«Ислам философиясы» пәні бойынша


А) Машшаи мектебі (перипатетизм)



бет9/22
Дата28.03.2024
өлшемі91.3 Kb.
#496755
түріСабақ
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22
islam filosofyasi lekcia(1)

А) Машшаи мектебі (перипатетизм)
Машшаиліктің сөздің мағынасы «жүру» дегенді білдіреді. Ал ислам философия терминологиясында негізінен Аристотель философиясын қолдаған ойшылдар бағыты болып табылады. Дәлірек айтар болсақ, «исламдық аристотельшілдік» (перипатетизм) деген сөз. Осы мектептің өкілдері арасына Киндиді, Әл-Фарабиді, ибн Синаны, ибн Баджджаны және ибн Рушдты жатқызуға болады.
Шығыс ислам машшаилігі. Әл-Кинди мектебі. Кинди – аударма жұмыстарының қорғаушысы және грек, үнді еңбектерінің ислам әлеміне енуінің жаршысы ретінде танылды. Этникалық және мәдени жағынан алғашқы араб философы екендігі қуатталған Әбу Юсуф бин Исхақ әл-Кинди – Оңтүстік Арабстандағы үлкен тайпалардың бірі болып табылатын Кинданың өкілі. Араб әдебиетінің атақты шайырларының бірі - Имру-л-Қайс та осы тайпадан шыққан. Оңтүстік Арабстан тайпаларының бірі – Кинда басқа тайпалармен салыстырғанда көршілес мәдениеттермен тығыз байланыста болғанға ұқсайды. Себебі, бірнеше киндалық отбасы ежелден бері Иракты (Вавилон) мекен еткен. Ойшылдың әкесі Куфаның уалиі қызметін атқарған шақта Кинди шамамен ҮІІІ ғасырдың аяғы немесе ІХ ғасырдың бас жағында дүниеге келді.
Киндидің Куфадағы алғашқы өмірі жайлы қолымызда мәліметтер аз. Ол Куфадан грамматикалық және каламдық салалармен зерттеу жасау мақсатында басты ғылыми орталықтардың бірі болып табылатын Басраға сапар шекті. Соңында халифаттың астанасы және ІХ ғасырдағы идеялық дамудың ордасы – Бағдатта орын тепті. Мұнда үш Аббаси халифасының қамқорлығында болды. Мамун, Мутасым және Уасық атты халифалар философиялық әрекет пен мутазилиттік каламға көрсеткен қамқорлықтары Киндидің де абыройының асқақтауына жағдай жасады. Алайда Мутауаккилдің билік жүргізген заманында Киндидің бағы қайтты, себебі, Мутауаккилдің бастапқы үш халифаға қарағанда философияға, мутазилаға деген көзқарасы теріс болатын. Кинди Мутауаккилдің өлімінен соң тағы да бес жыл өмір сүрді. Ол шамамен 866 жылы дүние салды.
Киндидің дүниеге келгені және өлгені жайлы қаншалықты мәліметіміз аз болса, оның білім алу жолында өсуі және жеке қасиеттері жайлы мәліметтеріміз соншалықты аз. Бірақ, мәліметтерде оның сараң болғандығы баяндалады. Киндидің өлімінен шамалы уақыттан соң жазылған Жахыздың «Китабу-л-Бухала» (Сараңдар кітабы) атты шығармада Киндидің шектен асқан ашкөз екендігі баяндалады. Алайда, ибн Әюуб Усайбия сияқты авторлар оның жеке қасиеттерін әңгімелеп мақтайды.
Ортағасырлық ислам авторлары оның жан-жақты білім иесі екендігін қуаттаған. Мәліметтерге қарағанда оның логикаға, метафизикаға, арифметикаға, музыкаға, астраномияға, геометрияға, медицинаға, астрологияға, теологияға, психологияға, саясатқа, метеорологияға, топографияға, магияға, химияға қатысты 242 шығармасы дүниеге келгендігі баяндалады, алайда оның көпшілігі біздің заманымызға жетпеген.
Киндидің жақтағандар мен даттағандар оның философия мен шариғат арасын жақындатуға тырысқан талпыныстарын қуаттайды. Оның соңғы уақыттарда басылып шыққан трактаттары да оны исламдағы алғашқы жүйелі философия авторы және уахи етілген насстарға саналық әдістерді қолданудың жақтаушысы ретінде ұсынады. Киндидің еңбектері исламдағы калам ілімінің бастаушылары – мутазила калам ағымының ішінде орын алады. Оның мутазиламен жақындығының дәлелі мутазила теологиясына қатысты ойларын қағаз бетіне түсіріп, халифа Мутасымға және оның ұлы Ахметке арнағандығы баяндалады.
Кинди мутазилит каламшыларының көтерген мәселелері жайлы қалам тартқандығы баядалады. Мысалы, «Рисала фи-л-фалсафату-л-ула» атты еңбегі бастаған басқа да философиялық трактаттарында әлемнің әуелден бері бар екендігін жақтаған даһрилерге қарсы әлемнің кейіннен жаратылғандығын логикалық және математикалық дәлелдермен негіздеуге тырысты. Келесі жағынан заманындағы теологтар тәрізді ол да исламды қорғау мақсатында басқа дін мен мәдениет иелеріне қарсы жауаптар жазып, «Рисала фи нақзи масаили-л-мулхидинде» даһрилерді, «Рисала фи-р-Радд ала-л-мания» мен «Рисала фи-р-Радд ала-с-Санауияда» манихеизмді, «Рисала фи тасбити-р-русулда» брахманизмді, «Мақала фи-р-радд ала-н-насарада» христиандықты сынға алды. Сондай-ақ мутазиланың көзқарастарымен қатар «салах», «аслах» проблемаларына да тоқталды, алайда, мұны индивидтік тұрғыдан емес, космологиялық түсініктемемен талдады. Ол құдайлық әрекеттің толықтай әділ екендігін осы мәселеде зұлымдыққа мүлдем орын берілмегендігін қуаттады. Бүгінгі күнге дейін жетпеген «Рисала фи-л-иститаа уә замани кауниһа» атты философиялық еңбегінде құлдар әрекетінің маңызы және осымен байланысты себеп-нәтиже (иллат-малул) қатынасында аралық күштің орын алатынына (тауаллуд концепциясы) тоқталған.
Ойшылдың ілімдерді топтарға бөлуінен ілімдердің олардың қарастыратын тақырыптары мен араларындағы байланыстарды айқындау арқылы ойшылдың зерттеу әдісі мен жалпы болмыс жайлы түсінігін аңғаруға болады. Жабир бин Хаййанды былай қойғанда осы мәселеде Киндидің ілімдерді сыныптауы ислам мәдениетіндегі алғашқы және тың мәселе болып табылады. Платон болмыс пен таным түрлерін төменгі, орта және жоғарғы деп үшке бөле отырып, физикалықты төменгі, математикалықты орта, метафизикалықты жоғарғы деп сұрыптаған кезде, адам санасының нақтылықтан абстрактілікке жоғарылағанын көрсетуге тырысты. Ал Аристотель ілімдерді теориялық, практикалық және поэтикалық деп бөлшектеуімен ұстазынан ерекшеленеді. Киндидің ілімдерді бөлуі аталған грек философтарынан мүлдем басқаша.
Алдымен Кинди ілімдерді діни және адамдық деп қарастырады. Діни ілімдердің бастауы – уахи. Уахи қалау-тілекке мұқтаж емес, күш-жігерді жұмсаудың да қажеті жоқ, логикалық және математикалық әдістерге жүгінілмейтін, пайғамбарлардың таза рухтарын құдайдың нұрландыруымен жүзеге асқан білім болып табылады. Интуициялық және саналық қабілетпен қол жеткізе алмайтын, адамдардың оған ұқсас білімді ұсына алмайтын уахи адам жаратылысына лайықты болғандықтан, ақылдың оны мойындауы тиіс.
Адамдық ілімдер философияның аясында жинақталып, бірі тікелей ілім, келесісі өзге ілімдерге құрал және бастама болып, екі типпен қарастырылады. Тікелей ілім деп есептелгендер теориялық және практикалық болып екіге бөлінеді. Теориялық ілімнің астында физика, ортасында психология, үстінде метафизика орын алады. Психологияның бір жағы физиологиямен, келесі жағы метафизикамен байланысты болғандықтан, ол физикадан метафизикаға өту кезіндегі өткел қызметін атқарады. Ойшылдың пікірі бойынша құдай жанды (нафс) жеңіл емес (латиф емес) материя мен жеңіл (латиф) метафизиканың арасына орналастырған. Осы жолмен ғана ілім физикадан метафизикалық танымға өтуге мүмкіндік алады. Осы тәсілмен ғана жеңіл мен қаттының ара жігін ашуға болады. Практикалық ілімдер этика мен саясаттан тұрады.
Өзге ілімдерге кіріспе қызметіндегі құрал ілімдері логика мен математика болып екіге бөлінеді. Логика Аристотельдің «Органон» жинағында орын алған «категориялардан», «пайымдаулардан» «І аналитикалардан», «ІІ аналитикалардан», «топиктерден», «софистердің дәлелдерін жоққа шығарудан», «шешендік өнерден» және «өлеңдерден» құралады. Ал математика арифметиканы, геометрияны, астраномияны және музыканы қамтиды. Киндидің пікірі бойынша математиканы меңгермеген адам өмір бойы философияны оқығанмен оны түсіне алмайды, тек жазылғандарды қайта оқумен ғана шектеледі. Әсіресе, әлемнің жалпы көрінісін бейнелейтін астраномия барлық білімді қамтитын философияның ішіндегі маңызды ілім саналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет