Ж. Б. Кундакбаева, Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі


Білімді тексеруге арналған сұрақтар



Pdf көрінісі
бет28/63
Дата02.03.2024
өлшемі7.94 Mb.
#494029
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   63
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы 2-кітап

 
Білімді тексеруге арналған сұрақтар: 
1. Ислам дінінің таралуында ХІІІ-ХІV ғғ. қандай үдерістер өткен?  
2. Қазақстан аумағында діннің таралуында қандай фактор көп роль 
атқарған? 
3. Батый, Берке хандардың ислам дініне байланысты саясатын түсіндіріңдер. 
4. Алтын Ордада қай хан тұсында ислам толығымен және түпкілікті түрде 
жеңіске жетті? 
5. Ислам дінінің этноүдерістерге тигізген ықпалын ашып беріңдер. 
 
§ 4. ХІV-ХV ғғ. этнопроцестер және қазақ халқының қалыптасуының 
аяқталуы 
Қазақ халқының қалыптасуының соңғы кезеңі ХІV ғасырдың ортасы мен ХV 
ғасырдың ортасы аралығына сай келеді. Монғолдар үстемдігі дәуіріндегі 
этникалық дамулардың заңды қорытындысына монғолдық этноэлементтердің 
қыпшақтану процесінің аяқталуы, соның нәтижесінде жаңа этноқауымдастықтың 
қалыптасуы жатады. Ол этноқауымдастықтың «өзбек» деп аталғандығын жазба 
дерек мәліметтері дәлелдейді. Дешті Қыпшақ аумағындағы ХІV-ХV ғғ. этникалық 
дамулар барысы өзбек этноқауымдастығынан «көшпелі өзбектер» атты 
этнобірлестікті туғызса, ал одан өз кезегінде ХV ғасырдың ортасында жеке халық 
ретінде қазақ этносы бөлініп шығады. Қазақ этносының тарих мінберіне көтерілуі 
Қазақстан аумағындағы бірнеше мың жылға созылған этногенездің мәреге 
жеткендігін көрсетеді.
Сөйтіп, Алтын Орда тарихында Өзбек ханның билігі тұсы этникалық тарих 
тұрғысынан қарағанда ХІV ғасырдың алғашқы жартысы мен ортасы жалпы 
этногенез барысындағы кезекті бір этникалық кезеңнің аяқталып, жаңа этникалық 
кезеңнің басталғандығын көрсетеді. Жошы Ұлысы құрылған тұста оның 
аумағында - қыпшақтар және жаулап алу барысында Монғолия аумағынан түрік 


154 
тілдес, монғол тектес тайпалар қоныстанып, Дешті Қыпшақтың этникалық келбеті 
мен бет-бейнесіне өзгерістер әкеледі. Бірақ та қыпшақтану процесі сырттан келген 
этноэлементтерді бір ғасырдан астам уақыт бойы бойына сіңіріп, негізі 
қыпшақтық 
болған 
жаңа 
этноқауымдастықты 
дүниеге 
әкеледі. 
Ол 
этноқауымдастық – «өзбек» деген атауға ие.
Өзбек ханның тұсында саяси-құқықтық және рухани кеңістіктің бүкіл Алтын 
Ордаға ортақ болуы «өзбек» атауын да оның барлық тұрғындарына ортақ етеді. 
Жошы Ұлысының шығыс бөлігіндегі немесе сол қанатындағы Ақ Орданың 
тайпалары да жиынтық саяси-этникалық мәндегі өзбек атауымен аталады. Парсы 
авторлары өзбек атауын енгізгеннен кейін бұрынғы қыпшақ атауы жойылып 
кеткен екен деген ой тумауы керек. ХІV ғасырдың ортасында, екінші жартысында 
және соңында араб авторлары Алтын Орда тұрғындарына қатысты қыпшақ 
терминін өзбек атауымен қатар қолдануды жалғастыра береді. Әрбір араб 
авторының шығармасында Алтын Орданы «Солтүстіктегі дала» елі, «Дешті мен 
Сарай жері», - деп атағанымен, ол жердің тұрғындарын қыпшақтар немесе 
өзбектер деп атап көрсетіледі. Бұл - өзбек атауының жиынтық саяси-этникалық 
мәннен таза этникалық мәнге ауысқанын және оның осы мәнде кең тарап 
кеткендігін көрсетсе керек.
Егер де араб авторларының шығармаларында Алтын Орданың 
тұрғындары ХV ғасырдың басына дейін, қыпшақтар, өзбектер деп қатар айтылып 
келсе, ирандық авторлар сол қанаттағы Ақ Орданың тұрғындарына қатысты тек 
өзбек атауын қолданады. Низам ад-дин Шами «Зафар-наме», Абдараззак 
Самарканди (1413-1482), Мұхаммед Хайдар Дулати мен Фазлаллах ибн Рузбихан 
Исфахани және тағы басқа авторлар өз еңбектерінде Шығыс Дешті Қыпшақтың 
барлық тұрғындарын жалпылама атаумен өзбектер, елін - өзбектер елі, Өзбек 
ұлысы, ал билеушілерін - Өзбек елінің патшасы деп жиі атайды.
Ибн Рузбихан өзбектердің қандай аймақтармен шекараласатынын былай деп 
нақты көрсетіп жазады: «Өзбектер иелігінің бір шеті мұхитпен шектеседі (автор 
бұл жерде мұхит деп Каспий теңізін айтып отыр); екінші шеті Түркістанмен (ХІV-
ХVІ ғасырларда Түркістан деп Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы өңірлер 
мен қалаларды осылай атаған – ред.); үшіншісі Дербентпен; төртіншісі Хорезммен 
және бесіншісі – Астрабадпен шектеседі. (Астрабад – Ирандағы провинция және 
қала атауы). Бұл [жерлердің] бәрі түгелімен өзбектердің жазғы және қысқы 
жайылымдары болып есептеледі. 
Осылайша, Қазақстан атауы қалыптасқанға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ 
халқы өзбектер, ал олардың жері Өзбекстан деп парсы тіліндегі деректерде 
қолданыста болады. 
Жошы ұлысының шығыс бөлігіндегі этникалық процестерге тоқталып 
өтелік. Орда Ежен ұлысының негізінде құрылып, Алтын Орданың құрамында 
болған Ақ Орда хандығының аумағы шамамен алғанда Шығыс Дешті Қыпшақ 
аумағына сай келеді. ХІV ғасырдың ортасына дейінгі Алтын Орда тұрғындарына 


155 
қатысты айтылған қыпшақ атауының Ақ Орда тұрғындарына да қатысы бар. Одан 
кейінгі өзбек атауының да сол қанат тұрғындарына қатыстылығын жоғарыдағы 
дерек мәліметтері дәлелдейді. 
vk.com
 
Жошы ұлысы құрылғаннан ХV ғасырға дейінгі аралық Шығыс Дешті 
Қыпшақ аумағында салыстырмалы түрде саяси тұрақтылықтың ұзақ уақыт бойы 
сақталынуы, қыпшақтану процесінің аяқталуы, дәстүрлі шаруашылық түрлерінің 
сақталуы, жергілікті тайпалардың бәрінің исламды қабылдауы, осылардың бәрі 
осы аймақта біртұтас, ортақ саяси, рухани, этникалық, экономикалық кеңістіктің 
қалыптасып, дамуына әкеледі. Ал ол өз кезегінде этникалық процестерге оң ықпал 
жасап, олардың өзара жақындасуына, бірігуіне, сол арқылы ортақ халықтық сана-
сезімді туғызды. Ақ Орда аумағының Өзбекстан деп аталуы, оның тұрғындарының 
жалпылама атаумен өзбек делінуі соның дәлелі. 
Өзбек атауы біз қарастырып отырған кезең ішінде жиынтық мәнде 
болғандықтан, оның құрамына енген ру-тайпаларды анықтаудың маңызы ерекше.
Шығыс Дешті Қыпшақтың ХV ғасырдағы тайпаларының жалпылама атауын 
немесе бір бөлігі қазақ халқының ауыз әдебиетінде өзбектермен қатар, ноғай, 
қыпшақ деп аталады да, ауыз әдебиетінің әртүрлі үлгілерінде олардың саны 
айтылып қалып отырады. 
Г.Н. Потаниннің қазақ халқы арасынан жазып алған тарихи аңыз-
әңгімелерінде «Отыз екі баулы өзбек», «Тоқсан екі баулы қыпшақ» атты сөз 
тіркестері кездеседі. Ал Мұрын жыраудан жазып алынған «Қырымның қырық 
батыры» атты батырлық жырлар топтамасында ноғайлы еліндегі рулардың санына 
қатысты «Тоқсан баулы ноғайлы» сөз тіркестері жиі кездеседі.


156 
Ал жазба дерек мәліметтерінде олардың саны нақты тоқсан екі болғандығы 
айтылады. Оларға: «Маджму ат-таварих», «Тухфат ат-таварих», «Асами-йи наваду 
ду фирка-йи узбек» («тоқсан екі өзбек тайпаларының атаулары») секілді тарихи 
жазба деректер жатады. «Қазақ халқының қалыптасуының соңғы кезеңінің 
этникалық негізіне Өзбек ұлысындағы тайпалар тобы жатады. Сондықтан да ХV-
ХVІ ғғ. қазақтардың этникалық тарихын зерттеуде ХV ғ. Өзбек ұлысындағы 
көшпелілердің ру-тайпалық құрамы туралы мәліметтер басты роль атқарады, - деп 
жазған болатын Т.И. Сұлтанов.
92 тайпаның атаулары кездесетін жазба деректердің әртүрлі нұсқалары мен 
тізімдерін бір-бірімен салыстырып, оларға талдау жасаған Т.И. Сұлтанов тізімдегі 
тайпалардың реттік жағынан орналасуында мынадай үш принциптің бар екендігін 
анықтайды: 1) Саяси жүйеде бірге болған немесе шығуы жағынан туыс келетін 
рулар мен тайпалар атауларының тізімде бірге тұру принципі; 2) Бұл принцип 
бойынша тізімдегі ру немесе тайпаның реттік нөмері сол ру немесе тайпаның 
жергілікті жердегі әскери-саяси өміріндегі алатын маңызына байланысты, ру 
немесе тайпа атауы тізімнің бас жағында тұрса, автор оның маңыздылығын 
көрсетеді және керісінше болады; 3) Айтылуы жағынан ұқсас келетін ру-тайпалар 
атауларының есте жеңіл сақтау үшін қатар берілу принципі. 
«Маджму ат-таварих» дерегіндегі 92 тайпаның тізіміне назар аударалық. 
Тайпалар атауының реттік орналасуы дерек мәліметі бойынша беріледі. 
Тізімде Жалайыр (4), Қоңырат (6), Алшын (7), Арғын (8), Найман (9), 
Қыпшақ (10) тайпаларының алғашқы 10 тайпа арасында берілуі Т.И. Сұлтанов 
атап көрсеткен үш принциптің біріншісі мен екіншісіне сәйкес келіп тұрғандығын 
көрсетеді. Оның ішінде белгілі бір саяси құрылымда болған ру-тайпалар тізімде 
қатар айтылады деген тұп-тура осы алты ірі тайпаға айтылған секілді.
Табын (58), Тама (59), Рамадан (60), Үйсін (61) және Телеу (71), Кердері (72) 
тайпаларының бұл тізімде Үйсіннен басқасының қатар берілуін де Т.И. Сұлтанов 
анықтаған үш принциптің біріншісіндегі екі пунктке де сай келетінін аңғарамыз. 
