3. Педагогтың өзіндік тануы мен өзіндік өсу ерекшеліктері
Педагогтің кәсіби сана-сезімі – бұл өзін кәсіби шебер ретінде сезінуі, өзінің педагогикалық қарым-қатынаста, қызметте жеке тұлғалық ерекшелігін сезінуі. Кәсіби сана-сезімнің жалпы сипаты жалпы сана-сезім сияқты, тек өзіне тән белгілері бар. Олардың екеуінде кездесетін ортақ белгілері: өзіндік тану, эмоциялық-бағалау қатынасы, өзін-өзі бақылау, мұнда да сәйкестендіру және рефлексия (сананың өзіне назарын аударып, өзінің психикалық күйіне ой жүгіртуі) механизмдері жұмыс істейді.
Өзгешелік – педагогтің оқушылармен, ата-аналармен, әріптестерімен, әкімшілікпен, өзімен қарым-қатынас жиынтығында жеке тұлғалық қасиеттері мен іс-әрекект ерекшелігін танып-білуі, бағалауы, реттеуі. Осыдан өзіндік танудың объектісі: кәсіби-педагогикалық бағыт, педагогикалық мүмкіндіктер, арнайы білім мен біліктілік, өзіндік белсенділік деңгейі, педагогикалық қызмет стилі тағы да көптеген сол сияқтылар болуы мүмкін. Бірақ өзін жалпы адам ретінде, кәсіби шебер ретінде қабылдауда сәйкессіздік те кездеседі.
Мысалы, тұлғаның жалпы өзіне көңілі толады, өзін құрметтейді, өзін жақсы сезінеді, бірақ кәсіби жетістіктеріне, әкімшілікпен, әріптестерімен қарым-қатынастарына көңілі толмайды, өзін өте жоғары маман еместігінен кінәлі сезінеді, т. б. Осындай келіспеушілік өзінің өмірдің әр саласында толық сәйкес емес екенін айғақтайды, соның салдарынан тұлғада іштей шиеленіс, қақтығыс пайда болады.
Мұғалімнің А.К.Маркова көрсеткен кәсіби сана-сезімді құрайтын бөліктері:
Өз кәсібінің көлемін, ережесін, моделін түсіну. Бұл үрдісте кәсіби дүниетанымның негізі қаланады. Егер педагог өзінің қандай болу керектігінен, қоршаған ортамен қарым-қатынасты қалай құру керектігінен хабарсыз болса, оның өзін-өзі бағалауы қиындық тудырады. Жалпы білімділіктің негізінде мұғалімнің кәсіби ұстанымы негізделеді, жеке мұғалімдік еңбек тұжырымы құрылады.
Жоғарыда атап өтілген қасиеттерді басқа әріптесінің бойынан көру, өзін орта кәсіби маманмен салыстыру.
Өзінің кәсіби шеберлігіне оқушылардың, әріптестерінің, басшылықтың көзімен баға беру.
Өзінің әрбір жеке тұстарына баға беру: өзін, педагогикалық қызметін, қарым-қатынасын, жеке тұлғасын танып-білу, түсіну;
Өзінің эмоциялық қатынастарына, ерекшеліктеріне баға беру. Біртіндеп тұрақты «Мен – концепциясы» пайда болып, өзіне сенім ұялата бастайды.
Осы негізде мұғалімге мектепте баға беріледі. Бағалардың айырмысы бар: бүгінгі мүмкіндіктер (өзін-өзі өзекті бағалау), кешегі (өткенді шолу арқылы өзін ретроспективті бағалау), болашақтағы жетістіктер (өзін мінсіз бағалау) және басқалардың көзімен (рефлексивті) өзін-өзі бағалау. Егер өзін өзекті бағалау ретроспективті бағалаудан жоғары болса, ал өзін мінсіз бағалау өзекті бағалаудан жоғары болса, онда ол кәсіби сана-сезімнің өскенін көрсетеді.
Мұғалімнің өзін-өзі бағалауының нақты көрсеткіші ретроспективті бағалау мен өзекті бағалаудың, өзекті бағалау мен өзін мінсіз бағалау арасында өте аз айырашылықтың болуымен құнды болады.
Мұғалімнің өзін-өзі жақсы бағалауы, өзінің жақсы қасиеттерін айқындауы, «Мен – концепциянын» жасауы оның өзіне деген сенімін арттырады, өз кәсібіне көңілі толып, педагогикалық еңбегі нәтижелі болады. Көп жағдайда тек осындай мұғалімдер өзін-өзі толық ашуға ұмтылады. Психологияда педагогтың «Мен – концепцияны» оқушының «Мен –концепциянының» дамуына әсер еткені туралы көптеген тәжірибелер көрсетілген.
Ағылшын ғалымы Р.Бернстің [53] «Мен – концепциянын дамыту мен тәрбиелеу» деп аталатын, мұғалімдердің «Мен – концепциясы» және оның жеке компоненттерінің балалардың жеке тұлғасының дамуына, қабылдауына тигізген әсерінің қорытындыларын зерттеген еңбегіне көңіл аударайық.
Р.Бернс мұғалімнің жағымды «Мен – концепциясы» балаларға жақсы әсер етіп қана қоймай, олардың сыныптағы іс-әрекеттеріне, үлгеріміне әсер ететінін айтады. Балалар өздерінің мүмкіндіктерін толық ашып, мұғалімнің алдында қандай бағалы екенін сезінеді, бұл сенім оған мұғаліммен қарым-қатынас жасағанда келеді, мұғалім оның мүмкіндіктеріне сенім артады. Өзін-өзі бағалауы төмен мұғалімдер өзге оқушылардан ерекшеленетін балаларды жақтырмайды. Егер мұғалімнің қорғансыздық сезімі оның психологиялық хал-ақуалында басым тұрса, оның тек балаларға емес, ата-аналар, әріптестеріне сенімсіздігі, үрейі күшейеді. Сондықтан өзін қорғансыз сезінетін мұғалім, Р.Бернстің айтуынша, көп жағдайда өзіне авторитарлық рөлдерді алып, қатігездік, өктемдік көрсетіп, оқушылар алдында қандай жағдайда болмасын өзін мақұлдатып, бекіткісі келеді.
Өзін төмен бағалайтын мұғалімдерде балаға жаман әсер ететін негативті нұсқау болатыны анықталды. Кебіреуіне тоқталайық:
Өзін ұнатпайтын оқушыларға нашар қарау;
Балаларды босаңсытпайтын, оларға қиындық тудыратын кез-келген мүмкіндікті пайдалану;
сабақ оқуды бәсекелестік күрес негізіне құруға тырысу;
балалар жіберген қателіктеріне кінәлі сезімде болуы, сол арқылы оларды оқуға ынталандыру;
қатал тәртіп орнатуға ұмтылу;
оқушылардың кінәсіне қарай жазалау мөлшерін көбейту.
Мұғалімнің «Мен-концепциясы» оқушының «Мен-концепциясына» қалай әсер ететінін талдай келе, Р.Бернс мынадай қорытындыға келеді: «Балаларды оқытуға міндет алған адам өзіне сенімді болуы керек. Өзін-өзі түсінбеген және түсінуге тырыспаған адам басқаны да түсінуі екіталай. Өзін төмен бағалайтын индивид басқаларға өзінің қорқынышы, үрейі, қанағаттанбаған қажеттілігі тұрғысынан қарап, қабылдайды. Өзін жоғары бағалау мен өзіне деген сенімділік адамға өзінің өктемдігі мен маңыздылығын өз іс-әрекетіне бағыт етіп ұстаудан сақтап, біреудің алдында өзін дәлелдеу қажетсіздігін көрсетіп, оны жоюға мүмкіндік береді» [53].
Отандық психологияда да бұл мәселеге көптеген тәжірибелер жасалып, зерттелді. Солардың ішінде Л.М. Митинаны [54] айтуға болады. Мынадай жайттар белгілі:
Мұғалімнің кәсіби сана-сезімінің төменгі дәрежеде дамуы қажетті мөлшері жетпейтін тұрақсыз бейнеде, іс-әрекет пен педагогикалық қатынастың жоспарсыздығымен, өзіндік баға мен өзіндік танудың кейбір қасиеттерімен, кебір сапаларымен ғана сипатталады. Ал мұғалімнің кәсіби сана-сезімінің жоғары дәрежеде дамуы мұғалімнің жалпы жүйеге сай, кәсіби мақсатын толық орындауға мүмкіндігі жеткілікті болуымен анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |