Уасыл б. Ата, Хасан Басридың тағы бір шәкірті Әмір б. Убайд пен бірігіп Муғтазила мазхабын құрады. Муғтазила мазхабы итиқади мәселелерде насты қабыл етіп, сонымен қатар ақылға да маңыз береді. Діни мәселелерде, әсіресе итиқади тақырыптарда ақылды нақылдан көбірек қолданып мағынасы ашық болмаған муташабих аяттардан мағына шығаруға тырысады. Муғтазиланың итиқади мәселелерді осындай тәсілмен түсіндірулеріне «Кәлам әдісі» деп атаған.
Ислам философиялық мектептері мен бағыттары
1. Натуралистік философия А) Философиялық материализм (даһриун) Ғазали ислам ойлау жүйесі тарихында «Даһриун» немесе «Маддиун», «Муаттыла», және «Занадықа» деп аталатын ойшылдардың пікірлерін былай түсіндіреді: «бірінші сыныптағылар – даһрилер: ең ескі философтардың бір тобына жатады. Олар әлемді басқаратын, барлығына құдіреті жететін жаратушының бар екендігін жоққа шығарады. Әлемнің бір жаратушы тарапынан емес, жаратылыстар әуелден бері өздігінен пайда болып, жандылардың ұрықтардан, ал ұрықтың жандыдан пайда болатындығын және ол мәңгілікке жалғасатынына сенді, міне, олар – зындықтар».
Даһрилік пен материализм ислам мәдениетінде пайда болған философиялық бағыт емес. Исламға дейінгі және исламның таралу кезінде Орта Шығыста таралған. Алайда, тарих бойында мұндай бағыттың Орта Шығыста қалыптасқандығы немесе антикалық дәуірде әсіресе, Сократқа дейінгі грек материалистерінің әсерімен пайда болғандығы нақты белгілі емес. Сондай-ақ аталған бағыттың ислам тарала бастаған шақта мұсылмандық мәдениетке алғаш кімнің енгізгендігі жайында да мәлімет жоқ. Бірақ, ислам мәдениетінде де өмір сүру мүмкіндігіне ие болған даһри, материалистік идеялардың бастапқыда осындай пікірді қолдайтын адамдардың формальді түрде мұсылман болуымен, немесе кейіннен түрлі себептерге байланысты иманы әлсіреген адамдардың осы пікірді қолдайтын мұсылман еместердің ықпалында қалуымен ислам мәдениетіне өтуі мүмкін деп топшылауға болады. Алайда осы тұста мынаны айта кеткен жөн: ислам даһрилігі мен материализміне әсіресе, аударма жұмыстарының нәтижесінде Гераклит, Демокрит, эпикуреизм және стоицизм сияқты философтар мен философиялық бағыттардың әсері болған.
Мұсылман мәдениетіне тән даһрилік бағыттың өкілдері ретінде мыналарды атауға болады. Әбу Али Риджа, тегі иудейлік Талут, Садиб ибн Абдулқуддус, Әбу Иса әл-Уаррақ, Башшар ибн Бурд және ибн Рауанди. Мұнан басқа ибн әл-Муқаффа, Башшари (әл-Мақдиси) және Әбу-л-Атахия сияқты ойшылдарды кейде осы бағыт өкілдерінің қатарына жатқызса да, оларды толықтай даһри деп атау қиын. Оның орнына оларды «скепцистер», «агностиктер» деп атағанымыз жөн сияқты. Аталған ойшылдар жайлы нақты мәліметтер қолымызда жоқ.
Скептицизм және еркін ойшылдық.Ислам философиясы тарихында дүниетанымы мен философиясы даһрилерге жақын екі ойшыл кездеседі: ибн әл-Муқаффа және Әбу-л-Атахия. Классикалық шығармаларда кейде «даһрилер», «зындықтар» деп есептелсе де олардың идеяларына қарай отырып, «скептицистер», «еркін ойшылдар», «пессимистер», «агностицистер» деп атағанымыз жөн сияқты. Олар даһрилер сияқты ақыл мен сезім мүшелерін ақиқатқа жетудің негізгі құралы ретінде алса да метафизикалық ақиқаттарды, құдайдың бар екендігін толықтай жоққа шығармауымен ерекшеленеді. Осы тақырыптарда олар кейде күмән тудыратын ойлар айтып, зайырлық ұстанымда, еркін ойшылдыққа бой алдырған.
Ә) Натурализм (табииун).Классикалық мұсылман авторларының «табииун» деп атаған натуралистер бүгінгі философиялық атаумен айтар болсақ, деистік метафизикалық немесе табиғат философиясына негізделген метафизиканы дамытқан философиялық ілім.
Натуралистер мутазила рационализмін жоғары деңгейге жеткізіп, грек философиясы мен ілімінің ықпалы аясында оны зайырлық дүниетаныммен сабақтастыру талпынысынан пайда болған. Себебі, осы ағым жетекшілерінің бірі саналатын ас-Серахси мутазиланың рационализмі аясында жетілген философ және ғалым болатын. Натуралистер тәжірибе мен индукция (жалқы, жеке жағдайлардан жалпы қорытындылар шығаратын ойлау тәсілі) әдістерін қолдана отырып, даһрилер сияқты мәліметті тек сезім мүшелері арқылы алу мүмкін екендігін қуаттайды. Осы жағынан оларды «эмпириктер» деп атауға болады. Ғазалидің айтқаны сияқты материалдық әлемнен басқа рухтың бар екендігін және сипаттарын мойындаумен қатар, ахирет өмірін (о дүние) уахи мен пайғамбарлықты жоққа шығарады немесе оларды сынға алады және әлгі сенімдерге күмәнмен қарайды. Аталған философиялық бағыттың мақсаты – ақыл мен жаратылыстану ғылымдарына сүйенетін деистік метафизика немесе натуралистік дін құруға тырысу.