Жетіру тайпалар одағына енетін бұл тайпаларды қазақ шежіресі бір атаның 
балалары деп көрсетсе, ХІV-ХVІ ғғ. тарихына қатысты зерттеу жұмыстарында 
Жетіру тайпалар одағының ұзақ уақыттар бойы Ноғай Ордасында болғандығы 
айтылады. 
Кестедегі 92 тайпаның 19-ын біз қазақ халқының құрамына енген ру-
тайпалардан кездестіреміз. Олар – Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман, 
Қыпшақ, Қаңлы, Оймауыт, Кереит, Меркіт, Қоралас, Керей, Табын, Тама, 
Рамадан, Үйсін, Телеу, Кердері және Шеркес тайпалары. 
Енді 92 көшпелі тайпадан құралған өзбек этноқауымдастығының ыдырап, 
одан қазақ этносының бөлініп шығуы мен қазақ этносының этникалық негізін 
құраған тайпалар мәселесіне ауысалық. 
ХVІ ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Шығыс Дешті 
Қыпшақ аумағында өмір сүретін тұрғындардың бәрін өзбектер дей келе, 


157 
«Өзбектерге үш тайпа жатқан, олардың бәрі Шыңғыс ханның иеліктеріндегі ең 
мықтылары болып саналады. Қазіргі кезде [олардың] бірі – шибаниттер, бірнеше 
аталарынан кейін оларды мәртебелі хан (Мұхаммед Шайбани ханды айтып отыр – 
Б.К.) басқарып отыр. Екінші тайпа – қазақтар, олар бүкіл әлемге күштерімен және 
ержүректіліктерімен даңқы шыққан, үшінші тайпа – маңғыттар, олардан 
астрахандық хандар шығады», - деп «көшпелі өзбектер» қауымдастығын жіктеп 
береді.
Шибанилер атауы Жошының бесінші ұлы – Шибан есімімен байланысты. 
Жазба деректерде шибанилықтардың ру-тайпалық құрамы айтылған. Оған мына 
тайпалар жатады: қият, маңғыт, қаанбайлы (байлы), чинбай, қоңырат, тангут, 
иджан, дурман, кушчи, утарчи, найман, украш-найман, тубай, таймас, джат, китай, 
барак, уйгур, карлук, кенегес, уйшун, курлаут, имчи (ички), туман, минг, буркут, 
нукуз, шадбаклы, шункарлы, ойрат, мажар және кипчак. Бұл тайпалардың жалпы 
саны – 32. Дерек мәліметтерінде кездесетін «Отыз екі баулы өзбек» деп аталатын 
тайпалар тобы – осы шибанилық тайпалар. Өзбек этноқауымдастығының 
құрамындағы шибанилық топтың құрамын зерттеген тарихшылар оларды ХІІІ 
ғасыр басында монғол жаулап алушылығына байланысты Монғолия аумағынан 
келген арғы тегі түріктік, жалпылама монғол атауымен аталған тайпалар деген 
қорытындыға келеді.
Өзбектер құрамындағы келесі бір тайпалар тобына – маңғыт тайпалар тобы 
жатады. ХІV ғасырдың соңында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында, 
кейіннен Ембіге дейінгі жерлерде мекендеген үлкенді-кішілі тайпалар маңғыт 
деген ортақ атаумен аталғаны белгілі. Бұл тайпалар Ноғай Ордасының этникалық 
негізі болып табылады. ХІV ғасырдың екінші жартысынан бастап бұл аймақтағы 
тайпалар да өзбек этноқауымдастығының құрамында болып, Ноғай ұлысының 
өзіне тән ерекшелігіне, тарихи-географиялық жағдайларына байланысты бұл 
өңірдегі тайпалар да өз бетінше топтасады. Бұларға маңғыт деген ортақ атау 
бірнеше себепке сай берілген. Біріншісі, ол атау осы топтағы жетекші тайпаның 
атауы болса, екіншісіне – ұлыстың билеушілері маңғыт тайпасынан шыққан билер 
болған. Бірақ та шибанилықтардан бір ерекшелігі мұнда аз, аксюрют, алшын, 
байұлы, қаңлы, қыпшақ, киргиз, құла-аян, тама, тоғай, түркмен, уйшун, шөмішті, 
телеу секілді жергілікті тайпалардың саны басымдау келеді.
Өзбек этноқауымдастығындағы үшінші тайпалар тобына қазақ тайпалары 
жатады. Қазақ атауы ол тайпаларға Қазақ хандығы құрылғаннан кейін, яғни ХV 
ғасырдың 60-шы жылдарынан кейін беріледі. Қазақ атауы этникалық мәнге ие 
болмай тұрып-ақ «көшпелі өзбектер» құрамында бұл тайпалар бірлестігі болған.
92 тайпа ішінде қандай тайпалар үшінші тайпалар тобын құраған екен, соны 
анықталық. Біз алдыңғы беттердің бірінде 92 тайпаның тізімін беріп, алғашқы 
ондықтағы алты тайпаны бөліп көрсеткенбіз. Т.И. Сұлтанов анықтаған тізімдегі 
тайпалардың берілу принциптерінің алғашқы екеуі осы алты тайпаның бір-бірімен 
қатар тұру себептерін көрсетеді. Бірінші принцип бойынша тізімде бір-біріне 


158 
жақын тұрған тайпалар – белгілі бір мемлекетте, саяси жүйеде ұзақ уақыт бойы 
бірге болған тайпалар болып келеді. Олай болса, алғашқы ондықтағы алты тайпа – 
Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман және Қыпшақ тайпаларын біз бір 
аймақтан, бір ұлыстан, бір мемлекеттен іздестіруіміз қажет. Жазба дерек 
мәліметтерін талдау, саралау барысында бұл тайпалардың ХІІІ ғасырдың басынан 
бері Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен ұлысында өмір сүрген. Алшын, 
Арғын, Қыпшақ тайпалары монғол жаулап алушылығына дейінгі кезеңде осы 
аймақтарда мекендеген жергілікті тайпалар болса, ХІІІ ғасырдың басында оларға 
Монғолия аумағынан түрік тілдес Жалайыр, Қоңырат, Найман тайпалары келіп 
қосылады. Бұл тайпалардың Жошы ұлысы аумағында, оның ішінде Жошының 
үлкен ұлы Орда Ежен ұлысында болғандығын жазба деректер арқылы білуге 
болады. Орда Ежен ұлысындағы билеуші әулет өкілдерінің ХІІІ ғасырдың ІІ 
жартысында алған әйелдері жергілікті ру-тайпалардың өкілдері екендігін Рашид 
ад-дин жазады. Оның мәліметінде Орда Еженнің ең кіші ұлы Хұлағудың алған екі 
әйелінің бірі – Турбарчин-хатун, қыпшақ тайпасының қызы болса, осы Хұлағудың 
Темір-Бұқа атты ұлының әйелдері Қоңырат, Арғын тайпасынан, Орда Еженге 
немере болып келетін Куинджи (Қоныша), Тумакан, Мұсылман секілді 
ұлдарының әйелдері Қоңырат, Меркіт, Жаджират, Татар, Найман тайпаларының, 
ал ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың І жартысында өмір сүрген Куйнджидың 
(Қонышаның) ұлдарының әйелдері – Керайт (Керей), Қоңырат және Огунан (Уақ) 
тайпасынан болған. Деректе көптеген ру-тайпалар атауының берілмей қалуына 
қарамастан, бұл мәліметтер Орда Ежен ұлысында қандай тайпалардың 
болғандығын хабардар етеді. Бұл тайпалар Орда Ежен ұлысының басты этникалық 
негізін құрап, ХV ғасырдың ортасына дейін біртұтас этникалық жүйеде болады. 
Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де Орда Ежен ұлысындағы Арғын, Найман, 
Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ тайпаларын қазақ халқының құрамындағы Орта 
жүзден кездестіреміз. Бұл тайпалардың Орта жүз құрамында болуының негізі, 
осылайша Орда Ежен ұлысы кезінен бастау алады. Ұзақ уақыт бойы бір саяси-
әкімшілік құрылымда болған, бір-біріне өте жақын тайпаларды кейін келе қазақ 
шежіресінің кең тараған бір нұсқасында Болат қожа атты кісіден тараған деп 
баяндайды.
Рузбихан бұл алты тайпаны Қазақ хандығы құрылғаннан кейін қазақтар деп 
жазса, ал оған дейінгі атауын, біз шартты түрде ордаежендік тайпалар деп 
атаймыз. Өйткені, Шибан ұлысындағы тайпаларды – шибанилықтар, Маңғыт 
ұлысындағы тайпаларды оның маңғыттар деп атағанын жоғарыда атап өттік. Олай 
болса, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Орда Ежен ұлысының этникалық негізі 
болған бұл тайпаларға бұндай атау өте орынды.
Осылайша, біз «көшпелі өзбектер» құрамындағы үш үлкен тайпалар тобына 
талдау жасай келе, мынадай тұжырымдар жасауға болады.
Біріншіден, ХІV ғасырдың ортасынан ХVІ ғасырдың басына дейін Шығыс 
Дешті Қыпшақ аумағындағы «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығын 


159 
қалыптастырған 92 көшпелі тайпалар өз ішінде аумақтағы үш әкімшілік 
құрылымға байланысты үш топқа бөлінген де, сол әкімшілік атаулармен: 
маңғыттар, шайбанилар және қазақтар (ордаежендіктер) деп аталған. 
Екіншіден, әр топтағы тайпалардың құрамын тексеру барысында 
шибанилық тайпалардың тегі түріктік, көбісінің ХІІІ ғасыр басында монғол 
жаулап алушылығына байланысты Монғолия аумағынан көшіп келгендігі 
анықталды. Маңғыт тобындағы тайпалардың жартысы жергілікті, жартысы 
Монғолия аумағынан келген түрік тілдес тайпалар екендігі дәлелденді. Ал 
ордаежендік тайпалардың да басым бөлігі дештіқыпшақтық және түріктік екендігі 
анықталды. 
Үшіншіден, ХІІІ-ХV ғғ. әртүрлі саяси жағдайларға байланысты әр топтағы 
тайпалардың жекелеген рулары мен тармақтары басқа топтың құрамында кездесіп 
отырғандығын анықтап, біз мұндай жағдайдың себебін ХІІІ ғасыр басындағы 
ұлыстардың құрылуы мен жаңа әкімшілік-басқару жүйесінде әскери-әкімшілік 
принциптің негізге алынуымен байланыстырамыз.
Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуына «көшпелі өзбектер» 
этноқауымдастығының ыдырап, одан ордаежендік тайпалар тобының бөлініп 
шығуы, сөйтіп олардың қазақ деген этникалық мәндегі атаумен жеке дербес саяси 
құрылымға этникалық негіз болуы алып келеді. 
Қазақ этносының тарих мінберіне көтерілер қарсаңындағы Дешті 
Қыпшақтағы этникалық процестерді сол аумақтағы саяси тарихтың дамуларынан 
бөле қарау мүмкін емес, сол себепті де халықтың қалыптасуы барысындағы соңғы 
кезеңнің мәресі тұсында этникалық процестерге тікелей әсер етіп, оны тездеткен 
саяси оқиғаларды жалпылама түрде болса да негізге ала отыра, «көшпелі 
өзбектер» этноқауымдастығының ыдырауын этносаяси тұрғыда қарастырамыз. 
Әбілқайыр хандығының күшеюінің ең шырқау шегі ХV ғасырдың 40-шы 
жылдарының екінші жартысына сай келеді. Көп ұзамай бұл мемлекеттің 
тарихында келесі кезең – ыдырау, күйреу кезеңі басталады. Ол маңғыттардың 
өзбектерден бөлінуінен бастау алады.
Оқас би қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлерінің Әбілқайыр ханнан бас 
тартып, дербес саясат жүргізе бастауы, этникалық тарих тұрғысынан алып 
қарағанда, «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығының ыдырай бастағандығын 
көрсетеді. 
1457 жылғы Сығанақ қаласы түбіндегі шайқаста Әбілқайыр ханға наразы 
ордаежендік тайпалар оны қолдамайды. Әбілқайыр хан жеңілістің себебін өзін 
қолдамаған ру-тайпалардан көріп, оларды жазалауға кіріседі. Шибанилық 
деректердің авторлары өз шығармаларында Сығанақ түбіндегі шайқас туралы 
айтпауға, айтқандарын өте қысқа ғана баяндауға тырысады. Әбілқайыр ханның 
жеңістерін мадақтап жазған Кухистани шайқастан кейінгі жағдайды былай деп 
баяндайды: «Үз-Темір тайшы кеткеннен соң Әбілқайыр хан... Сығанақ қаласын 
қалдырып, халқы мен ұлысын жинады да, мемлекеттің және қоластындағылардың 


160 
істерімен, әскерін ретке келтірумен айналысты». Бұл дерек мәліметіндегі 
«қоластындағылардың істері» деген сөзден көп нәрсені аңғаруға болады. Соның 
біріне - өзін қолдамағандарды жазалау жатса керек. Қолдамағандардың ішінде ең 
басты тайпалар, ол – ордаежендік тайпалар болғандықтан, хан тарапынан ең қатты 
жазалауға да ұшырайтындар осылар болуы тиіс болатын. Мұхаммед Хайдар 
Дулати «Керей хан мен Жәнібек хандар одан қашып Моғолстанға кетті»,
«... Жошылық кейбір сұлтандар ол тарапынан төніп келе жатқан қауіпті алдын-ала 
сезіп, оны болдырмауға тырысты», «Сол мақсатпен Керей хан, Жәнібек сұлтан 
және тағы сол сияқтылар аздаған адамдармен Әбілқайыр ханнан қашып, 
Моғолстанға келді», - деп жазса, Махмұд бен Уәли: «Әбілқайыр хан Дешті 
Қыпшақ өңірлерінде көкесінің ұлдарын жеңіліске ұшыратты, билікке келгенде, ... 
Керей хан мен Жәнібек хандар тәуелді болу мен бағынудан бас тартып, туған 
жерлерінен қашуға мәжбүр болды», - деп баяндайды. Осылайша, ордаежендік 
тайпалардың Әбілқайыр ханға деген наразылығы Сығанақ түбіндегі шайқасқа 
дейін жабық түрде болып келсе, шайқастан кейін ол ашық түрге ауысады. Ал 
ортағасырлардағы Дешті Қыпшақ аумағындағы тайпалардың билікке қарсы ашық 
түрдегі күресінің біріне – оның әскеріне қарсы тұру болса, екіншісіне – ханнан 
бөлініп, көршілес елдердің біріне көтеріле көшіп кету жатады. Ордаежендік 
тайпалар күрестің осы екінші түрін қолданады. Сөйтіп, маңғыттардың бөлініп 
кетуінен 
кейін, 
ордаежендік 
тайпалардың 
да 
«көшпелі 
өзбектер» 
этноқауымдастығынан бөлінуі – біріншіден, Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси-
этникалық мәндегі өзбек этноқауымдастығының ыдырағандығын, екіншіден, 
осыдан бөлініп шыққан этнотоптың жаңа бір этносты – қазақ атты этносты тарих 
мінберіне шығарғандығын көрсетеді. 
Осылайша, ХV ғасырдың бірінші жартысындағы этносаяси процестердің 
дамуы барысында саяси күштердің мүддесі мен этникалық топтардың мүддесі бір 
арнаға тоғыса келе, жаңа, ұлттық сипаттағы мемлекеттік құрылым – Қазақ 
хандығы мен ұлттық сипаттағы этнос – қазақ халқын қалыптастырады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет