Мектептің жылдық жұмыс жоспарының мазмұны. Мектеп жоспары мазмұнының негізгі бөлігін мектепте жүргізілуге тиіс шаралар құрастырады. Бұл шараларды бірнеше тарауларға бөледі. Тараулардың бірі ұжымның міндетті жалпы орта білімді жүзеге асыру бойынша іс-әрекетіне арналған. Онда мектеп маңайында тұратын мектеп жасына жеткен балаларды толық тіркеу шаралары көрсетіледі. Балаларды мектептің бастауыш, негізгі және жоғарысатыларына қабылдау бойынша, сырқат балаларды үйде және емдеу мекемелерінде оқыту бойынша шаралар белгіленеді. Егер мектептерде интерниттар болса, дайындық сабақтары ұйымдастырылса оларда оқу-тәрбие жұмыстарын өткізу шаралары қарастырылады. Жағдайы нашар және толық емес жанұялардың балаларын және қамқорлыққа алынған балаларды мектепке қабылдау мәселесіне баса көңіл бөлінеді. Ата-аналар қоғамы мен оқушылар ұжымдарын мектеп жасындағы барлық балаларды оқуға қабылдау бойынша жұмыстарға араластыруға бағытталған шараларды да қарастыру қажет.
«Педагогикалық ұжымның оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыру бойынша іс-әрекеті» атты тарау мектептің жылдық жоспарының өзегі болып табылады. Бұл тарауда сабақ пен оқытудың басқа да ұйымдастырушылық формаларын жақсарту шаралары жоспарланады. Мұнда оқушылардың білім сапасын, тәжірибелік біліктері мен дағдыларын арттыруға, оқушылар біліміндегі кемшіліктерді жоюға бағытталған шаралар қарастырылады. Оқу бағдарламаларын, соның ішінде олардың тәжірибелік бөлімдерін толық және сапалы түрде орындау бойынша шаралар жоспарланады. Сыныптан сыныпқа өту немесе мектеп бітіру емтихандарын ұйымдастыру мен өткізу мәселелері де осы тарауда қарастырылады. Оқушылардың оқу еңбегіне деген жауапкершілікті қатынасын тәрбиелеу мен өз бетінше білім алу дағдыларын дарыту бойынша шаралар көрсетіледі. Оқушылардың білімін кеңейту мен тереңдету бойынша сыныптан тыс жұмыстар қарастырылады: факультативтер, пәндік үйірмелер, қосымша сабақтар жұмысын ұйымдастыру, пәндік кештер, лекциялар мен әңгіме-сұқбаттар, жарытар, пәндік олимпиадалар өткізу.
Тәрбие мімелелері бұл тарауда үлкен орын алады, өйткені оқушының жеке тұлғасына, оның жеке қасиеттері мен гуманистік көзқарастарының дамуына ерекше көңіл бөлу қажет. Адамгершілік тәрбие, мінез-құлық мәдениетінің дағдыларын дарыту, оқушылардың саналы тәртібін қалыптастыру бойынша шараларды қарастыру (оқырмандар конференцияларын, лекциялар, әңгіме-сұқбаттар, жарыстар, пікірталастар өткізу, пайдалы басылымдар шығару). Құқықтық тәрбие және оқушылар арасында заң бұзушылықты болдырмау бойынша, сондай-ақ патриоттық тәрбие беру бойынша шаралар қарастырылады. Оқушылардың эстетикалық мәдениетін арттыру мен олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында лекциялар, өнер сүйгіштер клубын құру, музыка, театр апталықтарын өткізу, ертеңгіліктер мен кештер өткізу, көрмелер ұйымдастыру, өнер мекемелеріне бару, әртүрлі үйірмелер мен студиялар жұмысын ұйымдастыру (әдебиет шығармашылығы, вокалдық, би, қолданбалы өнер), байқаулар мен жарыстар өткізу жоспарланады.
Дене шынықтыру-спорттық жұмыстарды өткізу жоспарланады: спорттық секциялар құру, туристік саяхаттар, жарыстар, спорттық кештер мен мерекелер, сондай-ақ дене шынықтыру бойынша қоғамдық-пайдалы іс-әрекетті (спорттық құрал-жабдықтар мен бұйымдарды жөндеу, спорттық алаңдарды жабдықтау бойынша жұмыстар) ұйымдастыру. Сауықтару жұмыстары, соның ішінде оқушылардың жынысы мен жасын ескере отырып жалпы мектептік деңгейде және сыныптар бойынша санитарлық-гигиеналық тәрбие шаралары, оқушылардың ауруларының алдын алу шаралары, салауатты өмір салтын насихаттау шаралары қарастырылады.
