ІІ. Шығарма тіліндегі көркемдегіш-бейнелегіш тәсілдердің ерекшілігі
2.2. Шығармада қолданыс тапқан теңеулер
Белгілі ғалым Т.Қоңыров бір халықтың көркем әдебиеті басқа халықтардың әдебиетінен, ең алдымен, өзінің образдар жүйесімен, сөз бейнелеу тәсілдерімен ерекшеленеді. Әдебиеттегі образдар жүйесі және сөз бейнелеу тәсілдері- ұлттық характердің ең басты көрсеткіштері. Бұларсыз ешбір ұлт әдебиеті өмір сүре алмайды.
Бүкіл бейнелеу, көркемдеу тәсілдерінің ішіндегі ең бастысы, ең пәрмендісі- теңеу категориясы. Теңеу- көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымының ұлттық өзгешеліктері бас қосқан категориялардың бірі.
Зерттеуші-ғалым А.Х.Бекбосынова өзінің «С.Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу» атты кандидаттық диссертациясында қазақ теңеулерін этномаркерлі, прецеденттік, сентенция, сенсорлық - перцептивтік, тұрақты, семантика - стилистикалық, метафоралық және эпитеттік, метонимиялық және синекдохалық, гиперболалық және литоталық, градациялық, синонимдік және антонимдік теңеулерге бөліп қарастырған.
Қазақ тіл білімінде теңеуге толық талдау жасаған ғалым – Т.Қоңыров. «Қазақ теңеулері» атты ғылыми монографиясында теңеудің бүкіл лингвистикалық болмысын: жасалу жолдары мен синтаксистік құрылымын, түрлерін жан – жақты қарастыра отырып, теңеуге мынадай анықтама береді: «Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды – экспресссивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы».
Филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Өтебаева Эльмира Әбдіғалиқызы өзінің 2010 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Қазақ тіліндегі –дай, -дей, -тай, -тей тұлғалы теңеу мәнді тілдік бірліктердің этнотанымдық сипаты» атты диссертациясының авторефератында ғасырлар бойы қалыптасып, үнемі дамып, жаңаланып, толығып отыратын тілдік бірліктің бірі – қазақ теңеулерін жан – жақты сипаттай келе, оларға зерттеу жүргізген.
Зерттеу жұмысының бірінші бөлімінде –дай, -дей, -тай, -тей тұлғалы теңеудің зерттелу тарихына тоқталып, бұлар зат есімнен үстеу тудырушы өнімді аффикстер деп анықтама берген. Сонымен қатар, бұл қосымшалар көне түркі ескерткіштерінің тілінде –дағ, -дег, -тақ, -тег болып берілгендігін туралы айтылған.
Ғалым Т. Қоңыров күрделі теңеулерге мынадай беріп өткен: «Өзінің структарасы жағынан күрделі теңеу - жалаң теңеуге қарама-қарсы құбылыс. Мұнда не образ, не предмет немесе екеуі де өздеріне бүтіндей күрделі ұғымды негіз етіп алады да, соның нәтижесінде күрделі ойға негізделген, шытырман суретке құрылған, эмоциялық-экспрессивтік әсері күшті теңеулік образдар жасалады».
Достарыңызбен бөлісу: |