2. Жалпы семиотика мен тілдік семиотика. Жалпы семиотика бүкіл таңба атаулығы бірдей дәрежеде қолдануға болатын ортақ теория қалыптастыруды көздейді.Ол таңбалар арасында болатын өзгешеліктерге, әсіресе тілдік таңбалардың ерекшеліктеріне онша мән бермейді.Семиотика үшін тілдік таңбалар да, тілдік емес, көмекші таңбалар да бірдей, барлығы да хабар беруші, коммуникативтік қызмет атқарушы тұлғалар.Сондықтан олардың барлығы да бірыңғай ортақ заң – ережелерге бағынуы керек.Бірақ іс жүзінде семиотиканың теориялық тұжырымдары, көбінесе, тілге жатпайтын көмекші таңбаларға негізделеді, соларға тән сипаттарды басшылыққа алады.Бірақ тілдік таңбалар мен тілге жатпайтын таңбалар арасында түбірлі өзгешеліктер болады.Осы себептен семиотиканың жалпы теориялық тұжырымдары тілдік таңбалардың сырларын ашуда біраз септігін тигізгенімен, таңбалардың өзіндік сипаттарын, таңба мен ол білдіретін мағына арасындағы қарым – қатынасты айқындау мәселелеріндегі оның қағидалары тілдік таңба сипатына сай келмейді.Бұл жағдай тілдің таңбалық сипатын жалпы семиотиканың шеңберінде қалдырмай, одан бөліп алып, ерекше сөз етудің қажеттігін байқатады.Тілдік таңбаларды зерттейтін тілдік семиотика ғылымын дүниеге келтірген де сол өзгешеліктер.Тілдік семиотика біраз мәселеде жалпы семиотиканың қағидаларына сүйенеді, соны басшылыққа алады.Өйткені жалпы таңбаларға тән кейбір қасиеттер тілдік таңбада да болады.
1) Барлық басқа таңбалар сияқты тілдік таңба да сезім мүшелерінің бірі арқылы білінетін материалды сипатта болды;
2) бір нәрсе жайын хабарлайды, коммуникативтік қызмет атқарады;
3) белгілі бір мағынаға, мазмұнға бағытталады, онымен шартты қатынаста болады;
4) өзі білдіретін мағынамен қатынасы емін – еркін болады, олардың арасында табиғи байланыс болмайды;
5) өз жүйесіндегі басқа таңбалардан бір немесе бірнеше айырым белгілері арқылы жекеленіп танылады.
Қандай да болмасын белгілі бір материалдық көрсеткішті таңба деп санау үшін, ол өзінің материалдық табиғатына тән емес, қосымша қызмет ретінде жүктелген бір нәрселерді білдіруі, хабарлауы қажет.
Адамдар кез келген затты таңба ретінде пайдалана алады.Мысалы: терезе алдында бір шоқ гүл қою арқылы «үйде бөтен адам бар» дегенді хабарлай алады, бірақ ол үшін хабар беруші мен хабар алушы арасында келісім болуы қажет.Олай болмаған да, таңба қосымша қызметін атқара алмайды.Қазіргі уақытта көпшілікке танымал болып қалған бірсыпыра таңбалар бар.Олардың қатарына көше және жол бойларындағы жүріс – тұрыстарды реттеу мақсатныда қолданылатын бағдаршамдар, жол бойына қойылатын әр түрлі белгілер, зауыт – фабрикалардағы гудоктар, оқу орындарында қолданылатын қоңыраулар, әлеуметтік топтардың өзіндік киім ерекшеліктері, белгі – значоктары, мемлекеттік рәміздер мен ордендер, кейбір ғылымдарда қолданылатын арнаулы графикалық таңбалар, т.б. Мұндай таңбалар өмірдің әр саласында қолданылады және олардың материалдық сипаттары да алуан түрлі.
Семиотикалық әдебиеттерде таңбаларды негізгі таңба, көмекші немесе жасанды таңба деп екіге бөлушілік бар.Негіз таңба деп тілдік таңбаларды айтады.Оның негізгі болатын себебі ол алғашқы, басқа көмекші таңбалардың барлығы да соның негізінде туған, сол арқылы ұғынылады.Осы себептен де ғалымдар тілдік таңбаны «барлығын да айтуға келетін» (А.Мартине), «барлық басқа семиотикалық таңбаларды аударуға болатын» (Л.Ельмслев), «барлық типтегі таңбалардың оркестірі» (Т.Милевский) деп санайды.
Көмекші таңбаларды материалдық сипаттарына қарай төмендегідей түрлерге бөлушілік бар.
Достарыңызбен бөлісу: |