«Ислам философиясы» пәні бойынша



бет11/22
Дата28.03.2024
өлшемі91.3 Kb.
#496755
түріСабақ
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   22
islam filosofyasi lekcia(1)

Әл-Фараби мектебі. Әл-Фараби (870-950 жж.)көшпелі түркі тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде "Тархан" деген атаудың болуы. Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді. Әл-Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Наср Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби, яғни әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Наср әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Наср атанған. Бұл қаланың орны қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының территориясында. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған нұсқаларына карағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.
Ал енді әл-Фарабидің антика дәстүрімен байланыстылығынан, осының арқасында оның Аристотельден кейінгі «Екінші Ұстаз» атанып, даңққа бөленгенін айтатын болсақ, әл-Фараби жастайынан-ақ ұлы Аристотельдің, Платонның, ерте дүниедегі Грекиядағы басқа да философтардың шығармаларымен түпнұсқасынан танысқаны жөнінде бізде деректер бар.
Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнің көптеген орталықтары – Хорасанда, Бағдадта, Дамаскте (Шам), Алеппода (Халеб), Каирда (Мысыр) болған. Өз өмірінің көп жылдарын ол араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған, Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болды. Бірақ бүкіл ой-сананы нақылға негіздеуге тырысатын хадисшілер оның пікірлерін қолдай қоймады, әсіресе, олар әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені, оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден іздеп табуға мезгейтін еді. Ақыр сонында әл-Фараби лажсыздан Бағдадтан кетеді. Өзінің «Фусус ал-Мадани" ("Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері") деген соңғы шығармасында ол: "Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс",-дейді. Әл-Фараби александриялық (мысырлық) ғалымдар, яғни бір кезде Александриядан ығыстырылған несторианшыл христиандар тұратын Харранға келіп қоныс тебеді. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаскіде өткізеді, мұнда ол Солтүстік Сирияның жетекшісі, саяси қайраткер Сайф ад-Даула Хамданиге аса қадірлі болды. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында кайтыс болды.
Біздің заманға әл-Фарабидің тек негізгі шығармалары ғана келіп жетті. Ол шығармалардың ежелден бері-ақ жұртшылыққа танымал болып, философиялық және ғылыми ойдың одан кейінгі дамуына тигізген әсері толассыз.
«Мұсылман Ренессансы» деген атауға ие болған сол заманға тән белгілері оның шығармаларымен белгілі бір дәрежеде өз орнын алады. Әл-Фарабидің шығармаларында көне замандағы дәстүрдің және «Бірінші Ұстаз» деп Шығыста аталып кеткен Аристотельдің тарих барысында қалдырған әсері, неоплатонизмнің несторионшылдықтың әсері және исламның әсерімен Аристотель идеяларының өзгеруі айқын көрінеді. Әл-Фарабидің Аристотельге бас игені сөзсіз. Сол сияқты ол Аристотель идеяларының ең жақсылары мен бағалыларын әрдайым таңдап ала бермейтіні де даусыз. Бірақ біз үшін ерекше бағалы жағы сол — ол Аристотель ілімінің формалдық жағымен ғана шектелмейді, ол диалектика элементтеріне, мәселені қарама - қарсы қоюына белгілі дәрежеде көңіл бөледі, сыртқы дүние мен сезім мүшелері арқылы жүзеге асатын байланыс таным логикасының іргетасы болып табылатынын дәлелдейді.
Әл-Фараби Аристотельдің, әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді. Мәселен, Әл-Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейцнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш— 160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров—- 200 трактат деп көрсетеді.
Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», «Бірінші және Екінші Аналитика», «Топикасы» мен «4 софистердің еңбектеріне» түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Әл-Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда зор роль атқарды.
Сондықтан да XI ғасырда өмір сүрген Әл-Фарабидің ізін қуушы атақты Ибн-Сина (980—1037) тек Әбу Наср түсіндірмелері арқылы ғана Аристотель еңбектерінің ойын ұғып, қуанғанынан қайыршыларға садақа үлестіргені жайлы жазған екен.
Анығырақ айтсақ, Аристотель шығармалары сол кездің өзінде-ақ араб тіліне аударылып үлгіргенді. Араб шығысында Аристотельдің кейбір құнды ойлары бұрмаланып көрсетілді. Бірақ көп еңбектері тәржімаланбағандықтан ұлы грек философиясының ойын түсіну қиын болды. Сондықтан да, көп тілдерді жетік білген ұлы ғалым жерлесіміз Аристотель шығармаларына араб тілінде түсіндірме жазуды ұйғарды. Сөйтіп, ол ұлы философтың мұраларын жаңсақ пікірлерден тазартып, өз қалпында дұрыс түсіндіре біліп, өзінің бірінші ұстазға деген ғылым саласындағы үлкен адамгершілік, азаматтық іс әрекетін таныта білді. Сондықтан да, Шығыс философтары оны «әл-муаллим ас-саны»— «екінші ұстаз» деп атаған.
Батыс әлемінде «AlPharabius»,«Avennasar» деген атпен танылған кемеңгер түркі ойшылы еңбектерінің көпшілігі сол кезеңде-ақ латын тіліне аударылып, жоғары дәрежелі оқу орындарында негізгі оқулық ретінде оқытылды. «’Ара’у ахл әл-Мадина әл-Фадила» (Қайрымды қала тұрғындарының көзқарасы жайлы трактат), «Ихса’у у’лум» (Ғылымдарды сұрыптау жайлы сөз), «Тахсил ас-саада» (Бақытқа жету жайлы трактат), «Рисала фи әл-ақл» (Ақыл жайлы трактат), «Китаб әл-хуруф» (Әріптер кітабы) атты құнды еңбектер дүниеге әкелген отырарлық ойшылдың негізгі идеяларында мұсылмандық дүниетаным антика философиясымен сабақтасып жатады. әл-Әл-Фарабидің философия мен дінді үйлестіру жолын Шығыста ибн Сина, Батыста христиан теологы Фома Аквинский қуаттады.
Әл-Фараби ғылымның философиялық-логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Әл-Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т. б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор. Тарихқа неғұрлым терең үңілген сайын, біз жеке ұрпақтардың, тайпалар мен ұлттардың мәдениеті мүлде оқшау дамиды деген "теорияның" негізсіздігін соғұрлым айқын көріп отырмыз. Дүние жүзі мәдениетінің дамуында із қалдырған сол көрнекті қайраткерлер, шындығында, адамзат мәдениетінің бірлігін паш етіп келеді. Әл-Фараби осындай дүние жүзілік тарихи тұлғалардың санатына қосылады. Ол туған елінің мәдени байлығын, Иранның, үндінің ежелгі дүние мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Дәл, сондықтан да, ол таяз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді, өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді ете білді. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала білді, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір білім саласы жоқ деуге болады.
Ғылымдар топтамасы. Киндиден соң Әл-Фараби ілімдерді сұрыптау жолында қалам тартқан «Ихсау-л-улумда» өз дәуіріндегі ғылымдарды бірнеше топтарға бөліп қарастырды, әрбір ілімнің анықтамасын, теориялық және практикалық тұрғыдағы маңызын белгілеп, оқу-ағартушылық жұмыстағы маңызына тоқталды. Әл-Фарабидің «Тахсилу-с-саада», «ат-Танбих ала сабили-с-саада» атты еңбектерінде қысқаша ғылым топтамаларын жасаған. Философ алдымен ғылымдарды бес негізге бөліп қарастырды, одан соң төмендегідей мынадай топтамаларды келтіреді: 1. Тіл білімі: сарф (морфология), наху (синтаксис); 2. Логика (мантық): Органонда қамтылған сегіз кітап; 3. Математика: арифметика, геометрия, оптика, астраномия, музыка, механика; 4. Физика мен метафизика; 5. Мәдени ілімдер: этика, саясат, фиқх және калам.
Аристотельдің ілімдерді теориялық, практикалық және поэтикалық деп үшке бөлуі мен Киндидің адамдық және діни ілімдер деп бөлген топтамасына қарағанда Әл-Фарабидің ғылымдарды топтауы ауқымды болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет