3.10. Ойын арқылы оқыту технологиясы
Ойын арқылы оқыту технологиясының мақсаттары, міндеттері және теориялық негіздері.
Ойын арқылы оқыту технологиясының мәні.
Ойын іс–әрекетінің негізгі принциптері.
Ойын технологиясын ұйымдастыру.
Химия пәнінде ойын арқылы оқыту технологиясын қолдану.
Оқушыларды тәрбиелеудің, оқытудың және дамытудың көне тәсілдерінің бірі – ойын болып есептеледі. Жинақталған тәжірибені аға ұрпақтан жас ұрпаққа берудің бір тәсілі – ойын арқылы беру. Оның көмегімен оқу, өмірлік проблемалар жағдаяттарын модульдеу және ойындар іс-әрекетінің нақты проблемалар мен қатынастар (экологиялық, саясаттық, әлеуметтік, экономикалық) төңірегінде жинақталуына мүмкіндік бар.
Ойын, оқу, еңбек адамның негізгі іс-әрекетінің түрі. Оқу процесіне ойынның енгізілуі химия пәніне оқушылардың қызығушылығын едәуір арттырады, эмоциялық сезімдерге тола жағдаят туғызады және оларды іс-әрекетке ынталандырады. Ойын мезеттері кез-келген сабақта әр қилы, қызық сәттерді туғызып, эмоциялық бояу береді. Ойын барысында оқушы жеке тұлға ретінде қалыптасады. Сондықтан да В.В. Сериков ойын арқылы оқытуды жеке тұлғаға бағытталған оқу технологиясына қосады.
Ойын кезінде оқушылардың арасында ортақ байланыс түзіледі, бір-бірімен жарысу белгілері оқу процесін белсенді жүргізуге және химия пәніне танымдық туғызушылыққа баулиды.
Ойын арқылы оқыту технологиясының мазмұны кездейсоқ емес, оқу процесінде өтіліп жатқан сабақ тақырыбына тікелей байланысты болуы керек.
Ойын іс-әрекетінің негізгі принциптері:
мақсаты мен мазмұны оқытуға сәйкес келуі;
технологиясы көрнекі және құрылысы қарапайым болуы;
түсінікті болуы;
жүйелі түрде қолдану және түрлі кезеңдерде қиындату;
ойын іс-әрекетінің әр қилылығы;
сыныптан сыныпқа берілуі;
ойын мазмұнын әрқашан байыта түсуі;
ойынды әдістемелік қамтамасыз ету, құралдар мен әдістемелерді тиімді үйлестіре білу;
қатынасты,ынтымақтастықты дамыту және эмоциялық климатты қамтамасыз ету;
ойынды ұйымдастыру мен жүргізуде оның сценарийін алдын-ала дайындау және оқушыларды белсенділікке тарту.
Достарыңызбен бөлісу: |