3-тақырып. Сөзжасамдық мағына мен оның семантикалық құрылымы
Теориялық тапсырма
Сөзжасамдық мағынаның лексикалық және грамматикалық мағынадан айырмашылығы мен ерекшелігін саралаңыз. Сөзжасамдық мағынаға берілген анықтамаларды зерделеп, өз пікіріңізді түйіндеңіз. Бір сөзжасамдық ұядағы туынды сөздердегі жалпы мағынасы мен жеке сөздің мағынасын салыстырып, арнайы мағына мен ортақ мағынаның, өзек мағынаның айырмашылығы мен байланысын анықтаңыз.
Әдебиет
Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы, 2002.
Салқынбай А.Б. Қазақ тілі сөзжасамы. - Алматы, 2003.
Құрманәлиев К. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемаларының ғылыми-теориялық негіздері. – Алматы, 2002.
Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі.- Алматы: Ғылым, 1989.
Қалиев Ғ. Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру. -Алматы, Ғылым, 1985.
Жаналина Л.К. Сопоставительное словообразование русского и казахского языков. – Алматы, 1998.
Земская Е.А. Словообразования как деятельность. –М., 1992.
Кубрякова Е.С. Теория номинация и словообразования. / Языковая номинация. – М., 1977.
Кубрякова Е.С. Язык и знание. М., 2002.
Практикалық тапсырма
1. Мәтіндегі туынды сөздердің сөзжасамдық мағынасын анықтаңыз. Контекстік мағына мен туынды мағынаны айырып, сөзжасамдық мағынаның ерекшелігін, өзіндік белгісін саралаңыз.
а) Алтайдың иығына шыққанда, айдын шалқар көл көрінді. Айна-көл. Көлді жағалай мамырлап қонған ығы-жығы ел екен. Ителгі – Керей елі алақандағы асықтай боп ап-анық көрінді. Кермеде жеті-сегіз ат байлаулы тұр.
Қой сауып жүрген бірлі-жарым ақ жаулықты әйелдер болмаса, шошаң еткен айыр қалпақты шалынбайды. Шықардағылар бұлар тұрған тауға оқыстан қарап қалса, осынау топтың бар қарасын ап-анық байқары хақ еді. Абиыр болғанда иек көтерген халайық болмаған-ды. Қай-қайсысы да қой борбайына тас кенедей жабысып, тұқшың-тұқшың созғылап отыр емшегін. Садақбай бүктеп ұстаған қамшысын әнтек сермеп қалғанда, артынан ерген алты жігіт жалақ төскейдің шақпақ-шақпақ қызыл қойтасын сусытып, жітірмелете ылдилайды. Көл ернеуіндегі жынысқа әп-сәтте сіңіп, жоқ болып кетісті (О.Бөкей).
ә) Көштен айрылысарда Абай мен Смағұл байланысқан уәде бойынша, бүгін бұлар Бұғылыға жете қонбайды. Бұғылының бергі деңгейіндегі “Есболаттың Қара суы” дейтін Оразбай қонысында түйіспек болған. Түндегі уәде бойынша, бүгін сол жерге, Жиренше мен Абылғазының қосы жетіп қонбақшы. “Содан ары ертең Бұғылыны аралап, Машанға еркін жетіп, ерте, түсте барамыз. Күн ашықта жайласамыз. Бүгін жетеміз деп өктемейік. Асықпай, ара қонып-ақ барайық” дескен-ді.
Осымен Абай бастаған төрт аңшы Қырғыз Шатынан шығып, Жәнібекті желкелеп, Қазбаладан өтіп, күн түске тақаған кезде, Ботақан ошағынан аса берді. Бұл жолда да қар қалыңдай қоймапты. Жүргіншілер келе жатқан әзіргі жерлер – Абай ауылдарының, ағайындарының жылдағы жазғы таныс қоныстары.
Бір шақта, қаладағы оқудан қайтып келе жатып, ауылды аңсап, сығып шапқан көк жазығы осы еді. Қазірде аппақ суық қар басқан. Алыстағы жоталар мен айналадағы өлкелер де панасыз, жүдеу. Айықпас ауыр мұңға батқан. Бұл күнде Абай көңіліне панасыз, кемтар көрінетін бар сахарасының, бар халқының күйі де осы реңдес. Бір кезде нанғыш, таза бала жүрегі, барлық рахат, бақыт осы қырда, алда деп аласұрған болса, қазір Абай қайта жотып келеді. Енді, бірақ сондағыдай үміт, бақыт тілегін қаладан іздеп, соны аңсап келеді.
Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір өмір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған еді (М.Әуезов).
2. Мәтіндегі туынды сөздердің сөзжасамдық мағыналарын семантикалық құрылымына қарай талдаңыз. Әр туынды сөздің негізгі мағынасы мен арнайы мағынасын, архисемасын анықтаңыз.
а) Қартқожа кеш оянды. Күн сәскеліктен асып кетіпті. Жылқы келген. Бие байлауға шыққан кісі жоқ. Қотанда үйездеп сиыр тұр. Ақ таяғын артына қыстырып, сиыр өргізетін Байбол отағасы да көрінбейді. Қалампыр сиырдың бауырынан тұра берем деп, қолы қағып кетіп, сүтін төгіп алды. Шеткі үйлерден қымызға жүгіретін Тезекбай, Терлікбайлар үйлерінің қасында солбырайып тұр. Сабаның дауысы шықпайды. Көрінгенмен құрдас болып, арсаландап жүретін Дүрмағамбеттің де иығы түсіп кетіпті. Қолында жүгені, жылқы жаққа бара жатыр.
Қартқожа киініп, үй жаққа аяндады. Көрпебай ақсақал таяғын кеудесіне таянып, босағада қақиып тұр. Қартқожа сөйлесуге бата алмады, өте шықты. Байдың баласы Мұқаш жүктің бұрышында қисайып жатыр екен (Ж.Аймауытов).
ә) Түнделетіп, борандатып кеткен Ербол аз уақытта қырауланып, ызаға толып, қайтып келді. Қысқалау тығыз қара сақалына қар тығылып, шал беттендіріп апты. Үлкен, жуан тұмсығы қызарған. Қоңырқай өткір көздері жиреніш, реніш сызын жасырмай білдіріп тұр.
Тымағының бауын шешпей бір тізерлеп отырып, сақалының қарын аршып жатып:
Тәкежаннан күткенше, тәңірден күткен жақы ғой! Мұсақұл, Жидебай, бараққа мен мал түсіртпеймін деп, Жұмағұлды қайта жұмсады. “Сабап-сабап айдап таста Дәркембайды” деп, көзімше бұйрық берді. Жұмағұл құдай ұрған, сол сөзді арқаланып, жаңа менімен ілесе шауып келіп, әлгі Дәркембайдың қойын сойылдап қуып жүр! – деді.
Дәркембай ше? Ол енді қайтеді?
Түн ішінде мына боранда қайда барады?
Қуғында өлгенше, Жұмағұлдың қолында өлсеші!...- деп, үйдегі жігіттер жаман ширықты. Ербол тағы бір көргенін жеткізіп:
Жұмағұлдай ит болмас, қаныпезер! Елді қан қақсатып жүретін атшабарлыққа жаратқан ғой өзін кәпірдің. “Тым құрыса, сен аял берсеңші, таңға шейін тоқтасаңшы!” деп ем, өзіммен ерегісіп, аузына келгенін айтты! – деп, тоқырап қалды (М.Әуезов).
Достарыңызбен бөлісу: |