Ж. Б. Кундакбаева, Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі


Білімді тексеруге арналған сұрақтар



Pdf көрінісі
бет19/63
Дата02.03.2024
өлшемі7.94 Mb.
#494029
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   63
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы 2-кітап

Білімді тексеруге арналған сұрақтар: 
1Әмір темір шапқыншылықтарының себептері мен барсын көрсетіңіз? 
2 Әмір Қамар ад-Диннің Әмір Темірдің шапқыншылықтарына қарсы күресіне 
баға беріңіз? 
3 Әмір Темір шапқыншылығының Моғолстан мемлекетінің дамуына тигізген 
салдарларына баға беріңіз? 
§4. XIV-XV ғғ. басындағы Моғолстанның ішкі-сыртқы саясаты 
Қамар ад Дин дулат қайтыс болғаннан кейін Моғолстандағы жағдай 
өзгереді. Ендігі жерде әмір Болатшының ұлы әмір Хұдайдаттың ықпалы өсе 
түседі. Моғолстан тарихындағы Әмір Хұдайдаттың қызметін тарихтан белгілі 
тұлғалар француз кардиналдары Ришелье, Мазарини, немесе герман канцлері Отто 
фон Бисмарк, сондай-ақ ағылшын премьер-министрлерінің тарихи-саяси рөлімен 
қатар бағалауға болады. Ол өзінің Моғолстанның саяси өміріндегі билігін кезінде 
өзі аман алып қалған Қызыр Қожа ханды моғолдардың ханы деп жариялауымен 
қайта қалпына келтіруге ұмтылады. Себебі алғашқы моғол ханы Тоғылық-Темір 
әкесі Болатшы қайтыс болғаннан кейін ұлысбегілік дәрежесіне Хұдайдатты 
бекіткенімен, іс жүзінде жеті жасар баланың саяси өмірдегі ықпалы жоққа тән еді. 
Жоғарыдағы тарауларымызда айтып өткеніміздей Хұдайдаттың басты қарасыласы 


110 
оның әкесінің туған бауыры - әмір Қамар ад-Дин дулат болған еді. Әмір Хұдайдат 
Қызыр Қожа ханды хан сайлауға қол жеткізгенімен іс жүзінде басты саяси 
қарсыласына айналған Қамар ад-Дин қайтыс болғаннан кейін ғана Моғолстанның 
бар билігін өз қолына шоғырландыруға мүмкіндік алады. Ендігі жерде ұзақ 
жылдар бойы Моғолстандағы ұлысбегілік қызметі әмір Хұдайдаттың қолына 
өтеді. Дулаттан шыққан осы кезеңдегі құдіретті әмір Хұдайдат туралы “Тарих-и 
Рашиди” авторы былай дейді: “Моғолдарға әмір Хұдайдаттың өз қолымен алты 
адамды хан жасағаны белгілі. Олардың алғашқысы Қызыр қожа хан, ... (онан соң) 
Шам-и Джахан хан, Накш-и Джахан хан, Мұхаммед хан, Шир Мұхаммед хан және 
соңғысы Уәйіс хан”. Міне, осылайша іс жүзінде Моғолстан мемлекетінде әмір 
Хұдайдаттың саясатын жүргізген хандар бірінен соң бірі билік құрады. Моғолстан 
мемлекетінің іс жүзіндегі билігі құдіретті ұлысбегі әмір Хұдайдат дулаттың 
қолына шоғырланады. 
Ресми биліктің ең негізгі функцияларын өз қолына шоғырландырған әмір 
Хұдайдат Моғолстаның ішкі, сыртқы саясатының түйінді мәселерін шешуді өз 
қолына алады. Көп ұзамай әмір Хұдайдат өз билігінің сақталуына мүдделі топтың 
қолдауына ие болады. Ендігі тұста ол бар назарын сыртқы саясат мәселелеріне 
аударады.
Қызыр Қожа хан билікке келгеннен кейінгі оқиғалар туралы Мұхаммед 
Хайдар Дулати былай деп жазады: «Ел-жұртты жинап, оны хан етіп сайлайды, 
Моғол мемлекеті мен хандығының бейнесі шырайлана түседі. Моғолстан істері 
өрлеп, көркейіп, әмір Темірмен бейбіт келісім жасасады». Қызыр Қожа хан 1397 
жылы Самарқандқа баласы Мұхаммед оғлан бастаған елшілігін аттандырып, қызы 
Түкелі ханымды Темірге атастырады. 
Көріп отырғанымыздай, әмір Хұдайдат дулат бастаған Маңғылай Сүбедегі 
дулат әмірлері Қамар ад Дин дулат бастаған Жетісу дулаттарының ұстанымына 
қарама-қарсы бағытты, яғни әмір Темірмен күресу емес, керісінше оның билігін 
мойындау саясатын ұстанды. Бұл туралы келесі бір ортағасырлық дерек авторы 
Муин ад дин Натанзи де «Қызыр Қожа оғлан өзін Темірге деген бағыныштылық 
тартпасымен байлады», - деп бейнелі тілімен жеткізеді. Мұның өзі Қамар ад-Дин 
дулат пен әмір Темір арасындағы ұзаққа созылған ауыр соғыстан кейін, мемлекет 
пен халықтың бұдан былайғы қауіпсіздігі мен тыныштығын қалпына келтіру 
сияқты кезек күттірмейтін міндетті жүзеге асырудан туындаған саяси қадам 
болғанын байқаймыз.
Себебі көптеген зерттеушілер Қызыр Қожа ханның әмір Темірге 
бағыныштылығы іс жүзінде болмағандығын атап өтеді. Бұл жағдай Қызыр 
Қожаны хан сайлаған дулат әмірлеріне тәуелсіз саясат жүргізуге мүмкіндік береді. 
Қызыр Қожа хан 90-шы жылдары Моғолстанды біріктіру және оның дербестігін 
сақтап қалуға қол жеткізеді. Бұл жағдай әрине, әмір Темірдің жоспарларына 
сәйкес келмеді. Сондықтан 1404 жылы Моғолстанды тек Қытайға бағытталған 
болашақтағы жорықтың тірек базасы ретінде ғана емес, оны толық бағындыру 


111 
мақсатында да Моғолстан арқылы өтетін 800 мың әскерін азық-түлікпен 
қамтамасыз етуге дайындық жасауын тапсырады. Бұл хабарды естіген хан «қымыз 
құйған кесені қолына ұстап тұрып, қатты ойға кетеді». Бірақ әміршінің Отырар 
қаласында қайтыс болғандығы туралы хабар ғана «оның жанын жегідей жеп 
күйзелткен қайғыдан біржолата құтқарады». Дегенмен басқа деректер бойынша 
Қызыр-Қожа хан 1399/1400 жылдары қайтыс болған. Ал, біз баяндап отырған 
кезеңде Моғол ханы Қызыр Қожа ханның ұлы Шам и-Джахан (1399-1408 жж.) еді.
Қызыр Қожа қайтыс болған кезеңде оның артында төрт ұлы қалады. Олар: 
Шам и-Джахан, Мұхаммед оғлан, Шир Әлі оғлан, Шах-Джаһан. Аталған төрт 
үміткер әрқайсысы өз жақтастарының күшіне сүйеніп, өзара билік үшін күреске 
түседі. 
Моғолстан 
билеушілерінің 
арасындағы 
мұндай 
алауыздықты 
Мәуереннахрдағы Темір әулетінің өкілдері де құр жібере қойған жоқ. 
Ортағасырлық деректердің хабарлауынша әмір Темірдің немересі Искандер мырза 
қолайлы сәтті пайдаланып Моғолстанға жорық ұйымдастырып үлгереді. Осындай 
жағдайда әмір Хұдайдат дулат Қызыр Қожа ханның баласы Шам и-Джаһанды 
қолдайды. Ортағасырлық автор Муин ад-Дин Натанзи Шам и-Джаһанның билікке 
келуі туралы: «Әкесі қайтыс болғаннан кейін Хұдайдаттың көмегімен Моғол 
ұлысының билеушісі болды, - деп нақты атап жазады. Шам и-Джаһаннан кейін 
әмір Хұдайдаттың көмегімен моғол тағына Қызыр Қожа ханның тағы бір баласы 
Мұхаммед оғлан 1408-1410 отырады. Аталған моғол хандары сыртқы саясатында 
Мәуереннахр өлкесіне қарсы бағытталған саясатты жалғастырады. Олар әмір 
Хұдайдат бастаған көшпелі және жартылай көшпелі ақсүйектердің көмегінен 
айырылып қалмау үшін солардың мүддесіне қарай әрекет жасады. Осылайша 
Мұхаммед хан Мәуереннахрдың ішкі істеріне араласып, нәтижесінде 
Моғолстанның Темір ұрпақтарына бағыныштылығын жойды. Шу-Талас өңірі 
Темір ұрпақтарының билігінен босап, моғолдар егіншілік жазираларға шығуға 
мүмкіндік алады. Мұхаммед ханның сыртқы саясаттағы табыстары елдің ішкі 
жағдайына да тиімді әсер етті.
Мұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін Моғолстанның билігін Қызыр Қожа 
ханның баласы Нақш-Джаһан иеленеді. Бірақ ол ұзақ уақыт билік құра алмады. 
1418 жылы оны Мұхаммед ханның ұлы Шир Әлі оғланның баласы Уәйіс хан 
өлтіреді. Ол Моғолстан билігіне қол жеткізеді. Бірақ мұндай жағдайда Моғол 
жерінде қайтадан қырқыстар басталады. Уәйістің билігіне оның әкесінің бауыры 
Шир Мұхаммед қарсы шығады. Уәйіс ханның Нақыш Джаһанды өлтіруінен 
кейінгі Моғолстанда басталған тұрақсыздық туралы хабар Мәуереннахр 
билеушілеріне бірден жетеді. 
Елдің ішінде басталған осындай тұрақсыз заманда моғол әмірлері өз 
жақтастарының билікке келуін қамтамасыз ету үшін сыртқы күштерге сүйенуге 
бел байлайды. Мәселен, Жете әмірлерінің бірі Шир Бахрамның ұлы бұл кезде 
Темір әулетінің билігіне өткен Қашқарға қашып келеді. Осы кезеңдегі дулат әмірі 
Хұдайдаттың ұстанған бағыты жайлы деректер әртүрлі мағлұматтар береді. 


112 
Мәселен Абд ар-Раззак Самарқанди 1419 жылы тамызда Қашқардан әмір 
Хұдайдат моғол билеушісіне (яғни, Уәйіс ханға – авт.) қарсы шыққандығынан, бұл 
елде бүлік басталғаны туралы хабарлайды. Зерттеуші В.В. Бартольд деректердің 
Моғолстандағы бүлікті пайдаланып оған қарсы жорыққа аттанған Ұлықбек 
мырзаға Қара-бұлақ деген жерде әмір Хұдайдат атынан елшілер келгені туралы 
мәліметтерін алға тарта отырып, Хұдайдаттың Темір ұрпақтарымен одақтасуға 
ұмтылғаны туралы тұжырым жасайды. Сондықтан әмір Хұдайдаттың жоғарыда 
аталған елшілігін сөзінің дәлелі ретінде келтіреді. Бірақ Мұхаммед Хайдар 
Дулатиге сүйенсек, Уәйіс хан Шир Мұхаммедпен күресіп, биліктен айырылып 
қалған тұста қазақшылық құрып жүрген кезінде әмір Хұдайдат өз ұлы әмір Сайид 
Әліні оның қасына қосқан. Уәйіс хан билікті өз қолында тек 1421 жылға дейін 
ғана ұстап тұра алды. 1420 жылы Ұлықбекке Қамар ад Дин дулаттың ұлы 
Жаһаншах әмір, оның артынан Хұдайдат әмірдің тағы бір ұлы Құл-Мұхаммед әмір 
келіп жетеді. Бұл әмірлердің Ұлықбекпен қандай мәселелер жөнінде келіссөздер 
жүргізгені мәлім емес. Дегенмен Ұлықбектің әкесі Шахрухтың Қытайға 
аттандырған елшілігі Моғолстан арқылы өткенде керуеннің қауіпсіздігін 
қамтамасыз етуді әмір Хұдайдат өз мойнына алады. 
