«Ислам және қазақтың мәдени дәстүрлері» «Мәдениет және дін»


Көне Түрік қағандықтары дәуірі және ол мемлекеттердегі рухани, мәдени үдерстер



бет8/24
Дата11.12.2023
өлшемі131.22 Kb.
#486160
түріСабақ
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   24
Ислам және қазақтың мәдени дәстүрлері

Көне Түрік қағандықтары дәуірі және ол мемлекеттердегі рухани, мәдени үдерстер
Сабақ жоспары: 1. Түркілердегі рухани сабақтастық мәселесінің көріністері.
2. Умай ана образыны мәні
3. Көне түркілердегі жер-су ұғымы.
‘‘Тәңiр қамқорлығындағы Мәңгi елдi’‘ насихаттайтын түркiлердiң мемлекеттік идеологиясы өз бастауын түркілердің дәстүрлi дүниетанымынан алды. Түркiлер мен ғұндардың идеялық жақындығы түсiнiктi–генеологиялық, мәдени, дiни ортақтықтарға ие екi мемлекеттiң дәстүрлi дүниетанымы да бiр болды. Ерте ортағасырлық түркiлердiң дәстүрлi дүниетанымы туралы мәлiмет беретiн деректердi талдау нәтижесi оның ерте түркiлердiң дәстүрлi дүниетанымымен тығыз байланысты екендiгiн көрсеттi. Түркiлердiң әлемдi түсiну философиясы ‘‘екi негiз’‘ (iкi үүлтүз) ұғымына негiзделдi. Көне түркiлер әлем аналық пен аталық негiзден тұрады деп сендi. Аталық–күн, тау, аналық–ай, су. Бұлардың үстiнде Тәңiр–Жаратушы күш бiреу. Ол ұлы Тәңiрi. Бұл қытай деректерiнде ашина, ашиде деп берiлген. Еуропада бұл дуализм деп аталып бiр-бiрiне қарама-қарсы бағынбайтын тең құқылы екi нәрсе болса, түркiлерде бұл екi құбылыс бiр-бiрiне сүйеу, толықтыратын, iлгерi сүйрейтiн ұғым болды. Осының негiзiнде түркiлер барлық болмыс екi жұптан тұратын жүйеге бейiмделедi. Мемлекеттiң саяси құрылымы да осы екi негiзге бағытталды. Оң-сол қанат, ябғу-шад. Көне түркi әлiппесi де осы жүйеге негiзделiп жасалды.
Түркiлердiң Тәңiрiден кейiнгi сенiм нысаны—Ұмай болды. Ұмай—отбасы мен балалардың иесi. Көне түркi жазбаларында әке-қаған-аспан, шеше-қатын-Ұмай тiркестерiнен патриархалды түркi қоғамындағы әйел дәрежесiнiң Ұмаймен сәйкестенуiнен Аспан-Тәңiрiнiң тұғырын көремiз. Кудырге ескерткiшi мен Жетiсу, Ыстықкөл ескерткiштерiндегi құдайлар иерархиясы триадасында Жер-Су соңғы орынды ала орналасқан. Ал, Тәңiрi жоғарғы тұлға болып, ұлы да қатал қалыпта қалады. Ұмайдың түркi қоғамындағы орыны Түркi қағанатындағы билiк жүйесiндегi ашиде жүйесiнде көрiнiс тапты. К.Торланбаева бұл туралы «өз бастауын түркі дүниетанымынан алып, ерте ерте ортағасырлық түркі мемлекеттерінде жетекші орында «қатын» қос билігі болды»–деп жазуы түркі мемлекеттілігінің қалыптасуына дәстүрлі дүниетанымның шешуші ықпалы болғандығын көрсетеді. Түркi қоғамында жетекшiлiкке жеткен өзге дiндердiң ықпалымен Ұмайдың маңызы біртіндеп төмендеп, мемлекеттiк билiк жүйесiнен мүлдем шеттетiлдi. Дегенмен, Ұмай Ананың «қатын» қос билігі түріндегі көрінісі түркі халықтарының мәдениетінде, әлеуметтік жүйесінде сақталып, оның қалдықтары күні-бүгінге дейін жетті. Қазақ халқының мәдениеті мен әлеуметтік көзқарасындағы әйел адамның отбасындағы орынына қатысты маңызы біршама жалғасын тапты.
Түркiлерде қасиеттi саналатын тағы бiр ұғым–Жер-Су ұғымы болды. Түркiлер түсiнiгiнше Жер-су адам өмiр сүретiн табиғи орта, жер, Отан. Көне түркi жазба ескерткiштерiнде Жер-су–жерi, суы бар өлке, аймақ, Отан. Аңыздық сенiм бойынша, Жер – адам баласының, тiршiлiгiнiң, фауна мен флорасының Анасы. Сондықтан да адам баласы Көк тәңiрiне Жер-Ана Тәңiрiне табынған. Түркiлер сенiмiнде қасиеттi отан–Жер-су қорғауда болуы тиiс. Оны ешқашан иесiз тастап кетуге болмайды:
Атамыз-бабамыз ұстаған
Жер-су иесiз болмасын деп
Тарихи деректер Ұлы даладағы саяси үрдістердің бір бағытта дамымағанын көрсетеді. Тарихи сабақтастық орын ала отырып, мемлекет құрушы тайпалардың дәстүрлі мемлекеттіліктің басына ауыса келуін көрсетеді. Дәстүрлі дүниетанымның өзгеріске түсуімен кейбір билеуші тайпалардың билікке сакральдық таласы да өзгеріске түсіп отырды. Көне замандардағы саяси процестерді түсіну үшін беріректе түркі даласында орын алған саяси үдерістерді мысалға келтіруге болады. Шыңғысхан құрған империяның ыдырауы нәтижесінде пайда болған мемлекеттердегі «төре» билігі дәстүріне қарсы тұрған оппозициялық топтар көне дәстүрді бұзып, кейде билікті қарадан шыққандардың да алатын кездері жиі орын алғандығы тарихтан белгілі. Алтын Орданың ыдырауы кезеңінде орын алған тақ таластары осындай дәстүрдің дағдарысы кезінде орын алғандығы белгілі.
Жалпы, түркі мемлекеттеріндегі мемлекеттілік дәстүрлердің ерекшеліктеріне назар аударсақ, қаншама уақыт өтсе де, қандай саяси-идеологиялық аласапырандарды бастан өткізсе де түркі мемлекеттік дәстүрлерінің өзегінің өзгеріссіз қалғандығын байқаймыз. Осы түркі мемлекеттілігінің сабақтастығы туралы Қ. Салғараұлы «жаңаша жыл санауға дейiнгi ғасырлардағы көшпелiлер тарихын жазған грек-рим және парсы жазушыларының хеттердiң тұрмыс-тiрлiгiн киммерлерге, киммерлердiкiн скифтерге, скифтердiкiн сарматтарға ұқсайды деп, тарта беретiнi де, болмаса көне қытайлықтардың сиуңнудың (хуннудың) тұрмыс-тiрлiгiн дунхуға, дунхудiкiн жыужанға, жыужуандiкiн сиәнбиге ұқсайды деп, еш айырмашылық таппайтындарының да мәнiсi аңғарыла бастайды. Мысалы, тiптi, арғыны қойып, бергi қытай тарихшыларының Орталық Мемлекетпен, яғни әр кезеңдерде байланыста болған түрк, монғол тiлдес көшпелi халықтар туралы жазғандарын оқып отырып, әлгiлердiң құрған мемлекетiнiң құрылымынан, жалпы тұрмыс тiршiлiгiнен пәлендей айырмашылық таппай, бүкiл әңгiме тек бiр халық жайында ғана болып жатқандай әсерде қаласыз. Мұның бәрi, белгiлi орыс шығыстанушысы В.В.Григорьев әдiл атап көрсеткенiндей, қытайлықтардың өздерiмен байланысқа шыққан көшпелi халықтарды бiр-бiрiнен ажырата алмағандықтарынан емес, керiсiнше олардың мемлекеттiк құрылым жүйесiнде анау деп айтар айырмашылықтың шын мәнiнде жоқтығынан, болса, тiптi мардымсыздығынан» деп орынды пiкiр айтты. Сақтар, ғұндар, қарахандар мен Қазақ хандықтарының аралығында едәуiр хронологиялық алшақтық бөліп, түрлi саяси-мәдени, экономикалық ерекшелiктерге ұшырататын тарихи кезеңдер өткенiмен осы мемлекеттер арасында, олардың даму деңгейiне қарамастан тарихи сабақтастық, идеялық ұқсастық, дәстүр жалғастығы орын алды.
Жерлеу ғұрпын талдау, сақтар мен ғұндардың, одан кейінгі көк-түріктердің мәдениетінде ұқсастықтардың бар екендігін аныктап отыр. Бұл сабақтастық тұтыну бұйымдарында, жерлеу ғұрпында, қару-жарақ үлгілерінде, ат әбзелдерінде, ою-бедерлерінде т.б. анық байқалады. Ғұн қатпарлары көбінесе жауынгер қару-жарақтарында анық байқалады.: ғұн садағы, ысқарағы бар темір жебе ұшы, қайыс арқандар, қанжарлар. Негізінен бұлар өз бастауын темірден жасалған бұйымдар орталық азия ғұндары мәдениетінен алады. Сақ және ғұн мәдени қатпарлары біртіндеп жетілдіруді бастан кешіріп, Көне түркі қағанаты халқының ортақ игілігіне айналды. Тарихи сабақтастық дәстүрі өнер туындылары мен жерлеу ғұрпында да анық байқалды.
Бақылау сұрақтары: 1. Көне дәуірдегі Ұмай ана көне дәуірдегі бейнесі ненің символы болды?
2. Көне түркі билік жүйесіндегі сабақтастық қалай жалғасын тапты?
3. Түркілердегі дәстүр сабақтастығын қандай деректерге қарап білуге болады?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет