«Жалпы тіл білімі» пәні бойынша дәріс сабақтарының конспектісі


Тіл білімі және география



бет8/35
Дата07.05.2024
өлшемі135.74 Kb.
#500682
түріСабақ
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   35
ЖТБ дәріс сабақтары(Лекция)

Тіл білімі және география. Тіл білімінің география ғылымымен ұштасуы 19 ғасырдың соңғы кездерінен басталады.Ондай ұштастық жергілікті диалектілік ерекшеліктерді зерттеу, олардың тараған аймақтарын диалектологиялық карталарға түсіру мақсатынан туды да, лингвистикалық география деген атқа ие болды.Оны кейде диалектография, ареалды (аймақтық) тіл білімі деп те атайды.
Диалектографияның ең негізгі мақсаты – диалектілік атластар жасау.Диалектологияның дамуында лингвистикалық географияның шешуші мәні болды.Бірақ лингвистикалық географияның міндеті тек диалектілік атластар жасаумен ғана бітпейді (рас, бұл негізгі міндеті). Әрбір тілдегі диалектілердің орналасқан аймақтарын айқындау – белгілі бір аймақта қандай тілдік ерекшеліктердің барын біліп, олардың тіл тарихын, оның қалыптасуын, даму жолдарын, қандай халық тілдерінің әсері болғандағын айқындауға мол материал береді.Халықтардың қоныс ыңғайының, географиялық жақтарының тілдерде болатын интеграциялық, дифференциялық процестерде, тілдер қарым – қатынасында мәні барлығы тіл білімінде ертеден мәлім.Мұны да лингвистикалық география қарастырады. Лингвистикалық география – тіл білімінің бір саласы.Оның мамандары тіл фактілерін картаға түсіру ісін жете білулері керек.География ғылымының тілдік зерттеулерге берері негізінде осы.Ал, географтардың тіл ғалымдарынан алары мол.Ол, ең алдымен, топонимикаға байланысты. Топонимика – география мен тіл білімінің аралық категориясы. Топонимикалық атаулар – ұзақ замандар бойына сақталатын, бір халық тілінен екінші халық тіліне көшіп отыратын, тіпті бұл күнде жоқ халықтың я тілдің қалдығы ретінде де сақталатын болғандықтан, ол – халық тарихы, оның ертеде мекендеген қоныстарын, алғашқылардың мекеніне кейін киімдер ие болғанын, ол жерде қандай этникалық топтардың бас қосқанын байқататын материал.Оны топонимикалық атауларды тілдік тұрғыда зерттеу арқылы ғана айқындауға болады.Ал, топонимикалық атаулардың ондай сырларын білу географтар үшін аса қажет.
Тіл білімі және кибернетика. 20 ғасырдың 50 жылдарынан бері қарай тіл біліміне ерекше әсер ете бастаған ғылым - кибернетика. Кибернетика – грек сөзі.Мағынасы – басқару, басқару шеберлігі дегенді білдіреді.Бұл сөзді мемлекет басқару деген мағынада қолдану керек деген пікірді өткен ғасырда француз физигі А.Ампер айтқан.Ал, кибернетиканы ғылым атауы ретінде қолдануды және оның алға қоятын мақсаты туралы алғаш айтқан – Америка профессоры Н.Бинер. Кибернетика – математика, физика, психология, физиология, тіл білімі сияқты көптеген ғылымдардың табыстары негізінде туып, соларға сүйенген, солардың жинақталған түрі ретінде дүниеге келген синтетикалық ғылым.Электрондық теорияның дамуына, автоматика мен телемеханиканың қалыптасып, өмір салаларына кең тарауына байланысты осы ғылымдардың табыстарын басқа ғылымдарға енгізу, пайдалануға болмас па екен деген талаптар күшейді.Бұл ғылымның соңғы жылдары өте тез қарқынмен дамуына себепші болған тағы бір жайт – хабарлар, мәліметтер теориясының дамуы.Бірақ кибернетикадағы хабар деген сөзді қазақтың байырғы тіліндегі біреудің біреуге тіл, хат арқылы беретін хабары мағынасында ғана түсінуге болмайды, оның мағынасы бұдан әлдеқайда кең. Мұнда есту, көру, сезіну, тату, иіс арқылы қоршаған өмірден алынатын неше түрлі мәліметтердің барлығы да хабар деп аталады. Кибернетика үшін тіл – хат арқылы берілетін мәлімет те хабар, көше, жол бойларына қойылатын, мекеме, кәсіп орындары маңдайшаларына қағылатын белгілер, түсініктемелер де хабар, теміржол, су жолдарында және әскер бөлімдерінде, тағы басқа жерлерде қолданылатын, әр түрлі жолдармен берілетін алуан түрлі белгілерде, сигналдар да хабар, бір сөзбен айтқанда, бірдемелерді білдіру, байқату, ескерту, әлденелерден сақтандыру, әлденелерге көңіл аударту үшін қолданылатын алуан түрлі белгілердің, сигналдардың бәрі де хабар.Хабар беру, хабар алу, хабарды есту сақтау, хабарды қайта еске түсіру – кибернетика үшін ең өзекті мәселе. Кибернетиканың алға қоятын мақсаты – осыларды және осыларға ұқсас басқа да көптеген жұмыстарды, солардың ішінде ми қызметін керек ететін біраз жұмысты машинаға, техникаға істету.
Мұндай ізденіске түрткі болған, оның болашағынан үміт күттірген бір жайт – түрлі мәліметтерді қабылдау, хабарлау, сақтау, басқару, өзгерту, қайта шығару әрекеттері жағынан электрон машиналары мен тірі организм арасында біраз ұқсастықтардың болуы.Мысалы, қатты жүріспен келе жатқан шофер жол бойына қойылған «шұғыл бұрылыс» немесе «қауіпті» деген белгіні көріп, жүрісін бәсеңдетеді, болмаса «түс қайта күн райы бұзылады, қатты боран болады» деген хабарды естіген бақташы алдын ала қам жасайды т.б. Мұндағы шофердың көргені де, бақташының естігені де – хабар (информация). Ол хабарды шофер көру мүшесі арқылы, бақташы есту мүшесі арқылы қабылдап білді.Мұндай мүшелерді кибернетика қабылдау аспабы деп атайды.Қабылдау аспабы хабарды алысымен сезім мүшелері арқылы миға береді.Ми түрліше әсерленіп, алған хабарға жауап қайтарады.Мидың әрекеті кибернетика тілінде шығаратын (жауап қайтаратын) аспап деп аталады.Миды жауап қайтаратын, меңгеретін, басқаратын аспап дегенде, оның алған хабарға лайықты шараларды жүзеге асыратын мүшелер мен органдардың қимыл әрекеттерін реттеп, басқаруын айтады. Айталық, жоғарыда сөз болған хабарларды алысымен шофер де, бақташы да тиісті сақтық шараларын істейді.Ондай шаралар кибернетика тілінде басқару (меңгеру) аспабы арқылы іске асады. Басқару аспабы арқылы жүзеге асырылатын шаралар, әрекеттер бұрын да әлденеше рет істеліп, бақыланып, өмір тәжірибелерінен өтіп, солай істеудің бірден – бір дұрыс болатындығы есте сақталған.Оны сақтайтын орынды кибернетика ес аспабы дейді.
Бұл сияқты қабылдау, басқару, жауап қайтару, сақтау, өзгерту әрекеттерін өзінің аспаптары арқылы электрон машиналары да атқарады. Кибернетиктердің қарағанда, электрон машинасының негізгі міндеті – хабарды қабылдау, меңгеру, сақтау, өзгерту, қайта хабар беру.
Тіл білімі үшін кибернетиканың маңызды ісінің бірі – материалды, мәтінді электрон машинасы арқылы бір тілден екінші тілге аудару мәселесі.Бұл мәселе 1954 жылы алғаш рет Америкада басталды, бірақ машинамен аудару ісі жан – жақты шешілді деуге болмайды.
Электрон машиналарының қоғам өміріне өлшеусіз пайда келтіретіні даусыз.Бірақ ол кейбіреулердің айтатынындай, адам орнын түгелімен ауыстыра да алмайды, адам істегеннің бәрін істей де алмайды.Ол қаншалықты істер тындыратынына қарамастан, адамға жәрдемші, оның ақыл – ойы туғызған жаңалықты, адам міндеттейтін, үйрететін тапсырмаларды ғана орындай алатын жансыз техника.
Ғылыми – техникалық революция дәуірінің бұлар тәріздес жаңалықтары тіл біліміне де әсерін тигізбей қойған жоқ.Қолданбалы тіл білімі деп аталатын математикалық әдіс сондай әсерден пайда болған.
Тіл білімі және семиотика. Семиотика - әр түрлі хабарлар, мәліметтер беру үшін қолданылатын таңбалар жүйесі / знактар / туралы ғылым, семиотика сөйлеу тіліне таңбалар ретінде қарайды.Тілде таңбалық сипаттың барлығын тіл білімі де бекер демейді.Оны анықтауда кездесетін басқа таңбаларға төмендегідей ұқсастығы барлығын басшылыққа алады.Олар:
1.Таңба атаулының барлығы да, соның ішінде дыбыс тілі де, қатынас құралы қызметін атқарады, бірдемелер жайынан хабар береді.
2.Таңбаның барлығы да, соның ішінде дыбыс тілі де, қоғамдық кәдеге жарату үшін қоғам мүшелері туғызғандықтан, қоғамдық, әлеуметтік сипатқа ие.
3.Олардың барлығы да, солардың ішінде дыбыс тілі де, сезім мүшелері арқылы білдіретін материалдар.
4. Олардың барлығы да, солардың ішінде дыбыс тілі де, объктивтік өмірді, болмысты бейнелейді.
5.Таңбалардың барлығы да (ымдау, нұсқаудан, пиктографиялық таңбалардан басқалары) өздері білдіретін мағынамен шартты қатынаста болады.
Семиотиктер дыбыс тілін де таңба деп санап, оны өз нысандарының бірі есептеледі.Ал, тіл ғалымдары болса, жалпы семиотикалық заңдылықтарға, қағидаларға сүйене отырып, дыбыс тілінің басқа таңбаларға азды – көпті ұқсастығымен қатар, өзіндік ерекшеліктері қандай, тілдік элементтер ішінде таңбаға нелерді жатқызуға болады, нелерді жатқызуға болмайды деген тәріздес толып жатқан арнайы мәселелерді шешеді.
Сонымен, тіл білімімен байланысты ғылымдар көп және алуан түрлі.Бірақ олардың ешбірі тілге қатысты мәселелерді түгел қамтып жан – жақты зерттемейді, тек оның өздеріне қатысы бар жеке бір мәселесіне ғана тоқталады және тілді өздерінің негізгі нысаны деп санамайды.Тілді өзінің негізгі нысаны деп санайтын және оны терең де жан – жақты зерттейтін ғылым тек – тіл білімі.
Ал, тіл білімінің жоғарыда айтылғандай қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарының қай тобына жататынын анықтауда ең алдымен тілдің пайда болу табиғаты, қызмет ету аясы ескерілуі қажет.Тіл - өзінің пайда болуы, дамуы жағынан адамзат қоғамымен тікелей байланысты қоғамдық құбылыс, ол – қоғамда аса маңызды қарым – қатынас құралы қызметін атқарады.Сонымен бірге тіл, оны зерттейтін тіл білімі қоғамдық санамен, ойлаумен тығыз байланысты.Сол себепті тіл білімі адамды, адамзат қоғамын зерттейтін қоғамдық (әлеуметтік) ғылымдарға жатады.Бұл – осы күнгі ғылымда анықталған қағида болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет