпен пен арнайы сыйлықтар таратып, олардың Ресей билігіне деген қызығушылығын туғызды;
Үшіншіден, Ресей билігін мойындағысы келмеген қазақ руларына жазалаушы әскер топтарын жіберу және қазақтардың арасында бақылау мен қатал «тәртіп» орнату үшін бекіністер мен шептер жүйесін құрып, оған мықты қаруланған әскери гарнизондарын орналастырды және тағы басқа;
Осы іс-шаралардың негізінде ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Жетісу өлкесінде күрт шиеленіскен жер дауы Ұлы жүз қазақтарының арасында ең маңызды саяси факторға айналды. Нәтижесінде Жетісу өлкесін мекендеген жергілікті тұрғындарда руаралық жанжалдардың пайда болуы мен патша өкіметінің билігіне өтуі осы жер дауына байланысты өрбиді.
Наймандар мен жалайырлардың арасындағы талас-тартыс Ресей әкімшілігіне Жетісу жерінде округ ашуына өз септігін тигізді.
Сол себептен жалайырлардың Ресей билігін қабылдауы орыстардың Жетісу өлкесіне басып кіруіне жол ашып, Ұлы жүз қазақтарының тағдырын шешіп берді. Ұлы жүз қазақтарының бір бөлігін бағындырған орыс патшалығы, енді қазақтардың басқа руларына ашық түрде жорық жасайды. Патша әкімшілігі соның ішінде Қытайға қарайтын албан-суандардың руларына маза бермейді.
Нәтижесінде орыстардың соққыларына төтеп бере алмайтынын білген Ұлы жүз қазақтарының көптеген сұлтандары мен билері патша өкіметінің қол астына өтуді жөн көреді.
1831 жылы Жетісуда Аягөз округының ашылуы қайтадан жер дауы мәселесін ушықтырып жібереді. Бұл кезде жер дауы тек наймандар мен жалайырлар арасында ғана емес, сонымен қатар Орта жүзге кіретін арғындар мен наймандар арасында да жүреді.
Әккі дипломатиялық саясат пен бір-біріне айдап салуға шебер патша әкімшілігі наймандарға әскери көмек беруін жалғастыруға көшеді.
Сонымен қатар патша әкімшілігі өткен жылдардағы тәжірибелер бойынша наймандардан арнайы салт атты әскери жасақшыларды қайтадан топтап, оның басшылығына белгілі сұлтандар мен батырларды қойған. Патша әкімшілігі Ұлы жүз қазақтарына қарсы наймандармен қатар Орта жүздің басқа да руларын айдап салды. Олардың жасаған шапқыншылықтары Ұлы жүз қазақтарына оңай тимеген. Жер дауы кезінде бар малынан және біраз адамынан айрылып, ығыры шыққан Ұлы жүз қазақтары Ресейдің отаршылдық саясатына бас иіп, Орта жүз қазақтарымен болған араздықты тоқтатып, патша өкіметінің билігіне өтуге келісімдерін береді. Ұлы жүз қазақтарын бағындырып, Жетісу өлкесіне бекініп алуды І Петрдің кезінен аңсаған патша өкіметінің көздеген мақсаттары орындала бастайды. Нәтижесінде 1846 жылы 22 шілдеде Сібір қазақтарының бастығы генерал-майор Вишневский бастаған патша өкіметінің әкімшілігі Ұлы жүз қазақтарына кіретін бес ірі рулардың сұлтандары мен билерінен ант қабылдайды. Атап айтқанда, дулат руынан – Ғалия, албан руынан – Хакім, суан руынан – Адамсат, шапырашты руынан – Төлек, жалайыр руынан Сүйік Абылайханов болады.
Жалайырлар мен шапыраштылардың жерлерінен айрылуы, Ұлы жүз қазақтарының арасында жайылымдар мен қыстаулардың жетіспеушілігі патша өкіметіне Жетісу өлкесіндегі отаршылдық саясатын одан әрі күшейтуге жағдай жасап, осы жер дауын ушықтыру арқылы әлі де Ресейдің билігін мойындамаған, мойындағанымен жетегіне жүргісі келмеген кейбір қазақ рулары мен қырғыздардың күші мен бірлігін әлсіретуге тырысты.
Әсіресе, патша әкімшілігі Жетісу өлкесіндегі Ресейдің билігіне өте қауіп төндірген белгілер тұлғалар Тойшыбек, Байсейіт, Әли, Тезек, Сұраншы, Диқанбай және тағы басқа қазақтың сұлтандары мен билерінің халық алдындағы беделіне нұқсан келтірмек болып, жайылымдарынан айрылған руларды солардың иелігіндегі жерлерге қоныстандырады. Патша әкімшілігінің бұл жерде ойлаған мақсатында қарамағындағы рулар жерден таршылық көрсе, бірінші кезекте өздерінің билеушілеріне қарсы шығып, бізден көмек сұрайды, сол арқылы олардың билігін шектейміз немесе оларды көнбіс билеушілермен алмастырамыз деген саясат жатты.
Қазақ игі жақсыларының ішінде патша әкімшілігіне Шығыс Түркістанмен байланысы мықты аға сұлтан Тезек Нұралиев басқарған албандар қауіпті болып саналды. Албандарды өте қауіпті санаған Жетісудағы патша әкімшілігі губернатордың берген нұсқауын бұлжытпай орындап, олардың жеріне дулаттар мен жалайырларды қоныстандыру жөнінде нұсқау беріп, айдап салады. Тезек сұлтан да дулаттар мен жалайырларға қарсы іс-әрекетке барып, өз жерін қорғауға әрекеттенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |