Абу Ханифа, Имам Матуриди және Қожа Ахмет Йасауи ілімдері арасындағы сабақтастық пен түріктердің діни дүниетанымының қалыптасуы
Кез-келген халықты өзге халықтардан ажыратып тұратын дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы. Егерде халық өзінің дәстүрлі дінінен бас тартып, өзге дінді қабылдайтын болса, онда ол халық жер бетінен кетеді. Өйткені, кез-келген халықтың мәдени ерекшелігін қалыптастыратын дәстүрлі діні болып табылады. Себебі, ол дінді сол халыққа берген, оның рухани, мәдени болмысы мен ерекшеліктерін қалыптастырған Жаратушының өзі болатын. Сондықтан, кез-келген халықтың дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы қасиетті болып табылады. Бұл қасиетті қағиданы түрік-ислам тарихындағы ұлыларымыз: Абу Ханифа, Имам Матуриди, Қожа Ахмет Йасауи қатаң сақтады және түріктердің ислам дінін қабылдай тұрып, өзге халықтардың рухани, мәдени ықпалына түспеуі үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Алайда, олардың арасындағы сабақтастықтың қай деңгейде болғандығын біздің замандастарымыз, олардың ішінде дін ғылымы өкілдері де сезіне бермейді. Абу Ханифа мен Имам Матуриди арасындағы жалпы сабақтастық болғандығын мойындағанымен, Қожа Ахмет Йасауидің бұл кісілердің жолын жалғастырушы, іске асырушы болғандығына күмәнмен қарайды. Өйткені, Абу Ханифа мен Имам Матуриди шариғат өкілдері, ал Қожа Ахмет Йасауи тариқат жолының негізін салушы болып табылады. Сол себепті, бұл тұлғардың арасында қандай сабақтастық болуы мүмкін деген? – деген заңды сұрақты тастайды. Рас, сырттай қарағанда бұлардың арасында ешқандай байланыс жоқ. Егерде мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, бұл сабақтастық желілері өте терең екендігін көрген болар едік. Ол үшін осы үш тұлғаның негізгі ұстанымдарына талдау жасай отырып, олардың арасындағы сабақтастық мәселесіне көңіл аударалық.
Абу Ханифа Нұғман бин Сәбит хижраның 80 жылы Куфа қаласында дүниеге келген. Оның тегі анық қай халықтан екендігі белгісіз. Бірак, Амударияның шығысындағы Термез қаласынан екендігі, сол себепті оның түрік немесе парсы болуы мүмкін екендігі айтылады. Ата-анасының Ахл ал-Байтпен байланысы болғандығы, ата-анасының дінге ықласы ерекше болып, оның әсері ұлдары Нұғманға да әсер еткендігі көруімізге болады.
Абу Ханифаның тарих сахнасына шыққан кезеңі Ислам әлемінде түрлі діни ағымдар арасында үлкен тартыстар жүріп жатқан кезең болатын. Сол себепті, ол бұл діни тартыстардан тыс қала алмайды. Абу Ханифаның сол кезеңде белгілі ағымдардың бірі – муржиға ағымының өкілі болғандығы айтылады. Ол сол кезеңде Куфа муржиилерінің жетекшісі болған Хаммад бин Сүлеймен қасында болғанын, ал 120/737 жылы ол кісі қайтыс болған соң сол жердегі мужиилерге жетекшілік еткенін жазылады.1 Алайда, Абу Ханифаның өз шығармасы «Фихқ ал-Акбар» кітабында муржиға ағымы туралы теріс пікірде болғандығын көруге болады.2 Бұл жерде осы айтылғандарға қарап, нақты тұжырым жасау қиын. Сол кездегі қалыптасқан жағдайға қарай, муржийлармен бір топта болып, кейіннен көзқарастары келіспей ажыраған болуы да ықтимал. Қалай болғанда да Абу Ханифа Нұғман бин Сәбит ислам дініндегі бар мұсылман мойындаған төрт мазхабтың бірінің негізін салушы болды. Төрт мазхаб негізінен шариғи-хұқықтық мәселелер төңірегінде топтасқандықтан, Абу Ханифаның иттиқад-сенімге қаншалықты қатысы бар деген де сұрақ туындауы мүмкін. Алайда оның рухани мұрасына назар салатын болсақ, Абу Ханифаның құқытық мәселелермен айналыспай тұрып, алдымен сенім мәселелеріне көңіл бөлгендігін көреміз. Оған дәлел ретінде ол кісінің қаламынан шыққан «Ал-фихқ ал-Акбар», «Ал-алим уа-л Муттааллим» атты шығармаларында сенім мәселесі қарастырылғандығын алға тарта аламыз. Мысалы, «Ал-фихқ ал-Акбар» атты еңбегінде Исламның негізгі мәселесі – Иман негіздерін талдауға арналған. Ол кітапта Алла Тағаланың бірлігі мен Алла Тағаланың сипаттарын, Құранның қолдан жаратылмағандығы мен Пайғамбарлардың Алла тарапынан жіберілгендігі, Пайғамбарлар мұғжизасының шындығы, Алла Тағаланың бұл жаратылысты жаратпас бұрын да Жаратушы болғандығы, «Иман» мен «Исламның» мәні туралы мәселелерге талдау жасалады. Абу Ханифаның «Ал-фихқ ал-Акбардағы» бұл көрсетілген ұстанымдары толығымен қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізін құрағанын көреміз. Бұған мысал ретінде қазақ ақын-жырауларының шығармаларын көптеп келтіруге болады. Мысалы:
Абу Ханифа – Алланың оған ризалығы болсын! – өзінің «Ал-фиқх ул-акбар» атты шығармасында «Таухидтің негізі және оған сенімнің дұрыс болуы үшін адам былай деп айту керек: Мен, Алла Тағалаға, Оның [жаратқан] періштелеріне, кітаптарына, [жіберген] пайғамбарларына, соңғы күннің [нақ] болатынына, жақсылық пен жаманшылықтың қадары Алла Тағаладан екендігіне, өлгеннен кейін қайта тірілуге [кәміл] сендім. Және есеп күнінің, мизан таразысының, пейіш пен тозақтың, сыраттың бар екендігін растаймын».3. Ал, бұл тұжырымдар қазақ халқының діни танымында қалай көрініс тапқандығын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларындағы мына жолдар көрсетеді:
Бір Алла серігі жоқ, Жалғыз өзі,
Оның жоқ ата-анасы, ұлы-қызы.
Тумайды, өзі ешкімнен туылмады,
Осылай «Қул һуа Алла» -Құран сөзі.
Дүниеде оған жан жоқ теңдес оған,
Өзінің зақымынан қаиум тұрған.
Болмайды мысал қылып ешнәрсеге,
Меңземес еш нәрсеге жатқан, тұрған4.
Бұл жолдар жоғарыда келтірілген Абу Ханифаның – Алланың оған ризалығы болсын! – Таухид туралы айтқандарымен толық сәйкес келетінін көруге болады. Сонымен бірге, автордың Алланың сипаттарын да айтып өткендігін көреміз.
Бұл ой Абыл Тілеуұлының мына шығармасында былайша толықтырыла түседі:
Алланың иланамыз бірлігіне,
Көңілдің күйінеміз кірлігіне.
«Құдай бір, Құран шын» деп хақ білмесе,
Бейғапыл сол пенденің тірлігі де.
Алланың атасы жоқ, анасы жоқ,
Өзімен бірге туған ағасы жоқ.
Жаратқан жұмла жанды жалғыз өзі –
Ешкімнің оныменен таласы жоқ.
Алланың ғажап етем шеберіне,
Пенденің ойы жетпес өлеріне.
Жұмла жан «не бол» десең сол болады,
Хақ-кәміл, пендесінің көнеріне.5
Бұл жолдарда Абу Ханифаның– Алланың оған ризалығы болсын! – Таухидқа-Алланың бірлігіне қатысты ойлары толығымен көрініс табуымен қатар, қадар-тағдыр мәселесін де айтқанын көреміз. Бұл өлең жолдары бір жағынан Абу Ханифа пікірін қазақ санасына қонарлықтай етіп, түсіндіріп тұрса, екінші жағынан, Құран Кәрімдегі «Ықылас» сүресіндегі «Алла – Жалғыз. Алла – мәңгі» (112:1,2)аяттарға да талдау жасалып тұрғанын көруге болады. Сонымен қатар, бұл өлең жолдарында «Ол – бірінші және соңғы, Ол анық және қасиетті. Ол барлық жаратылыстарды басқарады» (57:3) деген Құран аятында айтылатын Алланың мәңгілік «Ал-Қадим» сипатын да баяндап тұрғанына көз жеткіземіз.
Шегебай Бектасұлы атты Сыр сүлейінің Қалжан ахунға айтқан мына өлеңінде Тәңірдің өзі жаратқан адам баласына тура жолмен жүрсін деп қаншалықты қамқорлық жасағаны былайша жырланады:
Егесі күллі ғаламның пәки Самад.
Құранда бір атыңды дейді Ахад.
Бисмилла атың ұлық би фарауан
Жазылмай қалам ұшы айрылды шарт.
Жаратып екі дүниені құдіретіңмен,
Келтірдің бұл фәниға не ғайризат.
Ақиқат падиша өзің әсте интиһатсыз
Тең бірдей қарауында бар мақлуқат.
Білдіріп барлығыңды, көрсеттің жол.
Забур мен Інжіл, Құран және Таурат.
Қолыңа Мұстафаның келіп Құран,
Әшкере мұсылмандық еткен абат6
Алла тағаланың Ұлылығы мен Мәңгілігі, Құдіреттілігі, жалпы бар сипаты қазақ ақын-жыраулары шығармаларында толық көрініс тапты және олардың барлығы халық жүрегінен орнын тауып, қазақ халқының иман бірлігін қалыптастыруға өлшеусіз қызмет етті.
Қазақ халқының діни танымының негізгі өзегінің бірі – Мұхаммет Пайғамбар – Алланың оған мадағы мен сәлемі болсын! – образы қазақ ақын-жыраулары шығармаларында кеңінен жырланды және оның адамзат тарихындағы ролінің қаншалықты зор болғандығын көрсетеді. Және ол жыр-дастандардағы Пайғамбар – Алланың оған мадағы мен сәлемі болсын! - образы Құран аяттарында баяндалатын мазмұнмен толық сай келетінін көреміз. Мысалы, Шәді төре Жәңгірұлының «Назым сийар Шәріп» атты дастанында былай жырланады:
Ғаламнан он сегіз мың әууел бұрын,
Жаратты Пайғамбардың Алла нұрын.
Әуелі Жаппар Алла нұрым деген
Хақында дәлел болды хадис мұның.
Аспан, жер, ғаршы, күрсі, күллі ғалам,
Сыйдырған жәннәт, тозақ бәрін тамам,
Ол нұрдың фазылымен пайда болды.
Жаралған он сегіз мың күллі ғалам7
Шәді ақынның бұл айтқаны ойдан шығарылған емес. Құран аяттарында негізі бар сөз. Құран Кәрімнің «Анбия» сүресінің 107 аятында былай делінеді: «Ей, Мұхаммед! Расында, Біз Сізді барлық әлемдерге тек қана рахмет етіп жібердік». Пайғамбардың – Алланың оған мадағы мен сәлемі болсын! - «Сені жаратпасам, қалған дүниені жаратпас едім» деген хадисі бар. Осы ой-пікір қазақ ақын-жырауларына ортақ және барлығы дерлік Мұхаммет Пайғамбарды – Алланың оған мадағы мен сәлемі болсын! – бар мақлуқаттан жоғар қоятынын көреміз. Осы Шәді төре Жәңгірұлының жазғаны Шал ақынның, яғни Тілеуке Құлекеұлының шығармасында шамалы басқаша түрде қайталанатынын көреміз:
Жаратқан Мұхаммедтің нұрын Құдай,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын Құдай.
Өз қандасын өзіне досты қылып,
Мұндай артық сүйер ме, құлын Құдай?
Әуелі Құдай пайғамбар нұрын қылған,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын қылған.
Нұрынан екі тамшы нұрын алып,
Екі тамшы нұрдан ай мен күнін қылған.
Сегіз ұжмақ үлкені "дәуір зейіл" қарар,
Құдай қалап шақырса әркім барар.
Ең кішісі ұжмақтың "мау дәуір" дүр,
Сонан орын тисе де бізге жарар.
Қараса Анас, Ахмет жақынына8
Демек, қазақ халқының дәстүрлі діни танымы негізін қайдан алатынын, неге арқа сүйейтінін осы мысалдардан көруге болады. Бұл қазақ халқының діни танымы исламға қайшы деп жүрген «әсіре діншілдердің» танымының өзінде қателік барлығын көрсетеді.
Енді Абу Ханифаның екінші кітабы – «Ал-Алим уа-л Мутааллим» атты шығармасына кезек берелік. Бұл кітапта көтерілген мәселе өте күрделі және ислам дінін қабылдаған халықтардың исламда бола тұрып, өздерінің рухани, мәдени болмысы мен өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалу мүмкіндігі барлығын Құран аяттарына сүйене отырып, талдап көрсетіп бергенінің куәсі боламыз. Кітап ұстаз бен шәкірт арасындағы сұрақ-жауап формасында жазылған. Ендігі кезекте сол кітапта айтылған Абу Ханифа тұжырымдарына назар салып көрелік:
Достарыңызбен бөлісу: |