Педагогикалық курстарда жүйелі түрде мамандығын жетілдіру педагогтің тек кәсіби біліктілігін ғана арттырып қоймай, оның өзіндік дамуын да өсіреді. Өз мамандығын жетілдіріп, жаңа біліммен толығып, жаңа технологияны меңгерумен қатар, ол өзін танып, біледі. Бұл, әсіресе, курстың бағдарламасына психологиялық оқу мен технологияны қосқанда өте тиімді. Педагогтің өзіндік тану, өзін кемелдендіру, жеке тұлғаның өсуі тренингтерін өткізуі өзін танып, әрі қарай дамуына мүмкіндіктер береді.
Өз бетінше білім алумен шұғылдану:
Кез-келген мамандық өзіндік білім алуды керек етеді, бірақ педагогикалық мамандық үнемі, өмір бойы білім жетілдіруді талап етеді. Өзіндік білім алумен шұғылдану – бірінші кезекте өзіндік өсу факторы. Оның құрамында өзіндік танудың көптеген мақсаттары бар: кез-келген жаңа ақпарат тәжірибе жүзінде пайдаланылып, соңында тұлғаның өзі жаңа бағалауға ие болады. Өзіндік тануға психологиямен айналысу, оның теориясын және қолданбалы бағытын пайдалану өте көп септігін тигізетінін тағы да қайталап айтамыз. Қазіргі психологиядағы педагогтің жеке тұлғасын, оның қызметін зерделеу әдістемесі өзін-өзі толық сипаттауға, өзіне жалпы баға беруге көмектеседі.
Өзіндік танудың механизмдері – сәйкестендіру мен психикалық күйге ой жүгірту (рефлексия) де өзіне тән бағытта болады. Идеалға, мөлшерлі бейнеге, немесе өз кәсібіндегі нақты бір адамға сәйкес болу барысында оқытушы өз қасиеттері мен іс-әрекеттерін айқындап, басып көрсете алады. Рефлексия өзіне терең талдау жасап, өзін бағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі психология педагогтің жоғарғы дәрежедегі рефлексиясы өзін терең, жан-жақты тануға әсерін тигізіп, оның кәсіби біліктілігінің даму стратегиясын нақтылауы жайында көптеген тәжірибелердің дәлелденгені туралы мәліметтерді көптеп келтіреді.
Рефлексияның дәрежесінің төмендігі индивидтің өзіндік тануы мен кәсіби өсуінің деңгейі төмен екенін көрсетеді.
Өзіндік танудың қорытынды нәтижесі, оның өзгешелігі – оқытушы өзін, өзінің оқытушылық мүмкіндіктерін, педагогикалық бағытын, ойлауын толық, терең, жан-жақты түсінуінде және тұтас кәсіптік «мен-концепциясында».
Өзіндік танудың мәніне өзін-өзі сыйлаудың жоғарылығы, немесе төмендігі, өзімен ұқсастық сезімі, немесе өзімен ұқсассыздық сезімі, өзін қабылдау деңгейі кіреді. Педагогтың қолайлы «мен-концепциясы, өзіндік танудың жоғарғы деңгейі педагогикалық үрдістің барлық қатысушыларымен дұрыс қарым-қатынас жасаудың, әр жастағы балалардың жағымды «мен-концепциясын» құрудың жайлы жағдайы болып саналады.
Психологияда педагогтың кәсіби өзіндік тануын ұйымдастыруға көмектесетін дамыған құрал бар. Бұл – әртүрлі тестік әдістемелер және өзін бағалауға негізделген әдістеме. Мысал ретінде ағылшын психологы Р.Бернс ұсынған сұрақтардың тізімін берейік. Осы сұрақтарға жауап беру арқылы мұғалім өзінің «мен-концепциясын» түсініп, сол арқылы өзін-өзі түсінуін тереңдетеді:
Мен өзімді толық құрылған тұлға деп есептеймін бе, немесе менде әлі де ішкі өсу мен дамудың қоры бар ма?
Мен өзіме сенімдімін бе?
Менің әртүрлі көзқарасты қабылдауға шыдамым жете ме? Менің догматизмге бармай, мысалға «Бұл мәселені шешетін бір ғана жол бар, бір ғана оқулық бар, сонда ғана тақырып дұрыс жазылған, бір нәрсені үйренудің тек бір ғана амалы бар, т.б.» – деген пікірде қатып қалмайтындай, интеллектуалды икемділігім жеткілікті ме?
Мен өзімнің тұлғалық және кәсіби өсуіме қажетті болатын өз тарапыма айтылған сынды қабылдай аламын ба? Мен басқа біреулермен өзімнің жеке және кәсіби қиыншылықтарымды ашық талқылай аламын ба?
Мен оқушыларым өмірді қалай қабылдайтынын шын мәнінде білемін бе? Мен оларға қандай ұстаз болып көрінемін? Мен өзіме солардың көзімен қарай аламын ба?
Маған оқушылармен тығыз байланыс ұнай ма немесе мен олармен жақын араласқым келмей ме? Маған оқу пәнінің мазмұны маңызды ма немесе оқушылардың қабылдау қажеттілігі мен ерекшелігі маңызды ма?
Мен баланың оқу барысындағы қиындықтарының себебін анықтауға тырысамын ба, әлде оны баланың қабілетсіздігіне жатқызамын ба? Мен үлгерімі нашар балалар өздерін табысты сезініп, өздеріне деген сенімі арытуы үшін, оларды түсіну үшін сабақтың сипатын өзгертуге тырысамын ба? Мен баланың дамуындағы өзіндік ерекшеліктерін ескеру керектігіне сенемін бе? Менің сабақтарым әр оқушының өз мүмкіндігін толық ашуға құрылған ба?
Менің сабақ беру тәсілім оқушылардың менің пәніме, жалпы оқуға құштарлығын, қызығушылығын оята ала ма?
Достарыңызбен бөлісу: |