Оқушыларды еңбекке тәрбиелеу мақсатында мектепте өз өзіне қызмет жасау, қоғамдық-пайдалы еңбек жұмыстары, жағдайлар болған кезде оқушылардың шамасына сай өндірістік еңбегі бойынша жұмыстар қарастырылады. Жоспарда мектептегі еңбек мейрамдары мен басқада шаралар (көрмелер, байқаулар, жарыстар) да қарастырылады, техникалыө үйірмелер мен секциялар жұмысы ұйымдастырылады. Мұнда оқушыларға экономикалық тәрбие беру бойынша, іскерлік қасиеті мен қазіргі заман адамының басқа да жеке қасиеттерін қалыптастыру бойынша шаралар көрсетіледі. Оқушыларға экологиялық тәрбие беру жұмыстары да жоспарланады: тәжірибелік жұмыс, экологиялық аумақ, экологиялық соқпақ құру, жануарлар мен өсімдіктер күтімі, табиғатты сақтау бойынша жұмыс, экологиялық мейрамдар, байқаулар өткізу.
Бұл тараудажанұя тәрбиесімен байланысты оқушылар ата-анасымен жүргізілетін жұмыс көрініс тапқан мәселелер де бар. Ата-аналармен кездесу өткізу, оларға ақыл-кеңес беруді ұйымдастыру, ата-аналар жиналыстарын өткізу, ата-аналар комитеті жұмысына көмектесу, ата-аналарды мектептегі тәрбие жұмысына араластыру, жанұя тәрбиесінің озат тәжірибесін зерттеу мен қорытындылау жұмыстары қарастырылады.
«Педагогикалық кадрлармен жұмыс» тарауында мұғалімдер мен тәрбиешілердің әдістемелік деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар қарастырылады. Мұғалімдер ұжымы мүшелерінің кәсіби біліктері мен дағдыларын болжау жоспарланады, бұл озат педагогикалық тәжірибені анықтауға, сондай-ақ мұғалімдердің тәрбие мен оқыту әдісінің саласындағы қажеттіліктері мен сұраныстарын анықтауға мүмкіндік береді. Жоспарға мектептің әдістемелік бірлестіктерінің, әдістемелік кеңестің, әдістемелік кабинеттің іс-әрекеті мәселелері, мектеп мұғалімдерінің психологиялық-педагогикалық проблемаларды зерттеу мәселелері, мұғалімдер мен тәрбиешілерге арналған педагогикалық оқулар, конференциялар, семинарлар, арнайы курстар өткізу енгізіледі. Жоспарда тәжірибесі аз мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетуді,мұғалімдердің өзіндік білім алулары мен олардың педагогикалық шығармашылығын ынталандыруды ұйымдастыру мәселелері, озат педагогикалық тәжірибені қорытындылау мен тарату мәселелері (ашық сабақтар, әдістемелің көрмелер, шығармашылық есеп берулер өткізу, шығармашылық педагогика клубтарын ұйымдастыру, озат тәжірибе мектебін құру) көрініс табады. Бұл тарауда мектептің педагогикалық ғылым өкілдерімен іскер ынтымақтастықтың формалары мен мазмұны көрсетіледі. Әдістемелік кеңес пен әдістемелік бірлестіктер (кафедралар) жұмысының жоспарлары осы тараудың құрамды бөлігі болып табылады.
Жоспардың белгілі бір тарауында мектептің педагогикалық кеңесінің жұмысы қарастырылады, онда педагогикалық кеңес мәжілісінің тақырыбы мен өткізілетін күні нақты белгіленеді. Жоспардың бұл тарауын дайындағанда мәжіліс тақырыбын анықтауға ерекше көңіл бөлу қажет. Мәжіліс тақырыбы мұғалімдер ұжымы іс-әрекетінің жалпы мазмұнынан бастау алуы қажет, педагогикалық кеңестегі белгілі бір мәселелерге талдау жасау, ұжымдық шешімдерді қабылдау мен жүзеге асыру мектеп іс-әрекетінің жалпы мақсатына жетуге жағдай жасауы қажет. Педагогикалық кеңес мәжілісінің тақырыбында мектептегі оқу-тәрбие үдерісін ұжымның ұйымдастырушылық-педагогикалық іс-әрекетін жақсарту мәселелері, мектептің педагогикалық ғылыммен жаңа жетістіктерін жүзеге асыру мәселелері көрініс табады. Педагогикалық кеңестің әрбір мәжілісінде өткен мәжілістерде қабылданған шешімдердің барысы туралы ақпараттар тыңдалады.
Мектеп ішіндегі бақылау жүйесі мектеп жұмысының жылдық жоспарының ерекше тарауын құрайды. Мұнда мектептегі тәрбие жұмысының жай-күйі мен нәтижелілігін бақылауға бағытталған шаралар көрсетіледі: оқушылардың қоғамдық белсенділігін тәрбиелеу міндеттерін, оларға саналы тәртіп, еңбек, адамгершілік,эстетикалық, экономикалық, экологиялық, құқықтық, патриоттық тәрбие беру міндеттерін шешу, олардың тәрбиелілік деңгейін көтеру; дайындық сабақтарының, үйірмелер мен секциялардың, оқушылардың өзін өзі басқару органдарының жұмысын бақылау; өлкетану жұмысын, оқушылардың өз өзіне қызмет жасауы мен олардың шамасына сай еңбегін ұйымдастыруды бақылау; мұғалімдердің, тәрбиешілердің, сынып жетекшілерінің тәрбие жұмыстарын, сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыруды, оның мазмұны мен нәтижелілігін бақылау; жанұямен бірлескен жұмысты бақылау (оқушылардың тіршілік жағдайлары мен жанұялық тәрбиесін зерттеудің жай-күйі, ата-аналармен өткізілетін шаралар сапасы).
Оқу пәндерін оқытудың жай-күйін бақылау қарастырылады: оқыту ғылымилығын, оқу бағдарламаларының орындалуын, оқу материалының өмірмен, практикамен байланысын қамтамасыз етуді, сабақтар жүйесі мен оқу пәндері жиынтығының өзара байланысын, оқудың жеке даралық болуы мен оқыту үдерісін қойылған психологиялық-педагогикалық талаптардың орындалуын, оқушылардың танымдық ықыластарының дамуын, олардың оқуға өз бетінше жұмыс істей алу мен өз бетінше білім алуға ұмтылуын бақылау. Оқушылардың білімі, білік пен дағдыларының сапасын бақылау жоспарланады, онда оқушылардыңғылыми дүниетанымының қалыптасуы, олардың оқу материалын меңгеруі, оқушылардың оқу еңбегінің дағдыларының қалыптасуы туралы мәселелер қарастырылады.
Мұғалімдер мен тәрбиешілердің міндеті жалпы орта білім беруді қамтамасыз ету бойынша іс-әрекетін бақылау жоспарланады: мектеп жасындағы балаларды тіркеудің жай-күйі, оқытудың арнайы жағдайларын қажет ететін балаларға жағдай жасау, оқушылардың сабаққа қатысулары. Бұл тарауда мектеп ішіндегі құжаттамалардың жай-күйін, оларды әрбір құжатқа қатысты талаптарға сай дер кезінде әрі дұрыс тіркелуін бақылау.
Тараудың мектептегі әдістемелік жұмысты ұйымдастыруды және мұғалімдер мен тәрбиешілердің мамандығы мен әдістемесін өсіруді бақылауға арналған бөлімінде теориялық семинарлар, озат тәжірибе мектептерінің, әдістемелің бірлестіктердің жұмысы, озат педагогикалық тәжірибені қалыптастыру мен тарату мәселелері, мұғалімдер мен тәрбиешілерді оқыту мәселелері қарастырылады.
Бұл тарауда мектептің басқа да бөлімдерінің (шаруашылық қызмет, мектеп кітапханасы, дәрігерлік көмек, тамақтануды ұйымдастыру) іс-әрекетін бақылау қарастырылады.
Мектептің жылдық жоспарының бір тарауы ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмысқа арналған. Мұнда педагогикалық кадрларды орналастыру, мектеп әкімшілігі мен тұтас педагогикалық ұжым жұмысына ұйымдастыру мен тәртібі, мектеп қызметкерлері арасында қызмет міндеттерінің бөлінуі көрсетілген. Әдістемелік қызметтің шапшаң іс-әрекетін ұйымдастыру да қарастырылады. Бұл тарауда жалпы мектептік кештер, мерекелер, салтанатты шаралар, шапшаң және басқа да кеңестер (мектеп директоры немесе меңгерушісі қатысуымен өткізілетін кеңестер, өндірістік кеңестер, жиналыстар) өткізудің графиктері беріледі.
Мектептің оқу-материалдық базасын нығайту мәселелері (мектеп ғимаратын кезекті немесе күрделі жөндеуден өткізцді дайындау жұмыстары) жоспардың жеке тарауында қарастырылады. Еңбекке тәрбиелеудің материалдық-техникалық базасын кеңейтуге, оқу бөлмелерін көрнекілік құралдармен, компьютердің техникамен жабдықтауға, мектеп кітапханасының кітап қорын толықтыруға, спорттық құрал-жабдықтар мен жиһаздарын жаңврту мен толықтыруға бағытталған шаралар қарастырылады. Дайындық сабақтарының жұмысын ұйымдастыру үшін, оқушылардың оқуы мен ойнауы үшін, мектеп асханасының жұмысы үшін қажетті жағдайларды жасау, шаруашылық қызметті қажетті материалдармен, құрал-саймандармен, арнайы киіммен қамтамасыз ету шаралары көрсетіледі. Бұл тарауда, сондай-ақ мектеп ауласын санитарлық-гигиеналық тәртіптің ережелері мен талаптарына сай жабдықтау, өртке қарсы қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз ету көрсетіледі.
Мектеп жұмысының жылдық жоспарының мазмұны, міне, осындай. Жоспар мазмұны мектеп қызметінің нақты бір жағдайлары мен басқа да факторларға байланысты басқаша болуы да мүмкін, оны негізгі тараулар өзгеше болуы мүмкін. Алайда онда әрқашан аналитикалық бөлім (нормативті және инструктивті ақпаратты есепке ала отырып мектептің өткен жылғы іс-әрекетінің нәтижелері туралы ақпаратқа талдау жасау), мектептің жоспарланған уақытқа арналған маңызды міндеттері, алға қойылған міндеттерді шешу мен мақсаттарға жетуге әкелетін шаралар көрсетілген негізгі бөлім бар.
Достарыңызбен бөлісу: |