Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1 Әмір Хұдайдаттың Моғолстанның ішкі-сырты саясатындағы оры мен рөлі
қандай болды?
2 Моғол билеушілерінің арасында орын алған ішкі алауыздықтардың
туындау себептерін көрсетіңіз?
3 Жетісу жеріне қалмақтар шапқыншылықтарының жиілеу себептері неден
туындады?
§ 5. XV ғ. алғашқы ширегі - XV ғ. аяғындағы Моғолстан
1428 жылы әмір Хұдайдаттың қолдауымен билікке келген соңғы моғол ханы
Уәйіс ханның қайтыс болуымен Моғолстандағы билік үшін тартыс бұрынғыдан
бетер шиеленісті. Екі топқа бөлінген тайпа көсемдерінің бір тобы Уәйіс ханның
үлкен ұлы Жүністі, екіншілері кіші ұлы Есенбұғаны қолдады. Осы кезде әмір
Хұдайдаттың кезінде оның билігін қолдап, қасынан табылған кейбір тайпа
көсемдері өз беттерімен әрекет жасауға көшеді. Олар ендігі тұста Хұдайдаттың
балаларына бағынудан бас тартып, өздерінің саясатын қолдайтын ханды өз
күштерімен билікке әкелуге әрекеттенеді. Бұл оқиғалар туралы Мұхаммед Хайдар
Дулатидың қалдырған мәліметтеріне көз салайық: «Әмірлердің арасындағы
алауыздықтың кесірінен әмір Хұдайдаттың сыйлы адамдары Иразан барин және
Мирак түрікпен екеуі Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін адамдары және қару-
жарақтарымен Хұдайдаттың ұлы әмір Мұхаммед шаһтан бөлініп, Жүніс ханға
барып қосылады. Сөйтіп, олар бүлікшіліктің негізін қалайды.
Басқа жамағат осылай Есенбұғаға қосылған еді. Әмірлердің көпшілігі
Есенбұға хан жағында болғандықтан, моғол еместер одан әрі Моғолстанда қала
алмады. Отыз мың отбасын басқарып Иразан барин және Мирак түрікпен Жүніс
ханды алып, Самарқанға бет алды. Есенбұға хан және басқа моғолдар
Моғолстанда қалды». Бұдан өзге де ортағасырлық деректер бойынша (Бабырнаме
116
бойынша 3-4 мың отбасымен) шорас тайпасы да осы кезде Мәуереннахрға
көшкен.
Сонымен 1429 жылдан бастап Есенбұға ханның билік кезеңі басталады.
Оның хандық билікке келуі Есенбұғаны әмір Хұдайдаттың ұлы әмір Мұхаммед
шаһ, немересі Саййид Әлі бастаған топтың қолдауының нәтижесінде жүзеге
асқанын көреміз.
Жоғарыда Уәйіс хан қайтыс болып, Моғолстанда берекесіздік жылдары
орын алған тұста әмір Темір ұрпақтарының Шығыс Түркістан аймағын басып
алуға жаңа, тың күшпен қайта кіріскенін айтқан едік. Сонымен бұл кезеңде
Ұлықбек мырза Қашқарды басып алып, алдымен оны өз атынан билеуді әмір
Сұлтан Мәлік Дулатқа, кейінірек Қажы Мұхаммед Шаистеге тапсырған. Одан соң
Қашқарды билеуге Пір Мұхаммед барласты жібереді. Осылайша ол, әмір Саййид
Әлінің әкесі, әмір Хұдайдаттың баласы әмір Саййид Ахметті Қашқардан қуған еді.
Бұл оқиға осыдан он төрт жыл бұрын орын алған еді.
Дулат әмірлері Моғолстанда Есенбұғаны таққа отырғызып, жағдай реттелген
тұста Қашқарды қайтарып алу сәті туды деп есептейді. «Әмір Саййид Әлі осы
кезде Қашқарға көңіл аударып, аталарына астана болған мекенді ол он төрт жыл
өткен соң қайтаруға жағдай туып отыр деп ойлап, (Есенбұға) ханнан: «Егер, біз
ескі ата жұртымызды қайтарып алмасақ, онда толығымен хақсыздық болады», -
деп рұхсат сұрайды.
