Ж. Б. Кундакбаева, Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі


Білімді тексеруге арналған сұрақтар



Pdf көрінісі
бет25/63
Дата02.03.2024
өлшемі7.94 Mb.
#494029
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   63
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы 2-кітап

Білімді тексеруге арналған сұрақтар: 
1. XIII-XV ғасырлардағы сәулет өнеріндегі жаңалықтарға сипаттама 
беріңіз. 
2. Археологиялық зерреулер кезінде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен 
қандай сәулет құрылыстары табылды? 
3. XIII ғасырда Қазақстандағы сәулет өнерінің баяулауына себеп болған 
оқиғаларды атап шығыңыз. 
4. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қандай архитектуралық стильмен 
салынған? Оның басқа кесенелерден ерекшелігі қандай? 
5. XIV-XV ғасырларда архитектурада дамыған тәсілдерге талдау 
жасаңыз. 
6. Жетісу аумағындағы қалалар шоғырланған аймақты атаңыз. 
 
 
 


134 
VIІ тарау. XIII – XV ҒҒ. АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ 
ЭТНОҮРДІСТЕР ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ 
АЯҚТАЛУЫ
 
§ 1 Моңғол жаулап алушылығына байланысты Қазақстан аумағына
тайпалардың қоныс аударуы 
Моңғол жаулап алушылығы көптеген түрік, монғол тілдес тайпалардың 
қазіргі Қазақстан аумағына қоныс аударуына да ықпал етеді. Қазақстан аумағына 
көшпелі тайпалардың келуі аумақтағы этноүдерістерге сандық жағынан оң әсерін 
тигізеді. ХV ғасыр ортасында Қазақ хандығының құрылуымен ұлттық сипаттағы 
қазақ этносы тарих мінберіне көтерілген кезде, жаңа этносты қалыптастыруға 
қатынасқан кейбір тайпалар ХІІІ ғасыр басына дейін Монғолия аумағында 
кездеседі.
Монғолия аумағынан көшпелі тайпалардың монғол жаулап алушылығына 
байланысты келуін баяндайтын бірден-бір негізгі дерек, ол – Рашид ад-диннің 
«Жами ат-тауарих» еңбегіндегі мәліметтер.
Монғолия аумағынан ХІІ ғасырдың соңғы жылдары мен ХІІІ ғасырдың 
бірінші жартысы аралығында Дешті Қыпшаққа көшпелі тайпалар бірнеше дүркін 
келеді. Оны шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Үш кезең 
ішіндегі қоныс аударулар немесе тайпалардың жылжулары Шыңғыс ханның және 
оның ұрпақтарының саясатына тікелей байланысты болады. Бірінші кезең – ХІІ 
ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығын қамтиды. Бұл 
тарихи кезеңде Монғолиядағы тайпалар арасындағы кескілескен күрестерде 
жеңілгендер батысқа қарай, Дешті Қыпшаққа ауа көшеді. 
Екінші кезеңге – 1219-1224 жылдардағы жаулап алулар мен одан кейінгі 
ұлыстардың құрылуына байланысты, әскер мен тайпалардың Шыңғыс хан 
ұлдарына бөліп берілуіне байланысты қоныстанулары жатады. Ал үшінші кезеңге 
– ХІІІ ғ. 40-60 жылдары Шыңғыс ханның немерелері арасындағы билік үшін 
күресте жеңген топтың жеңілген тайпаларды өзара бөлісуге байланысты болған 
жағдайлар жатады.
Тарихи деректер ХІІІ ғ. басында Монғолиядан Шығыс Дешті Қыпшақ 
аумағына Шыңғыс ханмен болған күрестерде жеңіліс тапқан жауынгер меркіт 
тайпаларының келгендігін баяндайды.
Меркіттердің көп бөлігінің қыпшақтарға қарай жылжығандығын монғол 
деректеріне сүйеніп, тарихшы З.Қинаятұлы былай деп жазады: «Шыңғыс хан 
Найман мен Меркіттің көзін жоймай тынбасқа бел буды. Ол 1204 жылы Алтайға 
бет бұрған меркіттерді өкшелей қуа жүріп, Қам қойнауына қыстап шығады. 1205 
сиыр жылы ерте көктемде аттанған ол Бұқтырма өзенінің бойында найман ханы 
Күшілік және Меркіт Тоқтабектің біріккен күшімен бетпе-бет келеді. Басынан 
бағы тайған Найман, Меркіттер бұл жолы да ойсырай жеңілді. Осы жолғы айқаста 
Тоқтабек адасқан оқ тиіп өледі. Тоқтабектің ұлдары Қуду, Шылауын, Құлтуғандар 


135 
әке мәйітінің бетін жасыруға мүмкіндігі болмай, оның тек кесілген басын 
қанжығалап Ойғыр қарлуқтары арқылы Қыпшақ даласына қарай тартады». 
Меркіттер Торғай өңіріндегі Ырғыз өзенінің бойына жетіп ат басын тірейді.
Осылайша, ХІІ ғ. соңы – ХІІІ ғ. басындағы Моңғолия жеріндегі өзара талас-
тартыстарда жеңіліске ұшыраған меркіт тайпасының рулық бөлімшелері Дешті 
Қыпшаққа келіп паналайды.
Дешті Қыпшақ аумағына көшіп келіп, 1216 жылы монғолдар тарапынан 
қырғынға ұшыраса да, меркіттер толығымен жойылып кетпеді. Шыңғыс хан 
заманына дейін Монғолия жеріндегі түрік тайпалары ішінде мықты, қуатты, 
жауынгер тайпалардың бірі болған меркіттер Шыңғыс ханмен күресте жеңіліп, 
біріншіден тайпалық құрылымынан айрылады да, қырғындарға ұшыратылады, 
жан-жаққа тарыдай шашылып, әр тайпа мен руларға барып қосылады. Екіншіден, 
Дешті Қыпшақ аумағына көшіп келгендер әр руға сіңісіп кетпей, өздерінің рулық 
дәрежесін сақтап қалады. Кейіннен олар ХІV ғасырлардағы Дешті Қыпшақтың 
этносаяси тарихына белсене араласып, «көшпелі өзбектер» атты 92 тайпаның 
құрамында кездеседі. Ал қазіргі кездегі қазақ шежіресінде меркіт атауы жеке 
тайпа немесе тайпалық бірлестік болмаса да, ру ретінде Керей тайпасының 
құрамында айтылады. 
1219-1224 жылғы Шыңғыс хан бастаған монғол жаулаушылығына дейін, 
яғни ХІІ ғ. соңы – ХІІІ ғ. басында Монғолия жерінен қазіргі Қазақстан аумағына 
қоныс аударған тайпалардың келесі бірі – наймандар болды. Наймандардың 
Монғолия жеріндегі тарихы, олардың мемлекеті және Шыңғыс ханмен күресі 
туралы жазба деректерде, сондай-ақ зерттеу еңбектерінде жақсы баяндалған. 
Наймандардың негізгі мекені шығысында Селенга мен Орхон өзендерінің жоғарғы 
ағысынан, батысында Тарбағатай тауына дейінгі, солтүстігінде Танну-Оладан 
оңтүстікте Алтай тауының жоталарына дейінгі жерлер болып, батыста – 
қаңлылармен, солтүстікте – қырғыздармен, шығыста – кереит және меркіттермен 
шектесіп жатты. Наймандардың күшейген кезі Инанч Білге Бұқа хан тұсына 
сәйкес келеді. Рашид ад-дин жазуы бойынша Инанч Білге Бұқа хан қайтыс 
болғаннан кейін, оның артында қалған екі ұлы Таян хан мен Бұйрық хан бір-
бірімен араз болады. Шыңғыс ханның күшейіп, Монғолия үстіртіндегі тайпаларды 
бірінен-соң бірін бағындырып, талқандап келе жатқан тұсында ағайынды екі 
найман ханының арасындағы қатынас та шиеленісе түседі. Бұл жағдайды Шыңғыс 
хан керемет пайдаланады. 
Монғолдардың найман ханы Таянмен шешуші шайқасы 1204 жылдың 
шілдесінің ортасында Наху Хон тауының бөктерінде өтеді. Наймандар жағында 
Шыңғыс ханның қарсыластары: меркіттер, кереиттер, ойраттар, жаджираттар 
болады, бірақ жаңа одақтың арасында бірлік пен өзара сенімділіктің болмауы
Шыңғыс ханның әскери шеберлігі мен қолданған әскери әдіс-тәсілдерінің 
артықшылығы оны жеңіске жеткізеді.
Наймандар ұлысы Шыңғыс ханның бүкіл Монғолия жеріндегі тайпаларды 


136 
бағындыру барысындағы ең соңғы, ең күшті қарсылас болатын. Найманды 
бағындыру арқылы Монғол үстіртіндегі киіз туырлықты барлық халықтың басын 
біріктіру процесі аяқталды.
Монғолдардан жеңілген наймандардың бір бөлігі олардың үстемдігін 
мойындауға мәжбүр болса, екінші бір бөлігі батысқа қарай жылжиды. Олар қазіргі 
Қазақстанның шығысындағы Ертіс, Зайсан, Марқакөл маңына келіп орнығады. 
Үшінші бөлігі Күшілік ханмен ілесіп, Шығыс Түркістандағы қарақытай 
билеушісіне кетеді. 1212 жылы ол Жетісу мен Шығыс Түркістандағы билікті 
иеленіп, наймандарды топтастыруға ұмтылады. 1218 жылы монғолдардың 
қолынан Күшілік өлтірілгенімен, наймандар бұл өңірге орнығып қалады. Кейіннен 
моңғол ұлыстары құрылған кезде наймандар Жошы, Шағатай және Үгедей 
ұлыстарында кездеседі.
Осылайша, 1219-1224 жылдарға дейін Монғолия жеріндегі билік үшін 
жүргізілген соғыстарда жеңіліс тапқан наймандар бірнеше бөлікке бөлініп кетіп, 
бір тобы Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігіне, ал бір тобы Жетісу жеріне келіп 
орнығады. Наймандардың Дешті Қыпшаққа келесі бір орнығуы ұлыстардың 
құрылуы мен одан кейінгі ХІІІ ғ. 40-60 жылдарындағы тарихи дамулар барысында 
жалғасын табады.
Монғол жаулауына дейін Қазақстан аумағына келген наймандардың 
ерекшелігі сонда, олар меркіттер секілді рулық бірлікке дейін өз құрылымдарын 
жоғалтпады. Олар ұлыс дәрежесінен айырылса да, өздерінің тайпалық бірлігін 
сақтап қалды. ХV ғасыр ортасында Қазақ хандығының құрылуымен қазақ 
халқының қалыптасуы процесі аяқталғанда, басқа да тайпалармен бірге Найман 
тайпасы да бұл үрдіске белсене араласады. 
Монғол жаулап алуына дейін Қазақстан аумағына Монғолия жерінен қоныс 
аударған түрік тілдес тайпалардың бірі – керейттер болды. Олардың ХІ-ХІІ ғғ. 
мекендеген жерлері Моңғол үстіртіндегі Селенга, Орхон, Керулен өзендерінің 
жоғарғы және орта ағыстары бойы болды. Батыста – наймандармен, шығыста – 
монғол тайпаларымен, татарлармен, қоңыраттармен, ал солтүстікте меркіттермен, 
оңтүстікте онгуттармен (уақтармен) шектескен керейттер ХІІ ғасырдың соңы мен 
ХІІІ ғасырдың басындағы бүкіл Монғолия аумағындағы ең күшті және ең көп 
санды ұлыстардың біріне жатты. Рашид ад-дин керейттер жөнінде «олардың өз 
тайпаларынан шыққан атақты билеушілері болды, өз заманында олар басқа 
тайпаларға қарағанда үлкен күш пен қуатқа ие болды», - деп жаза келе, олардың 
Кераит, Джиркин, Конкаит, Сакаит, Тумаут және Албат атты жеті тайпадан 
тұратындығын хабарлайды. 
Шыңғыс ханның Монғолия жеріндегі тайпалардың басын біріктіру жолында 
1179-1204 жылдары жүргізген күрестері мен соғыстарының жеңіспен аяқталуына 
сол тұстағы Кереит ханы Тоғырыл көп жәрдем береді. Тіпті Шыңғыс ханды 
Кереит ханына қарыздар деуге болады. Шыңғыс хан өзінен күшті қарсыласымен 
соғысу үшін Тоғырыл ханға арқа сүйеп жеңіске жетіп отырса, әбден күшейіп, 


137 
Монғолия жеріндегі елеулі саяси күшке айналғаннан кейін, кешегі одақтастарын 
бірте-бірте өзіне тәуелді ете бастайды. Шыңғыс ханның мақсаты бүкіл Монғолия 
жерінің жеке дара билеушісі атану болғандықтан, кешегі одақтастармен соғысу 
болмай қоймайтын шара болды. «Соғыс керек болса, сылтау табылады» дегендей, 
Шыңғыс хан мен Тоғырыл хан арасындағы ашық соғысқа сылтаулар көп болатын. 
Бірақ Шыңғыс хан өзіне қолайлы жағдайды күтеді. Шыңғыс ханның қарсыласы 
Жамухамен Тоғырыл ханның жақындасуы Шыңғыс ханды соғысқа итермелейді. 
Магу Ундер деген жерде болған алғашқы шайқаста екі жақ бірін-бірі ала алмайды. 
Екінші шайқас 1203 жылы күзде, Езэгэр Ундур деген жерде өтіп, ол үш күн, үш 
түнге созылады да, ақыры Кереит ханы жеңіліп, ұлымен қашып кетеді. Ал кереит 
әскері Шыңғыс ханның билігін мойындайды. Тоғырыл хан мен оның ұлы 
Санкумның кейінгі тағдыры өте қайғылы аяқталады. 
Билеушісінен айрылып, монғолдарға бағынышты болған Кереит жұрты 
бірнеше бөлікке бөлінеді. Рашид ад-дин бойынша 2003 жылғы жеңілістен кейін
кереиттер қашып кеткен. Кереиттердің бір бөлігі Кейік батыр өзінің төрт ұлымен 
Шыңғыс ханға беріледі. З.Қинаятұлы «Олардың монғол билігіндегі негізгі тобы 
Саян тауының сағасы, Ертіс, Еренқабырға, Алтайға дейінгі бұрынғы 
наймандардан босаған алқапқа ауа қоныстанып, Үйсін, Қаңлы, Қыпшақтармен 
қоян-қолтық келіп орналасты», - деп жазады. 
Қазіргі кездегі қазақ халқының құрамындағы Жетірудың бірі – кереиттерді 
М.Тынышпаев 1203 жылы Шыңғыс ханнан жеңіліп, бытыраған кереиттердің 
тікелей ұрпақтары деп санайды.
Сонымен, Монғолия жерінде жеке ұлыс ретінде наймандар секілді өмір 
сүрген кереиттер ХІІІ ғасырдың алғашқы жылдары Шыңғыс ханнан жеңіліс 
тауып, өздерінің ұлыстық дәрежесінен айырылады. Олардың басым бөлігі 
Шыңғыс ханның билігін мойындаса, бір бөлігі Дешті Қыпшақ аумағына көшіп 
келеді. 
Сөйтіп олар меркіттер мен наймандар секілді 1219-1224 жылдардағы 
монғолдар жаулап алушылығына дейін-ақ Дешті Қыпшақтың этникалық өміріне 
араласып кетеді. 
Монғолия аумағынан көшпелі тайпалардың келуінің келесі бір кезеңі – 1219-
1224 жылдардағы жаулап алудан кейінгі Қазақстан жерінде ұлыстардың құрылуы 
мен Шыңғыс ханның ұлдарына қарамағындағы әскерлерді бөліп беруіне 
байланысты болады. 
Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін және өз жұрты Монғолияны төрт ұлына 
бөліп бергені белгілі. Үлкен ұлы Жошыға «Ертіс өзенінен батысқа қарайғы 
жерлер, «Қойлық пен Хорезм шекарасынан Саксин мен Булгардың татар 
аттарының тұяғы тиген жерлерге дейінгі орасан зор аймақ беріледі». Екінші ұлы 
Шағатайға Жетісудың бір бөлігі, Шығыс Түркістан және Мәуереннахр аймақтары, 
Үгедейге Батыс Монғолия мен Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймақтары, ал кіші 
ұлы Төлейге Монғолияның өзін береді. Сондай-ақ кіші ұл бүкіл Монғолдың 


138 
тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын иеленсе, қалған үш ұлға 4 
мыңнан тұратын әскерлер беріледі. 
Қазіргі Қазақстанның көп бөлігі Жошы ұлысына еніп, оның орталығы Рашид 
ад-диннің көрсетуі бойынша алғашқы кезде Ертісте болған. 
Жошыға берілген 4 мыңдық монғол әскері мынадай мыңдықтардан 
құралады: Мунгур мыңдығы – Сиджиут тайпасынан, Кингитай мыңдығы – кингит 
руынан, Хушитай мыңдығы мен Байку мыңдығы Хушин тайпасынан тұрған. Орта 
есеппен алғанда сол тұстағы әрбір отбасында 6-7 жан бар десек, Жошыға бөлінген 
монғол әскері мен олардың жанұяларындағы жалпы адамдар саны – 25-30 мыңдай 
болған. 
Рашид ад-дин бірінші кітабында жалпы саны 85 тайпа туралы құнды 
мәліметтер бар. Онда бұл тайпалар төрт топқа бөлінген. Бірінші топқа – Оғыз 
және Монғолиядан тыс жерлерде өмір сүрген Түрік тайпалары жатқызылады, 
олардың саны – 30. Екінші топқа – 19 тайпа жатқызылып, автор оларды түрік 
тайпалары, қазіргі кезде ғана олар монғолдар деп аталатындығын ескертеді. 
Үшінші топқа - өздерінің дербес билеушісі болған – түрік тілдес тайпаларды
жатқызады. Ал қалған 27 тайпаны түріктер болса да, бұрыннан монғол деген 
атауды қабылдаған деп, оларды – Дарлекин және Нирун атты екі бөлікке жіктейді. 
Рашид ад-дин дарлекин тайпаларына Нукуз бен Қият тайпалары 
қалдықтарының Эргунэ-кунге (Аргун өзені) кетіп, сол жақта өсіп-өнген тобын 
жатқызса, Нирун тобы Дабун-Баян өлгеннен кейін оның әйелі Алан-Гоадан 
туылған ұлдардан тараған тайпалардан тұрады деп айтады. Шыңғыс хан руы 
бөржігін осы монғол руларының Нирун тобына жатады. 
Жошының қарамағына берілген Сиджиут тайпасының мыңдығы осы 
Нирунның құрамындағы тайпаның бөлігі. Рашид ад-диннің уақытында 
сиджиуттар Алтын Ордадағы Тоқта ханның қарамағына еніп, Черкес атты Алтын 
Орда ханының бас әмірі осы тайпадан шыққан. 
Келесі мыңдықты құраған Кингит тайпасы дарлекин тобына жатады. Хушин 
тайпасы да монғолдың дарлекин атты бөлігіне жатады. Бұл тайпа Шыңғыс ханға 
адал болған және одан шыққан әмірлер Иранда Үгедейдің қоластында, Жошы 
ұлысында қызметтер атқарған». Көріп отырғанымыздай, Жошыға әкесі арғы тегі 
түркілік, бірақ бұрыннан монғол деп аталатын, дарлекин және нирун тобындағы 
тайпалардан тұратын мыңдықтарды берген. Өз кезегінде Жошы ұлысы да екі 
қанатқа бөлініп, сол қанатты оның үлкен ұлы Орда Ежен, оң қанатты Батый 
басқарады да, біріншісіне кингит пен хушин, екіншісіне – сиджиут пен хунши 
мыңдықтары тағы да бөлініп беріледі. Этникалық тұрғыдан қарағанда Шығыс 
Дешті Қыпшаққа келген бұл тайпалардың жергілікті жердегі этнопроцестерге 
тигізер әсерін теңізге тамған тамшы сумен теңеуге болады. 
Қазақстанның оңтүстік-шығысы Жошы, Шағатай және Үгедей ұлыстарының 
түйіскен жері болып, Жетісудың үш бөлігі үш ұлысқа қарағандықтан, соңғы екі 
ұлысқа бөлінген тайпаларға да тоқталалық. 


139 
Шағатайға Рашид ад-диннің жазғанындай, Барулас, Қоңырат, Жалайыр, 
Найман тайпаларынан құралған 4 мыңдық, Үгедейге – Жалайыр, Сулдус және 
Конкоттан тайпаларынан тұратын мыңдықтар бөлініп берілед. Бұл ұлыстарға 
бөлінген мыңдықтардың санын отбасымен қоса есептегенде, Жошы ұлысына 
бөлінгендермен бірдей. Бұлардың да жергілікті жердегі этникалық процестерге 
тигізген әсері өте төмен. Сан жағынан олар өте аз болғандықтан, көп ұзамай-ақ 
жалпы этноөмірге тез араласып, сіңісіп кетеді. 
Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына монғол тайпаларының келесі бір келуі ХІІІ 
ғасырдың 40-60 жылдары аралығында өтеді.
Бұл кезеңдегі тайпалардың бір орыннан екінші орынға, бір ұлыстан екінші 
ұлысқа қоныс аударуы, жылжуы деректерде арнайы түрде баяндалмайды. Рашид 
ад-диннің мынадай жазған бір дерегі ғана үшінші кезеңде тайпалардың қоныс 
аударғандығын дәлелдейді. Ол Жошы ұлысындағы төрт мыңдық тайпаның жайын 
баяндай келе, «[Одан басқа] алыс және жақын туыстардың арасындағы өзара 
қырқысулар кезінде [ака ва ини] олардың бір бөлігі сонда [Тоқтай мен Баянның 
иеліктеріне] кетеді».
Шыңғыс ханның немерелері арасындағы қайшылық алғаш рет Батый мен 
Гүйік қаған ортасында басталып, ол 1248 жылы қағанның кенеттен қайтыс 
болуымен бейбіт аяқталады. Гүйіктен кейін таққа отырған Төлейдің ұлы Менгу 
қаған өзіне қастандық ұйымдастырды деген желеумен Гүйіктің әмірлері мен 
нойандарының 77-сін өлім жазасына кеседі. Менгу қаған қайтыс болғаннан кейін 
тақ үшін күрес оның екі інісі Құбылай мен Арығ-Бұқа арасында жүріп, біршама 
ұзаққа созылады және империяның көп бөлігін қамтиды. Бұл күреске Төлейдің 
ұлдарымен бірге Үгедейдің, Шағатайдың да ұрпақтары белсене араласады. Ақыры 
бұл күрес Монғол империясының бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетуіне 
әкеп соқтырады. 
ХІІІ ғ. 40-60 жж. Монғол империясындағы күрестердің көбі Жетісу, 
Мауереннахр, Шығыс Түркістан аймақтарында өтеді. Нәтижесінде жергілікті 
тұрғындар көп зардап шегеді. Ал Жошы ұлысында бұл кезде саяси тұрақтылық 
бар болатын. Кейбір жошылық сұлтандар ғана мысалы, Куинджи, Менгу Темір, 
Берке, Беркежар және тағы басқалары Үгедей мен Шағатай ұрпақтарының бірін 
қолдағаны болмаса, өз ұлысында соғыс өртінің тұтануына жол бермейді. 
Тұрақтылық сақталып отырғандықтан, Жошы ұлысына келіп паналағандар көбейе 
бастайды. Мысалы, Орда Еженнің ұрпағы Куинджидың ұлысына өз еркімен 
Үгедейдің ұрпағы Ширеки, Арығ-Бұқаның ұлы Букур келіп қосылады. 
Жошы ұлысының шығыс бөлігі Үгедей ұлысымен оңтүстік бөлігі Шағатай 
ұлысымен шектесіп жатуы себепті, ол жақтағы қырқысулардың үздіксіз және 
шексіз болуы жергілікті тұрғындар мен көшпелі тайпалардың Жошы ұлысының 
шығыс бөлігіне немесе шығыс бөліктің сол тұстағы билеушісі Куинджидың 
қолына келуіне мәжбүрлейді. ХІІІ ғ. 40-60 жж. қырқысулар кезінде де қандай 
тайпалардың Шығыс Дешті Қыпшаққа келгендігін дөп басып айту қиын. Бірақ та 


140 
шамамен Жалайыр, Қоңырат, Барулас, Сулдус және т.б. тайпалардың бөлімдері 
деуге болады. Өйткені бұл айтылған тайпалардан құралған мыңдықтар кезінде 
Үгедей мен Шағатайға үлестіріліп берілген болатын.
Осылайша, ХІІІ ғ. 40-60 жж. Жошы ұлысына көршілес ұлыстардағы 
соғыстар мен қырқыстар кезінде бірталай рулармен тайпалардың бөліктері келіп 
қоныс тебеді. Бірақ та олардың саны өте аз болғандықтан, Шығыс Дешті 
Қыпшақтағы этнопроцестерге тез сіңісіп кетеді. 
Қорыта келе, монғол жаулаушылығы мен одан кейінгі жылдары Шығыс 
Дешті Қыпшақ аумағына Монғолия аумағынан негізінен түрік, сосын монғол 
тілдес тайпалар келіп қоныстанады. Олар сан жағынан өте аз болғандықтан, бүкіл 
аумақтағы этнопроцестерге қатынасады, бірақ оған ықпал ете алмайды. Көшіп 
келген тайпалар көп ұзамай-ақ, бір-бірімен араласудың нәтижесінде ортақ 
этнониммен атала бастайды да, ХV ғасырдың ортасында қазақ этносының 
құрамына енеді.  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет