2. Практикалық сабақты өткізудің әдістемесі
1-Модуль
1-тақырып. “Қазақ тіліндегі сөзжасам жүйесі” пәнінің зерттеу нысаны. Өзге пәндермен байланысы
Теориялық тапсырма:
Жалпы тіл біліміндегі, түркі тіліндегі сөзжасамның зерттелуі. Қазақ тіліндегі сөзжасамның зерттелуі. Сөзжасамның негізгі зерттеу нысаны.
Сөзжасамның фонетикамен, лексикологиямен, морфологиямен және синтаксиспен байланысы.
Әдебиет
Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1994.
Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы, Ғылым, 1999
Ганиев Ф.А. Образование сложных слов в татарском языке. –М.,1982.
Ганиев Ф.А. Суффиксальное словообразование в современном татарском литературном языке. – Казань, 1974.
Севортян Э.В. Аффиксы глаголообразования азербайджанском языке. –М., 1962
Севортян Э.В. Аффиксы именного словообразование в современном азербайджанском языке. –М., 1966.
Салқынбай А.Б., Абақан Е.М. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. –Алматы, Сөздік, 1998
Салқынбай А.Б. Қазақ тілінің сөзжасамы. Алматы, 2003.
Практикалық тапсырма
Мәтін арқылы сөзжасам саласының тілдің өзге салаларымен байланысы барлығын дәлелдеңіз. Атаулардың жасалу табиғатын анықтаңыз. Түбір сөз бен туынды сөздің тұлғасы мен мағынасындағы ерекшеліктерді ажыратыңыз.
1-мәтін.
АБАЙ
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.
2-мәтін. Таудан соққан салқын ызғар, қатал мінездердің ызғары тәрізді. Ызылдаған суық лептің қарсысына ана жыры, меір-шапқат жыры үн қосады. Құшағына тартқан өзгеше күш бар дүниені өзіне бағындырар орны бар, баяу да блса, басым саз. Абай бір түрлі сейіліп, іштей серпіліп алып, тау жотасынан биіктеп, аспанға қарады. Толық ай ашық көкті қалқып, сызып келіп, бір топ шоғыр қара бұлтқа кірді. Кірді де қызық күйге түсті. Абай соған қарап өзге жайдың бәрін ұмытып, аңырып телміре қалды.
Қара қошқыл кілегей бұлттың жоғарғы жақ шетін ала кірген ай бір көрініп, бір сүңгіп, машығынан тыс жылдам жүріп, дәл жасырынбақ ойнағандай құбылады. Кейде біржолата білінбей батып кетіп, артынан тез жарқ етіп, күліп шыға келед те, лезде барып тағы шомады.
Келесі сәтте көзін қысып, сығырайтып әдейі ойнағандай боп, бір жақ шетін ғана көрсетіп, сызып қалқып отырады да, тағы да сөне қалады. Абай дәл мұндай болып құбылған ойнаған айды ең алғаш байқағаны осы еді. Тағы бір рет, ай шеті қылдырықтай боп көріне түсіп, сөне қалғанда, еріксіз күліп жіберді... Мынау ай дәл бір құлдыраған жас бала тәрізденді.. “Қу шұнақ, тәтті қылығы бар бала“. (М.Әуезов)
3. Құнанбай тыңдап болды да, күрсініп қойды. Шарасыздық ажары білінді. Бірақ үн қатқан жоқ. Сөз осымен біткен еді. Абай қоштасты да, жүріп кетті.
Дөң басында ауыр оймен отырып қалды. Құнанбай қиналған күйде. Тағы жеңілді. Баладан ғана жеңілген жоқ. Ендігі өмір меңдеп барады. “Әлсіредің, тозарлық шағыңа жеттің” деп тықсырып кеп, шетке қағып барады. Өз баласының аузынан естіген үн, сол бір – “дәуренің өтті” деген суық сарынның қатаң лебі еді.
Абайдың Ақшоқыға соға кететін жұмысы бар-ды. Ордадан шығып, солай қисая жүрді. Жол жоқ. Бірақ қар жұқа болатын. Ербол екеуі сар желіп отырып, Есембайды бауырлап кеп, Тақырбұлақ тұсындағы жолға түсті.
Бір шақта, қаладағы оқудан қайтып келе жатып, ауылды аңсап, асығып шапқан көк жазығы осы еді. қазірде аппақ суық қар басқан. Алыстағы жоталар мен айналадағы өлкелер панасыз, жүдеу. Айықпас ауыр мұңға батқан.
Достарыңызбен бөлісу: |