Алғашында дулат әмірлерінің қолдауымен билікті иеленген хан бірте-бірте
оларды биліктен шеттете бастайды. Мұхаммед Хайдар Дулати «хан жастығы мен
кәмелетке толмауы себепті әмірлерге әдепсіздік көрсетті»,- деп жазады.
Осылайша, Есенбұға хан бірте-бірте дулат әмірлерінің ықпалынан құтылуды
көздеп, өз маңайына Турфаннан шыққан ұйғырларды топтастыра бастайды.
Солардың бірі Темір ханның сеніміне кіріп, қамқорлығына ие болады. Ал,
Мұхаммед шаһ бастаған дулат әмірлері мемлекет істерінен шеттетіледі. Мұндай
жағдайда дулат және өзге де ықпалды ру-тайпа көсемдері бас қосып өзара кеңесе
келе, бір күні хан мәжілісіне басып кіріп, әлгі Темір ұйғырды ханның көзінше
кескілеп өлтіріп, өздері жан-жаққа бытырап кетеді. Осындай саяси дағдарыс
кезінде арадағы дәнекерлік рөлін әмір Саййид Әлі қолына алады. Ол Ақ-Құйашта
(Бартольд бойынша бұл Іле өзені – авт.) ханмен кездесіп, оны Ақсуға алып кетеді.
Осылайша, хан Ақсуда әмір Саййид Әлінің қасында қалады.
Ханның Ақсуға кетуімен Моғолстанда қайтадан ішкі тұрақсыздық пен бей-
берекетсіздік басталады. Әмірлер мен тайпа көсемдері өз беттерінше әрекет
жасап, өмір сүруге көшеді. Кейбір тайпа көсемдері өз наразылықтарының көрінісі
ретінде өз тайпаластарымен тұтас көтеріліп көрші мемлекеттерге қоныс аударады.
Жалпы біз қарастырып отырған кезеңде өз жақтастарымен бір мемлекеттен екінші
мемлекетке көшіп кету әрекеті саяси қарсылық, саяси күрестің бір құралы ретінде
көрінетін. Міне, осы кезеңде орын алған бұл оқиғалардан Мұхаммед Хайдар
Дулати жан-жақты хабар береді. Дерекке көз салсақ: «Сол уақытта тағы бір әмір
117
Кәрімберді – ол да дулат руынан еді, Моғолстан шекарасында Әндіжан мен
Ферғана бағытында Алабұға деген жердегі бір төбенің үстіне қорған салды. Күні
бүгінге дейін оның орны көрініп жатыр. Әмір Кәрімберді Әндіжанға және
мұсылмандарға шабуыл жасаған.
Әмір Хақберді бекжак Ыстық көлдің Қой су деген жерінде қорған салған.
Ыстық көлдің аралына бала-шағасы мен әйелін қалмақтардың шабуылынан сақтау
үшін орналастырып, өзі Түркістан және Сайрамды ойрандауға кірісті.
Шорас (Чурас) пен барин тайпаларының әмірлері Исан Тайшының баласы
Амансанжы қалмаққа кетті. Тағы басқа топ қалучи (қалушы), бұлғашы (булгачи)
және басқа да бірнеше тайпалар Өзбекстанға Әбілқайырдың қол астына кеткен еді.
Құнжы әмірлері, тағы басқалары Моғолстан даласын сергелдеңге түсіріп,
берекетсіздікке ұшыратты».
Бұдан әрі «Тарих-и Рашидидің» авторы әмірлермен ханның ара-
қатынасының қайтадан қалпына келіп, елде тыныштық орнағанын жазады.
Біздіңше, әмір Саййид Әлінің қамқоршылығын қабылдаған хан оның көмегімен
моғол әмірлерімен қайтадан келіссөздер жүргізуге мәжбүр болған. Осы келісімнің
нәтижесінде ғана әмір Хұдайдаттың баласы «әмір Мұхаммед шах бірінші болып
ханның алдына келеді». Басқаша айтқанда, дулаттардың артықшылықтары мен
құқықтарын хан қайтадан мойындап, бұрынғы қалыптасқан ел билеу дәстүрін
сақтап қалуға көшеді. «Одан соң барлық ел ханға қайтып оралады. Хан да өзінің
жасаған әрекеттеріне өкініп, елімен жақсы қарым-қатынас жасай бастайды».
Жоғарыда айтылған әмір Кәрімберді дулат та өз заманындағы ықпалды
дулат әмірлерінің бірі болған. Ол Есенбұғаны қодаған әмірлерге қосылмай өз
иелігінде қалып, 20 жылдай тәуелсіз өмір сүреді.
Осындай жағдайларға байланысты Есенбұға хан Моғолстанда толық тәртіп
орнатып, жеке билігін күшейтуге қол жеткізді дей алмаймыз. Бұл туралы
Мұхаммед Хайдар Дулати де оның билігіне қарсы шығып, «ханнан бөлініп
әрқайсысы өз бетінше кетіп, қорған тұрғызған моғол әмірлері ханға да
бағынбайтынын» атап көрсетеді. Ал осы кезеңдегі қаңлы аймағының әмірі
Хақберді бек Ыстық көлдің Қой су деген жерінде қорған салған. Ыстық көлдің
аралына бала-шағасы мен әйелін қалмақтардың шабуылынан сақтау үшін
орналастырып, өзі Түркістан және Сайрамды ойрандауға кірісті. Дерек
мәліметтеріне қарағанда Моғолстандағы ықпалды ру-тайпалардың бірі дулат
әмірлерінің бір бөлігі, ал қаңлы, шорас, баарин, қалушы, булғашы, қоншы
тайпалары толығымен Есенбұға ханды қолдаудан бас тартқан.
Осындай жағдайда хан көрші Мәуереннахрдағы ішкі талас-тартыстарда
(Ұлықбектің билігінің соңғы жылдары мен оның өлімінен кейін орын алған (1449
ж. – авт.) қатысып, өзара қырқысқан ру-тайпа көсемдерін назарын жаулап алу
жорықтарына аудармақшы болды. Есенбұға хан 1451 жылы Темір әулетінің
иелігіне жататын Сайрам, Түркістан, Ташкент қалаларына шабуыл жасап, аталған
өлкелерді тонап қайтады. Ханның бұл әрекеті бұрын да болған еді. Бірақ кейін де
118
ол Мәуереннахр өлкесіне шапқыншылық жорықтарын жиілетпесе тоқтатпайды.
Ал, бұл кезде Мәуереннахрдағы билік Әбу Саид мырзаға өткен еді. Бірақ, «Сұлтан
Әбу Саид мырза бұл хабарды естігенімен, Есенбұға ханға тойтарыс беруге
дәрменсіз еді. Өйткені, егер ол Моғолстанға барса, Есенбұға хан Моғолстаннан
шеткері кетіп қалар еді. Самарқан әскерлеріне кең байтақ далада Есенбұға ханның
қай түкпірге тығылып қалғанын табу қиын болмақ. Сондықтан олар амалсыз кері
қайтпақ. Ал әскерлер кетісімен, Есенбұға хан да өз жұртына қайта оралды. Сөйтіп
Есенбұға ханды жазалау мүмкін болмас еді.
Екіншіден, Есенбұға ханның әскерінің көптігінен Сұлтан Әбу Саид әмірлері
оларға қарсыласуға шамасы келмейтін де еді. Сұлтан Әбу Саид әскерімен Иракқа
бет алуға мүдделі-тін. Алайда ол жоғарыда айтылғандай Есенбұға ханға алаңдап,
ол жаққа бара алмай қалды (бұл туралы кейін де айтылады). Содан соң ол Иракқа
сол жақтан Есенбұға ханның ағасы Жүніс ханды алып келген кісіні жіберді, бұл
жөнінде жоғарыда жазғанбыз, алда тағы баяндайтын боламыз, және де оны
Есенбұға ханға қарсы жіберді, ондағысы осылайша ағалы-інілі екеуі бір-бірімен
тартысып жанжалдасып жатса, уәлаяттың шекарасы тыныш табар деген ойы еді».
Осылайша, Әбу Саид мырза ежелгі сенімді әдіс бойынша Моғолстан тағына
өз адамын қою арқылы бұл елді бағыныштылықта ұстап отыруға шешім
қабылдайды. Жүніс ханның інісі Есенбұға ханмен билік үшін таласта жеңіліп, өзін
қолдаған тайпалармен Самарқандқа кеткенін жоғарыда айтқан едік. Сонымен
Жүніс хан 1428/29 жылдан 1455/56 жылдарға дейін Темір әулетінің иелігінде
тұрды. Ұлықбек оны кезінде әкесі Шаһрухқа аттандырған еді. Міне, осы кезеңде
Жүніс хан кейін Темір әулетінің ресми тарихын жазған өз заманындағы атақты
ойшыл, ғалым Шарафаддин Әли Йездидің қасында болып, одан білім алады. Ол
Маулананың (Йездидің) жанында 12 жыл болады. Ал, Иезди қайтыс болғаннан
кейін, Шираз қаласына тұрақтап, сонда ғылымның әртүрлі саласын меңгереді.