Осы оқиғаларды талдай отырып В.В. Бартольд Ұлықбек Моғолстанға 
жасаған жорығында әмір Хұдайдаттың әскери көмегіне үміт артқан болар деген 
болжам айтады. Бірақ бұл жорық басталмай жатып, моғолдардан келген елшімен 
бейбіт келісімге келумен аяқталады. Біз бұл оқиғаларды талдай келе, осы 
кезеңдегі моғол ұлысындағы шын мәніндегі жоғары билеуші әмір Хұдайдат 
Ұлықбекпен бейбіт тату көршілік қарым-қатынастарды жақтағанын көреміз. Ол 
әртүрлі топтардың арасындағы алауыздықтан туындаған ішкі бүліншілік 
жағдайында өзінің саяси бағытын өзгертіп отырған. Қолайлы сәтте, әмір Темір 
ұрпақтарының Жетісу мен Шығыс Түркістан аймағына қол сұғушылығына 
тосқауыл қоя білсе, мұндай жағдай мүмкін болмаған тұста олармен келісімге келе 
отырып, елді жаудың сырттан басып алу қаупінен құтқару жолын да қарастырған. 
Себебі, әмір Хұдайдат іс жүзіндегі хан билігінің артықшылықтарын өз қолына 
шоғырландырған әмірші болғандығымен, Моғолстанның өз ішіндегі басқа да ру-
тайпа әмірлерінің басын қосу, олардың алауыздығын ауыздықтау аса ауыр міндет 
еді. 
Уәйіс ханнан билікті тартып алған Шир Мұхаммед ханның да билігі ұзаққа 
созылмайды. Себебі ол билікті иеленгендігімен моғол әмірлерінің бір бөлігі ғана 
оны қолдады. Ал, екінші бөлігі бұрынғысынша Уәйіс хан жағында қала берді. 
Бұдан былайғы оқиғаларды баяндайтын дерек мәліметтеріне сүйенсек, Шир 
Мұхаммед ханды Қамар ад Дин дулаттың ұлы Жаһаншах дулат бастаған 
дулаттардың бір бөлігі, сулдуз, керейіт және т.б. Жетісу тайпалары қолдағанын 
көреміз. Билікке келгеннен кейін көп ұзамай Шир Мұхаммед Ұлықбекке 
бағынудан бас тартады. Сондықтан Ұлықбек моғолдарға қашып кеткен 
әскербасшысының қайтарылмауын сылтауратып 1425 жылы 17 ақпанда 


113 
Моғолстанға аттанады. Осы жорық кезіндегі оқиғаларды баяндайтын деректердің 
бірінде де әмір Хұдайдат иелігі Шир Мұхаммед ханға тәуелсіз, жеке иелік ретінде 
аталады. 
Ашпара маңында қыстаған моғолдар әкерін Ибрахим әмір басқарды. 
Ұлықбек оған қарсы 30 000 әскерін аттандырады. Моғолдарды қапыда бас салу 
үшін олардың ешқайсысына жолда от жақпауға бұйрық беріледі. Бірақ моғолдар 
шағатайлықтардың жақындап қалғанынан құлақтанып қалып, тез арада Ақсу мен 
Боам шатқалы аралығындағы Қызылсуға шегініп үлгереді. Шағатайлар моғол 
әскерінің бір бөлігін қуып жетіп, ұрыс салғанымен, Ашпарадан алысқа ұзамайды. 
Ал, Ибрахим бастаған әскер Боам шатқалындағы Жаһаншах дулат бастаған 
әскермен қосылады. Олар осының алдында ғана шағатайлардың қолына түскен 
тұтқындар мен мал-мүлікті қайтарып алу үшін оларға қарсы аттанады. Шайқас 
Ақсу маңында орын алады. Моғолдар жеңілуге мәжбүр болып, Жаһаншах дулат 
әскерімен Үлкен Кеминге шегінеді. Оның артынан түскен Арслан қожа тархан 
Жаһаншаһты аталған өлкеден таба алмайды. Себебі, Жаһаншах Шелек, Шарын 
өзендері аралығындағы Шир Мұхаммед ханның ордасына қайтып кетеді. Ұлықбек 
жіберген әскер, кейінірек оның өзі де Шарын мен Шелек өзендері аралығындағы 
Әбіш деген жерде орналасқан Моғол ханының орнын сипап қалады. Осындай 
кезде Ұлықбекке әмір Хұдайдат дулаттың елшілігі келеді. Көптеген зерттеушілер 
әмір Хұдайдаттың бұл әрекетін әртүрлі бағалайды. Дегенмен жоғарыда келтіріліп 
отырған оқиғалар тұсында әмір Хұдайдаттың жасы 90-нан асса керек. Ұзақ 
жылдар бойы «моғолдардың өмірін тәртіпке келтіріп, олардың істерін басқаруды 
мойнына алған құдіретті әмір, шын мәніндегі билеуші әмір Хұдайдаттың бұл 
әрекеті туралы Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады: «Қорытып айтқанда, 
оның Мүбәрәк жасы тоқсан жетіге жеткенде ол қажыға барып келуге аңсары ауып, 
мүдделі болды. Уәйіс ханнан неше рет рұқсат сұраса да ала алмады. Сондықтан 
әмір, Мырза Ұлықбекке астыртын адам жіберіп: «Егер Мырза келетін болса, 
моғолдарды көндіріп, оған тапсырамын» деп хабар берді. Мырза Ұлықбек 
тарапынан көп зиян көргендіктен және оларды күйрету ниеті әрқашан көкірегінде 
бұғып жатқандықтан Хұдайдаттың ұсынысын тез қабылдап, аттанып кетті. 
Моғолстанның белгілі бір қорғаны Шу маңына жеткенде, әмір Хұдайдат қашып, 
Ұлықбекке қосылды. Моғол ұлысы жан-жаққа бытырап кетті. Әмір Ұлықбекке 
айтты: «Менің сізге көмектескен себебім – олардың маған қажылыққа баруға 
рұқсат бермей жүргендіктерінен еді. Мұны сылтау етіп Сізге алға қарай жүре беру 
жөн болмас». Оған Мырза Ұлықбек құлақ асып, сол жерден кері қайтты. 
Самарқанға жеткен соң, Мырза Ұлықбек әмірден: «Шыңғыс жарғысын (тура) 
сізден жақсырақ білетін ешкім жоқ, бізге жалпы жұмыстарда қажет болғандықтан, 
соларды айтып берсеңіз», - деп өтінді. Әмір: «Біз Шыңғыс жарғысын жинап 
қойып, ислам шариғатын алдық. Мырза өзі оқымысты бола тұра, шариғатты қажет 
етпей, Шыңғыс жарғысын керек етсе, онда жарғыны Мырзаға үйретеміз деді». 
Мырза бұл әңгімеден қатты әсерленіп ұялды». 


114 
Осылайша, ұзақ уақыт бойы Моғолстанның ішкі-сыртқы саясатында аса 
көрнекі рөл атқарған ұлысбегі - әмір Хұдайдат дулат саяси өмірден қол үзіп, 
өмірінің соңғы сәтін бүкіл мұсылмандардың қасиетті парызы – қажылыққа 
арнайды. Самарқандқа, Ұлықбекке келген әмір көп ұзамай Мекке мен Мединеге 
аттанып, сонда қайтыс болады.
Әмір Хұдайдат Мәуереннахрға аттанғаннан кейін, Шир Мұхаммед ханды 
қолдаған дулаттардың бір бөлігін басқарған әмір Қамар ад Дин дулаттың баласы 
Жаһаншах әскерінің шағатайларға тойтарыс беру әрекеттеріне қарамастан, 
Ұлықбек әскері Моғолстанды тағы да қырғын мен шапқыншылыққа ұшыратып 
кері қайтады. 
Бұл оқиғалардан кейін Шир Мұхаммед хан мен Уәйіс хан арасындағы күрес 
қайтадан өршиді. Бұл күрес тек Шир Мұхаммед ханның қайтыс болғанынан кейін 
ғана аяқталып, 1426 жылы Уәйіс хан билікке қол жеткізеді. Уәйіс хан тұсында 
Моғолстандағы ұлысбегілік қызметі әмір Хұдайдаттың ұлы әмір Мұхаммед шаһқа 
өтеді. әмір Мұхаммед шаһ әкесі Хұдайдат әмірден кейінгі ең ықпалды ұлысбегіне 
айналады. Уәйіс хан билік құрған кезеңде Жетісуға ойраттардың (қалмақтардың) 
шапқыншылығы жиілей түседі. Мұхаммед Хайдар Дулати ел аузындағы 
әңгімелерге сүйене отырып, ханның қалмақтармен алпыс бір рет шайқасқанын 
жазады. Ол тек бір рет қана жеңіп шыққан, одан басқаларында жеңіліске 
ұшыраған.
Моғолдар 10 жылға жетер-жетпес қысқа мерзім аралығында қалмақтардың 
шапқыншылықтарының ауыр зардаптарын басынан өткерді. Дегенмен қалмақтар 
аталған кезеңде Жетісу жеріне тереңдеп ене алмады. Осы кезде моғол ханы өз 
астанасын Шығыс Түркістаннан Жетісудың аралығына – Іле өзенінің бойына 
көшірді. Нәтижесінде Моғолстанның астанасы Ілебалық қаласына ауысады. 
Уәйіс хан бастаған Моғолстан халқы ойраттармен (қалмақтармен) күресіп 
жатқанда, 1428 жылы Ұлықбек те өз әскерін бір жақтан аттандырып үлгереді. Осы 
шайқаста Уәйіс хан қате тиген жебеден қайтыс болады. Мұхаммед Хайдар 
Дулатидің мәліметі бойынша ханды оның өз қызметшісі (мулазимі) барын 
тайпасынан шыққан Жақыр атты мерген ханды танымай оқ атқан. Деректің бұл 
мәліметін басқаша да талдауға болады, яғни хан оның билігіне қарсы ақсүйектер 
тобының қастандығынан да өлтірілуі мүмкін. Себебі Уәйіс ханның қайтыс 
болуымен Моғолстандағы уақытша тыныштық пен бірлік заманы қайта бұзылды. 
Зерттеуші К.И. Петров Уәйіс ханның өлтірілуіне Мұхаммед шаһ дулаттың тікелей 
қатысы болғандығын жазады. Себебі бірте-бірте өзін биліктен шеттете бастаған 
ханды ұлысбегі бұрын өзінің қызметінде болған Жақыр мергеннің қолымен жүзеге 
асыруы әбден мүмкін болған.
Біздің пікірімізше, әртүрлі ықпалды тайпа көсемдерінің қайтадан өзара 
қырқысқа түсуінің себептерін мынандай оқиғалармен байланыстыруға болады. 
Уәйіс хан өз қолынан алты ханды таққа отырғызған әмір Хұдайдаттың 
қолдауымен билікке келген алтыншы хан еді. Әмір Хұдайдат дулаттың Моғолстан 


115 
мемлекетінің тарихындағы орны ерекше болғанын көрдік. Сондықтан оның 
мемлекет істерінен қол үзуі Моғолстанның саяси өміріндегі белгілі бір кезеңнің 
аяқталғанын көрсетті. Моғолстанның ішкі-сыртқы саясатында белсенді рөл 
атқарған, оның бағытын анықтап, мемлекет саясатын жүргізіп отырған 
дулаттардың билеуші әулеті де бұдан былай екіге жарылады. Әрине, олар 
қалыптасқан дәстүр бойынша дулаттардың артықшылықтарын түгел сақтап 
қалды. Дегенмен, ендігі жерде дәл әмір Хұдайдат сияқты мемлекеттің бүкіл 
тыныс-тіршілігін бір өзінің қолына шоғырландырған тұлға шыға қоймады. Бұдан 
былайғы оқиғалардан байқайтынымыздай, дулат әмірлері өзара екі лагерге анық 
бөлініп, әртүрлі үміткерлерді қолдайды. Бұл күрес түптің түбінде дулаттардың 
билеуші тайпа ретіндегі құқықтарын шектеуге де алып келеді. Бұл кезде сыртқы 
жағдай да шиеленісіп кетеді. Әсіресе, Темір ұрпақтары Шығыс Түркістан 
аймағының заңды иелері дулаттармен осы бай өлкені иелену үшін тынымсыз 
күрестерін қайтадан, жаңа күшпен бастайды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет