Тіл білімі мен логиканың түйісетін жері – тіл мен ойлаудың арақатысы мәселесі.Логика – ойлау формаларын, ол формалардың өзара байланысын, даму жолдарын зерттейтін ғылым.Ал, ойлаудың заңдылықтарын тілдік материалдарсыз білу мүмкін емес.Ойлау формалары тілдік элементтермен тығыз байланысты.Сондықтан ұғым, байымдау, ой қорытындысы сияқты логикалық категориялардың тілдік элементтер арқылы көріне алатыны да, олардың арасындағы бірлік пен өзгешелік те логиктер үшін өте қажетті.Сол сияқты тіл ғалымдары үшін тілдің мағыналық, мазмұндық жағы да аса маңызды.Ал, тілдік мазмұн дегеніміз – ой, байымдау.Бұлар – логикалық категориялар.Айтылғандарды жете меңгеру үшін логиктер мен тіл ғалымдары бір – біріне өзара көмектеседі.Бірақ әрқайсысының көздейтін мақсаты әр басқа: логиктер тіл арқылы ойлаудың заңдылықтарын, ал тіл зерттеушілер тілдегі заңдылықтарды білуге тырысады.Тіл білімін қызықтыратын мәселе – ойлау заңдылықтарын тіл құрылысына қандай дәрежеде әсер ететіні.Ойлау заңдылықтары жалпы адамзаттық, ал тілдердің құрылымы мен заңдары, негізінде, жеке халықтық, ұлттық, дара – дара болады.Сондықтан да белгілі бір ұғым, мағына, байымдау әр тілде әр басқа тәсілмен беріледі.Тілдің логикалық категорияларды, ұғым мен байымдауды білдіруі оның толып жатқан функциялық құбылыстарының бір жағы ғана.Тілде бұдан басқа да өзіндік ішкі мағыналық, формалық құбылыстар, өзіндік категориялар мен заңдылықтар көп.Онда тіпті ешқандай логикаға сыймайтын жайттар да аз емес.Мысалы, орыс тіліндегі ночь сөзінің – женский родқа, день сөзінің мужской родқа жатуын, қарным ашты, түйе көзіңе түсті ме? Көз – құлақ бола жүр деген тәріздестердің білдіретін мағыналарын қазіргі логикаға сай деуге болмайды.
Бірақ бұл айтылғандар логика ғылымының тіл білімінің дамуындағы қызметін төмендету емес.Логика тіл білімінің қалыптасуында, дамуында елеулі қызмет атқарады.Көптеген грамматикалық ережелер, терминдер логиканың әсерімен және соның тікелей қатынасымен жасалып қалыптасады.Тіл білімі тарихи логикалық грамматикалардың болғанын да біледі.
Логиканың бір саласы – математикалық логика соңғы жылдары тіл білімінің алдына жаңа проблемалар, тіл зерттеу ісінде математикалық формулаларды қолдану міндетін қойып жүр.Мұндай формула күрделі есептерді шығаратын және мәтінді бір тілден екінші тілге аудару міндетін атқаратын электрон машинасына әрекет үстінде басшылыққа алатын нақтылы нұсқау – ережелер жасау үшін, тілдік мазмұнды шартты белгілерге, кодтарға айналдыру үшін керек.Айтылғандарға қарамастан, тіл – логика үшін де негізгі нысан емес, жанама, көмекші нысан.
Достарыңызбен бөлісу: |