Яғни, ол бұрын-соңды билік құрған моғол хандарының ішінен білімділігімен
ерекшеленетін.
Әбу Саид мырза Жүніс ханды Моғолстанға аттандырмастан бұрын онымен
келісімге келеді. Бұл келісімнің негізгі шарты мен мазмұны Мұхаммед Хайдар
Дулати еңбегінде келтірілген.
Осылайша, Темір әулетінің көмегіне сүйенген Жүніс хан Моғолстанға
оралғанда оған ең алдымен әмір Кәрімберді дулат және құнжы тайпасының
әмірлері келіп қосылады.
Дегенмен Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін 1462-1468 жылдар
аралығында Моғолстан билігі оның баласы Дос Мұхаммед ханның қолында
болды. Дос Мұхаммед 1462-1468 жылдары билік құрды. Бұл кезеңде Қашқарда
әмір Саййид Әлінің үлкен баласы Сансыз мырза билік құрады. Ол 1464/65 жылы
аңға шыққанда аттан құлап, бөксесі ұшынан бес жерден жарақаттанып, ақырында
сонда қайтыс болады. Оның артында Мырза Әбу Бәкір және Омар мырза атты екі
119
ұл, Сұлтан ханым есімді бір қыз қалады. Ендігі жерде Қашқардағы билік Сансыз
мырзаның бауыры Мұхаммед Хайдар мырзаға өтеді.
Ал, Мырза Сұлтан Әбу Саидтен көмек алып, Моғолстанға оралған Жүніс
ханды Қашқар билеушісі Сансыз мырза қолдаған еді. Жүніс хан негізінен
Моғолстанда тұрды. Дегенмен ол Есенбұғаға, одан кейін оның ұлы Дос
Мұхаммедке өткен иеліктерге кіруге батылы бармайды. Мұхаммед Хайдар мырза
Ақсудағы Дос Мұхаммедті қолдайды. Жалпы, Жүніс хан бұрынғы Шағатай
ұлысында орын алған көшпелілік пен көшпелі өмір салтын және отырықшылық
пен қалалық өмір салтын жақтайтын екі топтың арасындағы күреске тап болады.
Ол өзі қаншалықты қалалық өмірді аңсағанмен оны қолдаған көшпелі және
жартылай көшпелі ру-тайпалар мен олардың көсемдері бұған көнбейтін хан өз
талаптарына бағынбайтын болса, олар оған бас тартудан бұрын, оның өзін
өлтірулері де ғажап емес еді. Сондықтан, мұндай жағдайды өте жақсы түсінген
Жүніс хан өзінің қол астындағылардың талабына көнуге мәжбүр болды. Дос
Мұхаммед хан қайтыс болған кезеңде, Сансыз мырзаның қайтыс болуынан кейін
дулаттардың ежелгі иелігі Қашқардағы билікті қолына алған Мұхаммед Хайдар
мырза Жүніс хан жағына өтеді. Осылайша, Ақсу да Жүніс хан иелігіне қосылады.
Жүніс ханның билік құрған уақытында (1468/69-1487 жж.) Жетісуға
қалмақтардың шапқыншылығы қайта күшейеді. 1472 жылы Амасанжы тайшы
бастаған қалмақтар Іле бойында Моғолдарға қатты соққы береді. Сондықтан
Жүніс хан Сырдария аймағына қашуға мәжбүр болады.
Жалпы Жүніс хан Темір әулетінің өкілдеріне сүйене отырып, Моғолстанның
тек оңтүстік-батыс бөлігіне ғана билік жүргізе алды. Ал, оның солтүстік және
шығыс бөлігі, яғни Жетісу мен Ыстықкөл аймағын қолынан шығарып алды. Бұл
аймақта қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібек және қырғыз билеушілері иеленіп
алған еді. Жүніс хан бұдан әрі Шығыс Түркістан немесе Маңғылай-Сүбенің
билеушілері дулат әмірлерінің арасындағы талас-тартыстарға араласады. Ол
Қашқар билеушісі Мұхаммед Хайдар мырзаны қолдап, оның ағасы Сансыз
мырзадан туылған інісі Әбу Бәкір дулатқа қарсы күресіне қолдау көрсетеді.
Қалыптасқан саяси жағдайға байланысты Жүніс ендігі тұста Моғолстаннан
батысқа қарай, Сайрам, Ташкент өңірін басып алуға ұмтылады. Сондықтан
Мәуереннахр билеушілерінің арасында орын алған алауыздықтарға араласады. Ол
Ош, кейін Сайрам қалаларын иеленеді. Ханның қалалық өмірге қайтадан аңсары
ауғанын білген моғолдардың бір бөлігі Жүніс ханның бір ұлы Сұлтан Ахметті (ол
көбінесе Алаша хан деген атпен белгілі – авт.) хан деп аталып, Моғолстанда
қалады. Ал, бұл кезде Мұхаммед Хайдар мырза дулат Жүніс ханның ұсынысымен
ол Сайрамға кеткенде Ошта тұрды. Ал, келесі жылы Әбу Бәкірге қарсы аттанып,
оның қолына тұтқынға түседі. Бір жылдан кейін, оны Бадахшан жаққа жібереді.
Ташкент пен оңтүстік-батыс Моғолстанды ғана билеген Жүніс хан 1487
жылы қайтыс болады. Оның орнына үлкен ұлы Сұлтан Махмұд хан билікке
келеді. Ал, Жүніс хан 1484 жылы бөлініп, Моғолстанның шығыс бөлігінде билік
120
құрған кенже ұлы Сұлтан Ахмет хан 10 жылдай күрес жүргізіп, арлат, шорас,
қалушы тайпаларын бағындырады. Ол қалмақтарға қарсы соғыста сан мәрте
жеңіске жеткен, сондықтан олар оны «Алаша хан» деп атап кеткен. Себебі
«Алаша» қалмақ тілінде «кісі өлтіруші хан» дегенді білдірсе керек. Алаша хан
аталған мырза Ахмет хан 1503 жылы, ал оның ағасы Сұлтан Махмұд хан 1508
жылы Мұхаммед Шайбани ханның қолынан қаза табады. Әмір Жаппарберді
Алаша хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билікті басып алуға ұмтылады.
Ханның мұрагері Мансұр Ақсудан Тұрфанға қашуға мәжбүр болады. Осы кезде
Жаппарберді Қашқар билеушісі мырза Әбу Бәкір дулатты көмекке шақырады. Әбу
Бәкірдің көмегімен астананы барлық қазынасымен басып алады. Сондықтан
Мансұр хан амалсыздан әмірмен келісімге келіп, оның барлық шарттарына көніп,
әмірге «әкесі (Алаша хан) көрсеткен құрметтен де артық құрмет көрсетуге» уәде
береді. Тұрфан мен Шалыш аймағында билігін сақтап қалған Мансұр хан кезінде
әмір Жаппарберді ұлыбегі қызметін иеленеді. Жаппарберді кейінірек Мансұр хан
мен Сайид хандар арасындағы 1514 жылы билікті бөлісу туралы келіссөздерге де
қатысқан Ол XVI ғасырдың 20-шы жылдары Мансұр ханның Қытайға жорығы
кезінде қайтыс болады.
Моғолстан мемлекетінің ыдырап, жойылуының соңғы кезеңінде бұрынғы
моғол хандарының ұрпағынан тек сұлтан Махмұд ханның баласы Сұлтан Саид хан
ғана қалады. Ол 1480 жылы дулаттардың иелігі Қашқардағы билікті қолына алған
Әбу Бәкір дулатпен күресіп, 1514 жылы Қашқардағы билікке қол жеткізеді. Міне,
осы датаны Моғолстан мемлекетінің құлауы, әрі жаңа Моғолия мемлекетінің
негізі қаланған дата ретінде қарастыру қалыптасқан. Себебі бұл кезеңде бұрынғы
Моғолстан мемлекетінің аумағына кірген Жетісу аумағы қазақ хандарының, Тянь-
Шянь аумағы қырғыз тайпаларының билеушілерінің қолына өткен еді. Шағатай
ұрпағы деп саналатын моғол хандары Қашқария немесе Шығыс Түркістанда ғана
иеліктерін сақтап қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |